Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ел іші... 4939 15 пікір 5 Желтоқсан, 2019 сағат 10:58

Айыпты ету үшін арандату керек пе?!

Кешегі күні ғана Ақмола облысы Қорғалжын ауданының прокуроры болған, жергілікті мекенде заңдылықты қадағалап, өз қызметін мейлінше адал атқарып келген, білікті заңгер Дулат Оразалыұлы Омар - дәл бүгін міне күтпеген жерден күдікке ілігіп, Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық сотында айыпталушы болып отыр.

Дулаттың әкесі Оразалы ақсақал көп жыл ауылшаруашылық саласында жемісті еңбек еткен, совхоз басқарған зиялы азамат. Ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған анасы отбасында балаларына ақ адал тәлім-тәрбие берген кейуана. Сот залына келіп ауыр күрсініп отырған қариялар білімі мен білігі арқылы ел-жұртына үлгілі-өнегелі азамат болып танылған ұлына осыншама нақақтан жала жабылады деп үш ұйықтаса түстеріне кірмеген де болар.

Кезінде еліміздің Бас Прокуратурасында жауапты қызметтер атқарған, кәсіби мамандығына бір кісідей адал Дулат Омардың күтпеген жерден істі болып, дәл қазір сотталушының орындығында отырғаны, әр жиналыс сайын конвойдың айдауымен сот залына жеткізілетіні жастары ұлғайған әке-шешесімен қатар жан жарының, аға-інілерінің, бала-шағасының, өзге де туыстарының жандарына қатты батып, жүректерін сыздатып-ақ отыр.

Қорғалжын аудандық прокуратурада басшылық етіп жүрген Дулат Омарды пара алды деген күдікпен істі ету үшін Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің ұйымдастырған операциясының өзі қылмыскерді құрықтаудан гөрі кінәсіз жанды қалай да арандатып, тек орға жығуды ғана көздегендей күмән тудырады. Жалпақ жұртқа түсінікті болуы үшін бәрін басынан бастайық.

Қорғалжындағы табиғи қорығының директоры Асқар Амантайұлы Сексенбиев пен аудандық прокурор Дулат Оразалыұлы Омар екеуі бұрын тәп-тәуір қарым-қатынаста, дос-жарандар болғанға ұқсайды. Өздері де жас жағынан құрдас дерліктей бір буынның өкілдері.  Әрі екеуінің де ұлдары экономика-бизнес саласы бойынша жоғары білім алып жатқан балалар көрінеді. Сол себептен, Қорғалжында туристік бизнес құрылымын ашып, ұлдарын сол кәсіпке баулу ойларында болыпты. Әрине, мұндай ортақ мүдде кімді болсын,  табыстыратыны, жақындастыратыны басы ашық әңгіме ғой.

Студент ұлдары каникулға шыққан жаз мезгілінің жексенбісінде бизнес жоспардың бірер құжатын Асқар Дулатқа тапсыруы керек болып хабарласады. Дулат оны Нұр-Сұлтан қаласында демалыста жүрген ұлы Әлиханға бере сал десе керек.

Әлихан ойында ештеңе жоқ. Астананың Азия Парк маңында Асқармен жолығып, пакетке салынған бірдемені көлігінің ішіндегі құжат салғышқа тыға салады. Асқар өз жайына кеткен болуы керек. Сол сәтте бір топ жігіт оның көлігін қоршап алып, “машинадан шық” деп тап береді. Алғашқыда абыржып қалған бала есік, терезесін жауып алғанымен, сырттағылар “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіненбіз” деген соң есігін ашады. Сол сәтте екі азамат оны тарпа бас салып, көлігінен алып шығады да, екі адам қос қолдап ұстап тұрады.

Қолдарында бейнекамерасы бар екі адамның бірі алыстан, екіншісі жақыннан түсірілім жасап тұрады. Өздерін аталмыш қызметтің өкілі ретінде таныстырған жігіттер Әлиханнан бір ауыз рұқсат та сұрамайды. Машинаны тінтуге ұмтылады да, еш жаңылмастан тұп-тура әлгі пакет салынған жерді ашып, ішінен ірі банкноттардан тұратын көп ақша алып шығады. Қызықты қараңыз, көріпкелдік пе, әлде, алдын ала жоспарланған немесе әбден келісілген шаруа ма? Тым құрығанда, орындықтың асты-үстін қарап, біраз іздеген болып, сәл де болса, “актерлік шеберліктерін” көрсетпей ме екен?

