Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жер дауы 4740 20 пікір 11 Қараша, 2019 сағат 16:05

Жер жекеде. Малшылар жайылымды қайтеді?

Abai.kz сайтының әлеуметтік желідегі парақшасына Алматы облысы, Қарасай ауданынан Нұраділ Рахметолла дейтін азамат үшбу хат жазып, дат айтыпты.

Әлгі хаттан ұққанымыз, Фабричный, Қасымбек ауылдарының маңындағы жайылымдық жерді Телман есімді жеке шаруа қожылықтың иесі айналасын 3 метр ор қылып қазыпты. Ауыл тұрғындары бұған наразы көрінеді.

Бізге шағым айтып, хат жазған Нұрәділ Рахметолла мырзаның өзіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап білдік.

Нұраділ Рахметолла, Қарасай ауданының тұрғыны:

- Мен Нұраділ Рахметолла, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылында тұрамын. Жеке кәсіпкермін. Менің Жамбыл ауданы, Қасымбек ауылына қарасты жайылым жерлерде жеке шаруа қожалығым бар. Менің қасымда шағын-шағын басқа да шаруа қожалықтар бар.

Біздің жанымызда Телман деген ұлты әзірбайжан азаматтың шаруа қожалығы да бар болатын. Ол жер - Қарасай мен Жамбыл аудандарының түйіскен тұсы. Сол жердегі 700 гектар жайылымды менің жеке меншігім деп айналдыра қоршап, үш метрдей тереңдікте қазып тастады. Қоршалған жердің ішінде менің де қожалығым қалып қалды.

Ол жердегі тау, өзен, су бәрін қазып өтіп кетті. Ар жағында Фабричный ауылының жайылымдық жері бар. Елдің малы жайылатын, су ішетін жері түгел айналдыра қазылды.

Бірақ, шаруа қожалықтың иесі Телман "ол менің жеке меншік жерім" дейді. Біз оның құжаттарын көрген жоқпыз. Сөйтіп ол, бүкіл Фабричный, Қасымбек ауылдарының маңындағы бұрыннан мал жайылымдық жерлерді 3 метр ор қылып қазып тастады. Қазылған жердің тереңдігі сондай, ана жерге мал түгілі адам түсіп кетсе аман қалмайды.

Біз қожалықтың қожайынын көрген жоқпыз. Тек, адамдарын жіберіп қаздырды. Бүкіл Фабричный ауылының тұрғындары қарсы шықты. Бірақ, ештеңе жасай алмаған. Сол күйі қалды.

Менің шаруа қожалығымның госактісі бойынша, ол жердің бір жақ бұрышы мемлекеттің жері. Сонда ол мемлекеттік жерлерді қоршап тастайтын кім? Кімнен рұқсат алған? Және ол жайылым жерді жыртып, егіс егеді. Оған жайылым жерді егістікке айналдыруға кім рұқсат берген?

Сосын менің шаруа қожалығымның қасында көл бар. Ол - барлық ауылдың малы келіп су ішетін жер. Таудан ағып келіп жатқан өзен. Соның бәрін қазып өтіп кетті.

Бұл жағдайға екі ауданның қосылған тұсындағы Фабричный, Қасымбек, Бекболат, Сауыншы ауылдарының барлық халқы қарсы шығып жатыр.

Тағы айтарым, ол жерді қазу үшін рұқсат алу керек. Әлгі қожалықтың иесі рұқсат алмаған. Екіншіден, өз жерін қоршағысы келсе сетка тартып, басқаларға жол қалдыру керек. Өйткені ана жайылым Үшқоңырдың тауынан бұғы, еліктер түсіп жүретін жер. Сол суатты қазып тастаған.

Былайша айтқанда, соғысқа даярлық жасағандай қылып шамамен, 20 км жерді қазды.

Бұл қандай Заңсыздық? Егер осылай кете берсе, біз болашақта вертолетпен ұшып жүруіміз керек шығар, онда?

Нұраділ мырза бұл мәселе бойынша Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа және Ауыл шаруашылығы министрлігіне шағымданған. Алматы облысы әкімдігі бұл мәселені ресми қарастыруға жібергені туралы жауап жазған.

Біз жоғарыда сөз болып отырған шаруа қожалығының қожайыны Телман мырзаның өзіне хабарласып, аталған мәселе бойынша ол кісінің сөзін тыңдадық.

Сой атын айтудан бас тартты. "Оны неғыласыз, мен қазір шетелдемін. Келген соң кездесейік. Кездескенде айтамын, көрсетемін...", деді.

Телман, Шаруа қожалығының иесі: 

- Тыңдаңызшы, мен өз жерімді қаздым ғой. Менің 3 мың қойым, 200 жылқым бар. Менде барлығы тіркелген. Мен бұл жерлерді жұрттан сатып алдым. Жеке тұлғалардан сатып алдым. Жоғарғы жақтан фабричныйлықтар малдарын айдап түседі. Олар ұлтаралық мәселені көтеріп отыр. "Түрік, әзірбайжан... кетіңдер" деп... Мен ше? Мен не істеуім керек? Мен біреудің жерін қоршап алған жоқпын ғой. Өз жерімді қоршадым. 

