Бейсенбі, 14 Қараша 2019
Жаңалықтар 469 0 пікір 8 Қараша, 2019 сағат 12:37

Болат Бақауов Тоқаев пен Путинге Қазақстан-Ресей шекарасындағы жүк өткізу мәселесі туралы айтып берді

Омбыда өткен XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысқан Павлодар облысының әкімі шекарадағы ұзын-сонар кезектің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырап отырғанын жеткізді.

Болат Бақауов форумның пленарлық отырысында екі президент алдында өңіраралық ынтымақтастық бағытындағы мәселелер туралы баяндама жасады. Павлодар облысының әкімі Ресей Федерациясының шекарадағы өткізу пункттерінің өткізу қабілетінің төмендігін атап өтті.

– Тез бұзылатын тауарларды өткізетін кәсіпкерлер шекарадағы инспекциялық қызметтердің – ветеринарлық, фитосанитарлық және көліктік инспекциялардың, салық органдарының арасында оңтайлы тәртіптің жоқтығынан айтарлықтай шығынға ұшырайды. Әрбір машинаға терең тексеру жүргізіледі, құжаттар ұзақ уақыт сканерленеді. Кейбір ауыр жүк көліктері талаптардың сақталмауына байланысты кері қайтарылады. Бұл мәселені шешу үшін жедел түрде шаралар қабылдау қажет, – деді Болат Бақауов. 

Болат Бақауов сонымен бірге ресейлік әріптестерін энергетика және көмір саласында ынтымақтастық орнатуға шақырды. Ол Павлодар облысында энергия ресурстарында айтарлықтай артықшылықтар барын атап өтті. Бұл аймақтан кВт үшін 2 рубльге дейін арзан электр энергиясын жеткізуге мүмкіндік береді.

Екі мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін дәстүрлі өңіраралық ынтымақтастық форумы осымен16-шы рет ұйымдастырылып отыр. Биыл форум Омбы қаласында өтті.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір