Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алашорда 7736 1 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 12:14

Сібірге жол һәм Жүндібаев пен Ыбыраевтың қилы тағдыры

Тағдырлар

Мезгілсіз, мерекесіз кеткендердің

әруағы бізді де айт деп сыбырлайды.

Иса Байзақов

№3192 Істің құпиясы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде ондаған адамдардың қайғылы өмірін құпия сақтап, шаң мен дымқыл басқан №3192 іс жатыр.

Бұл — белгілі алашорда қайраткері, осы партия бағдарламасына басқа алты адаммен қатар қолын қойған жерлесіміз Әбілхамид Жүндібаевтың туған інісі Мырзағұл Жүндібаевты ҚК 58-бабының 10-11 -ші бөлімдерімен «халық жауы» ретінде айыптау ісі. 1937 жылдың 9 қыркүйегінде басталған іс осы жылдың 19 қазанында аяқталып, сол күні өлім жазасын қолдануға үкім қабылданып, үкім 29 қазан күні жүзеге асырылған.

Үкімнің соңына «үштік» мүшелері КП(б) ОК хатшысы Мусин, облыстық атқару комитетінің председателі Степанов, үштік хатшысы Бахруишев қолдарын қойған.

Құжаттың соңында сондай-ақ Қобда аудандық НҚВД бөлімі бастығының міндетін атқарушы Сайлаубаевтың да аты көрсетілген.

Мырзағұл Жүндібаев 1902 жылы Бесқопа ауылдық советінің №9 ауылында дүниеге келген. «Қобда» ет совхозының есепшісі, бай ұлы. 1932 жылы ОГПУ көші-қон ұйымдастырғаны үшін тұтқындап, екі айдан соң босанады. Дегенмен «Қобда» ет совхозындағы А.Нақатеков басқарған контрреволюциялық ұлтшылдық құрылымдарға қызметке тартылған, дәлдеп айтқанда №9 ауылдағы Өрбісін Кудебасов басқаратын осындай ұйымға нұсқаулар мен қажетті ақпараттар жеткізіп отырған. Ұсталғанда 9 казанда одан  № А.С. 094094 төлқұжаты, 60 беттік өзге құжаттар, уақытша берілген №973 және 972 төлқұжаттары да тәркіленген. Тұтқындалған жері: Қобда ауданы Ропповка поселкесі (қазір Қазақай ауылы).

Ол Ақтөбедегі екі кластық училищенің 5 бөлімшесін тәмамдаған. Бұрын қолданылған шара: 1933 жылы ОГПУ 2 айға көшпелілік ұйымдастырғаны үшін және жалған құжаттар дайындағаны үшін қамауға алып, 1 жылға шартты сотталған.

Әйелі Батша 20 жаста, ұлы Ермекбай 13 жаста, қызы 1 жаста. Інісі Кәкім Темірғалиев 30 жаста, №9 ауыл — Жаңажолда жұмыс істейді. Қарындасы Балғану 25-те, тұрмыста, күйеуі Сүгір Болмашев аталған колхозда жұмыста.

Мырзағұлдың әкесі Темірғали Жүндібаевтың 100-ге тарта ірі қара малы, 5 га жайылма сулы жері, жалшылары болған.

13 қазан күні ОГПУ тергеушісі Исаковтың тегеурінді және алдын-ала мүқият дайындалған арандатушы сұрақтарына жауап бере отырып, Мырзағұл өзінің 1902 жылы туғанын, әкесінің ауқатты бай болғанын, оның екі әйелі болғанын қайталайды. Ағасы Әбділхамит туралы сұрағанда оның алашорданың қызметіне қызу араласқанын, 1918 жылы Орынборда Кирревкомда қызметте болғанын айта келе, 1920 жылы дүниеден өткенін хабарлаған.

Тергеуші:

- Ұлттық контрреволюцияның топтарымен қалай таныстыңыз? Оның мүшелерін атаңыз.

Жауап:

- Ақсауыт Нақатеков,  Уссалам Ибраев, Мухамеджан Ашықбаев - Киров атындағы колхоздың шаруашылық меңгерушісі, Абдрахман Наурызов - барымташы, бай, 1930 жылы тәркіленген, Ақай Құлниязов - №2 ферма меңгерушісі, ВКП (б) мүшелігінен шығарылған.

Тергеу осылай жалғаса келе, Мырзағұлдың өз қолымен жазған қолхаты келтіріледі.

«НКВД-ның аудандық бөліміне Жүндібаевтан

Арыз.

Мен Қобда ауданындағы контрреволюциялық ұйымдары жөнінде толық деректер беруді мойныма алып, міндеттенемін.

Олар төмендегі көрсетулерді қамтиды:

  1. Осы ұйымдардың жетекшілері мен мүшелері.
  2. Ұйымдардың совхоздар мен колхоздарға жүргізген зиянкестіктерін тергеуші сұрақтарына сай жауап беріп, анықтаймын.

13 қазан, Жүндібаев (қолы)»

Тергеу жүргізуші - ОГПУ сержанты Салибаев.

