Жұма, 26 Сәуір 2024
2766 0 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 11:36

Нұр-Сұлтанда үйлері сүрілетін тұрғындар өтемақыны көтеруін талап етті

Нұр-Сұлтан қаласының шетіндегі саяжай қоғамының ондаған тұрғыны астана әкімдігіне келіп, сүрілетін үйлер үшін төленетін өтемақыны өсіруін талап етті.

Саяжайдағы 150-ге жуық баспананың орнына билік келесі жылы аурухана салуды көздеп отыр. Тұрғындар билік ұсынған өтемақы нарықтағы үй бағасынан әлдеқайда төмен деп отыр.

"Зелёная роща — 1" қоғамының тұрғыны Рауза Шакейбаева 9,9 миллион теңге (шамамен 25 мың доллар) өтемақыға астанада мұндай үй ала алмайтынын айтты. "Маған 17–18 миллион [теңге] берсін. Артық сұрамаймын" дейді Шакейбаева.

Көп балалы ана Айгүл Асқарованың үйін 10 миллион 300 мың теңгеге бағалаған. Асқарованың да өтемақы көлеміне көңілі толмайды. Ол бұл үйді күйеуі екеуі несиеге тұрғызған.

"Бір бөлмелі пәтер де сатып ала алмаймын. Алты баламен қайда барамыз? Мемлекетке менің жерім мен үйім керек болса, сондай жағдай жасап бермін, мен қарсы емеспін" дейді Асқарова.

Тұрғындарды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов қабылдады. Ол бағасына түпкілікті келісіп алмайынша, баспана сүрілмейтініне уәде берді.

Тұрғындар келіспеген жағдайда, мәселе сотта қаралады.

Abai.kz

0 пікір