Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Талқы 4777 12 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 12:27

Тарихшы Шамғон Мұсағалиевтің пікірлеріне жауап

«Атамұра» баспасынан 2019 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы» 9(8)-сынып оқулығына (Авторлары: Қабылдинов З.Е., Шаймерденова М.Ж., Куркеев Е.М.) қатысты тарихшы Шамғон Мұсағалиевтің пікіріне 

ЖАУАП

www.abai.kz сайтында жарияланған Шамғон Мұсағалиевтің «Қате оқулыққа кім жауапты? Автор ма, баспа ма, әлде министрлік пе атты мақаласын оқып шығып, төмендегідей жауап береміз.

Біріншіден, оқулық баспаға жіберілмес бұрын 14 облыс пен 3 қала тарих пәні мұғалімдеріне таныстырылым жасалып, республика тарихшыларынан пікірлер мен ұсыныстар жинақталды. Сонымен қатар, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша әзірленіп жатқан оқулықтар «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының порталында 1 жыл көлемінде ілулі тұрды. Кез келген тарихшы-ғалым, мектеп мұғалімі, ата-ана, қоғам өкілі оқулықтағы қателіктер жайлы ұсыныстарын сол жерде білдіріп, пікірлерін айтқан болатын. Оқулық авторлары қашанда конструктивті пікірлерді басты назарға алып, кез келген ұсыныс бойынша жұмыстар жүргізіп отырды. Мақала авторы осы уақытта пікірін білдірсе қайда қалған?

Екіншіден, мақала авторы оқулықтардың мазмұнына шын жанашыр болса, бірінші кезекте баспаға немесе авторларға жазып, өзінің пікірін білдіргені дұрыс еді деп ойлаймыз. Біткен іске сыншы көп екендігі анық. Шамғон Мұсағалиев «Қазақстан тарихы» 9(8)-сынып оқулығын толық оқып шыққанда оқулық авторларының «Алғы сөзін» (Кіріспені) аттап өтіп, ескермегендігі дұрыс болмаған. Оқулықтың «Алғы сөзінде» «Мектептегі тарихшы ұстаздар мен ата-аналар тарапынан оқулықтың мазмұнын одан әрі жақсарту туралы құнды сын-пікірлер мен ұсыныстар айтылуы мүмкін. Оқулықтың келесі басылымында олар міндетті түрде ескеріледі» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.

Үшіншіден, оқулыққа пікір жазып, басынан аяғына дейін қарап шыққандардың қатарында XX ғасыр тарихының маманы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.С. Алдажұмановтың және тағы басқалардың да бар екендігін айтқымыз келеді.

Ал енді оқулыққа қатысты жазылған Шамғон Мұсағалиевтің пікірлеріне жауап:

1) «Өрескел қателіктер «ХХ ғасыр басындағы Қазақстан» деп аталатын тараудан бастап орын алған. Мәселен, 11-бетте қазақтардың атынан жоғары билік орындарына петиция жолдау жайлы айтылып, мұндай петициялар 1902-1903 жылдары жолдана бастады деп көрсетілуі өрескел қателік әрі авторлардың білімінің таяздығының айғақтайды...» деген пікірге:

 «Қазақтардың атынан жоғары билікке петициялар, наразылық хаттар, ұжымдық хаттар жазу 1905 жылдың 18 ақпанында басталды» деген мақала авторының пікірі қате. Мысалы, Науан Хазреттер Ресей империясының дін саясатына қатысты одан ертеректе жоғары билік өкілдерінің назарына хаттар ұйымдастырғаны мәлім. 1897 жылы осындай ұжымдық хаттар көбейгендіктен, Дала генерал-губернаторы қазақтардың өкілдерімен Омбы қаласында үлкен отырыс та ұйымдастырған. Сондықтан мақала авторы бұл тұста тақырыпты нақты білмейтіндігін көрсетіп отыр.

