Жұма, 29 Наурыз 2024
Саңлақ 7153 9 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 16:11

Тшановтың бұл шешімі жас спортшылардың болашағына балта шабу емес пе?

Колледж директоры Амалбек Тшанов

Жақында Алматыдағы Республикалық спорт колледжінің жеті шәкірті оқудан қуылғаны жайлы ақпарат тарады. Кейбір дереккөздерде аталған жеті бала колледж басшысына шарт қойып, оқуға келуден бас тартты делінген. Олардың басты шарты осыдан біраз уақыт бұрын жұмыстан шығарылған жаттықтырушыларын қайтару болса керек. 

Ақпарат құралдарына сұхбат берген колледж жауаптылары жеті баланың өзін кінәлап, оқу орнының тәртібін бұзды деп отыр.

Ал, біз сөйлескен ата-аналар мен жұмыстан шығарылған бапкердің сөзінше, бұл мәселені шешу үшін әуелі колледждің ішкі ахуалын майшаммен қарау керек.

Олардың айтуынша, бұл шу аяқ астынан туылған тосын оқиға емес. Қайта ұзақ жылдар бойы қордаланған көп мәселенің уыты мен уақыты жетіп жарылуы көрінеді. Аталған колледжді 2008 жылдан бері басқарып келе жатқан Амалбек Тшановқа ата-аналардың өкпесі қара қазандай. Олардың ойынша, Амалбек мырза ел ішіндегі беделіне сүйеніп, жас спортшыларды оқудан шығарып отыр-мыс.

«Жұмыстан шығарылған жаттықтырушы Төлеген Тілеумұратовты қайтарыңыздар» деп талап қойған таэквондошылар қыркүйектен бері сабаққа қатыспаған. Талаптарына колледж директоры көнбеген соң Президент пен Елбасына видео үндеу де жолдаған. Бірақ талаптарының орындалғаны сол, жетеуі оқудан қуылған. Қалған алтауы да оқуыдан шығарылуы мүмкін екен.

Балалардың колледж ұсынған жаттықтырушылардан бас тартуына бапкерлердің өздері кінәлі көрінеді. Өйткені осыдан үш жыл бұрын аталған жаттықтырушылар шәкірттерін ұрып-соққан. Бірақ "басбұзар" бапкерлер жұмыстан шығарылмаған. Төлеген Тілеумұратов қызметінен кеткеннен кейін таэквондо командасының тізгінін қайта ұстаған. Ал бұл шешімге шәкірттер үзілді-кесілді қарсы.

Сымбат Әбдірахманова, ата-ана:

видеодан скриншот

- Біздің балаларды жазықсыз оқудан шығарып жатыр. Балалардың бар кінәсі өздерінің бапкерін жұмысқа қайта алуды талап етуі болып отыр. Екі оқушы қыздың арасындағы дау-дамайды қылмыстық іс ретінде, ал біздің жаттықтырушыны сол қылмыстық іске куәгер ретінде қарастырып жұмыстан шығарып жіберді.

Бұл жаттықтырушының аты-жөні - Төлеген Тілеумұратов. Осы кісінің баптауымен біздің балалар үлкен жетістіктерге жетті. Бәрінде Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы секілді атақтары бар. Жиыны 13 бала. Қазір жетеуі оқудан шықты. Балалардың ата-анасына хабарласып, балаларыңызды алып кетіңіздер деген, алдын-ала ескерту жасамаған.

Біздің білуімізше, бұлар Тілеумұратовтың жетекшілігімен жетістікке жетен жас спортшыларды тартып алғысы келетін секілді. Сол арқылы дайын спортшы балаларды сондағы "Барыс" спорт клубының бапкерлеріне бермекші. Ал ол бапкерлер 2017 жылы біздің балаларды ұрған. Сұлтанов Есбол және Теңізбаев Азамат деген сол бапкерлер әлі колледжде жұмыс істеп жүр. Айта кетерлігі, бұл клубтың басшысы - колледж директоры Амалбек Тшанов.