Іле-шала алдыңғы тергеудегі аталғандар саны тағы үш адамға өскен. Бұлар Шангерей Қопашев - (байдың баласы), Ізбай Толытыров (байдың баласы), екінші қайтара Ақай Құлниязов - ВКП (б) қатарынан шығарылған. Бұл істің нәтижесі 29 қазанда Мырзағұлды және осы аталғандарды ату жазасы мен ұзақ жыл бас бостандығынан айыру жазалары түрінде айыптаумен аяқталады.

Дәл осы мезгілде көрші бөлмелерде Ақсауыт Нақатеков, Уссалам Ибраев және басқалардан да ОГПУ жендеттері қолдарының қанын жумастан жауап алып жатты.

Тергеу істеріне жүгінсек, шындығында тек Ақсауыт Нақатековтың ғана азды-көпті алашордашыларға қатысы болған. Ол 1894 жылы Қостанай облысының Семиозерный ауданы Ақкүшік ауылында дүниеге келген. Ропповка поселкесінде ауыл мектебінің директоры, төңкеріске дейін, одан кейін де түрлі қызметте болған. Тұтқынға алынғанда әйелі Гүлбану 29 жаста, ұлы Сапаржан 9 жаста, ұлы Медет 2,5 жаста, қызы Клара 1,5 жаста. Інісі Нағадым - 34 жаста, Челябіде ферросплав заводының жұмысшысы. Інілері Ғали - Риддерде инженер, Темірғали 28-де, ҚазПИ-де оқиды.

Тергеуде Ақсауыт 19-20 жылы Торғайда уездік кеңестің атқару комитетінің мүшесі, сондай-ақ, жер бөлімінің уездік қоллегиясына да мүше болғанын, осы жылдары алашордашылар Ілияс Байманов, Алмағамбет Қасымов, Тайха Құлжанов, Иманғали Қарпықов және Кәрім Тоқтабаевпен жұмыстас болғанын айтады. Алғашқы аталған төртеуі 1927 жылы Алматыға кеткен. Иманғали Қарпықов 1932 жылы қайтыс болған. Осыларды айта келе Ақсауыт әрмен қарай тергеушіге жаңа деректер, береді.

- Кәрім Тоқтабаев 1933 жылы жер аударылған. 1929 жылы кеңестің аппаратты тазарту кезінде менің алашордашы екенім, Торғайда қарулы көтеріліске қатысқаным анықталды, округтік сотта бірінші категориямен өттім. Менімен тұстас Иманғали Қарпықов, Махмуд Таухин Сейілхан Қарманов секілді алашордашылар әшкереленді.

Мен осыдан кейін өз ауылыма кетіп қалдым, онда бір жыл жұмыссыз жүрдім. Сонан соң Семиозерный аудандық атқару комитетінің төрағасы Жумахат Қожахметовтың аудандық колхоздар одағының хатшысы жұмысына алындым. Кейіннен сол Қожахметовтың қолдауымен райаткомда хатшы болдым. Уақыт өте оның аппаратында жауапты орындаушы, статист, экономист болып қызмет атқардым.

Сұрақ:

- Ақтөбеге қалай келдің?

Жауап:

- Мені екі айдан соң өлкелік комиссия қолдауымен РИК халкомы қарулы көтеріліске қатыспады деп ақтап шықты. Мұндай кепілдікті мен Семиозер атқару комитетінде Оразалиннен алдым, бірақ алашордаға қатыстығым туралы жасырып қалдық.

Қожахметовпен 1931 жылдан бері жақсы қарым-қатынастамыз. 1932 жылы Қожахметов кету керек еді. Мен облыстық атқару комитеті төрағасы Құлшаровтың шақыруын қабыл алдым, шамамен 4 ай өткен соң Қожахметов Алматыға кетті. Сол 1932 жылы мен Ақтөбеге келдім, облсотқа бармадым, жалақысы төмен болды. Сол себепті мен облыстық тұтынушылар одағына бардым. Онда төраға Асқар Мамбетияровқа өз қызметімді ұсындым, облыстық мал өсіру совхоздары инспекциясына жауапты атқарушы болып орналастым. Осы бөлімнің директоры Оспановпен таныспын, онымен Торғайда 1926 жылы танысқанмын. Облыстық білім беру бөлімінің нұсқаушысы Бикеевпен де таныспын, онымен осы 1937 жылы Ропповкада танысқанмын, онда жолым түсіп барғанмын.

Маған Қазақстанда ұлттық контрреволюциялық Құлымбетов басқаратын топ бар екені белгілі. Осы топқа біздің Ақтөбе облысынан Жаманмұрынов, Қожахметов, Асқаров және басқа адамдар кіреді. Мен бұл ұйымға 1936 жылы аудан қызметкері Асқар Ахметов арқылы кірдім. Менен өзге Асқаров арқылы Ыхсан Шоланов та кірді.

Өзім осы ұйымға бай алашордашы Абдрахман Наурызов, Мырзағұл Жүндібаевты, партиядан қуылған Ақай Құлниязовты (№2 ферма меңгерушісі) - Киров атындағы колхоздың басқармасы, байдың баласы Уассалам Ыбыраевты, байдың ұрпағы Мұхамеджан Ашықбаевты тарттым.

