Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Біртуар 5218 3 пікір 9 Желтоқсан, 2019 сағат 11:46

Жайдары жан еді...

(Естелік)

1963-жылдың көкек айы. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналшылар факультетінің 2-курсында сырттай оқитынмын да, Өскеменнен Алматыға жылдық емтиханды тапсыруға (сессияға) келгенмін. «Гәзеттің техникалық көркемдігі» деген пәннен үш күн дәріс беріп, төртінші күні емтихан алған Кәкімжан Қазыбаев деген қараторы, орта бойлы жігіт -Алматы облыстық «Жетісу» гәзеті редакторының орынбасары - маған қойкөзі күлімдей қарап: «Ғаббас жолдас, егер анда-мында асығыс шаруаңыз болмаса, мені сыртта тоса тұрсаңыз қайтеді?» - деді.  Құп көрдім. Қояр бағасын қойды, енді не «құпиясы» барын кім білсін. Маған да дәрісінен тыс ештеңе деп көрмеген адамның ұсынысына таңырқадым да қызықтым.

Сыртқа шығып, курстастарыма ілеспей, жалғыз қалдым. Көп тостырған жоқ. Ақырын аяңдап, жымиып келді. Біздің Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» гәзетінің редакторы Мұқан Әбуғалиевті жақсы білетінін айтудан бастап, өздерінің гәзеті жайында біраз әңгіме шертіп, сонсоң маған «құда түсті». «Жетісуға» жауапты хатшының орынбасары болуға қалай қарайтынымды білгісі келіпті. Мен қазірде жауапты хатшының өзі екенімді, мұндағы орынбасарлықтан не ұтатынымды білмеймін деген сыңайда күле жауап бердім. Кәкеңнің көзірі дайын екен: мұнда астана бар, әдеби орта бар, бірер айдан кейін жауапты хатшының орыны да босайды дегенді айтты. Берілген тапсырма бойынша гәзет макетін өте жақсы жасағаныма қызыққанын да жасырмады. Көзірінің  дөп басқаны «мұнда әдеби орта бар» деп қалғаны болды. Алматыға, әдеби ортаға аңсарым ауып-ауып қоятын, бірақ астанада ешкімге керек емесімді біліп, «желігімнің» желкенін желге кермей жүретінмін. Бір-екі фельетоным, бір сықақ әңгімем «Ара» журналына шыққан. Мұндағы мықтыларға оным да таң емес қой. Ендеше...

Ертеңінде “Жетісу”, қайдасың? “ – деп жортып келе жатыр едім, Панфилов көшесінен Совет көшесіне бұрылар бұрышта Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке кез болдым. Бір жылдан бергі көгенкөз таныстар шұрқыраса табыстық.

–Ғаба-Ғабеке, қайнына ұрын аттанған күйеуше қайда асығып  барасың? – деді Шәмші, жайдары күле сөйлеп. «Ғаба-Ғабеке» - менімен сөйлескендегі сөзсыралғысы еді).

–Ой, бір қызық бар! – деп қайда, неге кетіп бара жатқанымды баяндап бердім.

–Ғаба-Ғабеке, дұрыс, Алматыға келгенің дұрыс. Астананың аты – астана. Оспанханға сарбаз боласың, кітаптарыңды шығарасың, – деп Шәмші шын қуана құптады.

–Дұрысы дұрыс қой, тек пәтер жағы қинап жүрмесе, – деп Жұмекен сабыр сақтай пікір қосты…

«Пәтер деген мәселеде біздің көмегімізге сенуіңізге болмайды, ол жағына ұяттымыз, қызметкерлеріміздің біразы пәтерсіз жүр, қалалық Совет бізге оң көзімен қарамайды, бір рет сынағанымыз бар еді, – дегенді “Жетісу” газетінің редакторы Әбдуәли Қарағұлов бірден айтқан. Кәкең мені өз бөлмесінде көп кідіртпей, сол кісіге алып барып таныстырған-ды. Әбекең байсалды адам екен, ақырын сөйлейді. Қысқасы: үшеуіміздің әңгімеміз нақты келісімсіз тәмәмдалды. Әбекең: «Бірер айда жауапты хатшы боласыз, одан арғысын тағыда көреміз ғой, перспектива бар»,– деп тоқтады. Мен: «Ойланайын, үй-ішіммен ақылдасайын, хабарласамын, – деп шықтым. Дәлізде Жұмекен тұр екен.

–Иә, Ғабекесі, қалай? – деді ол, көзі жылтырай жымыңдап. Менімен сөзін «Ғабекесі» деп бастайтын әдеті бар еді.

–“Қалайың” не? Үй-ішіммен ақылдаспай не дей аламын? – дедім.

–Біздің журнал да осы үйде, бірақ менің бөлмем оңаша емес, үш кісі отырамыз, жүр, далаға шығайық, саған бір қызық айтайын, – деді Жұмекен. Ол “Мәдениет және тұрмыс” журналында бөлім меңгерушісі. Екеуіміз сыртқа шықтық.

–Иә, не айтасың? – дедім.

–“Қазақ әдебиеті” газетінің редакциясында бір орын бос көрінеді, сен, Ғабекесі, мынаны қой да, соған бар! – деді Жұмекен.

–Мен келісіп қойдым ғой, – дедім, қалайша олай дегенімді өзім де аңғармай.

–Келісіп қойғаның қалай? “Үй-ішіммен ақылдаспай не дей аламын”? дегенің қайда?

–Келетін шығармын деп ойладым да.

–Тәйір-ай, “келісіп қойдым ғой” дегенің сол ма? – деп Жұмекен ақырын ғана күлді де: – Әдебиет газетіне барғаның дұрыс болады, онда да жауапты хатшының көмекшісі керек екен, жаңа анықтап білдім, аптасына бір рет шығатын газет. Мәкет-сәкет дегенің – өзіңнің қолың, сызы-ы-ып отырасың. Әңгімеңді жазуға да уақытың жетеді, – деді.

–Мені не қылады олар? Мен жазушы емеспін ғой? 

–Әй, Ғабекесі, барып көрсеңші, тоныңды шешіп алмас. Бар, редакторы Нығмет Ғабдуллин деген жазушы, жақсы адам, тура өзіне барып сөйлес, мен де сөйлесейін.

–Жұмекен, ей, сен қызық екенсің? – дедім шын таңдаңып.

–Ғабекесі, ей, сен де қызық екенсің, жан тыныштығыңды білмейтін! – деп Жұмекен қарымта қайтарды. Үнінен реніш табы аңғарылды.

–Жарайды, барып көрейін, – дедім.

–Сөйт, молодец! – деп Жұмекен жайдарылана қалды…

Жазушылар одағының ғимаратын алғаш көргенде, 1962-жылдың шілде айында: «ауылымыздағы қариялар және әжем айтқан ертегілердегі хан сарайлары осындай болған шығар» деп ойлап, жарты көше мөлшері жетпей кідіріп, сыртқы сымбатын көзіммен де, көңіліммен де  тамашалап, еріксіз таңданып, біраз қарап тұрып қалғаным әлі есімде.

Енді, міне, сол ғажап ғимаратқа ендім. Әдеби апталықтың басшысына бармақшымын. Редакцияның үшінші қабатта екенін сұрап білдім. Алайда, қызық болғанда, «мен -пәленмін!» деп ойласам да, жүрегім тулап, құлағым шулап, мәрмәр сатымен әрең көтеріліп келемін. Қабылдай ма, жоқ па? Қабылдаса, не деуім керек? Шынында жақсы адам ба, әлде... 

Сыртына «Бас редактордың қабылдау бөлмесі» деген төрт сөзді шағын тақтайша ілінген жарма есіктің жартысын ақырын ашып: «Кіруге бола ма?» дедім. Үстінде жазу мәшіңкесі, телефон тұрған үстел басында отырған әйел жарықшақтау дауыспен: «Болады, келиңиз!» деді. Сәлемдестім. Бетінде аздап қорасандағы бар қошқыл өңді кексе екен. Біреу-міреу қуып шығардай асыға сөйлеп: «Нығмет ағайда бір жұмысым бар еді, қабылдар ма екен, ол кісі бар ма?» деп едім, апекем жымиды да: «Кәзир айтып киләм» деп оң жақтағы есікке беттей бере аты-жөнімді, қайдан келгенімді шұқшиып тұрып сұрады. Айттым. Ол кіріп кетті. Мен тыныш қалмай, «татарка екен ғой» деп долбарлап тұрмын. Апекем тез шығып, маған қарамастан үстеліне беттеп: «Бара бергилә» деді. «Қайта бер, қабылдамайды», дегені сияқтанды. Бірақ есіктің жартысын ашық қалдырғаны сонда баруды меңзегені деп біліп, іштей «я бісмілдә!» деп алып, бірдеңеден құр қалғысы келмеген кісіше тез кіріп бардым.

