Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107262. Жазылғандар — 101877. Қайтыс болғандар — 1671
Қазақтың тілі 2545 9 пікір 19 Қараша, 2019 сағат 11:50

Интертерминдер мен русизмдерді Құран сөзіндей кие тұту ауруына шалдықтық

Жат сөздердің тіл бұзар әсерінен

құтылудың бірден - бір жолы олардың

қазақша баламасын тауып,

сөйленімге жаппай ендіру ғана болып отыр.

Әлімхан Жүнісбек

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазіргі терминология: ұлттық немесе жаһандық» тақырыбында 26 қараша күні әдістемелік онлайн-семинарын өткізеді.

Осы семинар алдында «Қазақ фонетикасы терминологиясындағы игі дәстүр және халықаралық терминдерді қолдану мәселесі» бойынша ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы оқытушысы  Болат Жексенғалиев мырза өз ойын ортаға салды.


Қазақ фонетистері ұсынған үндесім теориясы бүгінде халықаралық деңгейде танылып үлгерді және түрік тілтанымы үшін ғана емес, жалпы фонетика ғылымындағы елеулі жаңалық болды. Дүние жүзі тілдері жіктелімінде жалғамалы (агглюнативті) сипатымен ерекшеленетін түрік тілдерінің басты фонетикалық ерекшелігі үндесім екенін мойындау ғылыми ойдың дамуымен, ғылыми көзқарастың ауысуымен байланысты. Түрік фонетикасын жаңа теориялық деңгейге көтеру ісінде қазақ фонетистерінің көшбасшы болуы да атап өтерлік жай және ол заңды да. Түрік тілдерінің ішінде үндесімді бар болмысымен сақтап қалған бірден-бір тіл - қазақ тілі екенін түрколог-ғалымдар бірауыздан айтып отыр. «Асыл тіл, түзу емле қазақта» (А.Байтұрсынұлы) болса, тіл заңын түзеу де қазақ тіл білімінен басталып, бүгінде қайта жалғасын тапты. Сондықтан да қазір қазақ фонетикасы ғылымында тілдің дыбыстық жүйесін үндесім теориясы бойынша сипаттауды терминологиялық жағынан реттеу үрдісі жүріп жатыр.

Бұл арада қазақ тіл білімінің фонетика саласындағы төл терминдер жүйесін қалыптастырудағы дәстүр сабақтастығы туралы айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Халықаралық терминдер басым болып келетін ғылымның өзге салаларымен салыстырғанда қазақ тіл білімінің, оның ішінде фонетика саласының атау сөздері негізінен төл сөздерімізден құралған. Тіл табиғатын сол тілге тән табиғи ұғымдармен түсіндіру үрдісі  ХХғ. 80-90 жылдарынан қайта бастау алып, қазір де жалғасуда.  Бұл ұлы істің басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрса, кейін Құдайберген Жұбанов терминжасамдағы осы үрдісті одан әрі дамыта түсті. Ал ХХ ғасырдың соңында қазақ фонетикасы мәселелерін зерттеудегі жаңа бағыт, сингармонизм теориясына негізделген бағыттың авторы профессор Әлімхан Жүнісбек еңбектерінде осы терминжасам тәсілі жалғасын тапты. Проф. Ә.Жүнісбек үндесім теориясының ұғымдары және сол ұғым-түсінік атауларын қалыптастыру ісінде де ұлттық терминжасам дәстүріндегі пәнсөздер жүйесін қолданысқа енгізді. «Үндесім дыбыс, үндесім буын, үндесім сөз ұғымдары мен оларға тән жалпы фонетикада жоқ атаулар құрамы жинақталды» (1.4).  Ғылым саласындағы терминжасам ісіндегі сабақтастықты дәл аңғарған белгілі терминолог- ғалым Ш.Құрманбайұлы бұны «үзіліп қалған ұлттық терминжасам дәстүрінің араға 60-70 жыл салып барып қайта жалғасын табуы деп бағалаған дұрыс болар» (2.42) деп атап көрсеткен еді.

Бұл бағытта ғалым ұстанып отырған басты бағыт «ұғымдар мен атауларды мүмкін болғанша қазақылап алу» және «атаудың уәждемелі болуы» (5.33).  Енді профессор Ә.Жүнісбек ұсынған фонетика салалары атаулары мен салаға тән жіктелім белгі атауларына тоқталсақ.

Жіктелім (классификация) салалары мен атаулары:

Жасалым жіктелім, айтылым жіктелім, естілім жіктелім, үндесім жіктелім, үйлесім жіктелім.

Жасалым фонетика және жасалым атаулары:

1. Дауыстылардың жасалым жіктелімі: жалаң - құранды; ашық - аралық қысаң - қысаң; ерін - езу; тіл орта - тіл арты; тербелмелі.

2. Дауыссыздардың жасалым жіктелімі: тербеліссіз - тербеліңкі - тербелімді; тоғысыңқы - жуысыңқы; ерін-ерінді - тіл ұшы - тіл ортасы - тілшік.

Айтылым фонетика атаулары:

Айтылым белгі, ауыз қуысы- көмей қуысы, ауыз қуысты- көмей қуысты, лепті – босаң - бос, кең тынысты - қысаң тынысты, шашыраңқы- жинақы т.б.