2017 жылы осы бапкерлерден таяқ жеген біздің балалар қыстың аязында жалаң аяқ, жалаң бас далаға қашып шығып, көшеде кезіккен адамдардың телефонымен бізге хабарласты. Ата-аналар жиналып, арыз жаздық, журналистерді шақырдық. Ол кезде бапкерлер кешірім сұрап, өзара келісімге келгенбіз. Директор Амалбек Тшанов өзі істі бақылауға алатынын айтып, уәде берген. Сол кезде көңілшектік жасап, кешірім берген едік. Ал бүгін сол бапкерлер қайтадан балаларды өз қолдарына алмақшы. Ол үшін өз бапкерімізді жұмыстан қуып отыр.

9-10-11 сынып оқитын балалар бапкерлері Төлеген жұмыстан кеткен соң жаттығудан бас тартуында себеп бар деп білемін. Демек, олар өзге жаттықтуршылардан қорқып отыр. Оқушылардың дұрыс жетекшілік істей алмайтын бапкерден бас тартуға құқы бар.

Біз бұл мәселені көтеріп Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раймқұлованың қабылдауында болдық. Ол кісіге барлық құжаттарды көрсетіп, директордың балаларға тыныштық беруін сұрадық.

Осыдан кейін министрліктен комиссия келді. Комиссия құрамында министрдің кеңесшісі Жәнібек деген азамат, министрлік өкілі Әбілтаев Ерсұлтан және министрліктің Гүлмира есімді заңгері болды. Біздің осы комиссиядан үмітіміз зор еді. Алайда үмітіміз ақталған жоқ. Бір қызығы бұл кісілер ата-аналарды қылмыскерді тергегендей бір-бірден кіргізіп, сұрақтар қойды. Бәрімізбен бірге кездесу өткізу керек еді негізі. Бөлек-бөлек қабылдап, әр ата-анаға әртүрлі сөздер айтқан. Қысқасы, үш күн бойы тексеру жасаған комиссияның өзі колледж директорының сөзін сөйлеп шықты.

Ал директор Амалбек Тшанов «Қайда барсаңдар, онда барыңдар! Мен құрметті адаммын. Президентке барсаңдар да өздерің біліңдер» деп отыр. Шынын айтқанда, бармаған жеріміз қалмады. Президент әкімшілігіне де, министрлікке де бардық. Вице-министр Елдос Мұратұлымен де кездестік. Сонда да мәселеміз шешілетін емес.

Оқушылар вице-министр Елдос Рамазановпен кездесті

Ата-аналардың жіберген материалдарындағы ақпаратқа сенсек, колледж басшылығы өз дегендерін орындату үшін барын жасап жатқан көрінеді. Министрліктен комиссия келер алдында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Ысқақова оқытушыларға оқу журналын тез арада реттеуге тапсырма берген. Өткен жылғы және биылғы оқу жылының журналын технология пәнінін мұғалімінін шақыртсаңдар да ертеңге дейін 100 пайыз дайын етіңдер деген бұйырық берген.

Ал министрлік өкілдері ата-аналарға жеке хабарласып, райынан қайтуға шақырған. Тіпті балалар сұрап отырған жаттықтырушы Төлегенді кемсітіп, «ол мықты болса спорт шебері атағын алар еді ғой» деп уәж айтқан. Сонымен қатар, колледж заңгері кәмелет жасына толмаған оқушыларды ата-анасынан сұрамай «жаттығуға қатыспасам оқудан шығамын» деген келісімге қол қойғызып алған. Оған қоса, бірнеше Олимпиада жүлдегері келіп, оқушыларды директордың айтқанын тыңдауға үгіттеген.

Ал жұмыстан қуылған жаттықтырушы Төлеген Тілеумұратовтың өзінің айтуынша, директорға ұнамағаны үшін осы жағдай орын алып отыр.

