Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
2522 2 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 11:41

Дариға Назарбаева: Жастарға сенім арту керек

Біздің топ сенаторлар 1 қарашада еліміздің экономикалық әлеуеті зор ірі индустриалды аймағы – Павлодар облысына жұмыс бабындағы сапармен барған болатын. Аймақтың тарихы бай, табиғаты сұлу, тамаша дәстүрі бар екені баршаға белгілі. Біз өз елі мен ісін жан-тәнімен сүйетін тамаша жандармен жүздестік. Мәслихат депутаттарымен, жұртшылық өкілдерімен мүдделілік тұрғысында бейресми сипаттағы емен-жарқын ашық әңгіме өрістеді. Орталық пен облыс арасындағы өзара қарым-қатынасты, аймақты одан әрі дамыту жөніндегі көптеген аса маңызды әрі ауқымды мәселелер сенаторлардың алдына қойылды. Бірқатар тақырыптарды әріптестерім де, өзім де түртіп алдық.

Біз мәселелерді жан-жақты талдай отырып, талқыға салып, сұрақтарға жауап табуды және оларды шешу жолдарын анықтауды ниет еттік. Кейінгі кезде елді индустрияландыру бағдарламасының тиімділігіне ұдайы сын айтылып келеді. Дегенмен, қазіргі заманғы өндірістерді, инновациялық технологияларды және жаңа мамандықтарды игерген адамдарды өз көзіңмен көрудің жөні басқа.

Біз «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында болдық, қоспалы алюминий мен одан өнім жасайтын зауыттың жұмысымен таныстық. Автомобиль дөңгелектеріне арналған дискілер елімізде де, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие болып отыр. Қазіргі заманғы тамаша өндіріс, әлеуеті жоғары. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды зауытқа қабылдау жөніндегі кәсіпорын басшылығының белсенді кадр саясаты қолдауды талап етеді. Олардың көпшілігі өндіріс озаттары болып отыр. Химия саласына бағытталған он кәсіпорынның өнім көлемі де көңілге қуаныш ұялатады. Олардың қатарында 30 мың тоннадан астам каустикалық сода, 240 тонна дезинфекциялау құралдары, автокөліктерге арналған 28 мың тонна майлау материалдары, сондай-ақ 11 мың тонна агрохимиялық өнім (гербицидтер мен пестицидтер) өндірісі бар. Елімізде де, шетелде де бұл өнімдерге деген сұраныс үнемі өсіп келеді.

Еліміздің импорттарын алмастыру, экспорттық әлеуетін арттыру, яғни азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру мәселелері индустрияландыру бағдарламасы іске асқанда шешіледі.

Барлық кездесулеріміз мазмұнды әрі пайдалы болды. Сенаторлар тобы жүздесулерді ұйымдастыруға көмектескені үшін облыс әкімі Болат Бақауовқа алғыс білдіреді. Біздің Павлодарға сапар бағдарламасының ерекше және ең маңызды бөлігі – Қазақстан Жастары конгресі күндерінің іс-шаралары болды.

Біз «Жас Ұлан» балалар қозғалысының қатарына бастауыш сынып оқушыларын қабылдау салтанатты рәсіміне, жастар еңбек жасақтарының XV «Жасыл ел» маусымының жабылу рәсіміне қатысып, ұлттық еріктілер желісіне қатысушылардың жобалар көрмесінде болдық.

Сапар соңында Қазақстан Жастары конгресінің пленарлық отырысы болды. «Жас Ұлан» балаларымен жүздесу зор әсер қалдырды. Олардың шынайылығы мен ашықтығы, Отанға адалдығы және оған қызмет етуге дайындығы бізді риза етті. Жастардың Отанымызға деген риясыз сенімі мен адалдығына куә болдық. Оны үлкендерге үлгі ретінде ұсынуға да болар еді.

Жастар. Студенттік жасақтардың жауынгерлері. Еріктілер. Жастар ұйымдарының белсенділері. Олар әр алуан, әрі ашық-жарқын, белсенді, іздемпаз әрі қызықты. Өз елін сүйетін, қоғам үшін пайдалы болуға ұмтылған асық жандар. Патриоттық биік сезімді біз олардан үйренуіміз керек...

Сапар барысындағы жүздесулер аясындағы Жастар Конгресінің активімен әңгіме есте қалды. Көптеген балаларды өзім де біраз уақыттан бері білемін, олар менің көз алдымда өсті, өздігінен шешім қабылдайтын әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін адамдарға айналды. Олармен кездесулер, олардың бастаған істері мен жетістіктері әркезде қуаныш сыйлайды. Кең әрі жарық, күш-жігері қайнаған жастар толған залдан: « – Сіздер үшін қазақстандық арман деген не?», - деп сұрадым. Залдағы жанары ұшқын шашқан балалар бір сәтке ойланып қалды, шамалы уақыттан кейін қызу әңгімеге куә болдым. Жеткіншектер әуелі бір-бірімен, содан кейін микрофон алып, ойларын баршамен бөлісе бастады. Жастар ең маңызды мәселелерді көтерді. Бейбітшілік пен келісім, бір-біріне құлақ асу және түсіну қажеттігі, берік отбасылық қатынастар, қайырымдылық және өзара көмек туралы әңгіме өрістеді. Еліміздің және мемлекеттің балалық шақ пен балалар ұйымдарына басқаша назар аударуды қалайтындары туралы айтты. Балаларды сөз алуға ешкім арнайы дайындаған жоқ, олар ойларын бипаздап да жатқан жоқ, бірақ олардың жоспарсыз сөздерінде шынайылық пен жалын атқан жастық жігер болды. Біздің әңгімеміз ұзаққа жалғасуы мүмкін еді, өйткені көптеген жастар өз пікірлерімен бөліскісі келеді. Біз қазақстандық арман туралы әңгімені жақын арада жалғастыруға келістік.

Осынау қысқа, бірақ өте мазмұнды сапардың нәтижесінде елімізге, Отанымызға шын жүректен сенетін, оның тамаша болашағы туралы біздің сөзімізге иланатын жас жігіттер мен қыздар туралы ойларға ерік бердім. Біз, аға ұрпақ, олардың үміттері мен сенімдеріне селкеу түсіруге құқымыз жоқ. Сонымен қатар, біз жастарға үміт артуымыз әрі сенуіміз керек. Олар оған лайықты.

Қазақстандық арман қандай болуы керек деген ой бүкіл қоғамға кеңінен қанат жайса жақсы болар еді. Бізді біріктіретін, жаңа шыңдарға шақыратын арман біздің мемлекетімізді, ортақ үйімізді нығайтады.

Дариға Назарбаева,

Сенат спикері.

Abai.kz

2 пікір