Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ақмылтық 3850 3 пікір 27 Қараша, 2019 сағат 11:22

Қостанайда 600-ге жуық отбасы саяжайды паналап отыр

Өзге өңірлердегі секілді біздің облыс үкіметтің назарынан тыс қалған емес. Мұнда үлкен бір делегация кем дегенде жылына үш-төрт рет ат басын тірейді. Алдын ала дайындалып қойған нысандарды аралайды, біраз еңбеккерлермен кездеседі. Сосын жеделдете астанаға шұғыл аттанып кетеді. Осымен іс біттіге санайды. Мүмкін, үкіметте бекітілеген жұмыс жоспары бойынша дәл осылай да шығар. Алайда біздің көмейімізде көптеген сұрақтар қалады.

Алдымен «осындай келістердің қайтарымы қандай, олар облыс көлемінде шішілмей жатқан қандай аса күрделі мәселелердің түйінін тарқатуға септігін тигізді?» деген сауалдарға жауап таба алмай тығырыққа тіреліп қалатынымыз бар. Ал егер біздің облысымызда бүкіл мәселелер шешіліп, жұмақ орнағандай күй кешіп жатсақ, онда бюджеттің ақшасын шығарып, сандаған делегацияларды шұбылтып керегі не? Нұр-Сұлтанда өтететін жиналыстарда әкіміміздің жан жадыратар баяндамасын тыңдап, «зор рахметін» жаудырса, жарап жатыр емес пе? Әйтпесе, сол келген делегация мүшелерінің өздеріне көрсеткен нысанның халыққа қаншалықты қажет екендігін, сол үшін жұмсалған халық қаржысының қайтарымы қаншалықты деңгейде деген сауалдар еш уақытта қойылған емес. Оның орнына «бәр дұрыс, бәрі тамаша» деп бас изеп өте шығады. 

Айналған екі ай ішінде облысымызға келген екі делегация да сол қалыптасқан дәстүрден асып кете алмады. Алғашқы үкімет басшысы Асқар Мамин басқарған делегация осында құрастырыла бастаған Ресейдің «Кировец» (бұл бұрынғы атақты «К-700» таракторының жаңа нұсқасы) тракторын көргенде таңдай қағып, делегация басшысы тіпті рульге отырып, жүргізіп те көрді. Риза болған сыңайлы. Алайда ол кісі: «Бұл техника қанша тұратын болады, оны шаруа қожалықтарының сатып алуға қауқары жете ме?» деген көптің көкейінде тұрған сұрақты қоймай кете барды. Ал біздің білуімізше, осы трактор бізде ең кемі 20 миллион теңгеге сатылатын көрінеді. Ал бұған Ресейдің өзінде екінің бірінің қолы жете бермейді.

Көзбояушылықтың қызығы делегацияның осындағы «Большевичка» деп аталатын тігін фабрикасына барғанда болды. Кәсіпорын жұмысты жақсы бастап жатқандығын, болашақта тіпті тамаша болатындығын, ең бастысы халықтың қалтасы көтеретін арзан сырт киімдерді молынан тігуге бет бұрғандығын айтып, біраз жерге барып қайтты. Сүйтті де өте жақсы тігілген, бағасы небәрі 7 мың теңге ғана тұратын күртені көрсетті. Делегация басшысы, әрине, бұған да риза. Алайда кейін журналистердің зерттегені көрсеткендей, бұл күрте жалғыз дана етіп тігіліп, оны бүгіндері директордың өзі ғана киіп жүрген көрінеді. Ал сол кәсіпорынның дүкеніндегі мұндай күртелер 14 мыңнан 20 мыңға жетіп жығылатын көрінеді.

Бір қызығы, делегацияға жақсы атты көрініп қалу «операциясы» мұнымен де аяқталмады. Делегация басшысы бір тігінші әйелден «Жалақыңыз қанша?» деп сұрау мұң екен, әкіміміз ол әйел өзгеше бірдеңе айтып қояр деп ойлады ма кім білсін, «Мұндағы орташа айлық 100 мың теңге. Ал облыста ол 120-140 мың теңгені құрайды» деп бір көзге түсіп қалды.

Мұнымен алғашқы делегацияның жыры бітті деп қоялық. Өткен аптада олардың ізін суытпай, вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған делегация тағы да жеделдетіп жетті. Бұлардың да алдыңғылардан айырмашылығы шамалы еді. Әдеттегідей бұл делегацияны Архимедтің өзі қашанда мақтана айтатын «Тобыл-арена» деп аталатын жабық стадионды көрсетті. Бердібек Машбекұлына бұл нысана да қатты ұнап қалыпты. Ол тіпті «мұндай стадионнның жалпы Қазақстанда жоқ екендігін, енді жастардың спортпен айналысуға тамаша жағдай туғандығын» атап өтті.