Осылайша НКВД-ОГПУ өкілдерінің қолдарымем тез арада Қобдада ұлттық контрреволюциялық топ әшкерленді. Нағыз алашордашы Әбділхамид 1920 жылы өз ажалынан өлсе де оның інісі Мырзағұл, ол таныс, не істес болған бір де бір жан осы ұйымның ұзын ажал құрығынан құтылмады. Осы 1937 жылғы істер бойынша, біз танысқан құжаттар негізінде төмендегідей айыпкерлер анықталды.

Әбдірахман  Сүйінғалин, Мұхамеджан Ашықбаев, Абдрахман Меңдіғалиев, Тоқтар Мұхамедияров, Молдаш Тәңірбергенов - бұл аталғандар осы Бесқопа ауыл советінің №9 ауылы - Жаңажолдан болатын. Мырзағұл Жүндібаевпен қатар онымен  жұмыстас болғандар - Қобда ауданы аткомының төрағасы, хатшысы болғандар Қөпжан Бержанов пен Ғабдығазы Жолымов, Ақтөбеде облОНО инспекторы Оразтай Бекеев, облОНО меңгерушісі Үмбетияр Асқаров, Ақтөбе қаласында мұғалім Күлбайрам Қожахметова мен Ақтөбе облысы кеңесі атқару комитеті төрағасы орынбасары Жұмағат Қожахметов және көптеген адамдар ұсталып, жауапқа тартылған. Олардың көбі атылып кетті, өзгесі ұзақ жыл айдауда болды.

Сібірге жол немесе №3015 іс

Мырзағұл Жүндібаевпен қатар 1937 жылдың 10 қыркүйекте Киров атындағы колхоздың төрағасы Уассалам Ыбыраев тұтқындалады.

Өмірде  басынан кешкендерін әлдекімге не ұрпақтарына орынсыз ләм-мим деп әңгімелемеген ұстамды жан, өмірінің соңғы сәтіне шейін өзі сияқты миллиондар не үшін сотталғанын түсінбей кеткен.

Ол осы колхозды өзі құрып С.М.Кировтың атын колхозға сұратып алған. Қуғын-сүргіннің бір тарауы осы Киров өлімімен байланысты болса, осы толқын оның есімімен аталған колхоздың төрағасында да алып кетті.

№3015 іс баяндайтындай, Уассалам ұсталғанда отбасында 1938 жылы туған қарындасы Ырза, 1885 жылы туған ағасы Бақыт Ыбыраев тіркелген. Құжатқа сенсек, онымен бірге 20.IX.1937 жылы Әбдірахман Наурызов ұсталған. Оның Есмағамбетов деген екінші тегі болса керек, 1877 жылы туған. Барлық ұсталғандардың дені сияқты бай деп жазылған. Уассаламның АВ№020106 төлқұжаты тіркелген. Қотантал атты №13 ауылда 1906 жылы дүниеге келген, байдың қызына үйленген, 1928-1935 жылдары ВКП (б) қатарында  болып үлгерген. Тағдыры алдын ала анықталған мыңдағандар санында партия қатарында жоспарлы түрде шеттетілгендігінде күмән жоқ.

Істе жоғарыда аты аталған Әбдірахман Наурызовқа көп тоқталған. Ол Гурьев облысының Жыл-Қосын ауданының №2 ауылында дүниеге келген, алашорда қозғалысына белсенді араласқан. Бестөбе болысының комитетіне мүше болған. Алашорда кезінде осы болыстың правителі болған, бұл 1919 жылға жатады. Көп жыл өткен соң Уассалам есіне алып отыратындай осы Әбдразман Наурызов Киров колхозына мұғалім болып келеді. Колхоз мүшелері аш-жалаңаш Әбдрахманның отбасына жерді үңгілеп жертөле салып береді. Оған қоса қойма меңгерушісі Ашықбаев және басқарма Уассалам осы отбасына аштан қатпасын деп, 5 келі дәп береді. Осы жақсылықтар соңынан барқарма мен оның орынбасарына ауыр қылмыс болып тағылды.

Жауаптаушы Исаковке түбінде Уассалам Ыбыраев осы Әбдірахман Наурызов пен өзінің колхозындағы шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ашықбаев екеуі алашордашылық ұйымының мүшелері болғанын мойындаған.

13 қыркүйекте тергеуші Сайлыбаевқа да осыны қайталайды. Мұнда өзінің әкесі Ыбырай Туменев те бай болғаны айтылады. 10 жастағы інісі Қаулаттың, 1938 жылы туған Ырза Ыбыраеваның, 1895 жылы туған ағасы Бақыттың есімдері аталған. Байдың қызын алып (баймен қарым-қатынас), 1935 жылы осы қылығы үшін партия құжаттарын алмастыру кезінде партия қатарынан қуылғандығы айтылған.

