Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
Рухани жаңғыру 816 24 пікір 12 Қараша, 2019 сағат 10:45

Жастарға ең қажетті нәрсе – ол ұлттық тәрбие!

Рухани жаңғыру идеясы бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған мәселе. Уақыт бір орында тұрмайды. Қазақ даналығында «елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі уақыттың өзгешелігі адамзаттық өркениеттің тегермеші тез жүріп келеді. Осындай уақыт жағдайында мемлекет пен жеке адамды, тарих пен ұрпақты біріктіріп отыратын ұлттық сана, ұлттық идея және ұлттық идеология механизмі.

Көп жылдар бойы қазақ халқының қатпарлы тарихын өзгенің айтуымен, отарлаушылардың ыңғайына қарай жазып, оқытылып, сол арқылы бірнеше ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырғаны жасырын емес. Ресей патшалығы қазақ даласын отарлау саясатының алдыңғы шебіне миссионерлерді тағайындағанды. Сөйтіп ХІХ ғасырда барынша миссионерлік науқан ұлттық тарихымыз, әдебиетіміз, мәдениетіміз, дүниетанымымыз дініміз бен тіліміздің табиғи қалыбын тас-талқан етті. Сол бұрма таным-түсініктерге негізделген жасандылыққа біз әлі күнге дейін қалтқысыз арқа сүйеп, сілтеме жасап келеміз. Отандық ғылыми айналымдағы жатжұрттық өкілдерінің ғылыми-тарихи еңбектері мен ой-пікірлерін ұлттық пайымда-көзқарас тұрғысында зерделеу жағына басымдық беруді «Рухани жаңғырудың» талабы ретінде түйсінуіміз керек.

Ұлттық сананың қалыптасу негізінде ұлттық тәжірибелермен қатар, діни құндылықтардың да жатқандығыда бар. Өкінішке орай, радикалдық діни идеология біздің ұлттық және тарихи болмысымызға сын-қатерлер алып келуде. Кейбір діни ағымдар біздің мәдениетімізге, тарихымызға өзімізді қарсы қойғысы келіп, ұлттық кодымызға шабуыл жасауда. Ғұлама Мұхтар Әуезов 1918 жылы «Абай» журналында жариялаған бір мақаласында: «Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді», – деп қоғамды жетілдірмейтін мәселені меңзегендей.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» – деп жастар арасында идеологиялық, рухани-тәрбиелік жұмыстар ұлттық мүддеге сай тиімді жүргізілуі керек.

Бүгінде жастарға ең қажетті нәрсе – ол ұлттық тәрбие. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны шындық.

Осы мақсатта Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Ізгілік орталығы» ашылып,  рухани жаңғыру аясында жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Егер жастар ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, онда өзге діни ағымдардың ықпалына адаса бастайды.

Осыған орай, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасымен бірлесе отырып, бірнеше іс-шаралар өткізілді. Ұлттық аударма бюросы ең үздік деген 100 оқулықты қазақ тіліне аударуды қолға алып, философия, әлеуметтану, дінтану қамтыған 18 кітап аударылған болатын. Аталған оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болмақ. Соның бірі әлемнің 40-қа жуық тіліне аударылған ағылшын дінтанушысы Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» ғылыми кітабы аталған жоғары оқу орнында гуманитарлық мамандықта білім алатын студенттердің ғылыми танымдық оқу құралы болмақ.

Тәрбиелік білім жас ұрпақты әсемдікті игеруге, оны өз бойына дарыта білуге, ең бастысы рухани даму сипатына жетелейді. Ұлттық тәрбиелік білім беру арқылы, жас өскелең ұрпақты халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен таныстырып, адамның ішкі сезімін, жан дүниесін түсіне білуге бағыттауға ұмтыламыз.

Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – адами құндылықтарды сақтау. Ал, Абай еңбектеріндегі әсіресе, «Толық адам» ілімі адамзатты тұлғалық тұрғысынан жетілдіруді көздейтін үлкен даналық ойлар жатыр. Халқының мінез-құлқының бұзылып бара жатқанын көріп, «Толық адам» ілімін жасаған Абайды әрбір қазақ білуі керек. Абайды білсе, пенделік жолдан қайтады. Қазір көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Ақынның мұраты – адамды рухани кемелдендіру арқылы қоғамды жетілдіру, елді ілгері дамыған мәдениетті мемлекеттер қатарына қосу. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқу үдерісіне Хәкім Абайдың «Толық адам» ілімін және «Тарих-дінтану» қосарланған мамандықты енгізу жұмыстары жүргізуліде.

Қазақстан тағдыры үшін, өткен ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз - егемендігімізді сақтап, мұратымызға айналған «Мәңгілік Ел» идея арқылы рухани жаңғыру құндылықтарын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ете білейік!

Бахтияр Алпысбаев,

дінтанушы.

Abai.kz 

24 пікір