-Сәлеметсіз бе, рұхсат па екен?

-Рұхсат, келіңіз! – Қарсы қабырға іргесіндегі үстел басынан түрегелген сұңғақ бойлы, ұйысыңқы шашты жігіт басын бір изеп, үстелінің бергі жағына жанай қойылған орындықты нұсқады. Соған тақағанымда қолын жымия ұсынды: -Атыңыз Ғаббас екен, бізде Жұмабаев Ғаббас деген ақын бар. Отырыңыз, бұйымтайыңызды айтыңыз.

Өзі жазушы болса, өзі дәу редактор болса, сірә, сөйлесуге асықпай біраз нығызданып отыратын шығар деп ойлай жақындағанмын. Енді тіпті кабинетін шолуға мұрсат бермей, шаруамды жедел сұрағаны менен тезірек құтылғысы келгені болмағай. Бос орынға осындағылар да таласып жүрген шығар, облыстың журналшысына жол қайда?! Бұйымтайымды дереу баян еттім. Көзірім - кеше Кәкімжан Қазыбаев айтқан «әдеби орта бар». Кең маңдайлы Бас редактор жолдас арқалы орындығына сәл шалқайыңқырап, басын оң жағына сәл қисайтыңқырап отырған-ды. Қиықша көзі менің сөзімді тыңдаған кісінің емес, басқа бірдеңені ойлап отырған кісінің көзіндей бейтарап. Мұрнының орта тұсында тыртыққа ұқсастау белгі бар. Айтарымды ақтарып болғанымда: «Түсінікті» деп алды да, отбасымда кімдердің барын, не істейтіндерін, пәтер жағдайымды, айлық табысымның мөлшерін, т. б.  сұрап білді. Содан соң:

-Араққа қалайсыз? – деп жымың етті.

-Той-томалақта ауыз тигенім болмаса, онша емеспін.

-Шыныңыз ба? – деп жымия түсті.

-Бар-жоқ шынымды айттым, сенсеңіз де, сенбесеңіз де еркіңіз. 

-Айлық табысыңыз біздегіден екі есеге жуық көп екен, бірақ мұнда, жаза білгенге, қаламақы табар жер көп, - деді.

-Бұйырғаны болар.

-Түсінікті. Сіздерде Райымханов Қайырғазы деген журналист жігіт бар.

-Ол кісі Марқакөл ауданында мектеп директоры.

-Гәзеттеріңізге жазып тұратын шығар? Біз курстас болғанбыз, «Лениншіл жас» гәзетінің редакциясында қызметтес те болдық.

-Ештеңе жазған жоқ. Мектеп шаруасынан қолы тимейтін сияқты.

-Біледі екенсіз ғой?

-Білем, - дедім. «Жездем» деп айтып қоя жаздап, әйтеуір, тілімді тістеп үлгірдім. Көңіл шіркін көк дөненнің адымын ашырмайды емес пе, егер бұл кісі мені жұмысқа ала қалса, Қайрекеңмен бір жолыққанында: «сенің балдызың болған соң алдым» десе, жездекем: «менің беделіммен орналасқан болатынсың» деп бәлденетінді шығармай ма?! Намыс жарықтықтың  болғаны қандай жақсы еді!  

-Ғаббас жолдас, түсінікті. «Қызметке алындым» дей беріңіз! - деп тез түрегеліп, қолын ұсынды. – Қай күннен бастап кірісе аласыз?

Тегі сасқалақтап қалсам керек, оның ұсынған қолын отырған қалпымда алыппын. Аңғара қойып, дереу ұшып тұрып:

-Барысымен өтініш беріп босаймын да келем! – дедім. Аңсары ауған ойыншығын алған балаша көңілденіп кеттім білем, Нығаң басын қисайта,  көзі күлімдей шалқайыңқырап жымиды да:

-Жақсы. Қай күні келесіз - жұмысқа алуға сол күні бұйрық жазылады. Сау болыңыз, хабарласыңыз, - деді. 

