Сәрсенбі, 23 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107374. Жазылғандар — 102064. Қайтыс болғандар — 1699
46 - сөз 1320 6 пікір 4 Желтоқсан, 2019 сағат 10:56

Неге біз импорттың құрсауынан босап шыға алмаймыз?

Егер өз ауыл шаруашылығыңызға қолдау көрсетпесеңіз, көп өтпей өзге елдің фермерлерінiң азығын жейтiн боласыз.

Маған субсидиялар туралы мынандай сұрақтарды жиы қояды:

1. Субсидиялар қаншалықты қажет? Осыған орай, көп адамдар тіпті субсидия беруді біржола тоқтату керек дейді.

2. Американың тауық сан еттері (окорочка) неге сонша арзан? Тіпті оларды Қазақстанға да әкеледі.

Осы сұрақтарға жауап беруге тырысайын.

1. Бірінші сұраққа жауап беру үшін тарихқа үңілейік. Жалпы, субсидия қалай пайда болды? Қысқа да нұсқа.

Өнеркәсіптік революция басталған соң, дамыған елдердің жалпы ішкі өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі азая берді. Урбанизация процесі басталды. Халық жаппай қалаға көше бастады. Шикізатқа қарағанда өңделген тауарларды өндіру әлдеқайда тиімді болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін басқа елдерден сатып алу тиімдірек болды. Бұл мынадай мәселелерді туындатты:

- азық-түлік қауіпсіздігі;

- жеткізу тұрақсыздығы;

- баға құбылмалығы;

- жердің жұтаңдануы;

- адамдардың ауылдан қалаға көшіп кетуі;

- басқа да мәселелер.

Мұндай мәселелерді шешу үшін дамыған елдердің үкіметтері кедендік қорғаныс баждарын енгізе бастады. Бірақ бұл өзара сауданы тежеп, ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтірді. Содан кейін үкіметтер ауыл шаруашылығы өндірісінің рентабельдігін арттыру үшін өндірушілерге субсидия беру керек деп шешеді. Осы арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек шығаруға деген ынтасын арттырды. Мұндай шаралардың ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбеюіне түрткі болғаны сөзсіз. Соның арқасында елді толығымен қамтамасыз етіп, артылғанын басқа елдерге сата бастады. Сөйтіп, үкіметтерінен субсидия алатын дамыған елдердің өндірушілері басқа елдердің нарығын оңай жаулап алды.

Кейіннен дамушы елдер де өндіріс орындары тоқтап қалмауы үшін өз өндірушілеріне субсидия бере бастады. Осылайша, ауыл шаруашылығындағы бәсекелестік өндірушілердің тиімділігі тұрғысынан өлшенетін нарықтық бәсекеден үкіметтік субсидиялар бәсекесіне ауысты.

Егер Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығына субсидия беруді тоқтатса, онда екі-үш жылдан кейін-ақ бәрін импорттайтын елге айналамыз.
Бұл өндірушілер дұрыс жұмыс жасамағаны үшін емес, шетелдік өндірушілер өз үкіметтерінен қомақты қаржылай қолдау көргендіктен осылай болады. Міне, осы жерден екінші сұрақтың да жауабы шығады. Қазақстанға әкелінетін америкалық тауық сан еттері не үшін арзан? Өйткені америкалық өндірушілердің субсидиялары біздікінен әлдеқайда жоғары. Сондықтан да олар бізге тауық сан еттерін арзан сата алады.

Қосымша ақпарат:
Ресейде ет және мал шаруашылығының өнімдеріне берілетін субсидиялардың жиынтық деңгейі Қазақстандікіне қарағанда екі есе жоғары. Сондықтан да олар 17 жыл ішінде тауық еті өндірісін 5,7 есе ұлғайтты. Ал Белоруссияда кейбір өндірістерге берілетін субсидия мөлшері біздікінен 4 есе жоғары.

Неге біз импорттың құрсауынан босап шыға алмаймыз?

1) Себебі өзге елдерге қарағанда бізде субсидия деңгейі әлдеқайда төмен.

2) Жемқорлықтың кесірінен, субсидиялар тиімді жұмыс істейтін өндірушілерге жетіп бармайды.

3) Өндірісімізді дамытпай тұрып ДСҰ-ға кірдік, енді ДСҰ ережесіне сәйкес, өндірушілерімізге тікелей субсидия бере алмаймыз.

Марғұлан Сейсембайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

6 пікір