Жұма, 19 Сәуір 2024
Бәрекелді! 4712 32 пікір 19 Қараша, 2019 сағат 16:16

Кереку жұрты 13 көшенің советтік атауын ауыстырды

Кеше "You tube" желісінде Болат Бақауов мырза басшылық ететін Павлодар облысында бір дегенде 13 көше атауының қазақшаланып жатқаны туралы ақпар тарады. 

Рымбек Қабиден есімді азамат өзінің "you tube" каналында хабарлап айтқан ақпардан білгеніміз, Павлодарда көше атауларын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдау өткен екен. Оған қалалық мәслихаттың 8 депутатымен қатар жергілікті тұрғындар қатысып, өз пікірлерін ортаға салыпты. Нәтижесінде, жиылғандар қаладағы 13 көшенің атауын өзгертуге, онда да қазақшалауға, қазақ қайраткерлерінің атын беруге мақұлдасыпты.

Сонымен, Керекудегі кеңестік атаудан арылған көшелер:

1. Карл Маркс көшесі - Әлихан Бөкейхановтың атына;

2. 1 май көшесі - Мәшһүр Жүсіптің атына;

3. Димитров көшесі - Жүсіпбек Аймауытовтың атына;

4. Киров көшесі - Ермахан Бекмаханов атына;

5. Короленко көшесі - Бұхар Жырау Қалқаманұлының атына;

6. Ж.Аймауытов көшесі - Ақжол көшесіне;

7. Володарский көшесі - Желтоқсан көшесіне;

8. Крупская көшесі - Едіге би көшесіне;

9. Большая обьездная көшесі - Жібек жолы көшесіне;

10. М.Көпеев көшесі - Ақбеттау көшесіне;

11. Чкалов көшесі - Сағадат Нұрмағамбетов атына;

12. Пахомов көшесі - Қабдеш Нұркин атына;

13. Бестужев көшесі - Шәкәрім Құдайбердіұлының атына өзгерген.

;feature=share&fbclid=IwAR1IZYTkTBokr_Lkc2A2tfRix0f0vzzHhWf0AAnZ0RMMwsvhd8j9A8LMH98

Жиынға қатысқандар осы арқылы "Павлодар орыстанып кеткен" деген стеоротипті бұзу керек" дейді. Ал, бірден 13 көшенің атын қазақшалап, ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау бұрын соңды өңір тарихында болмаған көрінеді.

Бүгінде еліміздің солтүстігіндегі тұрғындардың басым көпшілігі көшіп жатқаны мәлім. Онда да орыс ұлтының өкілдері тарихи отаны Ресейге көшіп жатыр деп сипатталады ақпаратта.

Сәйкесінше, солтүстік өңірлерге оңтүстіктің халқын қоныстандыру туралы арнайы бағдарлама қабылданған. Ал, осы жылдың сәуір айында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі солтүстік өңірлерге 10 адамды көшіру үшін 1,7 млрд. теңге бөлінгенін айтқан болатын. Оның үстіне, жалпы қазіргі таңда Павлодар облысы бойынша тұрғындардың шамамен 51,7 пайызы қазақ болса, облыс орталығы тұрғындарының 46,2 пайызы ғана жергілікті ұлт өкілі болып табылады. Осындай факторларды ескерсек, қала көшелерінің қазақшалануы қоғамдық қажеттілік екені рас.

Айтпақшы, осыған дейін Abai.kz порталында Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастика жұмыстары бөлімі басшысы Батырбек Қайырхан мырзаның  "Қош бол, Советтік атаулар!"  атты мақаласы жарық көрген еді. Онда, облыстық басқарманың өңірдегі жер-су, елді-мекен мен көше, аудан атауларын қазақыландыру бойынша атқарылған жұмыстары айтылған.

Мәселен, Кереку өңірінде соңғы екі-үші жылдың ішінде Ленин есімімен аталатын 30 көше, Советов атауымен аталатын 15 көше, Октябрь атындағы – 12, Целина атындағы – 17, Комсомольская атындағы – 12 көше ұлттық танымға қатысты атаулармен алмастырылған. Жалпы алғанда, Павлодар облысында соңғы 2-3 жыл ішінде 500-ден астам көшенің атауы, 26 елді мекен атауы мен 2 ауданның атауы өзгертіліп, 5 білім беру мекемесіне ұлы тұлғалардың есімі беріліпті.

Түйін. Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі жер-су атауларына қатысты ел ішінде сыни-пікірлер аз емес. Солардың бірсыпырасы Abai.kz ақпараттық порталында жарияланды. Әсіресе, Болат Бақауов басшылық ететін Павлодар облысына, ондағы тілдік мәселелер, жер-су атаулары мен әлеуметтік мәселелерге қатысты портал бетінде өткір-өткір сындар жазылды. Ал кеше "You tube" желісінде аталған аймақта 13 көше атауының қазақшаланып жатқаны туралы ақпар тарады. Сүйінші сұрарлық бұл ақпарды біз де қуана бөліскенді жөн көрдік.

Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күрес тоқтаған жоқ. Астана жақтағы ақ жағалылардың дені қазақ тіліне қырын қарап, бөтен елдің мемлекеттік тіліне мұқтаждықты қолдап жасап келе жатқаны туралы талай рет айттық, жаздық. Ал, бүгін керекулік ағайынның бір дегенде 13 көшенің атын кеңестік атаулардан арылтып, қазақшалауы - әуелі қазақ тілінің абыройын арттырғаны сөзсіз. Ендігіде мемлекеттік тілге деген сұраныс артпаса, бәсеңдемейді, рас. Мемлекеттік атауы - Қазақстан. Мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Мемлекетті құрушы ұлт - қазақтар. Ендеше елдің тілі де, жердің атауы да қазақша болуы заңдылық.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

32 пікір