Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
46 - сөз 4132 8 пікір 29 Қараша, 2019 сағат 12:29

Мемлекет құқығы адам құқығынан үстем болмауы керек

Гонконгтағы қысымға байланысты, "АҚШ біздің ішкі істерімізге араласып жатыр" деген Қытайдың мәлімдемесін оқыдым. Бүкіл әлемді екі полюске бөлетін келесі жалпы адамзаттық суайрығы адам құқықтары мен мемлекет құқықтары арасындағы күрес болуы мүмкін. Дегенмен адам құқықтары мемлекет құқықтарынан үстем болатынына сенемін.

Осы хабарға байланысты, кейбір негізгі дүниелерді сөз еткім келеді. Бәріміз Жер тұрғынымыз, содан кейін ғана қытайлық, америкалық не басқалай бөлінеміз.

Соған сәйкес, адам құқықтары Қытайда да өз мәнін жоғалтпайды. Ешқандай мемлекет құқығы адам құқығынан үстем болмауы керек. Әлемнің кез-келген  жерінде адам құқықтары бұзылатын болса, ол зұлымдықты бүкіл адамзат баласы талқыға салып, қайсыбір елдің ішкі шаруасы демей күресуі керек.

Мемлекет дегеніңіздің өзі белгілі бір аумақта өз ережелерімен өмір сүретін адамдар тобы немесе қоғамдастық. Міне, сондықтан да, қайсыбір топтың немесе қоғамдастықтың ережелері адамзаттың ережелерінен биік болмауы керек.

Әрине, мұның бәрі бола қалады дегенге сену қиын. Дегенмен, БҰҰ аясында, фашизм мен коммунизмге қоса, авторитаризм мен диктатураны да адамдардың ең негізгі құқықтарын шектейтін адамзатқа қарсы басқару жүйелері деп ресми жариялауды ұсынамын. Бірақ мұның бәрі арман. Өкінішке қарай, әлемді әлі күнге дейін заң емес, күш билеп келеді.

Марғұлан Сейсембайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

8 пікір