Жұма, 26 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 13684 36 пікір 3 Желтоқсан, 2019 сағат 11:58

Шекараға қаруын тақап қойған көршіміздің ниеті достық па, қастық па?

Жалпы, ТМД елдерінде Ресей үшін Беларусьтан кейінгі ең сенімді, ең елгезек, аса дос халық жоқ десек шындықтан алыстай қоймаспыз. Бұл жерге «ең тәуелді» деген сөзді жоғары жақтағылар ренжіп қалар деген сыпайшылықпен ғана қоспай отырмыз. Әйтпесе, сол бір қабырғаға қатты батар дүниеден онша алыстай қойған жоқпыз-ау, сірә.

Алайда осы бір өзін тек қана «ұлы» санайтын көршіміздің ойы мүлдем басқа секілді. Бізді ресми жау санамағанымен, біз жақтан тек қана қауіп-қатер мен басқыншылық секілді дұшпандыққа саятын дүние күте ме деп қалдық...

Әйтпесе күні кеше ғана бір тәуелсіз елдің аумағынан, яғни Ресейдің Астрахань облысында орналасқан Капустин-Яр дейтін әскери сынақ полигонынан екінші бір тәуелсіз ел - Қазақстанның Жамбыл мен Қарағанды облыстарының аумағында орналасқан Сарышаған полигонына қарай «Терек» дейтін континентаралық баллестикалық зымыранын жіберіп, өздерінің «керемет» әскери күш-қуатын көрсеткендігін басқаша қалай бағалауға болады?

Мұны дәл бір біздің «Тұңғыш Президент» күнін тойлайтын мереке алдында жіберуінің астарында қандай сыр бар? Оны аз десеңіз, Ресейдің үнемі ұлы державалық идеяның уын себетін «1-ші арнасы» «зымыран нысанаға дәл тиді» деп қуанып, бөріктерін аспанға аттты. Оның үстіне «қазақстандықтар мұны комета деп ойлап, жаппай суретке түсіріп, мәз болуда» деп бізді надан көріп, мазаққа айналдыруын қайтерсің...

(Ол жақтан осылай ұшырылды)

Әрине «дәл тигендігіне» біз де қуандық. Әйтпесе, ол пәле сәл ауытқып кетіп, бетін аулақ қылсын, әрине, ана Жезқазғанның үстіне топ ете қалса, қайтер едік? Ресейдің несі кетеді, «аздап шығын келген шығар, не қылар дейсің?» деп жауырды жаба тоқып, пәлені өзімізге аудара салады да, қояды. Өткенде өздерінің зымыраны құлап, гептил төгілгенде де «е, не қылар дейсің, ауаға келген еш зиян жоқ» деп басын ала қашқан жоқ па? Неге көнбеген халықпыз, «мақұл» дедік те қойдық.

(Біздің аспанда осылай көрінеді)

Жалпы Ресей, осы әбден көнерген, ол сонау кеңес өкіметі түсында, яғни 1975 жылы жасалынған, сосын қайта-қайта жамап-жасқалған, 1985 жылдан бері РФ әскери күшінің тізімінен шығарылмаған осынау ескі-құсқыны біздің төбемізден ұшырып, осында дүркін-дүркін атқылап, сынауын қашан қояды?

Әлде, ұятта болса айтайық, «Бұға берсе, сұға беретін» саясатпен бізді мүлдем сынақ алаңына айналдырып бітті ме? Негізі солай шығар. Әйтпесе, біздің елге әскери базасын босқа қаптатпаған болар. Сарышағанды былай қойғанда, Байқоңыр да Ресейдің мықты әскери базасы емес пе?..

Сондағы Ресейдің көздегені не? Шынымен, жау біздің аумақтан келеді деп ойлай ма? Солай-ау... Өйткені жақында ғана тағы бір жайсыз хабар естідік. РФ Қорғаныс министрлігі жазғандай, солтүстіктегі көршіміз біздің Қостанайға таяқ-тастам жердегі Челябі облысының шекарасына «Торнадо-С» деген залппен атататын реактивті арттиллерия жүйесін орнатып тастапты. Олардың әскери мамандары айтқандай «бұл осы аймақтағы қауіпсіздікті нығайтады-мыс». Сонда біздің Қостанай облысынан келетін ол қандай қауіп? Әлде біздің өңірде лаңкестердің отрядтары қаптап, Ресейді жаулап алмақ ниетте ме?

Ал бұл қару ойыншық емес, аса қаһарлы дүние. Атқылаған зымырандары анау-мынау емес, бірден 120 шақырым жердегілердің бәрін өртеп, жоқ қылып жібереді. Енді бір ғана сұрақ. Осындай қаруды шекарамызға тақап қойған көршіміздің ниеті достық па, қастық па? «Стартегиялық одақтаспыз, мәңгілік доспыз, іргеміз ажыраған көршіміз» деп жүрген ел осылай істесе, өзгелерге не жорық?

(«Торнадо» деген мықтың осы)

Бұдан шығатын қорытынды біреу ғана. Біздегі Ресейдің әскери базаларына мұқият қарап, олардың қаншалықты қажет екендігін бір саралап алу керек. Өйткені мұндай базалардың негізінен өздері қауіп күтетін, сол елдерге бүліншілік әкелетін аумақтарда, мәселен Молдовияның бір бөлшегі санаталатын Приднестровияда, сосын Грузияның бөлшегі саналатын Абхазияда орналасқандығын ескерсек, ол базалардың мақсатының сыры белгілі.

Өзгесі-өзге, дәл қазір Қазақстанда Ресей шыр-болатындай ешбір елден қауіп жоқ. Көршілес өзбек пен қырғыз елдері - туысқан халықтар. Ал Құдай сақтасын, Қытайдан Ресей түгілі Америка да қорғай алмайды. Оның үстіне бұл көршіміз қашанда тек сауда-саттықты ғана көздейді. Ал Ресей көзір етіп отырған Ауғанстан тәліптерінің талай мемлекеттерді көктей өтіп, Челябі жете қоюының өзі неғайбыл. Өзгесін былай қойғанда, сол тәліп деген «аса қауіпті жаудан» еш айылын жимай-ақ, ешкімнен көмек сұрамай-ақ, отыр ғой өзбек бауырларымыз. Ал бізге алыстағы әлдебір лаңкестерден қорқудың тіпті де реті жоқ. Тек, көршілеріміз арандатпаса болғаны...

Осындайда атамыз қазақ «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» дегенді бекер айтапаған болар.

Жайберген Болатов

Abai.kz

36 пікір