2) «Оқулықтың 14-бетінде «Мұстафа Шоқай депутат болмаса да ІІІ және ІV Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясының құрамына кіріп, ондағы мұсылман өкілдерінің назарын қазақтардың бастан кешіріп отырған ауыр халіне аударды» деген пікір мүлдем қате» деген пікірге:

Мұстафа Шоқай IV Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланбаса да, мұсылман фракциясы депутаттарымен тығыз байланыста болып, сол жерде қазақ халқының ауыр халіне депутаттардың назарын аудартып отырғандығы туралы жазылған. Бұл тұста Шамғон Мұсағалиев мәтінді дұрыс түсінбегені байқалады.

3) «Осы 14-бетте оқулық авторлары Мемлекеттік думаның мүшелерінің аты-жөнін дұрыстап та көрсете алмай оқушылар мен мектеп мұғалімдеріне немқұрайлық танытып, былай деп жазады«Закавказьелік депутат Х. Мамедов ІІІ Мемлекеттік Думаның мінберінен бүкіл мұсылман фракциясының атынан сөйлеген сөзінде Ресейдің ішкі аймағынан шаруаларды Қазақстанға жаппай қоныс аудартуды тоқтата тұруға шақырды»» деген пікірге:

Депутаттың толық аты-жөні Халил-бек Гаджи-баба оглы Хас-Мамедов екендігі рас. Мектеп оқушысына «Х.Мамедов» деп қысқартып бергенді жөн көрдік. Бұл жерде мақала авторының жазып отырған пікірі негізсіз.

4) «Оқулықтағы сорақылықтың бірі «Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс» деген параграфта айқын аңғарылып тұр. З.Е. Қабылдинов бастаған авторлар тобы 1916 жылғы көтерілістің тарихи маңызын 24-бетте былайша қате қорытындылаған: «Қазақтардың көтеріліске жаппай қатысуы әскери тәжірибе жинақтап, кейін Алаш әскерін құру мен 1918-1920 жылдардағы большевиктермен қарсыласуында пайдаға асты»» деген пікірге:

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске шыққан қазақтардың кейбір бөлігі жинақталған тәжірбиенің арқасында Алаш полктеріне мүше болғандығы анық. 1919-20 жылдардағы амнистия кезінде Алаш өкілдері большевиктер жағына шығуға мәжбүр болғандығын мақала авторы білуі керек еді.

5) «Авторлар жалған мәліметтерді оқулыққа тықпалауда алдына жан салмайды ма деп қаласың! Бұлай демеске амал жоқ! Өйткені, оқулықтың 28-бетінде «Өлкеде Уақытша өкіметтің органдарын құру» деген тармақшада авторлар өтірікті шылқитып, «Жетісуда – Мұхамеджан Тынышбаев, Түркістан өлкесінде – Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің комиссары болды» деп көрсетіпті.

Авторлар ешқашан Мұхамеджан Тынышбаевтың Жетісу облысының комиссары болмағанын, Мұстафа Шоқайдың Түркістан өлкесі комиссары қызметіне қол жеткізе алмағанын ескермей оқушылар мен мұғалімдерді шатастыруға жол бастаған» деген пікірге:

Оқулықтың 28-бетіндегі «Өлкедегі Уақытша өкімет органдарын құру» тармақшасына қатысты: Бес томдық «Қазақстан тарихының» 4-томының 91-бетінде «Сәл кейінірек М.Тынышбаев, одан соң Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамына енгізілді» деп көрсетілген. Бұл мәтіндегі «М. Тынышбаев пен Мұстафа Шоқайды Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің комиссарлары болды» дегенді «Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамында болды» деп көрсеткен дұрыс болар. Сондай-ақ «Постановление Семиреченского областного киргизского комитета о выражении доверия бывшему заведующему розыскным пунктом в Верном и Семиреченской области ротмистру В.Ф. Железнякову» деп көрсетілген архивтік құжатта «А копии сего Постановления послать для сведения Комиссарам Временного Правительства г. Шкапскому и Тынышпаеву, а также ротмистру Владимиру Федоровичу Железнякову» деген дерек кезігеді (ЦГА РК. Ф.797. Оп.1. Д.50. Л.79).

