Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әттең... 4620 12 пікір 8 Қараша, 2019 сағат 11:07

Ақбөкендерден айырылуға айналдық, ендігі кезек дуадаққа келді ме?

Асылы, халқымыз «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегенді бекер айтпаған. Шындығында біздер ертеңгі күнімізді ойлап, онша бас қатыра қоймайтын халықтардың санатынанбыз ба деген ой келеді. Әсіресе, сайын даламызды баяғы ата-бабамыз секілді еркін кезіп, ешкімнен жамандық күтпейтін аң-құстарымызға қырғидай тиіп, тұқымын тұздай құртуға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Мұндайда ешкімді де, ештеңені де аямаймыз. Сол аң-құстарға пана болатын жандарды жайратып салудан да тайсалған емеспіз. Өзгесін былай қойғанда халқымыз еркелетін «Ақбөкен» деп атап кеткен киіктерді жаудан жаман көруге айналдық. Ол тіпті ата жауымыз ба деп қалғандайсың. Мұндай аңшылық біздің байшікештер мен мықтыларға сәнге айналғандай. Әйтпесе, сондай зұлымдыққа ашыққан барып жүр дейсіз бе? Не істерін білмей еркккендіктен де. Ал қарсы келіп көр. Атып, асып, тіпті таптап та кетеді. Бір жаманы, ондай «еркелердің» саны азаяр емес. Оның зардабы жан түршігерлік. Мәселен, осындай табиғат қаскөйлернің жауыздығынан ғана Қазақстанда 1992 жыл мен 2003 жылдың аралығындағы 10 жыл ішінде ғана киіктердің саны 50 есе азайған көрінеді. Сөйтіп 1 миллионнан 20 мыңға дейін күрт төмендеген екен. Қазір оның саны 300 мыңнан сәл ғана асады.

«Жығылғанға—жұдырық» дегендей, киікке тиген жау жалғыз бұл ғана емес. Адамның қолымен жасалған табиғат апаты да оларды кей-кейде оңала алмастай етіп тұралатып кетеді. Бір ғана мысал. Осыдан азғана уақыт бұрын, дәлірек айтқанда 2015 жылы елімізде киіктердің жаппай қырылғандығы оқырмандардың есінде болар. Википиядағы «2015 жылы Қазақстанда киіктердің жаппай қырылуы» деген мақалада адам шошырлық деректер келтіріледі. Мақаладағы жазуға қарағанда сол 2015 жылдың 2 маусымында Ақтөбе облысында 9634, Ақмола облысында 9386, ал тек біздің Қостанай облысында ғана 132 мың 309 киіктің денесі топыраққа көмілген. Яғни зардаптың ең ауырын біздің облыс, дәлірек айтқанда Торғай өлкесі көріп отыр деген сөз. Әрине, мұндай тосын жағдайды әркім әртүрлі бағалап жатады. Билік басындағылар әрине, бәрін соның алдындағы жаздың аса қуаңшылық болғандығының салдарынан көріп, табиғат апатына жатқызады. Алайда, ақбөкендердің осыған дейін талай қуаңшылықты басына өткерсе де есен-аман келе жатқандығын ескерсек, бұл дәлелдің өзі аса күмәнді секілді. Екіншгі біреулер мұның бәрін Байқоңырдағы ғарыш айлағынан ұщқан Ресейдің ескірген зымырандарының даламызға құлап, одан аққан гептил деген пәленің салдарынан деген пікірде. Ал енді былтырғы жылы ғана сол Ресейдің зымырандарының құлайтын жерін дәл осы Торғайдың Жанкелдин ауданындағы жерді бөлгеніне қарағанда оған зымырандардың еш қатысы жоқ деген ойға мықтап бекінсе керек. Көршіміздің Ресейдің «Роскосмос» деген азуы алты қарыс мекемесіне кім қарсы келе алады дейсің. «Е, сенікі дұрыс» дегеннен аса алмайтынымыз айдан анық дүние. Айтпақшы, 2002 жылы Табиғатты қорғаудың халықаралық одағы ақбөкенді «CR» деген санатқа енгізіп, «киіктер--құрып кетудің алдында тұрған жануар» деген анықтама берген. Бұлар қазір негізінен біздің ел мен тек Өзбекстан мен Қырғыстанда ғана жайлайды.