“Пара алу үстінде ұсталды”, “жемқорлық дерегі бойынша қолға түсті”, “әрекет үстінде тұтқындалды” деген операциялардың бірталайын білеміз. Бірақ, дәл мынандай көпе-көрінеу арандатудың түпті мақсатын еш түсінбедік. Оның өзінде прокурордың өзіне талапкер немесе арызданушы қолма қол ақша тапсырып, “пара алған адам” арнайы белгісі бар ақшаны шытырлатып санап тұрғанда үстінен түссе, бір жөн ғой. Тал түсте, жексенбі күнгі демалыста прокурордың өзі емес, оның баласын ұстап, көлігін тінту - қайдан шыққан өнер?!

Енді мінеки, аталмыш оқиғадан уақытша қамауда алты бойы сыр берген денсаулығы зардап шегіп, ала жаздай тергеліп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 24 бабы, 2-366 тармағының  2З тармақшасы бойынша қозғалған істің соттағы тергеуі  аяқталды.

Бұл істі қарау барысында қорғаушы  тарап коррупцияға қарсы қызметтегілер қылмыстық іс жүргізу заңнамасын өрескел бұзғанын, дерек пен іс материалдарының қолдан жасалғандығын мәлімдеп отыр. Экс прокурор Дулат Омарды  қылмысқа негізсіз тарту үшін “пара алды” деп жалған жаламен  арандатқаны жайында бұлтартпас айғақтар келтірілді.

Жалпы ҚПК-тің 111-бабының бірінші тармақшасына сәйкес  заң жүзінде алынған мәліметтер ғана қылмыстық істің айғағақтары бола алады. Осы талаптар  негізінде ғана анықтау органы, анықтаушы, тергеуші, прокурор, сот заңсыз әрекеттің  болған-болмағанын айқындауы тиіс. ҚР ҚПК-нің 112-бабының 4-тармағына  сәйкес  қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бұза отырып, қолдан жасалған мәліметтер айғақ ретінде қолданылмайды және айыптаудың негізіне  жатпайды.

Сот процесіне қатысқан баспасөз өкілінің пайымдауынша және қорғаушы тараптың ізденістерінің нәтижесіне сүйеніп айтар болсақ, экс-прокурор Дулат Омарға жүктеліп отырған қылмыс бірнеше рет өткен сот жиналысында дәлелденген жоқ. Қысқасы, қазақтың бір кінәсіз азаматы жазықсыз жапа шеккелі тұр.

Айталық, Дулат  Омарға тағылған айып бойынша оның  2019 жылы маусымның 3-і күні ақша алуын меңзеп істі етуге тырысады. Айыптау актісіне сәйкес прокурор Қорғалжындағы табиғи қорық мекемесіне жасаған тексеріс анықтамасында  қорықшының сейфінде жатқан 23 млн. теңгені көрсетпегені үшін  5 млн. теңге сұраған делінеді. Қорғау тарабының дәлелдері бойынша  бұл деректе еш негіз жоқ. Өйткені, қаржы-шаруашылық қызметті тексеру прокурордың лауазымдық  құзыретіне жатпайды. Шын мәнінде сейфте қолма-қол ақшаның сақталуы  қаржы тәртібінің бұзылуы болып саналмайтанын Қаржы министрлігі, Есеп комитеті және Орман шарушылығы және жануарлар әлемі комитеті  растап отыр. Осыған орай  аудитор Қапышевтің  25.06.2019ж жасаған қортындысы негізсіз әрі заңсыз. Оның үстіне ол  судьяға броконерлердің ақшасын қою үшін классификатордың кодын неге көрсетпегенін түсіндіре алмады.

Прокурор тарапынан атқару өндірісі тексерілмеген.  Өйткені, онымен Ақмола облыстық прокуратурасы айналысыпты. Бұл шараның жүзеге асырылатын мерзімі 2016-2018 жылдар аралығы болғандықтан  прокурор оның  шегінен шыға алмайды. Ал, ақша  2019 жылы түскен. Жалпы аталмыш қорықтағы анықталған заң бұзуышылықтар, атқарушылық өндірістің қозғалуы қылмыстық-жазалау белгілерімен тіркелген материалдар және прокурорлық назар аудару  тексерістің жоғары деңгейде болғанын және тергеу тарапынан   Дулат Омардың  жасалмаған заңсыздық үшін ақша сұрады делінуі еш ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе.

