Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 5083 10 пікір 27 Қараша, 2019 сағат 12:25

Қылмыстық іс қозғалмаған адамды қалай соттауға болады?!..

ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаевқа

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Президент мырза!

Қысқаша істің мәні. ҚР Ауылшарушылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің үстінен 2019 жылдың 14-наурызында А.Шәймерденов дегеннің арызындағы 2014 жылғы және 2018 жылғы екі эпизод (оқиға) бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі түрлі айып тағылып, ол қамауға алынады. 2015 жылдан бергі тәртіп бойынша қылмыстық іс қозғалу үшін әр эпизод сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде (СТБР немесе орысша ЕРДР) жеке тіркелуі тиіс. Тергеуші 1-ші эпизод бойынша мағлұматты Реестрге тіркейді, ол іс қылмыс құрамы болмағаны себепті 30-шілде күні қысқартылады. Ал, 2-ші эпизод бойынша тіркелмей, ұмыт қалады. Бірақ, алдын-ала тергеу ісі жүргізіле береді. Ол бітіп, 14-қазаннан бері сот тергеуі жүріп жатыр. Оның тіркелмегенін қорғаушы М.Есқараев жақында байқап, «қылмыстық іс қозғалмаған соң тергеуге де, сотта қарауға да болмайды, И.Әбішевтің ісі осы жерден қысқартылуы тиіс» деп, сотқа өтініш түсіргенімен, судья оны қарау үшін кеңесу бөлмесіне де кеткен жоқ, «үкім шығарарда сот актісімен бірге қараймын» деп кейінге қалдырды...

Құрметті Президент мырза!

Қорғаушылардың пікірінше, бұл – жай ғана заң бұзушылық емес, бұл – заң жүйесін түбірімен шайқайтын, жаман үлгі (прецедент) тудыратын өте қауіпті құбылыс. Судья мен прокурор «қылмыстық-процестік кодексте іс тіркелмеген жағдайда не істелуі керектігі жайлы ешнәрсе жазылмаған» деуі мүмкін. Біріншіден, заң шығарушылар өмірде не боларының бәрін алдын-ала болжап білетін көріпкелдер емес, ал, тергеуші істі тіркемей кетуі, судья мен прокурордың оған көз жұма қарауы мүмкін-ау деген жорамал олардың ойына үш ұйықтаса да келмейді ғой! Екіншіден, осындай шектен шыққан оқиғалардан кейін барып заңдарға өзгеріс енгізілмей ме?

Сот процесінде (!) орын алып отырған заң бұзушылық жалғыз бұл емес. Сөзіміз жалаң болмасын: «Істі қарап жатқан судья Қ. Мекемтас Сот өндірісінің тілін, яғни қазақ тілін білмейді. Біз оның қазақ тілін білмейтінін дәлелдейік деп қарсылық берсек, қазақша екі сөздің басын құрай алмайтын А.Шаяхметова деген тағы бір судья келеді де: «Жоқ, ол қазақша жеткілікті біледі» деп қайтадан тағайындап кетеді. «Тілден бөлек процесстік заң нормаларын да білмейді» деп шағым берсек, оны судья Мекемтастың өзі қарап, «сендердің өтініштерің қанағаттандырылмайды» деп өзі шешім шығарады» дейді қорғаушы Абзал Құспан.

Ол ол ма, сол судья А.Шаяхметова қаулы қабылдағанда сот құрамын дұрыс айтпай процестік заң бұзушылыққа барады. Қаулыны сайтқа салғанда мәтінді түзетіп қойып, заңды тағы бұзады. Ал, ол ертеңгі апелляциялық алқада осы жүргізілген сот тергеуін түгелдей заңсыз деп тануға негіз болуы мұмкін деп, қорғаушылар оған қарсылық білдірсе, «сіздердің маған қарсылық білдіруге хақыларыңыз жоқ» деп, бірақ, сөзін заңмен негіздеп, дәлелдей алмаса да кетпей отырып алады. Ал, судья Қ.Мекемтасқа неге қарсылық білдірілгенін өздері оған да қарсы қорғаушылардан сұрап, анықтай алмағанмен, судья А.Шаяхметова Қ.Мекемтастың өзінен ғана сұрап алып, «қарсылық көрсетуге негіз жоқ» деп қаулы қабылдайды. А.Құспан: «Мен мынадай заң бұзушылықты 20 жыл қорғаушылық практикамда кездестірген жоқпын, тіпті не айтуды білмеймін» дейді.

