Жексенбі, 8 Желтоқсан 2019
358 1 пікір 12 Қараша, 2019 сағат 09:43

Түркия тұтқындағы "ИМ" мүшелерін депортациялауды бастады

Түркия Сирияда тұтқынға түскен шетелдік азаматтарды депортациялай бастады. Анкара олар "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік тобының мүшелері болған деп болжайды.

Елдің ішкі істер министрлігі (ІІМ) 11 қарашада ИМ тобының мүшесі деп күдікке ілінген АҚШ азаматын депортациялағанын хабарлады. Мұнан бөлек 14 қарашада Германияның жеті және Францияның 11 азаматын өткеріп беретіні айтылған. Әзірге Еуропа елдері Анкараның бұл шешіміне қандай пікір білдіргені белгісіз.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған осыған дейін Сирияның солтүстігіндегі күрдтерге қарсы операция кезінде ИМ-ге мүше болған 300-дей шетел азаматының ұсталғанын хабарлаған.

Одан бөлек түрік түрмелерінде басқа елдерде жихадшы деп айыпталған бір мыңнан астам азамат отыр.

Ердоған Еуропа мемлекеттерін "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына қосылып кеткен азаматтардың тағдырына бейжай қарап отырғанын айтып, бірнеше рет айыптаған. АҚШ президенті Дональд Трамп та Еуропа елдерін Сирия лагерлерінде отырған азаматтарын алып кетуге шақырған.

Анкараның Сирия солтүстігінде күрдтерге қарсы операция кезінде, лагерлерде ұсталған жүздеген содырдың қашып кеткені белгілі болған.

Британия бастаған бірқатар Еуропа мемлекеттері "Ислам мемлекеті" террорлық тобына қосылып кеткен адамдарды азаматтықтан айырған. Сондықтан депортацияланған азаматтарды бірқатар Еуропа елдері қабылдай ма, жоқ па, белгісіз.

Abai.kz

1 пікір