Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 5191 8 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 15:04

Төл теңге - Тәуелсіздіктің атрибуты!

Бүгін Ұлттық валютамыздың күні! Экономиканың темірқазығы саналатын теңгемізге биыл 26 жыл толып отыр. 1997 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 15 қараша - төл валютамыздың әрі қаржыгерлер күні болып белгіленген болатын.

Бәріміз білетіндей, 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, бір теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.

Ширек ғасырда ақшамыз талай қилы кезеңнен өтті. Теңге тәуелсіз елдің төл валютасына айналды. 1993 жылы қараша айына дейін эмиссиялау қызметін тек қана КСРО мен мемлекеттік банкі, кейіннен Ресейдің Орталық банкі атқарып келді. Ол кезде қазақстан аумағында төлем құралы ретінде КСРО Мемлекеттік банкінің немесе Ресей Орталық банкісінің 1961-1991 жылдары шығарған рубльдегі банкноталары мен монеталары қызмет етті.  КСРО ыдырығаннан кейін оның құрамындағы кейбір республикалар өздерінің ұлттық ақша бірлігін айналымға енгізіп, яғни «рубль аймағынан» шығып кеткен болса, ал біздің республикамыз сол аймақта екі жыл бойы қалды. Оның басты себебі, Қазақстанда өзінің банкноттар шығаратын фабрикасымен Монета сарайы болмады.

Жалпы, ұлттық валютаға деген ұмтылыс 1992 жылы жасалып, сол жылы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын. Ертеңінде қазақ валютасын өмірге әкелген Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанады. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып, теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-86 ұшақтары Англияға 18 мәрте қатынаған.

Сол уақыттан бері қазақстандықтар өзіміздің төл теңгемізді пайдаланып келеді. Кейінгі кездері теңгенің тынысы сәл тарылып, құнсызданып бара жатқанымен теңгенің тұғыры тұрақты деуге толық негіз бар.

Бір өкініштісі, соңғы кездері өзге елдермен ортақ валюта енгізу жайлы сұмдық әңгіме сумаңдап жүр. Солтүстіктегі көршіміз Ресейден бастау алатын бұл ұсыныстың көздегені - Еуразиялық Экономикалық Одақ аумағында бірыңғай валюта енгізу. Бұл ұсынысқа қазақ шенділері бірнеше мәрте қарсылық танытқанымен, ресейлік тарап райынан қайтар емес. ЕАЭО елдерінен бұл ұсынысты біркездері Беларусь және Қырғызстан президенттері қолдағандай болған. Бірақ өз тәуелсіздігін құрметтейтін кез-келген ел ортақ ақшадан бас тартуы керек. Себебі, Төл теңге - тәуелсіздіктің атрибуты.

Бұдан бөлек, 26 жыл аралығында валютамыздың түр-түсі бірнеше рет өзгертіліп жаңартылды. Қорғаныс белгілері де жетілдірілді. Ал коллекциялық монеталар халықаралық байқауларда үздік деп танылып, бірінші орындарды иеленіп келеді. Мамандардың айтуынша, Теңге әлемде қолдан басып шығарылуы қиын валюталар қатарына жатады екен.

Abai.kz

8 пікір