Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 8469 8 пікір 14 Қараша, 2019 сағат 13:07

Қазақ тағы да астанасынан қуылып жатыр ма?

Мен осы күні мүлдем теледидар қарамай­мын. Бірінші, теледидидардағыны он орап алатын ақпарат – қалтафонымда тұр. Екінші, оқта-текте теледидарға көзің кездейсоқ түсе қалса, дамбалының түсін көрсеткен жалаңаш албастылар толып алған. Мағына-мәні жоқ, аты-заты сұрқия нәрселер; одан қалса, фонограмма-әншілер...

Қай күні анам жаңалыққа құлақ түріп отыр екен, ҚР үкіметбасының орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Нұр-Сұлтан қаласының мүмкіндігі – шексіз емес. Соны ескеру керек. Кез-келген адам елордада тұрып, білім алғысы келеді. Бірақ үйсіз, күйсіз астанада өмір сүру – қиын. Қай жерде жақсы жағдай барын түсіндіру шараларын жүргізу қажет», – деп соғып тұр...

Баяғыда осыдан 30 жыл бұрын, озбыр орыстың совет заманында қазақтарды астанамыз Алматыға тіркемейтін заң болыпты. Не деген масқара! Неткен қиянат! Не деген сорлылық!
Арада атын бес минөттің ішінде бас қа­ламызға «Нұр-Сұлтан» деп өзі қойып алған кісінің 30 жылдық билігі өткенде, қазақ тағы да астанасынан қуылып жатыр ма?..
Бұл не бассыздық? Кімнің шығарған жарлығы? Кімнің пәрменімен айтылған сандырақ?

Қазақ Елінің қай бұрышана барып, билік жасаса да, жалаулатқан жарнамасы ғана көрінетін Бердібек Сапарбаев өзінше бір шатты тәртіп-қалыптар шығарып алыпты, былай дейді: «Әрбір саланың өз стандарттары бар. Мысалы, егер бала саны 15-тен төмен болса, ол ауылда – бастауыш мектеп жабылады. Сондықтан, дамымай отырған ауылдарда әлеуметтік нысандарды салудың қажеті жоқ. Себебі, ол жерге 200-300 млн теңге тұратын су жүйелерін тартуға мүмкіндік жоқ»                                                   Ал, ендеше?!.

Оу, Мәшбектің баласы-ау, жоғарғы билік өзіңізді сол «дамымай отырған ауылдарды» дамытудың жолдары мен тетіктерін тауып, ауылдағы өзіңізге қандас бауыр-қазақтардың әл-ауқатын жақсартудың әдістері мен тәсілдерін табу үшін лауазымды қызмет беріп, ай сайын біретек жалақы беріп отырған жоқ па?!.

Астанасы мен атын алмастырып алатын кісінің билігі кезінде жел сөз, өтірік көзге болса да, «Ауыл жылы», «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен ауылға», «Ақ бұлақ», «Серпін» сияқты бағдарламалардың қолға алынғанын неге жылдам ұмытып қалдыңыз? Әрине, әдеттегі күткеніміздей, аталған (және аталмаған) бастамалардың бәрінің баяны болмады, нәтижесі көрінбеді.

Бірақ, солай бола тұрса да, еліміздегі халық саны 50 адамнан аспайтын 500-ге тарта ауылдың болашағын бұлыңғырлауға сізге кім құқық берді?!.
Ішкі миграция кез келген елде тоқтаусыз, үнемі жүріп тұрады. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз ішкі миграцияны бақылауды күшейтуіміз керек. Бұлай жалғаса берсе, жағдай қиындайды. Мен өзімнің Халыққа жолдауымда «қалалардағы халық санының көптігі – мақтаныш емес, бұл шешілуі тиіс мәселе» деген сөзін басшылыққа алыңыз! Әйтпесе, жұрт бұрын таңбалаған «Бордюрбек» деген лақап атыңызға – «Бәтуәсізбек» деген жаңа есімді жамап алуыңыз әбден мүмкін.

Жалпы, қазіргі қазақ билігі «әлемдегі елу елдің, тіпті отыз елдің қатарына кіреміз» деп мақтанғанда, ауыздарынан түкірігі шашырап, тілі барға – сөз бермейді, ендеше, 50 адамды жарылқай алмай отырып, неге өйтіп дандайсиды?

50 адам – адам емес пе? Ата заңымызда ең қымбат құндылығымыз – АДАМ деп жазылған ғой. Демек, 50 былай тұрсын, 1 адамның өмірі қымбат болуға тиіс!

Ауылдың ертеңі жоғалса, қазақтың ертеңі болмайды...

Қажымұқан Ғабдолланың facebook парақшасынан

Abai.kz

8 пікір