Жарайды, «болары болды, бояуы сіңді» дегендей енді әлгіндей зобалаңды басынан кешкен облысымыздың басшылығы осы жағдайды түзетуге қолдан келген шарасын қабылдап жатыр ғой деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Келешекте ақбөкендердің қырылмауына жол бермеу бағытында ғылыми-практикалық конференция өткізіп, тығырықтан шығудың нақты бағыттарын белгілеу де бұл мәселенің шешілуіне үлкен септігін тигізері сөзсіз еді. Болмаса, жалпыхалықтық үндеу жариялап, мүмкін ол үшін арнайы қор құрып, қаржыландыруды қолға алса да тіптен де құба-құп емес пе? Жоқ, оның орнына қала басшылығы бастап, оны облыс басшылығы қостап, қаламыздың «Қостанай-плаза» деген сауда орталығының жанында пластик пен айнаны қорытпақтап, анау-мынау емес 7 метрлік зәулім ескерткіш орнатты. Ол үшін арнайы Нұр-Сұлтан қаласындағы  белгісіз бір Рүстам Карамысов дегенге тапсырыс береді. Осымен бітті.

Онысымен қоймай облыс басшылығы «Біз бұл ескерткішті киіктердің жойылып бара жатқан жағдайына халықтың назарын аудару үшін істедік» деп жаһанға жар салып жүргендігін қайтерсің. Сонда әкімдік тек ескерткіш қоюмен ғана осынау аса ауқымды мәселе өзінен-өзі шешіле салады дегенге шынымен сене ме екен? Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтың өзі барып, сол ескерткіш жанында суретке түсуіне қарағанда бұл жорамалдың да жаны бар секілді. Мүмкін, күні ертең бұл ескерткіш өмірден баз кешкен әулие есебінде оның басына қарақұрым ел жиналып тәубе ететін де болар. Сонда мүмкін ғайыптан киіктер саны өзінен-өзі молайып, бұл ескерткіштің сиқыры сонда ашылар? Ендеше, осынау көркіне көз тояды деуге ауыз бармайтын, қолапандай етіп, ешбір талғамсыз жасай салынған ескерткішке жұмсалған қаражаттың аса құпия ұсталуында да әлгіндей мән бар шығар. Күте тұрайық. Неге шыдамаған халықпыз. Бір қайыры болар.

Архимедтің тарихта қалар сәті

Ескерткіштің сауатсыз жарнамасы. Бізде киікті «Сайғақ» деп атайтын көрінеді

Айтпақшы, біз сәл асығыстыққа салынған тәріздіміз. Егер, біз осылай қурай басын сындырмай отыра берсек, киіктердің жаппай қырылу үрдісі тоқтамайды да, ақыры олардың тұқымдары тұздай құрып бітеді. Әне, сонда мұндай 7 метрлік емес, тіпті 17 метрлік ескерткіш салсақ та өкінішіміздің орны толмайтындығы анық. Тек, біздер әйгілі «Қызыл кітапқа» енген жануарды жоқ қылған елдердің қатарынан ойып тұрып орын алатынымыз айдан анық. Мүмкін, ең болмаса, әлемге осылай танылармыз.

Айптпақшы, «Қызыл кітап» демекші, өзімізде осы тізімге енген әсемдігі мен сұлулығына қызықпайтын адам жоқ дуадақ есімді құстың да ғұмыры ұзаққа бармайтын секілді. Олардың сұлулығына сұқтанған орыстар мұны өздерінше «ару құс» («Красотка») деп атайтын көрінеді. Бұлар негізінен Алматы, Тұркістан, Қызылорда және Жамбыл обыстарының мемлекеттік қорықтарында мекендейді.

«Ару құсымыз» осы. Шейхтар да нені аулауды біледі

Енді бұларды арабтың шейхтарының емін-еркін аулауына рұқсат берілді. «Бақсақ, бақа екен» дегендей мұның астарында өзінше бір бақай есеп жатқан көрінеді. Сөйтсек, олардың әрбір аулаған «аруына»  656 500 теңгені қалтасынан жырып беретін көрінеді. Біз үшін бұл біраз ақша көрінгенмен, қалтасы қалың шейхтардың түскі асына да жетпейтін тиын-тебен ғана. Мұнымен бюджетіміздің бүйірі томпая қояр ма екен. Үкіметтің айтуына қарағанда арабтың еріккен байлары кейін бізге миллиондап ақша құйып, дуадақтың қарасын көбейтетін көрінеді.

Ал қашанда аузымыз күйіп қалған біздің көкейімізде көптеген сұрақтар кептеліп қалды. Өйткені тұқымы құрып бара жатқан бұл құстың санын қалпына келтірудің нақты жоспары жайлы, оның қалай жүзеге асатындығы, береді деген ақшасына кім жауапты болатындығы туралы ешкім де жақ ашпайды. Бейне бір мемлкеттік құпия дерсің. Сонда күні ертең бұл миллиондарды кімнің қалтасынан іздеп жүреміз? Әдетте, біздегі бір жақсы басталған дүниенің не ұрлықпен, не сиырқұйыршықтанып, өзінен-өзі ұмыт болатындығын ескерсек, бұл сауалдарымызды орынсыз дей алмаймыз.

Жайберген Болатов

Abai.kz

12 пікір