Мұның өзі айналып келгенде, айыптау айғақтарының ойдан шығарылғандығын, арыз берушінің  қылмыстық іздестіру органына тәуелді екенін, материалдардың бұрмаланып,  ақырында “пара алды” деген жалған даурығумен  арандатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар тергеу сотына ұсынылған материалдың елеулі түрде айырмашылығы бар.  Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызметтің жалған рапортты  заңсыз тіркеуі арқылы аталмыш ұйымды алдымен астыртын тексеруге, содан соң Д. Омарды тұтқындауға санкция алуы, оны  растайтын қаржылық құжаттар қосымшасымен пайдаланылған қаржының  заңдылығы туралы  жауабының жоқтығы да Дулат Оразалыұлының нақақтан сотқа тартылып отырғанын  айғақтай түседі.

Сондай-ақ, арызданушы Асқар Сексенбиевтен жауап алу  2019 жылдың 27 мамырында  өткені де шындыққа сай келмейді. Өйткені, ол  бұл күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратына бас сұқпаған. Семинарға қатысу үшін Алматыға ұшақпен сапар шеккен.  Сексенбиевтің қылмыстық қудалушыларға  тәуелділігі оның берген жауабынан анық көрініп тұр.

Ол сотта “сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратына бармадым” деп өтірік айтып, бұл әрекетін адвокаттың  2019 жылы 8-9 мамыр күндері түнгі уақытта 3 сағаттан астам уақыт болғанын дәлелдегеннен кейін ғана шындықты еріксіз мойындады. Өзге де тергеу барысында  қолданылған әдістер тиісті заңнамаға сай емес.

Мәселен, істе Д.Омардың қайдан, қалай қол жеткізгені белгісіз сараптама жасау үшін алынған “еркін даусы” (телефон арқылы немесе біреулермен өзара сөйлескенін жазып алу) жайлы еш құжат жоқ. Сексенбиевтің экс прокурор Омарға қатысты берген  көрсетілімінің психологиялық-филологиялық сараптамасында түрлі айла-шарғы, психологиялық қысым, арандату секілді әрекеттердің қолданылғаны аңғарылады.

Рыскелдиновтың Омардың қарызға ақша сұрағаны туралы  шағымының барлығы және бұл фактіні Сексенбиевтың растағаны және соңғысының  жасырын тергеу әрекетіне  ерікті түрде қатысу туралы тергеушінің атына жазған  (03.06.2019)  іске қабылданған  өтініші,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің  заттай айғақтарды, тінткен бейне жазбаларды жойып жіберуі, авткөлікке күшпен басып кіріп,  процессуалдық әрекетке  ешқандай түсінік берілмеуі, тіркелмеуі, қолғапсыз конверттің, пакеттің ашылуы қылмыстың қолдан ұйымдастырылғанын көрінеу айғақтап тұр.

Қорғаушы тарап  айыпталушының ақша бойынша заңды шара қабылдап, оны есепке алғаны, Сексенбиев ақша берсе оны қайтару кепілдігі жайлы  аудиожазбаны, одан  алған ақшаны қайтарғанын айғақтайтын құжатты ұсынды.

Одан соң Сексенбиевтың бұл қаржыны қорықшыдан ұрлап алғаны анықталды. Жалпы  талапкер А. Сексенбиевтың бұл іске тартылуы еркінен тыс мәжбүрленгені байқалып тұр.  Сондай-ақ, айыптау актісіне   сай келетін бірде бір  дәлел жоқ.  Сотқа дейінгі тергеп, тексерудің алдын ала ойластырылған, әдеттегідей айыптау басымдығымен жүзеге асырылғаны анық болып тұр.

Мұны жоғарыда айтылғандармен қатар Қорғалжындағы табиғи қорық жұмыскерлерінен алынған таптаурын  жауаптар да  көрсетеді. Мысалы, аталмыш қорық жұмыскері сотқа ондай көрсетілімді тергеуші жазып, өзіне қол қоюды сұрағанын айтты.  Оның көрсетілімі бас бухгалтердің көрсетілімінен жолма-жол  көшіріліп алынған. Сонымен қатар мамандардың қортындысы да ешқандай заң, нормативтік-құқықтық актіге негізделмеген бір жақты, аргументсіз, негізсіз.