Тергеу қорытындысы бойынша Уассалам Ыбыраев 10 жылға бостандығынан айырылып, айдауға кетті.

Уәссаламға екі атадан қосылатын Қобда ауылының тұрғыны Досмұрат Тынымгереев кейіпкеріміздің ата-тегін төмендегідей өрбітеді. Бұл әңгіменің Уәссаламға байланысты тарауын Нұржамал апамыз қайтыс болардан аз-ақ бұрын әңгімелесе керек. Сөйтіп, Қыдырүмбеттен Бөрге, оның 4 баласының екеуі Байсары мен Көшенектің ұрпақтары Қобдада кеңінен тараған. Олар негізінен қазіргі Қотанталда мекен тепкен. Біз осының Байсарысынан өрбиміз дейді Досмұрат. Байсарыдан Жолкелді онан жоғарыда аты аталған бай-Түмен тарайды. Түменнен Ыбырай туған. Ыбырайдан Бақыт, Уәссалам және Тынымгерей туады. Енді Жылкелдінің тағы бір ұлы Әбілден Қондыбай, онан Мұрат пен Досмұрат өмірге келген. Түрлі себептермен қазақы дәстүр бойынша Бақыт пен Уәссаламның туысы Тынымгерей Досмұратты асырап алып, тәрбиелеп өсірген. Менің фамилиям Тынымгерей болғанмен Әділханға туыс болып келетінім осы себептерден, деп аяқтады сөзін Досмұрат.

Әсіресе Ақтөбеге жеткізіп тергеуші жендеттердің көрсеткен қорлығы Уәссаламның жанына қатты батты. Қатты соққыдан оның 4 алдыңғы тістері жерге сылдырлап түсті. ОГПУ-дың абақтысында жалғыз адам тек түрегелеп тұратын орын болған. Ал жабылатын есікке өткір пышақтар қадаулы тұрған болатын. Осы тамұқтағы адам сәл қимылдауға мүмкіндігі жоқ. Таң ата жаңағы пышағы бар есікті ашып қалғанда жауапкер еденге сұлқ түседі екен. - осындай қинаулардан кейін қандай да болсын қағаздың астына қол қоясың, - деп әңгімелейтін өткенді еске алып, Уәссалам ұлы Әділханға.

Біз, сотталғандарды Краснояр өлкесіндегі Канскі станциясына түсіріп 6 қатардан колоннаға тізіп, қылмысымызды өтейтін жерге айдағанда, деп есіне алатын әкесі, 2-3 шақымдай жүріп қыраттан артымызға көз салсам колоннаның соңы әлі станциядан шығып үлгермеген екен.

Біздерді Сібірде орманнан ағаш тіліп оны үздіруге қосты бір-бірлеп өзенге бөрене тастағанда өзеннің бетін жауып кетеді екен, біздер 10 адам сол өзеннің бойымен осы ағаштардың жүзуін бақылаймыз. Артымызда бір конвой. Кейде жағалауға бір бөрене кептеліп қалса, соңғылары оның үстіне шығып тау болып үйіліп қалады. Сол түпкі бөренені жылжытып, жұмысты әрі қарай жүргізу кезекпен жүргізіледі. Енді сол ең түбіндегі жалғыз бөренені қозғап жібергенде оның үстіндегі ағаштар көзді ашып жұмғанша үстіме құлайтыны тағы бар. Осы қағымда үлгерсең тірі қаласың және сенің кезегің 10 кісіден кейін қойылады. Ал ағаштардың астында қалған қаза тапқан адамға бас киімімізді шешіп, еске аламыз да жұмысты әрі қарай жүргіземіз.

Біз жүздірген ағаштар Диксон станциясына шейін барып, онан әрі кеме немесе поездарға тиелінетін.

Қайда болса да адамдар көзқарастары, мүмкіндіктеріне сай топ болып жүреді. Біздің де тобымызда оншақты адам болды. Тұтқындардың қолынан келмейтіні жоқ. Өткір пышақ немесе шағын найза дайындау шебердің қолымен жасалуға түкке де тұрмайтын. Бұл құралдар, әсіресе қыста аюға, аңға шыққанда таптырмайтын дүние. Қардың астында ұйықтап жатқан аюдың буы шығып жатқасын оның орнын дәл табатынбыз. Ол ұйықтап жатса да, қарды аршып, оған жақындағанда оқыс қимылдап тырнақтарымен ауа тарпиды. Оның тырнақтары тиген адам сол жерде мерт болады. Дегенмен барлығы ойдан шығып, сол біздің топ аюды соғып алсақ, оның еті бір қысқа түгел жетіп көктемге де қалатын.

Осы азапты он жылдың соңғы сағатына шейін өтеп,1947 жылы туған өлкеге келіп, Сарбұлақта жылқышы болады.

Бір зұлматтың аяғы екінші зұлматтың басы болатын. Осы кезде Сталин тұтқындар арасында «жеті де сегіз» деп аталып кеткен 7 тамыздағы жарлығын шығарады. Онда кімде-кім 10 жыл түрмеде отырып келсе, енді тергеусіз-ақ қайтадан осынша жылға қайта жөнелту керек еді.