Естілім фонетика атаулары:

Естілім белгі, түйсінім түрі: қатаң, ұяң, үнді; естілім қарқыны: күшті лепті, босаң лепті, бос лепті.

Үндесім фонетика атаулары:

Үндесім, үндесім белгі, үндесім тіркес, үндесім сөз, үндесім буын, үндесім дыбыс, ерін үндесім, тіл үндесім, бейтарап үндесім, жаппай үндесім, жалпы үндесім, шала үндесім, іргелес үндесім, үндесәуез, жуан езулік үндесәуез, жіңішке езулік үндесәуез, жуан еріндік үндесәуез, жіңішке еріндік үндесәуез т.б.

Үйлесім фонетика атаулары:

Үйлесім, үйлесім тіркес, үйлесім сөз, үйлесім буын, үйлесім дыбыс, тіл үйлесім, ерін үйлесім, жалпы үйлесім, жаппай үйлесім, дәнекер үйлесім, шала үйлесім, іргелес үйлесім т.б.

Алмасым (чередование) атаулары:

Бейрет алмасым, еркін алмасым, табиғи алмасым,тарихи алмасым, іргелес алмасым, шеп алмасым.

Әуентаным (интонология) атаулары:

Әуез (тембр), аралас әуез, езу әуез, ерін әуез, жуан әуез, жіңішке әуез, үндесім әуез; әуен (мелодика), жоғары әуен, төмен әуен, өсіңкі әуен, түсіңкі әуен, өшік әуен, тең әуен

Бұл келтірілген мысалдардан басқа әріптеме (графика), жалғаным (агглютинация), екпінтаным (акцентология), сөйленім (речь), сөйлесім (диалог), сөйленіс (монолог), әуен тіл (тональный язык), бейүндесім  (асингармонизм), бейекпін (безударный), үндесім тіл (сингармонический язык), дыбыстаным(сегментология), сетінем (редукция), түрленім (модификация) т.б. атауларды  атап кетуге болады.

Қазақ тіл білімі ғылымының бір саласындағы терминжасам тәжірибесі бұл бағыттағы басымдық төл сөздерге берілу керектігіне тағы бір дәлел. Әрине, халықаралық сөздер төл термин тұрақтағанша, сол сияқты жалпы, салыстырмалы бағыттағы еңбектерде қолданыста қатар жүреді және олардың барлығына балама табу да қиын болар. Ал олардың жазылу, айтылу нормалары – бөлек әңгіме.

Күні бүгінге дейін халықаралық термин сөздердің айтылымы, жазылымына қатысты бізде нақты ұстаным мен бағыт болмай келгендігі анық.

«Орыс тілі арқылы сатылап бізге жеткен бөгде сөздерді, яғни интертерминдерді, кеңестік ұғымдар арқалаған русизмдерді Құран сөзіндей кие тұтып, сол күйінде бұлжытпай алу ауруына шалдықтық»[6].

Бұл кесірдің, аурудың  бізге өтіп кеткендігінің бір дәлелін бүгінгі күні елімізде жүріп жатқан жаңа әліпбидің емлесіне  қатысты талқылаулардан көруге болады. Туған тілдің мүмкіндігіне сенбей, шет тілден енген сөздерді түпнұсқа үлгісіне жақындатып жазамыз деп отырғанымызды басқаша қалай түсіндіреміз?

Қазір елімізде басталған жазу реформасының басты мақсаты – қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тілдегі «тіл бұзар ережелерден» арылу деп түсінеміз. Сондықтан да шеттілдік (кірме) дыбыс пен таңбалардың, шеттілдік сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды. Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес. Қазақ жазуы мен емлесінде шешімін күткен осы мәселелер болашаққа жүк болмауы үшін бүгін шешілгені дұрыс. Өзге тілден сөздерді біз қазақ тіліне қызмет етуі үшін алдық қой. Ал тілімізге қызмет етсе, сол тіл заңына бағынуы керек. Ол дегеніміз - барлық тілдердегі тәжірибемен «интертерминдердің тұлғасын өзгертпей, тұрпатын қазақ тілінің заңдылығына бағындыра қабылдау» [Ө.Айтбайұлы]. Бұл жағдайда өзге тілдер тәжірибесімен,ең бастысы, «қазақ сөзінің үндесім әуезін бұзбайтын жазылымға тұрақтасақ» (Ә.Жүнісбек), ол, сөз жоқ, қазіргі  кезеңде қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы тарихи шешім қабылдап, емле ережелерімізді бекітер тұстағы тіл болашағы үшін жасалған нақты қадам болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ә.Жүнісбек «Қазақ фонетикасы», Алматы, «Арыс», 2009 ж.
  2. Ш.Құрманбайұлы «Терминтану».Алматы, «Атлас», 2006,116 бет.
  3. Терминологиялық хабаршы. №2, 2002, 31б.
  4. Ө.Айтбаев «А.Байтұрсынұлының өнегесі мен Ә.Қайдар қағидасы»,«Егемен Қаз», 25.09.2017 ж.

Болат Жексенғалиев,

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы оқытушысы. 

Abai.kz

9 пікір