Тек қана бұл нысанның қаншаға түскендігін сұрағанда, бәлкім, өзгеше ой түсер ме еді кім білсін. Сонда мүмкін «4,5 миллиард теңге жұмсап салған бұл стадионның Нұр-Сұлтан немесе Шымкент секілді ірі шаһар емес, 200 мың адамнан сәл ғана асатын провианцалды қалаға қаншалықты қажеті бар еді? Әлде сіздерде барлық әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер шешіліп, тек осындай аса қымбат дүниелерге кезек келді ме?» деген сауал көкейіне оралар ма еді, оралмас па еді. Айтпақшы, біздегі «Тобыл» футбол клубына деп салған бұл ғимараттың қызығын Қостанайдың өз перзенттерінің көре алмайтындығын, өйткені аталмыш клубта ылғи логионерлер яғни келімсектер ойнайтындығын, мұнда тек жергілікті жерден бір қақпашы ғана бар екендігін ескерсек, бұл стадионды кімге салғандығын түсіну қиын. Ә, ұмытып барады екенбіз, делагация басшысын тағы бір, дәл осындай орасан қаржы жұмсалып салынып жатқан, кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның қымбаттығы үшін сынаған Мұз сарайына апарған жөн еді.

Ал мүмкін бізде шынымен барлық әлеуметтік мәселелер түгелімен шешіліп, өңірімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туғандығын байқамай қалған шығармыз. Олай дейін десек, көп балалар аналарға арналған баспана мәселесі әлі де толық шешілген жоқ, интернаттардан түлеп ұшқан жетімдердің жағдай да тым да ауыр. Республикалық сайттар жазып жатқандай ең қымбат пәтерлер Қостанайда екендігі жайлы мұнда тіпті ауыз ашпайды. Мұны аз десеңіз баспана таба алмай, осындағы сайжайда қыстайтын отбасылардың саны азамай отыр. Тек биылдың өзінде ғана осындай 573 бірдей  отбасының басына осындай ауыр жағдай түсіп отыр. Бұл айтуға ғана оңай. Қостанай қанша дегенмен Шымкент емес, мұндағы қақаған қыс алты айға дейін созылады. Саяжайдағы әбден ескірген үйсымақтардың кішкене балалары бар отбасына қаншалықты пана боларын осында тұратындар ғана білер. Және бұлар біздің пайымдауымызша негізінен ауылдан көшіп келіп, баспана таба алмай жүрген өздеріміздің қара көздерміз. Алайда бұлар аяушылықты өзге түгілі облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтен те көрмей отырған түрі бар. Осы мәселеге байланысты өткен арнайы жиналыста облыс әкімі «бұл мәселені қалай шешеміз? Олардың бір қыстап шығуына жарайтын уақытша баспаналар қарастыруға болмас па екен?» деген жанашырлық танытудың орнына осындағы төтенше жағдай жөнінідегі депратамент басшысы Талғат Кәкімовке олардағы өрт қауіпсіздігін қатаң қадағалауды тапсырды. Бейне бір, Кәкімов мұны білмейтін секілді.

Енді Архимедтің мақтана айтатын облысымыздағы орташа айлық мәселесіне оралалық. Бізде кезінде Архимедтің өзі қуана хабарлағандай қоқыстарды өңдейтін тәп-тәуір зауыт салынды. Ол үшін Реседен қымбат жабдықтар да алынды. Ал енді қазіргі жағдайы дабыл қағарлық. Жабылудың сәл алдында. Өйткені оның басшысы айтқандай мұнда жұмыс істейтін 25 жұмысшы емге табылмай отыр. Өйткені, қаладан тысқары, қатынап істейтін, қоқыстардың күлімсі исі сасыған, іші суық  кәсіпорында небәрі 80 мың теңгеге еңбек етуге құлықты адам жоқ. Ал сонда әкіміміз айтқан 120-140 мың теңге болатын орташа айлық қайда кеткен? Мүмкін, оны әлгі зауыттың басшысы естімеген болар? Әйтпесе, өңір басшысының айтқанын екі етуге тәуекел ете қояр ма екен?

Жалпы, облысымызда шешімін күтіп жүрген «сүрленген» сұрақтар жетерлік. Алайда ол жергілікті жерде көтерілмейді. Ал жоғарғы жақ естігісі де келмейді. Үкіметтен келгендері көздерін қуантып, құлақтарына жағатын «жетістіктерді» қатты ұнатады.

Жайберген Болатов

Abai.kz

3 пікір