Кейін, «тонның ішкі бауындай» болып жүргенімізде, бірде Нығаң: «Сені жұмысқа алуыма Жұмекен досыңның мінездемесі бірінші себеп болды, - деп жымиыды да: - Әйткенмен, өзім де қумын. Сенің Шығыстан келгеніңді, фамилияңды естігенде Шәрбану Қабышеваның бауыры екеніңді Қайырғазы жайында сұрақ беріп біліп алдым. Журфакта үшеуіміз бір топта оқыдық, екеуін қызылтанау болып жүріп үйлендіргенбіз, мен Қайырғазыға күйеужолдас болғанмын» деп жайдарылана күлді.   

...Апта өтті. «Коммунизм туынан» әрең босап, «Қазақ әдебиетіне» келіп жеттім. Редакцияның жауапты хатшысы ақын, аудармашы Жұмабаев Ғаббастың қарамағына алындым. «Қысқа Ғаббас», «ұзын Ғаббас», атанып, дізе қостық...

Нығаңның жаратылысы жайсаң екен: пейілі - кең дала, мінезі - көктем-жаз. Орынды ақыл-кеңеске жомарт, ашу-айқайға сараң. «Суықшайшылдарға» мейірімі, кешірімі жоқ. Бәрімізді жұмсақ сөзімен-ақ қайырып ұстайды: гәзет материалдан әсте тарықпайды, уақтылы шығады, оқырманына ұнайды. Анау партиялық гәзеттер «Ұйымдастыра білген –ұтады» дейтін тақырыпты жақсы көретін, сол сияқты, Нығаң гәзеттің ішкі-сыртқы шаруаларын ұйымдастыруға шебер. Авторлардың бәрі дерлік: көрнекті ақын-жазушылар, сыншылар. Ұжымда атақты қаламгерлермен кездесіп, жаңа шығармалары хақында пікір алысатын дәстүр бар екен. Мысалы, Ғабит Мүсірепов «Қыранның әңгімесі» деп аталған тың дүниесін әкеліп оқып, ізбасарларының пікіріне құлақ аса  біраз қырнап, гәзетке беріп кеткені есімде. 

«Нысанасын таба адал пейілмен, көркем тілмен жазылған тегеуірінді, әділ  сын – гәзеттің жаны» дейді Нығаң. Бізге авторлардан соны талап етуді міндеттейді де, бізден өзі соны талап етеді. Бізге ізденімпаз, батыл болуды, әдебиет абыройын кімнің болсын ат-атағынан жоғары ұстай білуді үйретті. Орынды сынға орынсыз наразы болғанды мүлде қолдамайды. Редакцияның қызметкерлерін, әсіресе «оққа кеудесін тосқан» сыншыларды үнемі қорғап отырады. Дау туғызуы мүмкін мақалаларды өзі мұқият оқып, артық-ауысын реттеп: «Саспаңдар. Стекең айтқандай: «Наше дело правое, мы победим!» де ақырын ғана күледі. Қарқылдап қатты күлмейтін. 

Сынға қарсы шабуыл қашанда қатты болады. Нығаңның кабинеті кейде бұрқ-сарқ қайнаған тайқазанға айналып кетеді дерсің, есігінде тыным жоқ: шабуылшылар  келеді, гүр-гүр, күж-күж сөйлейді... 

Жазушылар одағының басшылары мен Нығаңның кабинеттерінің арасына төте жол салынғандай. Ол жолмен ары-бері тынымсыз жүретін «жолаушы» - Нығаң. Кейде мақала авторы да ілеседі. «Не деп жатыр?» дейміз әредігінде. Көңіліміз күптілеу. Күштілер бір жерімен диірмен тартады ғой, Нығаң сол «диірменге» ойда жоқта «бидай» болып кетпесе екен деп тілейміз. Нығаң: «Әйтсе, көям!» деп қолын сілтей жымияды. «Әйтсе, көям» - сөзінің салты. «Аққа құдай жақ» қой, шабуылдар шаңы көп, мәні жоқ бірдеңе болып тынады. 

