Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 4613 10 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 12:48

Мен қалай діни ағымға жұтылып кетпедім?

Қаладан ауылға барғанда әкем жылқының бабы туралы ескіден келе жатқан құпияларымен бөлісетін.
- «Бәйге болар жылқыны туа салғанда не істеу керек екенін айтайын ба?» дейтін.

Мен қызығып: «Иә», деймін.

- Ешкімге айтпа, бұл жылқышылардың құпиясы, дейді.

- 2-3 оқитын кезім. Жездемнің үйіне қонаққа бардым,- дейді әкем.
-Тәңертең ерте тұрып, жылқы қораға кірдім. Тор бие жаңа құлындапты. Құлыны аяқтана алмай тыпырлап жатыр. Құлынға жақындап барып, төрт аяғын ұстап көрдім. Тұяғын басып көрсем жұп-жұмсақ шеміршек болады екен. Табанына қарасам бүртік, бүртік еттер бір жаққа қарай жантайып тұр. Саусағымның ұшымен екінші жаққа қарай жатқызсам, құлын тебіндеп, тітіркенеді. Балалық қызығушылықпен төрт аяғында қарап көрдім. Бәрі сондай бүршік екен. Әлгі бүртік-бүртік еттерді саусағыммен тарап шықтым. Сөйтсем жаңа туған құлынның табанын «бәйге болсын» деп сипайды екен. Сондай ырым бар екен. Жездемнің әкесі құлынды ең бірінші болып көргендіктен маған еншіледі, дейді.

Әкемнің өміріде, тағдырыда жылқы болатын. Жылқыны қалай баптағаны, қандай шөп беретіні, қалай таңасырғаны, жарысқа қосқанда «Аруақ» деп рух беретіні бәрі-бәрі жадыңда жаңғырып тұрады.

Елік жарысқа қосатын кезде үйір жылқының дүбірінен рухтанып, төрт аяққа тұрмайтын. Жүріс-тұрысының өзі ерекше еді. Сұлу болатын.

Бәйгесіне «Елік» деп ат қоюының өзі хикая. Жарықтықтың басы қатты болатын. Атамыз жайлаудан келе жатқанда алдынан жайылып жүрген Елік шығады. Бәйгесімен қуалай жөнеледі ғой. Елікке енді жете бергенде алдынан өзен шығып, Елік өзен жағасында тоқтап қалады. Бәйгесі өзеннен шауып өте шығады. Қайта айналып келгенше дала еркесі қашып кетеді. Осы оқиғадан кейін жылқыны «Елік» деп атап кетеді. Елікпен арлан қасқырды алғаны да бір бөлек әңгіме.

Еліктің шабысын, сұлулығын сипаттайтын. Көз алдыңнан сурет болып өтіп жатады. Қазақтың руханияты, салт-санасы көл-көсір уағызсыз жеткізіледі екен ғой. Дікің деген, жылпыңдаған уағыз айтқыштардан сол руханияттың бірін көрген жоқпын. Студент болып дін саласын зерттеп жүргенде де бір ағымның ыстық шәйі мен жылы жұмсағына жүрегіміз жібіген жоқ. Оған себеп "Елік" болмысы арқылы жан-дүниемізге сіңген ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ РУХАНИЯТЫ, ҚУАТТЫ КҮШІ шығар. Әйтпесе, сырттан келген қара құрдымға баяғыда жұтылып кетерме едік.

Кейде, төрт қабырғада қамалып отырып, балама сол руханиятты, сол түйсікті қалай жеткіземін деп ойлаймын.

Әсет Бектұрдың facebook парақшасынан

Abai.kz

10 пікір