6) «Оқулықтың 30-бетіндегі «Орынборда 1917 жылдың сәуірінде өлкенің барлық аймағынан делегаттар қатысқан қазақ съезі өтті. Оның жұмысының барысында қазақ қоғамының аса маңызды мәселелерін шешетін облыстық қазақ комитеттері құрылды» делінген пікір түбірімен қате.

1917 жылы сәуірде Орынбор қаласында өткен съезд қазақ съезі деп емес, Торғай облысы қазақтарының съезі деп аталады. Бұл съезде қазақ комитеттері құрылмаған. Облыстық қазақ комитеттері бұл съезге дейін құрылып, керісінше, олар Ақмола, Жетісу, Семей және Орал облыстарындағы қазақ съездерін өткізуді ұйымдастырды. Бұл мәселені Мәмбет Қойгелдиев жоғарыда аталған еңбегінің 214-237-беттерінде нақтылы талдап көрсеткен ғой. Осыны ескермей авторлар үстірт пікір білдіріп, өздерінше оқулыққа «жаңалық» енгізген» деген пікіріне:

1917 жылы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезі Облыстық қазақ съездерін бастап берген алғашқы съезд болды. Сондықтан да бұл съезге тек Торғай облысынан емес, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария, Бөкей Ордасы мен Орынбор губерниясы, сондай-ақ Қазан, Уфа, Ташкент қалаларынан делегаттар қатысқаны мәлім. Съезге қатысушы тілші Имам Әлімбеков «қазақтың орыс қол астына кіргеннен бері зор қалыпта құрылған тұңғыш съезі» деген баға береді. Бұл съездің шешіміне сәйкес болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйымдастыру үшін Ақтөбе уезіне 9 адамнан, Ырғыз уезіне 9 адамнан, Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай уезіне 6 адамнан тұратын комиссиялар құрылды. Бұл комиссиялар болыстық комитеттерді ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс өтуін бақылауға алды.  Ақтөбе уезіне  С. Досжанов,  И. Ермұратов,

Ж. Кенжебаев, Е. Өтемісов және т.б. құралған комиссия келіп, 3 маусымға дейін 14 болыста болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің құрылуының басы-қасында болды (https://e-history.kz).

7) «Өрескел қателіктің бірі оқулықтың 35-бетінде көзге ұрып тұр. Авторлар «1917  жылдың жазында (21-26 шілде аралығында), Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезі  ұлттық саяси «Алаш» партиясының құрылғанын жариялады» деп жазып, қате, жалған мәлімет береді.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов бастаған авторлар тобы осы уақытқа дейін бірінші жалпықазақ съезінде қазақ саяси партиясын құру жөнінде шешім ғана қабылдағанын, ал «Алаш» партиясын құру 1917 жылдың қазан айында ғана жүзеге асқанын білмейді ме, әлде қасақана оқушыларды жаңылыстыруды көздеген бе!?» деген пікіріне:

1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында болып өткен Бірінші жалпықазақ съезі түпкі негізде «Алаш» ұлттық саяси партиясын құруға себепші болғандығы анық. Бұл жөнінде «Қазақстан тарихы» Бес томдықтың 4-томының 103-бетінде «I Бүкілқазақ съезі негізінен «Алаш» ұлттық саяси партиясының күшімен өткізілді» дей келе, «Оның шешімінде былай делінді: «Қазақ саяси партиясын құру қажеттілігін мойындай отырып, ...», яғни «Алаш» партиясының құрылуына I Бүкілқазақ съезі негіз болған деп айтуға болады.