Бұл жазғанымыз қылмыскердің амалын тауып, әділ сот құрығынан құтылып кетуі үшін жасалып отырған қадам емес. Мүлдем керісінше! Бүгінгі таңда куәлер сұралып біткен сотта «айыптау жағынан келген 20-ға жуық куәгердің барлығы (А.Шаймерденовтің өзінен басқасы) Ислам Әбішевтің пайдасына жауап беріп, тергеушілердің қитұрқылықтарын әшкере етті» дейді қорғаушы А.Құспан. Тергеушілер жалған құжат (фальсификация) жасағаны жайлы (оның біреуі күдіктіні қамауға санкция алу үшін) - 2 өтініш, судьяға қарсылық (отвод) білдіру туралы - 3 өтініш, прокурорға қарсылық білдіру жайлы - 2 өтініш, жалпы 16.11.2019ж. дейін 23 өтініш білдірілгенмен, соның 18 қанағаттандырылған жоқ, 2 ашық қалдырылды.

Құрметті Президент!

Заң ғылымының докторы, профессор, екі дүркін Парламент депутаты Қабылсаят Әбішев: «Қазақтың билері істі ар-ұятпен шешкен. Оларда кодекс болған жоқ. АҚШ сотында кодекс жоқ. Судья оларда – құқықтың мән-мағынасын түсіндіруші. Оның үкім шығарардағы құқықтық негізі – адамгершілік нормалар. Оның шешімі үлгілі (латынша – классикалық) болып шықса, басқа судьялар соған сілтеме жасап отырады» дейді. И.Әбішевтің ісінің тіркелмеуі осындай прецеденттің нақ өзі.

Мен сізден ҚР Конституциясында жазылған «барлық биліктің бастауы – халықтың» бір өкілі ретінде жазықсыз жанның әділетсіз сот шешімінің құрбаны болып кетпей, іс әділдікпен шешілуі үшін әрбір судьяны жеке тағайындайтын ҚР Президенті ретінде мына іске араласуыңызды талап етемін. Талабым біреу ғана: сотты әділ, қазақ тілін жақсы білетін судья жүргізсін. Біз сот процесінде жоғарыда бір шеті ғана көрсетілгендей, заңның белден басылуына қарап, оның артында И.Әбішевтің «1трлн.бюджет теңгесін үнемдеуін» кешіре алмаған құдыретті тұлғалар тұр деп күдіктенуге мәжбүрміз. Айыптау фактілерінің бәрі сотта жоққа шығарылып жатқан кезде, істің тіркелмеуі судья мен прокурорға абыройын сақтап, сыпайы түрде бұл тұйықтан шығып кетулеріне мүмкіндік туғызып еді. Олар оған бара алмады, қолдарында тұрған мүмкіндікті пайдаланбады. Себебін, ашып айта алмасақ та, бәріміздің ішіміз сезіп отыр. Бұл хат сіздің қолыңызға жеткізілмеген күйі үкім шығарылатын болса, біз халықаралық соттарға жүгінетін боламыз. Онда еліміздегі сот билігі бар абыройынан айрылады, ол кезде өкінгенмен кеш болады.

Енді ең болмаса Сіз қазақтың сот жүйесі әлем алдында қас масқара болуына жол бермеңіз.

Бұл жалғыз менің ғана емес, бәріміздің де, қалың халықтың да талап-тілегі деп білемін. Сіз Конституция бойынша халық құқығының бұзылмуының кепілісіз. «Әлем күйресе күйресін, бірақ, әділет салтанат құратын болсын» деген көнеримдіктер. Өйткені, әділдік күйреген жерде әлемнің ертелі-кеш бәрібір күйрейтініне көздері жеткен соң айтқан. Одан бөлек «әділ патша тұсында өмір сүр» деген бабаларымыз. Әділдік орнауы осындай жекелеген оқиғалардан басталады.

Құрметпен,

Өмірзақ Ақжігіт,

тәуелсіз журналист.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544