Редакцияның қалауымен Ғабдол Сыланов ағамыз әдеби тіл туралы мақала жазғанда да Нығаң екі оттың ортасына түсіп шықты. Тілге ұста Ғабдекеңнің бүгінде тілшілер көш соңында тезек теріп жүр деген сыңайда сын айтқаны үшін. Қазақтың тілін тілшілер жасамағанын, тілшілерді қазақ тілі жасағанын мойындағысы жоқ «тілші мамандар» Ғабдекеңді және оны қолдап отырған гәзет басшысын партияның Орталық комитетіне дедектетіп алып барып, бәлемдерді сорлатпақ болды, бірақ «армандарына» жете алмады. 

Нығаң кейде баламінезденіп кетеді. Қайсыбіріміз жұмысымыздағы кейбір ағаттықты әжептәуір әңгіме етуге кіріскенде ол - жолдас Бас редактор оны тіпті елемей қоя салады. Бірде гәзеттің басмақаласы «қызық» қатемен шықты: «Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің еңбектері» дегендегі «ң» әрпі «н» болып, «б» әрпі түсіп қалыпты. Лездемеде («летучка» дейтінде) отырғанбыз. Шолу жасаған қызметкеріміз (Қажықұмар Қуандықов) оны кәдуілгідей сескене хабарлады. Бәріміз де алдымыздағы гәзеттің сол жолына үңіліп, содан соң бәріміз де Бас редакторға бағжия қарадық. Әлдекім: -Мынау қиын екен, біреулер «саяси қате» деп пәле қылып жүрмесе… - деп күңк етті. Нығаң: - «Әйтсе, көям, басмақаланы кім оқиды дейсің? – деп  күлді. Біз де ду күлдік… Айтқандай, басмақаланы ешкім оқымаса керек, «б» әрпін іздеген саққұлақ та, салпаңқұлақ та болмады.     

«Чиновник  қой!». Нығаң кейбір сәтте осылай дейтін де, салқын кейіпте мырс ететін. Жақтырмағандағысы...

Ахмет Байтұрсынов бастаған арыстарымызды ақтау хақында әңгіме көтеріліп жатқан кез. Бізде Мағжан Жұмабаевқа арналған бет дайындалды. Бірақ жарық көрмей қала берді. Оның нақты себебін Нығаң «Қазақ әдебиеті» гәзетінің 2003-жылғы желтоқсанның 19-ы күнгі санында «Литературная газетаның» теріс пікірлерін құп алмайтынымызды ашық білдірдік» деген тақырыппен шыққан мақаласында былайша айтыпты: «...Мағжан Жұмабаев туралы Әнуар Әлімжанов мақала жазып, ақынның өлеңдерінен «Қазақ әдбиетіне» арнайы бет әзірлеп, ол материалды жариялау үшін идеология бөлімінен рұхсат сұрадық. Олар қарсылық қана білдіріп қойған жоқ, жариялауға тиым салды». Садықбек Адамбеков ағамыз айтатындай, «мәс-с-с- еле қайда?!». Содан бір ай шамасы бұрын біздің бір «оқымыстының»  мәскеулік әріптесімен бірлесіп жазған, Мағжан Жұмабаевты ақтауға бөгет пиғылдағы мақалалары «Литературная газетада» жарияланып, біздің ақын-жазушылардың оған қарсы пікірлері «Қазақ әдебиетінде» шыққан. Қиянатқа қашанда қарсы ұшатын Әнуар Мағжан Жұмабаев шығармашылығы жөнінде мақала жазып, Нығаңа гәзеттің бір бетін тұтас арнауды ұсыныпты. Бірақ, амал не, нұрлы ой ноқайлыққа тап болды. «Жариялауға тиым салған» баяғы цэкадағы «чиновник» екен.