8) «38-бетте оқулық авторларының «Алаш автономиясының басшыларына Кеңес өкіметі сенімсіздікпен қарады» деген пікірінің өзінде қателік, фактіні бұрмалаушылық байқалып тұр. Авторлар 1917 жылдың желтоқсан айында өткен екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиясын жариялауды кейінге қалдырылып, сол күйі оны жариялау жүзеге аспай қалғанын ескермейді. Сондықтан авторлар Алаш автономиясы емес, «Алашорда үкіметі басшыларына Кеңес өкіметі сенімсіздікпен қарады» деп жазуы керек еді» деген пікірге:

«Алаш автономиясы», «Алаш үкіметі» сөз тіркестері бір-біріне жақын. Ал 1917 жылы қараша айында Алаш партиясының бағдарламасын жариялағанда қазақтар Ресейдің құрамына автономия ретінде кіретіндігін айта кететінінен мақала авторы хабардар болуы тиіс еді. Мақала авторының өзі халықты шатастырып отыр.

9) «Оқулықтың 46-бетінде М. Дулатұлы «Оян, қазақ!» атты кітабы жайында айта келіп«Ол қазақ даласында жаппай мешіттер мен медреселер ашуды, жастарға ислам рухында тәрбие беруді жақтады» деп пікір білдіру шындыққа мүлдем сәйкес келмейді. М. Дулатұлы «Оян, қазақта» қазақ даласында жаппай мешіт ашыңдар деп айтқан емес. Мұны авторлардың қиялдан шығарған, өздерінше ашқан «жаңалығы» деп қабылдау керек» деген пікірге:

Мақала авторы М. Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты шығармасын оқыған болса,

               «...Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

               Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

               Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,

               Қазағым, енді жату жарамас-ты...»  –

деген жолдарда діннің нашарлап, халдің харам болғаны Міржақып Дулатұлының жанына бататынын анық байқайтын еді. Мақала авторына Міржақып Дулатұлының шығармасымен танысып шығыңыз дегіміз келеді.

10) «60-бетте «1918 жылы 25 мамырдағы Чехословак корпусы бүлігінің үлкен әсері болды. Бұл іс жүзінде Азамат соғысының басталуын білдірді» деп жалған мәлімет берілген. Олар осылайша соңғы кезге дейін оқулықтар мен оқу құралдарында Азамат соғысы 1918 жылдың 23 ақпанда басталды деген пікірді теріске шығарады. «Википедияның» өзінде «Азамат соғысы 1918 жылы 23 ақпанда басталды деп есептеледі, бірақ ол 1918 жылға дейін-ақ басталып кетіп еді» деп жазылған. Енді, не З.Е. Қабылдиновтің оқулығындағы қате мәліметке сеніп, Азамат соғысы 1918 жылы 25 мамырда басталған деп айтамыз ба!?» деген пікірге:

Өздерінің тарихи отанына қайтып бара жатқан Чехословак корпусының большевиктерге қарсы бүлік көтергені Азамат соғысының шығыста жандана түсуіне себеп болғаны рас. Бұны Бес томдық «Қазақстан тарихының» 4-томының 146-бетіндегі «Азамат соғысының етек алуына Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тұтқынға түскен Австрия-Венгрия армиясының солдаттарынан құрылған Чехословак корпусы бүлігінің үлкен маңызы болды» дегенмен дәлелдеуге болады.

11) «Оқулықтың 60-61-беттеріндегі «Омбыдағы Уақытша Сібірлік үкімет» деп аталатын тармақшадағы қателіктер оқушыларды жаңылыстырып, оларды топастыққа итермелейді. Авторлар Уақытша Сібір үкіметінің не екенін білмей ауыздарына келгенін жазған. Авторлардың «Омбыда адмирал Колчак басқарған Уақытша Сібірлік үкімет құрылды» деуінің өзі қате. Өйткені, Уақытша Сібір үкіметін Колчак құрған жоқ! Ол үкімет Колчакқа дейін 1918 жылы 28 қаңтарда құрылған. Колчак Уақытша Сібір үкіметін құрушы емес, оны жойған адам! Колчак Уақытша Сібір үкіметін Бүкілресейлік Уақытша үкімет құрамына күштеп қосып, өзін жоғарғы билеуші деп жариялаған жоқ па!? Осыған байланысты 1918 жылдың 3 қарашасынан бастап Уақытша Сібір үкіметі тарих сахнасынан кеткен жоқ па!? Авторлар осыны неге ескермейді!? Оқулықты неге ғылыми кітаптар оқып барып жазбайды!? Ең құрығанда «Википедияға» неге қарамайды!?» деген пікірге:

