Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 4004 2 пікір 11 Қараша, 2019 сағат 11:38

Ғабаң мен Раиса махаббатының белгісі іспетті білезік...

Кезінде қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтың өзі ғашық болып, кейін үйленген қазақтың белгілі актриссасы Раиса Мұхамедиярованы соңғы сапарға шығарып салғанымыз туралы басқа да ақпарат құралдары сияқты біз де жоғарыда жазғанбыз. Марқұммен хоштасу Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен.

Хоштасудан кейін марқұмды «Кеңсай-2» зиратына жерлеп қайтқан едік. Бұл сапарда екі күннен бері менің қасымда киноактер Шаяхмет Имашұлы, кинорежиссер Сатыбалды (Сәкен)Текеев бастан-аяқ бірге жүрген болатын. Марқұмды жерлеп келгеннен кейін, осының алдында ғана марқұм Раиса Мұхамедиярованың қонақасы берілген ресторанда асы берілді.

Бұл асқа көптеген өнер қайраткерлері, ақын, жазушылар, өзім араласып жүрген Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бауыржан Жақып және т.б. көптеген танымал тұлғалар марқұм жайлы естеліктерін ортаға салған болатын.

Осының алдындағы марқұмға берілген қонақасыдағыдай бұл жолғы асты да кино зерттеуші Шаяхмет Имашұлы жүргізді.

...Осы аста белгілі актрисса, көп жылдардан бері марқұм Раиса Мұхамедиярованың жақын құрбысы болған Ғазиза Әдінәбиеваның төмендегі әңгімесі жұрт назарын бірден өзіне аударып алғанымен ерекшеленгенін баса айтқым келеді.

-Иә, зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңші! Мына менің қолымдағы білезікті мен тұрмысқа шыққанда Раиса марқұмның өзі сыйға тартқаны кеше ғана сияқты еді . Ал, бұл білезікті Раисаға алғаш ғашық болып жүргенде ұлы Ғабаң, Ғабит Мүсірепов сыйға тартқан екен. Иә, анығын айтқанда бұл білезік жай білезік емес, Ғабаң мен Раисаның мөлдір махаббаттарының белгісі іспетті аса құнды әрі қасиетті дүние!

Қазір ортамызда қайғыдан қара жамылып отырған Ғабаң мен Раисаның соңында қалған екі қызы: Гаухар мен Гүлнарға осынау махаббаттың символы іспетті білезікті сыйға тартамын. Дүниеде ғашықтықтан артық құдірет барма екен сірә?

Гаухар, Гүлнар, қазақтың ұлы жазушысы, сендердің әкелерің Ғабит Мүсіреповтың, аналарың Раиса Мұхамедияроваға сыйға тартқан осынау білезікті көздеріңнің қарашығындай көрерсіңдер деп сенемін!

Тебірене толқи отырып Ғазиза апай сөзін осылай деп аяқтаған болатын.
Қаралы аста отырған барлығымызды қатты тебірентіп жіберіп еді Ғазиза апайдың бұл сөздері. Ғабаң мен Раиса апайдың асыл бейнелері көз алдымызға келді осы сәтте.

Залда бір сәт өлі тыныштық орнап, арты ду қол шапалаққа ұласқаны да бұл сәтте ешқандай ерсі болып көрінбеген біздерге...
Менімен бірге дастархандас болып отырған досымыз, кинорежиссер Сатыбалды Текеев осы көріністерді сол арада телефонына түсіріп жатып:
-Жұмаш, осы туралы міндетті түрде жазшы?-деп өтінгенін несіне жасырайын.
Айтпақшы, неге екені түсініксіз, өз фотоаппаратыммен түсірген суреттерім сапасыз болып шығып, Сатыбалды досымыз түсірген сол фотоларды ғана сіздердің назарларыңызға ұсынуға тура келгенін де жасырмаймын...

Иә, дүниеде махаббат құдіретіне жеткен күш жоқ шығар сірә!
Ғабаң мен Раиса сияқты екі ұлы тұлғаның махаббатының белгісі болған білезікті олардың сүйікті қыздары Гаухар мен Гүлнәр аялай ұстап, екі көздері мөлтілдеген жасқа толып, осы сәттің куәсі болып отырған барлығымызды да толқытып жіберген еді!...

Иә,марқұмдардың топырағы торқа болсын!
Жандары Жәннат нұрымен шалқысын!!!

Жұмаш Кенебайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3555