Жазушы Нығаңның қаламын қалжырата бермейтін, санды сападан садаға ететін байыпты жазушылығы өз алдына, журналшы Нығаң гәзет мүддесі   үшін шапшаң қимылдайтын, әдебиет жанрларының тыныс-тірлігіне орай тақырыпты таңдай білетін де, редакция қызметкерлерінің соларды тез игеруін, ол үшін авторлармен тіл табыса білуін талап ететін де қадағалайтын. Біздің оралымды, ізденімпаз, тақырыптапқыш, батыл болуымызды қалайтын. Қалап қана қоймай, жоғарыда баян еткенімдей, суық тілді сұқ көздерден, қиянатқа бейім қыңырлардан, сынды көрсе жынын көргендей жұлқынатын «қырыпсалғыштардан» қорғайтын. Ал біздің мақалаларымызды күнбе-күн тез оқитын да, толыңқырамай тұрған тұсы болса: «осының, меніңше... мына бір жері жұқалау сияқты» деп пікірін қысқа да нұсқа етіп айтатын. Тез оқитынын білетінім: бір жыл шамасы секретариатта істедім. Қызметімнің ресми аты - «Жүріп-тұратын тілші», бірақ жауапты хатшының орынбасары міндетін атқарамын. Гәзеттің келесі санына баратын материал атаулыны уақтылы түгендеп, макет жасаймын. Нығаң мақаланы өзі алады да, өлеңдерді «Ғабекең оқысын», «Із-ағаң оқысын» дейді. Ғаббас Жұмабаевтан кейін жауапты хатшы Із-ағаң, Ізтай Мәмбетов, болған. Екеуі де - ақын. 

Кезекті демалысына шығарда, не ұзақ іс-сапарға барарда, не ауруханаға жатуына тура келгенде Нығаң Бас редактордың міндетін уақытша атқаруды әдебиет бөліміміздің меңгерушісі Сәкен Жүнісовке жүктейтін, себебі оның бөлімі – редакцияның маңдайалды бөлімі және Сәкен - сол кездің өзінде танымал жазушы. Ал Сәкеннің мінезі қызық еді: сол күндері жұмыс ретіне орай басқа мекеме басшыларымен сөйлескенде: «Сіз «Қазақ әдебиеті» деген гәзетті оқитын шығарсыз, мен сол гәзеттің Бас редакторы Сәкен Жүнісовпін» дейді, не гәзет атынан ресми хат жазғанда  «Бас редактор Сәкен Жүнісов» деп қол қояды. Әдеби гәзет-журналдарда қалыптасқан бір дәстүр – Бас редактордың аты-жөні, ол басқа қызметке ауысып кетіп қалғанда болмаса, соңғы беттегі орнында қозғаусыз тұратыны, оның міндетін уақытша атқарушының аты-жөні ешқашан жазылмайтыны. Сәкенге бір күні: «Мұның не? «Уақытша» дегенді айтқың келмеген күнде тым болмаса «міндетін атқарушы» десеңші! Кімнің Бас редактор екені гәзетте бадырайып жазулы тұр ғой?» десем, ол қысық көзі жұмыла қы-қы-қылап күліп: «Соны кім байқайды дейсің?!» дейді. Нығаңның «басмақаланы кім оқиды дегеніндей». Басқа жерлердегі әңгімелерде «Қазақ әдебиеті» ауызға алынғанда Сәкен отырса – бітті, ол: «Мен сонда Бас редактор болып тұрғанда» деп іліп алып кетеді. Бірде Жазушылар одағы ғимаратының мәжіліс залындағы бір жиында Нығаң екеуіміз орта тұста қатар отырдық. Нығаңның Бас редакторлықтан өзі өтініп босап, Абай атындағы пединститутқа ауысып, кафедра меңгерушісі болғанына екінші жыл-ды. Мінберге Сәкен шыққан. Аңқылдақ мінезіне сай екпіндеп сөйлеп тұрып: «Мен «Қазақ әдебиеті» гәзетінде Бас редактор болып істегенде» деп Алатаудан асып-ақ кетті. Нығаң маған бұрылыңқырап: «Қасқаң сілтеді, дауа жоқ, ә?» деп күбірлеп, сылқ-сылқ күлді. «Осылай сөйлеу осы Сәкенге қалайда жарасатын  сияқты», деп мен де күлдім. «Иә, бұған бәрі жарасады», деді Нығаң ризашылық раймен. 

Нығаңның кімге болсын тіпті қатты ренжіген сәтінің өзінде  суық үнмен сөйлегенін көрген жоқпын. Бұрқ-сарқ еткенге өзіне қатысы жоқты айтып тұрған кісіге қарағандай бей-жай түрмен қарап отыратын да, оның «оғы таусылғанын» көрген соң: «Болдыңыз ба? Енді мен айтайын, сабыр сақтап тыңдаңыз», деп, жауабын байыппен бастайтын.

Жігіт болып туған қыздай қайран Нығаң!        

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

3 пікір