Сөйтіп Уассаламның сонау Сібірге, Енисей өзені жағасына екінші сапары басталды.

Сібірге келін болған қыз 

Уассалам Ыбыраев жат жер, жат өлкеде жүрген шағында Ақтөбенің аруымен бас қосып, шаңырақ көтерді. Тағы да заңды сауал: сонау Сібір жеріне келін боп түскен - Ақтөбенің қызы кім? Өзге мекенге титімдей қызды не айдап барды?..

1941 жылы әкесі ӘнетКете Сәрсен Теңілбаев Ұлы Отан соғысына аттанғанда Нұржамал ойын баласы болатын. Тұлымшағы желбіреген кішкентай ғана ботақандарын қимаса да, әкесі Отан қорғауға аттанудан бас тартып қалған жоқ.

Әкенің жоқтығын білдірмеген Ұмсынай есімді шешенің мейірім шуағына бөленіп, бір үйдің екі қыз гүлдей құлпырып өсіп келе жатқан еді. Алайда үш жыл өтісімен қайырымсыз ажал қаршадай қыздарды шешелері Ұмсынайдан айырып, қаралы үйде Нұржамал мен Бейбіт жетім  қалды. Бүгінде немере, шөберелерінің тәтті қылықтарына шүкірлік етіп отырған Нұржамал әже басынан өткендерін былайша әңгімелеп берді.

- Қобда ауданына қарасты Құмсай ауылы маңындағы Сабындыкөлді мекен еткенбіз. Сол жерде Бейбіт екеуміз жетімдіктің ащы дәмін татып, өсіп келе жаттық. Ауылдық кеңес бізге көмек көрсетіп тұрды. 1943 жылы Қобда ауданының Әлия ауылында әкемнің әкесімен бірге туысқан атам бар екен, соның Сарша есімді әйелі бізді өзі іздеп келіп, өз қамқорлығына алғысы келетінін айтты. Алайда ауылдық кеңестің мүшелері бізді сол шешейімізге бергісі келген жоқ. Бұрыннан ауылда қызмет атқарып келген Рахима есімді әйелмен шешейіміз жақсы таныс екен, Рахима апа халықты жинап, бізді ел-жұрттың алдында шешеміздің қолына табыс етті. Атамыз бен шешейіміздің бір ұл, бір қызы бар екен, солармен бірге бізді қосып, төртеумізді бір үйдің баласындай бақты. Бірақ арада бір жыл өтісімен сіңлім ауырып қаза болды. Сабындыкөлде тұрғанда бізді баққан бір жас келіншек болып еді, сол сіңлімнің басынан ұрған болатын. Күндер өте басына жара пайда болып, ақыры сіңлімнің өліміне әкеліп соқты. Менің жаныма осы жай қатты батты, деп Нұржамал әже ойға шомып кетті. Бала күнінен көзіне ұялап қалған мұңының әсерінен болар, жанары бір нүктеге қадалып, бетіндегі әжімдері де тереңдей түсті.

Атамыз Теңілбайдан Сәрсен, Хасен, Құсайын атты үш ұл өрбіген. Осы үш боздақ та Ұлы Отан соғысына аттанып бірде-бірі тірі оралмаған. Енді міне әкемнің ағасы Хасеннің жары Сарша өзінің балалары Маржан, Сағынғалиға мені де қосып алып асырап отыр. Уақыт өте арасында Нұржамал, Нұрқандар бар, осы үйде сегіз бала паналайтынбыз.

Сарша әжейдің ақылын алып өскен Нұржамал жасы 13-14-тер шамасына келгенде шешейіне қолғанат болды. Сиыр сауысады, бұзау тартысады. Тіпті, үй шаруасын да дөңгелетіп әкететін. Балиғат жасына жеткен шағында бойжеткеннің теңін табуына Сарша шешей өзі себеп болды.

- Қарағым, қыз баласың ғой, өзің жетім өстің. Бірақ мен сені өз қызымнан кем көрмеймін. Сені бағатын адам деп сеніп бір азаматқа бергелі отырмын, соған адал жар боласың, дейді Сарша өзі өсірген қызы Нұржамалға, - жылама, бұл жайды ешкімге айтушы болма!, деді және.

Ол кезеңнің ибалы қыздары шеше сөзін жерге тастамағаны белгілі. Сонымен жүрек жұтқан қыз өзінің жарының қандай адам екенін де білместен, шеше сөзіне қарсылық көрсетпеді. Бір жай ғана белгілі - ол бойжеткенді алып кетуге келген адам өзінің болашақ қайнағасы болатын.

Атқа жегілген арбада төрт адам отыр. Бірі - қайнағасы Бақыт, екіншісі - оның жеті жасар баласы, үшіншісі - ұзатылып бара жатқан бойжеткен және оның жанында асырап баққан шешесінің Маржан деген қызы бар.

Өткен күндерін көз алдынан ойлана өткізіп отырған Нұржамал әже әңгімесін сабақтап кетті.

