Жұма, 29 Наурыз 2024
Саңлақ 13283 8 пікір 5 Желтоқсан, 2019 сағат 12:57

Әкімнің қолын ұстап көрмеген ардагер палуан

Алматы облысының әкімі

Амандық Баталов мырзаның назарына!

Қасенхан Серғазиев – грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ардагерлер арасында өткен сайыста әлем чемпионы атанған қазақ!

Ағамыз Алматы облысы Панфилов ауданының тумасы. Қазіргі уақта туған ауылында өз саласы бойынша шәкірт тәрбелеумен айналысады екен.

Пермь қаласында өткен Ресей чемпионатына Нұржан Нұрбеков деген шәкіртімен барып, өзі I орынды, шәкірті III орынды жеңіп алып қайтқан жолында «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне ат басын бұрып, бір өтінішпен келіпті. Біз де осы сәтінде кездесіп, жеңісімен құттықтап, қолын қыстық.

Қарпайымдылығы мен қатар, мінезі де бар екен ағамыздың. Қимылы шапшаң, сөзі мірдің оғындай. Бірақ, жылы сөзге, шынайы құрметке майдай еріп түсе қалатын ақ көңілі тағы бар екен. Телефонынан күрес үстінен түсірілген видиоларын көрсетіп, мәз-мейрам болды.

Биыл қазан айында Грузияда өткен ардагерлер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында Қасенхан Серғазиев ағамыз алтыннан алқа тағыпты. 62 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз финалда түрік балуанымен кездесіп, 8:4 есебімен жеңіске жетіпті. Сөйтіп, Көк туымыз биыл Қасекеңнің арқасында әлемдік чемпионатта желбірепті.

Апайтөс ағамыздың жеңісіне желпініп тұрғанымызда даңқты палуан ағамыз Даулет Тұрлыханов телефон соғып, құттықтап жатты.

Тек, жарысқа аттанар алдында аудан әкіміне барып, жол қаражатын сұрағаны болмаса, ең қызығы, бүкіл өмірін грек-рим күресіне арнап, боз кілемде белдескенін бет қаратпай келе жатқан Қасенхан Қырғауылбайұлы өмірінде облыс әкімінің қолын алып көрмепті.

Ағамыздың бір өтінішін жерде қалдырмауға тырысып, Алматы облысы әкімінің аппаратына қоңырау шалып едік, әкім аппаратының орынбасары, өзінің жерлесі екен, есіне әрең түсіргендей болды...

Бүгінгі таңда халық пен биліктің арасы жақындап, сындарлы диалог орнап келеді. Ал, елімізде халыққа жақын үш үш әкім болса, соның бірі – Амандық Баталов. Мүмкін, Амандық Ғаббасұлы облыстың шекарамен шектесетін бір түкпірінде жатқан, шөп шауып жүріп тіке чемпионатқа тартып кете беретін Қасенхан Серғазиевты білмейтін шығар. Негізі, мұндай әлемдік деңгейде танылған тұлғаларды білуге тиіс. Әкім білмесе, оның қол астындағы қызметкерлері білуге және әкімнің назарына салып отыруға мінттетті. Солай емес пе?!

Шынашақтай ғана шымыр денелі ағамыз келесі жылы Афинада өтетін чемпионатқа бара алмай қалам ба деп, қайта-қайта алаңдап, алдағы сайысқа да жараулы тұлпардай жер тарпып тұр. «Барсам, бүктеймін ғой!» деп қояды нық сеніммен!

Себебі, биылғы жарысқа баруға қаржы таппай қатты қиналыпты...

Иә, таланттың көбі ауылда. Қасекең құсап, жауырды жаба тоқып, қолда барын сатып болса да жарысқа қатысып, қанжығасына жүлде байлап қайтатындары аз болса керек олардың. Көбі тұрмыстың қыспағына қысылып, әкім-қараларға сөзін өткізе алмай, морт кететіні жасырын емес.

Оның үстіне, талантты адамның бойында мінезі болатыны тағы бар. Ілуде біреу болмаса, көп шенеунік оны түсіне бермейді ғой.

Мейлі, кім не десе, о десін, бүгін өзім сондай қарапайым, бірақ көзінен от жанған, намысы мен күші кеудесін кернеп тұрған қазақтың бір әлемдік дәрежедегі чемпионымен кездескенімді – бақытқа балап, қатты қуандым.

Ауылдан барып, әлемдік сайыста қарсыласын бүктеп қайту – нағыз ерлік! Талантты тірісінде құрметтеу, еңбекті уақытында бағалау – парыз!

Өлген соң, бәрі – бос сөз!

Аман болыңыз, Қасенхан аға!

Өзің секілді ауылдан шыққан жаман бауырың сені енді ешқашан ұмытпайды. Ерлігіңді емірене айтып жүретін болады елге.

Әкел қолыңды, әзірінше мен қысып, құттықтай тұрайын! Ар жағын көре жатарсыз...

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3576