Дүйсенбі, 16 Желтоқсан 2019
1008 1 пікір 28 Қараша, 2019 сағат 11:14

Трамп импичмент бойынша тыңдауға шақырылды

АҚШ-та Өкілдер палатасының Заң комитетінде алдағы аптада президент Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесі бойынша тыңдау басталады.

Сәрсенбі күні комитет басшысы Джеррольд Надлер Ақ үйге хат жазып, Трампты 4 желтоқсанға тыңдауға шақырды. Президент бұл шақыруды қабыл алып, өзі не заңгерін жіберуі мүмкін.

Хатта жазылғандай, жиналыста Трампқа импичмент жариялауға конституциялық негіз бар-жоғын талқылайды. Бұл үшін Конгресске конституциялық құқық бойынша заңгерлер мен сарапшылар шақырылған.

Әзірге Трамп Конгресстің шақыруы бойынша пікір білдірмеді. Ол осыған дейін тергеу ісін сынап келген.

Зерттеу материалдарының Заң комитетіне берілуі — импичмент ісі бойынша тергеудің аяқтап қалғанынан хабар береді. Енді комитет бұл іске баға беріп, егер Трамп қызметтен алынуға лайықты деп тапса, импичмент бабын әзірлейді. Одан кейін Өкілдер палатасына дауыс беруге алып шығады.

Трамп 2020 жылы өтетін президент сайлауында ықтимал бәсекелесі Джо Байденге зиян келтіру үшін Украин президентіне қысым жасады деп айыпталып жатыр.

Abai.kz

1 пікір