- Сонымен түні бойы жүріп, Қобда ауданына қарасты Киров совхозындағы   бір   үйге   келіп түстік. Үйде бүкшеңдеген кемпір мен қайнағамның қызы бар екен. Сол үйде екі ай бойы жүрдім. Жаңағы өзім көзіммен көрмеген, таныс   болмаған   жігітті   күтіп жүрмін.   Бірақ,   неге   ол   үйде жүргенімді өзім де жете түсіне бермеймін. Өзімнің дене бітімім толық болатын. Бір күні бір әйел маған: «Жүкті болған соң алатын адам таба алмай, осында келіп отырсың ба?» деген сұрақ қойды. Міне, осыдан кейін мен қатты ойландым. Шынымен де неге келгенімді жіті айыра алмадым, бірақ әлгі сөзге қатты намыстандым.

Бірде қыздармен бірге суға түсуге бардық. Қобда өзеніне шомылып, қыздар мәз болып жүр. Ал мен өз үйіме қашып кетуді ғана ойладым. Сол оймен көйлегімнің етегін түріп алдым да, өзеннен жүзіп, арғы жағаға өттім. Бірінші сайды артта қалдырып, екінші сайға жетіп, қалың қоғаның арасына тығылып қалған болатынмын. Қыр соңымнан қалмай, жан-жақтан жабыла іздеп жүрген топ қыздар мені тауып алды да, әлгі үйге қайтадан алып келді.

Мән-жайдың бәрі кейін белгілі болды. Уассалам Сібірден Қобда ауданына қарасты Киров ауылындағы қайнағамның үйіне ақша жіберуі тиіс екен. Екі ай бойы қайнағам сол ақшаның жетуін күткен екен ғой. Сонымен, шілде, тамыз айларын сол үйде өткіздім. Қыркүйектің басында қайнағам Бақыт ақшаны алды да, мені Сібірге алып кетті.

Алғаш рет сол кезде қайнағаммен бірге пойызға міндім. Тамбурда далаға қызықтап қарап тұрмын. Үйлердің бәрі жүріп кетіп бара жатқан сияқты. Жерге қарасам, жер де қозғалатын сияқты. Қайда бара жатқанымды да білмей, әйтеуір артта қалып бара жатқан шағын ауылдарға, кең жазық далаға ойлана көз салып келемін. Он күндей жүрген шығармыз, әйтеуір ұзақ жүріп, Канский бекетіне тоқтадық та әрі қарай тағы да машинаға отырып жүріп кеттік.

Қайнағам екеуіміз Уассаламмен Сібір жерінде кездестік. Шалым менен жиырма жас үлкен екен. Қайынағам елге қайтар кезде мен де елге кетемін деп жылағаным бар. Балалық қой, жылағанмен қайда барайын, 1952 жылы Сібірде Уассаламмен бас қосып, сонда қалып қойдым. 1953 жылы тұңғыш баламыз өмірге келді. Ал екі жылдан соң екінші балалы болдым.

Өкінішке орай Асылханымыз шешекпен қайтыс болып, жат өлкеде қалды. Ал елге келгесін Жайылхан, Жеңісгүл, Темірхан, Зарухан және Кенжегүл есімді перзенттеріміз дүниеге келді.

Жат өлкедегі достасу

Сібір жерінде жалғыз қазақтар ғана емес, түрлі ұлт өкілдері өмір сүріп жатты. Сол жердегі Сібірдің қалың орманынан таң атысымен ағаш кесіп, оны Енисей өзені арқылы өзге елдерге жөнелтеді. Бұл кезде олар бірнеше күн бойына, тіпті, бір айдай жүретін. Біздің тұрған жерімізден жеті шақырым қашықтықта белгілі ақын Өтебай Тұрманжановтың отбасы тұрды. Олар да Енисей өзенінің бойына жер аударылған екен. Балалы-шағалы, өте қарапайым адамдар, ал Өтебай өзі ақын, өзі өте мейірімді, балажан адам еді. Өтебай Тұрманжановтың КазПИ-дің бірінші профессоры болғанын, 1934-1935 жылдары Жамбыл облысының Сарысу ауданы Байқадам ауылында айдауда болғанын, ғұлама ғалымның жай ғана орта мектепте ол жерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергенін, ҰОС жылдары үнемі НКВД-нің аса мұқият қадағалауында болғанын, сөйтіп елуінші жылдары Уассалам сияқты Сібірге - Краснояр өлкесіне, Бузан поселкісіне, Енисей жағасына айдалғанын біз ол кездө білген де жоқпыз, өздерінен естіп отырмын. Жалпы, айдауда болғандар сөзшең емес-ті.

Білетінім әйелі Майнұр оның артынан іздеп келіп, мерзімі біткенше бірге болғаны. Қыздары Лаура, Долорес, Лейла және ұлы Ерлан да әке-шешесімен Сібірде болды. Осылайша, олар да менің Әділханымдай Сібір балалары болады ғой. Олармен жақсы араласып тұрдық. Бізден бұрын құжатын алып, ақталған соң Өтебайдың отбасы Алматыға қайтты.