Алайда, осындай  дәлелдерді бұрмалау, қызметтік жалған  құжат жасау, заттық айғақтарды жою, пара алды деп  арандату, процессуалдық тәртіп  бұзушылықтардың көптігі және шағымданушы тарапынан жалған куәгерліктің болғаны айқын көрініп тұрғанына қарамастан   сот  процесіне қатысып отырған прокурордың ойы мүлде түсініксіз болды. Бұл істе тіпті прокурордың қадағалауы мүлде болмағандай әсер қалдырады. Процесс барысында да көзге көрініп тұрған  заңсыздықтарға ол назар аудармайды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің  қылмыстық әрекетін бүркемелеуге тырысқандай-ақ, Дулат Омарды төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрайды.

Жалпы сот процесіне қатысушы мемлекеттік айыптаушы Х. Омаров өзінің қызметтік міндетінен гөрі әлде бір жымысқы саясатты жүзеге асыруға  мәжбүр болғандай сипат танытады. Әлде, айыптау актісін ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық іздестіру қызметінің бастығы бекіткендіктен айыптаушы  өз басшылығының нұсқауына ғана тым тәуелді болғандай.

Бірақ айыптау міндетінен тыс прокурор тиісті заңнамаға сай мемлекет атынан  заңның нақты және бірізді орындалуын, жедел із кесу әрекеттерінің, анықтау, тергеу ісінің заңдылығын қадағалап,  оның бұрмалану, бұзылу  деректеріне қарсы шара қолдануы керек еді.

Қаралып отырған істе   мемлекеттік айыптаушы Х.Омаровтың неліктен  заң бұзушылықтың айқын деректеріне  көз жұмғаны,    қылмыстық процессаулдық  кодекс талаптарын бұзылғанын мәлімдеген қорғаушы тараптың өтініштеріне құлақ аспағаны мүлде түсініксіз.

Адвокаттардың айтуынша, сыбайласқан қылмысқа қарсы қызметкерлердің  өз міндеттеріне атүсті қарауына  прокурордың назар аудармауы осы екі құзырлы орынның  өз өкілеттіктеріне  сай ортақ мүдделес  көнерген сана мен сенімге тым қатты берілгендігі болса керек.

Бұған белгілі деңгейде қылмыстық процестік кодекс бойынша  прокуратураның бір уақытта  өзі қадағалап, соттағы жасаған қорытындысын өзі қолдайтын екі құзырға ие болып отырғандығы   жол ашып отыр.

Жалпы, біздің елде сыбайлас жемқорлықпен күрес тым науқаншыл әрі әсіре жасандылыққа бой ұрып бара жатқандығы қоғам тарапынан жиі сынға алынып жүр. Негізі, мұндай іске құқықтық тұрғыдан бұрын, жалпы адамзаттық құндылық ретінде  назар аударған ләзім.

Ақиқатында өзінің жақын досы саналған жанның  жауапкершіліктен бас тарту үшін этика, мораль нормаларын ысырып тастап, Д. Омардың өзін емес, еш кінәсіз ұлын іске тартып,  арандатып отырғандары адамгершілікке жатпайтын үрдіс.

ҚР Жоғарғы сотының «Бірқатар сыбайласқан қылмыстарды қарау тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысына сәйкес  Қылмыстық қудалау органдарының ҚК-нің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамды қылмыстық қудалау органдарының араласуынсыз пара алу ниеті туындамайтынын және қылмыстың жасалмағанын айғақтайтын мән-жайлар болған кезде пара нысанасын алуға көндірудің нәтижесінде келісім алынған кезде оған пара беруден тұратын арандатушылық-айдап салушылық әрекеттері өзіне қатысты осы әрекет жүзеге асырылған адам жасаған әрекеттің қылмыстылығы жойылады”.

Демек Дулат Омарға қарсы қозғалған істе оның еш кінәсіздігі анық көрініп тұр. Сондықтан сот төрелігі халықтың сотқа деген сеніміне селкеу түсірмей, істі  заң аясында әділ қарап, оң шешім шығарады дегенге сенгіміз келеді.

Сайып келгенде, сталиндік заманнан қалған “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын”  сөзін қазіргі сыбайлас жемқорлықпен күресушілерге  қарата “асыра сілтеу болмасын, айыпсыздар арандатап қалмасын” деп ескертуге тура келіп тұр.

Қуандық Шамахайұлы,

журналист. 

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530