Мен сол ауылдан, адамдардан сатып алдым. Менде қанша госакті бар. Жеке меншік. Олар: "Сен қазақ емессің, әзірбайжансың. Сенің ол жерді қазуға хақың жоқ. Бұл қазақтың жері. Біз мұнда бұрын қалай мал бақсақ, қазір де солай баға береміз. Жоқ, біз сені өртейміз, пышақтаймыз (зарежем).." дейді. Білмеймін, бұл не әңгіме?!

Менікі шамамен 500 гектардай жер.  Іішінде 49 жыл деген бар. Ол шамамен 10 пайыздай. Мараторий жариялаған соң, сатып ала алмайтын болдық қой. Міне, сол 10 пайыз ғана. Ал 90 пайызы жеке меншігім. Мен ол жерлерді жеке азаматтардан алдым. Мемлекеттен ештеңе алған жоқпын. 

Олар менен мал айдап өтетін жер (прогон) сұрады. Адам сияқты сұрады. Мен ұзындығы шамамен 3,50-3 киллометр  жер (прогон) қалдырдым. Ал қазуды бастағанда олар маған келді. "Мейлі, жеріңді қоршап жатырсың. Ендеше біз мал айдап өте алатын жер (прогон) қалдыр. Қарасайдың жері жағынан 20-40 метр жер қалдыра аласың ба" деді. Мен: "сөз жоқ, жақсы" дедім. Мен плюс-минус қанша жер кері шегіндірдім. Оларға "прогон" қалдырдым. Біреудің бір метр жерін де алған жоқпын. 

Телеарнаны да шақырған. Жер басқармасынан адамдар шақыртты. Олар да келді. Көрді. Барлығы менікі дұрыс екенін көрсетті. Шекара бұзылған жоқ.

Олар енді ұлтаралық мәселе көтеріп отыр. Тіпті, мені "өлтіруге" де дайын болды. Мен оларға адам сияқты айттым. Мен өз малымды жайлауға айдап шығамын. Жазда үш айға, маусым, шілде, тамызда, кейде қыркүйекке дейін. Сол аралықта олар өз малдарын менің территориямда бағады.

Мен оларға: "Жігіттер, егін болсын, шөп болсын деп, мен әдейі өз малымды жайлауға алып кетемін. Мен ол жақта және 150-200 гектарға арпа, бидай егемін. Келсем, жоқ. Сенесіз бе, биыл мен 40 тонна ғана арпа алдым. Ал 200-250 тонна алуым керек еді. Барлығын солардың малдары таптап тастады. Келіп, айтсам, маған агрессивті түрде жауап береді.  Білмеймін, енді қалай жұмыс жасауым керек?! 

Менде құжаттарымның барлығы дұрыс. Телеарна да келген. Құжаттардың барлығын тексерген. Әкімдерді, жер басқармасынан адамдарды шақырған. Барлығы тексерді. Бүкіл Жамбыл ауданы біледі. Менде барлығы заңды. Ол жеке меншік. 

Айтпақшы, оларға әкімдік жер ұсынды. Жоғарғы жақта қоқыс төгетені орын (свалка) болған. Сол жақтан жер бермек те болды. Тіпті, мен өз техникамды көмекке ұсындым. ""Жігіттер менде тиегіш (погрузчик) бар. Өз есебімнен берейін. Сендерді де түсінемін. Сендердің жайылым жерлерің еді" дедім. Ауданның әкімінің көзінше айттым. "Тиегіш (погрузчик) жалдап берейін, ол жерді тазартып берсін" дедім де. Жоқ. "Біз осында бақтық, әрі қарай да баға береміз" деп отыр. 

Менің шаруа қожалығым облыстағы алдыңғы қатарлы. Мен қойларымды Америкадан, Англиядан әкелгем. Мыңбаев институтымен де жұмыс жасаймын. Маған шынымен жер жетпейді. Мемлекеттен дотация алмаймын. Мемлекеттен бір тиын да алған емеспін. 

Түйін. Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір алмасуға әркім құқылы.

Қос тараптың пікірін тыңдадық. Біз, аталған дауға қатысты кесіп-пұшып үкім айтатын Сот емеспіз. Құзырлы орган еміспіз.

Редакциямыздың әлеуметтік желідегі парақшасына үшбу хат жазып, мінбер сұраған Нұраділ Рахматолла мырзаның да, ол сөз етіп отырған Телман мырзаның да пікірін естідік. Жер дауына, жайылым дауына мінбер ұсындық. Мәселенің шешімін жергілікті әкімдік, Амандық Ғаббасұлы басқаратын Алматы облысының әкімдігі мен ондағы құзырлы органдар шешуі керек-ақ!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

20 пікір