Нұржамал апайдың әңгімесіне қосарымыз, олармен тағдырлас, дәмдес болған Өтебай ақын көп жыл өтіп, айдаудан оралған соң ҰҚК-ның архивінде сақталған 1955 жылғы мамыр айының 26 жұлдызында ҚазССР-ның КГБ бастығы В.Губинге жазған өтінішінде жан түршігерлік азаптармен НКВД:

«... Мені 1933 жылы ақын Сәкен Сейфуллин кері төңкерістік ұйымға тартқан. Осыған байланысты өмірімді сақтап, аман қалу үшін кінәмді адал ниетпен мойныма аламын...» - дегенді зорлап жаздырғанын айтып кеткен еді.

Кейін Өтебай ақын ақталып, бүкіл атақ-дәрежесі қайтарылып, әділетіне жетті, еңбектерін бастыруға қолы жетті.

Әр жексенбі сайын жер аударылғандар бас қосып тұратын едік. Бұл қазақ Сібірде де қазақ. Ойыл ауданы Саралжынының тумасы Маханов Құлсымақ бұл елге бізбен бірге келген. Ол бала кезінен дін жолына түсіп, молда болған адам. Өлен жазудан да кенже қалмаған, оның бір жыр дәптері ұрпақтарында сақталған екен. Сонан бір үзінді келтіре кеткеннің артық шылығы жоқ:

...Он жасымда түрекше

Кітабын тегіс жүргіздім

Үйретіп намаз сабағын

Жеңгелерге білгіздім

Молда бала атанып

Көтеріп көңілін күлгіздім.

Әкем маған дін жайлы басылған мына кітаппатды сатып алып берді:

  1. Имам шарт
  2. НАмаз қожасы. 1896 ж. 16/ХІ – қазанда
  3. Құдайдың 1001 есімі. 1896 ж. ХІ – қазанда
  4. Дұға смағазым. 1909 ж.

О баста дінге қарсы күрескен «Қызыл террорға» құрығына ол тым ерте 1919 жылы ілігіп, 5 жыл түрмеде отырған. Елге оралып түрлі шаруашылықтар атқарады. Тіпті басқарма болып та жұмыс істеген. Дегенмен, қызыл зобалан құрығына 1949 жылдың ақпанында қайта түсіп Сібірге айдалған. Өзі айтқандай:

Жер аударды өңшен бұзық өшігіп

Бірі бастап бірі қостап есіріп.

Екі ай жаттым түрмесінде Темірдің

Қандай жағдайда болсадағы кешігіп.

Сібірде оның зайыбы Маржан, балалары Рамазан, Бақтығалилар бірге болған. Сол жақта Ағиба және Ажарқыз атты перзенттері дүниеге келеді.

Кете руының Әнетінен болғасын Уәссаламмен етене дос болып кетті. Олардың достығы тіпті елге оралғасын да жалғасып, бір-біріне үнемі қонақ болып кететін. Ағибаны оның қызы Эльмира Нұржамал апайдың отбасына арнайы барып менің анам еді деп бет сипап шығыпты. Дәл ертеніне Нұржамал апа бақилық болған екен.

Ал әңгімемізге қайта оралсақ Сібірде бірде осындай бір жиында Ідіріс, Әлмұқан есімді кісілер болды. Жас-кішімізге қарамай, жат жерде сыйласып тұрған адамдармен жиі бас қосатынбыз. Бірде осындай жиында әлгі жасы үлкен ағалар:

- Ағайындар, жеріміз, ішер суымыз, тіпті, қанымыз да өзгеріп барады. Қашан біздің басымызға әділдік орнайды екен? Өмірге жаңадан сәби келгелі отыр, сол сәби аман-есен ер жетіп, елді әділ басқаратын хан болсын. Есі Әділхан қойсақ, қалай болады? деді. Сонымен, тұңғыш баламыз дың есімі Әділхан болды.

Жасы тоқсанға келген ұлты түрік бір азамат өзі тұрған үйін бізге босатып берді.

- Балам, мен саған бата бергелі келдім. Қабыл алсаң, - деді маған бір күні әлгі ағай үйге келіп.

- Қабыл аламын, ата, айта беріңіз, - деп ілтипат білдірдім.

- Менің немерем, шөберем, тіпті солардан өрбіген шөпшегім мен неменем де бар. Менде бәрі бар. Тек, жасым тоқсанға келгенде, төрімнен көрім жақын тұрғанда өзім далада қаңғып жүрмін. Балам, мен сені жүкті деп естіген соң, шапанымды   жапқалы   келдім. Сәбиің мен секілді жасы ұзақ болсын, неменесін көрсін, ғұмырлы болсын! Бұл шын ниетім, - деп ризашылығын білдіріп, батасын берді. Сонан кейін ол атаға бостандық берді де, еліне жіберілді.

Елге сағыныш 

Мерзімдерін өтеп, бірқатар азаматтар елге қайта бастаған шақта Нұржамал әжейдің де туған жерге деген сағынышы үдей түсетін. Бірақ Сібір жеріне тұрақтап, үйренісіп қалған отағасы сол жерден кеткісі жоқтын. Алайда елін сағынған ана түні бойына көз жасына ерік беретін. Ақыры, жазықсыз жандар ақталып, құжаттарын қолға алып, туған елге жетті.

Бүгінде жетпістің алтауына келіп қалған Нұржамал әже өткен күндерін күрсініспен еске ала отырып, балаларының бақытты болуын, ел тәуелсіздігінің баянды болуын Тәңірден тілеп отырады.

Бейнет түбі зейнет 

Жаратқанымыз маңцайына жазған жетімдіктің, жалғыздықтың, аштық пен жалаңаштықтың не бір қиындықтарын басынан өткізіп, сонау итжекеннің дәмін татқан Нұржамал әже мен сол Сібірде дүниеге келген тұңғышы Әділхан бұл күнде сол адам төзгісіз тағдыр тәлкегін жеңіп, елге құрметті азамат болып отыр.

Әділхан жоғары оқу орынын тәмамдап, өз мамандығы бойынша еңбөк жолын бастаса да қалауын кәсіпкерліктен тапты. Оның кәсіпкерлік табысы ауыл шаруашылығымен айналысып, кейіннен бизнеспен шындап шұғылданған өз білімі, тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жеткен өмірдегі тұғыры.

Бұл күндері Әділхан өзге екі кәсіпкерлермен бірге «Ханшайым» мейрамханасының иесі, еңселі сауда үйін салып, оған немересі Заринаның есімін берді. Ал сауықтыру кешенін екінші немересі Мауленнің есімімен аталады.

Әділхан 2013 жылы асқазан обыры ауруына шалдықты, ота жасалып асқазан мен талақты алдыртып тастауға тура келді. Осындай ауыр науқастың келесі емі 5 немесе 6 рет химиотерапия қабылдау. Жығылғанға жұдырық дегендей мен бір химиотерапия алып бітіре бергенде Пацаевтағы аурухананың кардиология бөліміне түстім. Мен жүрек ишемиясының ауыр түріне тап болған екенмін. Енді хал мүшкілдене бастады. Осы кезде әйелім Несібелі келіп, шетелге Германия немесе Қытайға барсаң не болады, деді. Дегенмен, ол таңдауын Израилге тоқтатты. Мен де қарсы болмадым. Сөйтіп, 2 айда құжаттарымызды дайындап 2013 жылдың қазан айында Израилге жол тарттық. Ол ел бізді өте жылы қабылдады, мұндағы медициналық қызмет көрсету әлемдік деңгейдегі аппаратура біздің елдегіден көп, сапалы және нәтижелі екен. Тексерістен өту нәтижесінде олар дамып келе жатқан обыр науқасының үш ошағын анықтады. Мен ол елде жеті химия және радиациялық ем қабылдауыма тура келді. Күні-түні Несібелі жанымда болып, ол да менің науқасыммен күресті. Израилдегі ерекшелік, оларда жұма мен сенбі демалыс болып саналады. Бұл демалыс күндері не дәрі-дәрмек, не ем қабылдамайсың. Организм тыңайып қалады екен. Еңбек жетісі: жексенбі күнінен басталады, осы өзгерістер менің аурудан тез емделуіме көп септігін тигізді. Жеті сайын қанның анализін тексеріп, дәрігер қадағалап тұрады екен. Осылайша жеті апта емделіп, бүкіл органдарды тексергенде менің жазылып кеткенім айқындалды. Артынан 2014 жылы 2 рет барып, тексеруден өткенде де мен обыр ауруынан айығып кеттім.

Өмірде «Сібірлік денсаулық» деген ұғым бар. Осы ауыр науқастан айығып кеткенім әуелі Алланың әмірі болса, Сібірде тууым да себеп шығар, - дейді Әділхан.

Анасы Нұржамал болса немере және шөбере сүйген әже, оларға батасын арнап кенже қызы Кенжегүлмен бірге тұрды.

Нұржамал апа жапырағын жайған бәйтеректей немерелері Қуаныш, Гүлмира, Анаргүл, Регина, Нұргүл, Тұрсынгүл, Тимур, Әділет, Эльмира және Дамир сияқты немерелерінің және он шөбересінің қызықтарына тоя алмай кетті.

Қызы Кенжегүл мен күйеу баласы Ерланның отбасында өз қалауымен соңғы жылдарын өткізді. Ананы ауырған сәттерінде демеу болып, ем-домға көмектесіп, ал ақырғы сәт келгенде, арулап, ақжауып соңғы сапарға жөнелту сауабына ие болды Ерлан мен Кенжегүл.

... Не дегенмен Нұржамал апа ел басына туған Нәубет кесапатын үнемі естен шығарған емес, оның жастық шағы сонау Сібірде, Енисей жағалауында қалғандай көрінетін ...

Қосөткелдің құрметті азаматтары: сол жақтан бірінші Уәссалам Ыбыраев, Қосетов Қабидолла және Қалмағамбетов Әміреш.

Балнияз Ажниязов

Abai.kz

1 пікір