Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
538 1 пікір 12 Қараша, 2019 сағат 12:31

Мемлекеттік қуыршақ театрында премьера!

Әлемдік бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеу баршамыздың ортақ мүддеміз. Осы ретте Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры түрлі қойылымдары арқылы кішкентай бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттерді дәріптей отырып, жас буынның қалыптасуына қалтқысыз жұмыс жасауда.

Бүгінгі көрермендердің өзіндік талаптарына сай келіп, қызығушылықтарына жауап бере алатындай заманауи бағыттағы балаларға және ересектерге арналған түрлі спектакльдерді сахналап келе жатқан өнер ұжымы  У.Шекспирдің ««Ромео мен Джульетта», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана», Еврипидтің «Медея», Е.Ионовтың «Ана жүрегі» секілді жаңаша үлгідегі қойылымдармен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, Халықаралық, Республикалық қуыршақ театр фестивальдерінде кәсіби сыншылар тарапынан лайықты бағасын алып келеді.  Жеңіс тұғырына жеткен сайын, жаңа белеске айқын мақсаттармен талпынып, шығармашылығын шыңдай түсуді міндет санайтын театр үшін әрбір жаңа спектакльдің жасалуы  – мол тәжірибе, толассыз білім.

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлы жайында сыр шертетін тәлімі бөлек, мәні  зор  «МЕН БІР ЖҰМБАҚ АДАММЫН... АБАЙ»  атты жаңа спектакльдің премьерасына шақырады!

Ойлы ортаны толғандырып жүрген оқиғаларды қуыршақ бейнесінде көрсетіп, заманауи театр стилистикасында сахналанатын символикалық шешімдерге толы спектакль фантасмагория жанрында жол тартады.

Мақсат - Абай тақырыбын көтеру ғана емес, сол арқылы ақындықпен ұшталып даналыққа ұласқан кемеңгердің ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу.

Қазақ театр тарихында ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған спектакльдер осыған дейін драма театрларында сахналанғанымен, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Абай образын қуыршақ бейнесінде тұңғыш рет сахналамақшы. Спектакль 16 жастан жоғары көрермендерге арналған.

Режиссер А.Зайцев спектакль мағынасына сай детальдар арқылы, әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен өлеңдері мен қара сөздеріне, сонымен қатар, М.Әуезовтің «Абай жолы» романына негіздеп көрсетуді мақсат еткен. Мұнда терең философия да, жалпыадамзатқа ортақ құндылықтарды қадірлеуге жасалған қадам да бар. Әрбір көрермен қойылымнан  өзінше ой түйеді.

Заман өзгеріп, өнер мен білімді жеткізудің тәсілдері әрқилы жолға түскенімен, қуыршақ театрының тұңғиығында көрермендеріне берер қазынасы таусылмақ емес. Сан қатпарлы, тамыры терең тарихымызда Абай сынды ұлы ақынның мұрасын насихаттайтын салмақты спектакьдерді қуыршақ бейнесінде көрсететін батыл шешім қуыршақ театрының жаңа қырынан дамып, өркендеуіне өз септігін тигізері анық.  Кемеңгер ойшыл, дана Абайдың асыл мұрасын сахналауға жасалған қадам ұлы ақынның 175 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Спектакль премьерасы 14-15 қараша күндері, 18:30-да өтеді. Жаңалыққа жаны құмар барша көрермендерімізді жаңа қойылымның премьерасында күтеміз!

Мемлекеттік қуыршақ театры

Abai.kz

1 пікір