Оқулықтың 60-61-беттеріндегі «Омбыдағы адмирал Колчак басқарған Уақытша Сібірлік үкімет құрылды» деген дерек Бес томдық «Қазақстан тарихының» 4-томында 148-бетте солай деп көрсетілген. Осы тұста Шамғон Мұсағалиев тағы да «Википедияға» жүгінуге шақырады, оның ғылымилық дәрежесін өзі де түсінбейтін секілді. Оқулық әзірлеу барысында ғылымилық басты назарда болатындығын, ғаламтордағы дереккөздерді кей кездерде ғылыми тұрғыда сілтеме ретінде алуға болмайтындығын ескертеміз, ал Шамғон Мұсағалиев өзі көрсеткен дереккөздеріне жүгінудің қате екендігін назарға да алмайды.

12) «Оқулықтағы «Алашорда үкіметінің қызметі» деген тармақшада сорақылықтан да асып түсетін қателік жіберілген. 65-бетте авторлар «1917 жылы желтоқсанда Орынборда «Алаш» партиясының Екінші жалпықазақ съезі өтті» деп әбестіккке барған. Екінші жалпықазақ съезі ешқашан да «Алаш» партиясының съезі болмағанын авторлар қаперге алмай, оны «Алаш» партиясының съезі деп көрсеткен. Авторлар, осылайша өздерін оқулыққа тамаша бір «жаңалық» енгіздік деп санай ма!? Уа, халайық! Бұл, не деген «жаңалық»?» деген пікірге:

Оқулықтың 65-бетіндегі «1917 жылы желтоқсанда Орынборда «Алаш» партиясының Екінші жалпықазақ съезі өтті» деген деректі тағы да Бес томдық «Қазақстан тарихының» 4-томының 124-бетінде (3-абзацта) «...Алаш партиясының басшылығы II Бүкілқазақ съезін шақыруды ұйғарды» деген сөйлемінен көре аламыз.

...Соңғы уақытта осындай тәсілдерді қолға алып, бүркеншік атпен түрлі сайттарда, әлеуметтік желілерде сыни пікірлер қалдырушы күштер пайда болды. Осындай пікір жазушылар бір орталықтан шығып, оларға сыртқы күштер әсер ететін секілді.

Сын авторы «өрескел қателіктер», «бастарын ауыртпайды», «Тарихи кітап оқыған ба өзі?», «оқулықтағы сорақылық», «өтірікті шылқитып», «қиялдан шығарған», «ауыздарына келгендерін», «Білім және ғылым министрлігі ықылас танытпауда» және т.б. сөздері – жанашырлықпен емес, кекету-мұқату мақсатында, оқулықты түзеу үшін емес, авторларды аяқтан шалу мақсатында айтылған тіркестер.

Егер де, мақала авторы өз атынан жазып отырған болса, ашық кездесуге шақырамын және негізсіз тағылған айыптауларға сол жерде жауап беруге дайынмын. Авторға болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі ұстаздық қызметі үшін алғыс айта отырып, кез келген уақытта ашық алаңда конструктивті пікір алмасуға әзір екендігімді тағы да ескертемін.

Тарихшы Шамғон Мұсағалиевтің пікірлеріне жауап берген

т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов.

Естеріңізге сала кетейік, Abai.kz ақпараттық порталында 12 қараша күні тарихшы, ұстаз Шамғон Мұсағалиевтің «Қате оқулыққа кім жауапты? Автор ма, баспа ма, әлде министрлік пе атты мақаласы жария болған. Онда «Атамұра» баспасынан 2019 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы» 9(8)-сынып оқулығына (Авторлары: Қабылдинов З.Е., Шаймерденова М.Ж., Куркеев Е.М.) қатысты сынипікір айтылған.

Бүгін редакциямыздың электронды поштасына оқулық авторларының бірі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов мырзаның жауабы келіп түсті.

Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы.

Abai.kz

12 пікір