Төлеген Тілеумұратов, таеквондо жаттықтырушысы:

Төлеген Тілеумұратов шәкірттерімен бірге

- Республикалық спорт колледжінде талай уақыттан бері жұмыс істеп жүрмін. Жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Шәкірттерім ел чемпионатында, Азия біріншіліктерінде, тіпті, әлем чемпионаттарында жүлде алып, топ жарып жүр. Қазақстан ұлттық құрамасында қаншама шәкірттерім жүр. Менің кәсіби біліктілігіме, жұмысыма ешкім сын айта алмайды. Қандай бапкер екенімді таеквондо саласында жүрген жандардың бәрі біледі. Тіпті балаларды жарысқа апару үшін өз көлігімді кепілге қойып, ақша алған кездерім де болды. 

Бірақ колледж директоры Амалбек Тшановтың маған деген көзқарасы өзгеше. Оған себеп, менің өз жұмысыма берілгендігімде болса керек. Мен жұмысымды дұрыс атқарғым келеді. Спорт саласындағы былық-шылыққа, жемқорлыққа қарсымын. Мемлекеттен бөлінген қаржының спортқа жұмсалғанын қалаймын. Сол үшін де колледж басшылығының бұра тартуына көнбей, әділдігін айтамын. Директорға осыным ұнамайды. Оның үстіне, мен жаттықтырған мықты спортшыларды өз клубына алып, даяр асқа тік қасық болғысы келеді.

Ал осы жолғы мәселеге келсек, интернатта тұратын екі спортшы қыз қақтығысып қалады. Оның бірі менің ұзақ уақыттан бергі шәкіртім - Тұрарова Нұриза. Ол бірнеше дүркін ел чемпионы атанған. Азия чемпионатында да жүлде салған. Тіпті келесі алдағы Олимпиада ойындарына дайындап жүрген едім. Осы Нұриза мен колледжге жақында ауысып келген Ахметжан Наргиз есімді қыз түнгі 10-11 шамаларында сөзге келіп қалған. Даудың себебі, Наргиз өзі ішіп отырған суға Нұриза порошок салып жіберді деп ата-анасын шақырған. 

Сонымен қатар, жұмыс уақытым болмаса да мені де шақырып алды. Жатақханада тәрбиешілер мен арнайы жауапты адамдардың болғанына қарамай, мені әдейі шақырып отыр. Меннен бұрын Наргиздің әкесі Нұризамен сөйлесіп, «мойындасаң ештеңе істемеймін, мойындамасаң іс қозғатам, жарыстарға қатыса алмайсың» деп алдап, порошок салды деген уәждерін "мойындатып" алады. Сөйтіп, арыз жазып, қылмыстық іс қозғатты. Ал мені өздері шақырып алып, қылмыстық іске куәгер ретінде қатыстың деп жұмыстан шығарып жіберді. 

Ұзақ уақыттан бері тәрбиемді алып жүрген шәкірттерім директордан мені қайтаруды сұрап жүр. Ал олар балаларды мен ұйымдастырып отыр деп адамдарды шатастыруда. Министрлікті болсын, өзгені болсын «оқушылар мен ата-аналарды азғырып, оқуға жібермей отырған Төлеген» деген өтірікпен алдап отыр. 

Сөз соңында айтарымыз, еліміздің спорт саласы мен білім саласында бұндай дау-дамайлар аз емес. Әсіресе, қит етсе бас салып оқушыны оқудан қуатын "диктатор" директорлар азаймай тұр. Ал спорт саласындағы бұра тартулар мен келеңсіздіктер жайлы айтар өкінішіміз өз алдына.

Ал біз сөз етіп отырған мына іске қатысты ата-аналар мен бапкердің сөзінен ұққанымыз, екі оқушының кикілжіңінен қылмыстық іс қозғалған. Содан барып, тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген жаттықтырушы жұмыстан қуылып, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшылар оқудан шығарылған.

Біздің білуімізше, Тәуелсіз елдің таза ауасымен тыныстауы тиіс жас жеткіншектер қашанда қорғауда болуы керек. Оларды ешбір директор да, министр де өз ойынша жазалай алмайды. Ел спортының тізгінін ұстаған азаматтар өткен ғасырдағы әкімшіл-әміршіл жүйенің әдістерінен бас тартуы керек-ақ!

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616