Сейсенбі, 12 Қараша 2019
Тұлға 1813 6 пікір 6 Қараша, 2019 сағат 17:44

Сұлулықтың символы...

Рая... Раечка, Раиса, Раиса Мажитовна, Раиса Мухамедиярова...– Мусрепова...

Ел-жұрт ол кісіні осылай атайтын. Мен ол апайды алғаш кинодан көрдім. Дұрыс-дұрыс... 

 Иә, сол, «Менің атым – Қожадан» Майқанованың ролінде... Көрдім де иландым... Жек көрдім... Алайда, осыншама көркем «тәтейді»  ішімнен жамандыққа қимағам... Кейін «Жаңа фильм» журналының мұқабасынан көрдім. Сосын ол суретті қайшымен қиып алып, көпке дейін сөмкемде сақтап жүргем. Бір күні біздің ауылдағы мәдениет сарайына бір топ кино артистерінің суретін іліп қойды. Олар басында береткасы бар Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Раиса Мухамедиярова, т.б артистердің суреттері болатын. Бота көз, ұзын кірпік, томпақ ерін, аққу мойын... Иә, иә, Раиса солай сұлулықтың символы еді. Сонау өткен ғасырдың 60, 70, 80, 90 – жылдарына дейін Раиса Қазақ киносының мақтанышы болды. Театр сахнасында да көптеген әйел бейнесін сомдады. Әлі есімде... Мен Дон Ук қойған Оразхан Бодықовтың «Отырардың күйреуі» спектаклінде Ханшайым ролі ерекше болды. Ұзын бойлы, үстінде ақ көйлек, басында алтын тәж, қынама камзол киген патшайым шыға келгенде көрермен елең ете қалатын. Даусы саңқ-саңқ еткенде әрбір сөзі, әрбір мақамы құлаққа майдай тиюші еді. Әлі есімде, біздер Консерваторияның театр факультетінің студенттері кейде ТЮЗ-ға массовкаға шығатынбыз. Өйткені, әрбір шығу – 1 сом болатын. Мен сол кезде Раисаны жақыннан көргем. Бір рет ол кісі өз сахнасын ойнап болды да, қараңғыда гримеркасына беттеген. Ұзын ақ көйлек еден сыпырады. Қараңғыда ентелеп, «сұлу апайға «сұқтанып» келе жатқанда аяғымдағы етікпен ақ көйлекті басқанымды байқамаған екенмін. Ол кісі жайлап бұрылып мені көрген. Сосын сыбырмен: «Байқасаңшы, айналайын» - деген. Екі бетім ду ете қалды. Сасқанымнан «кешіріңізді» естілер-естілместей айттым... Жүрегім лүпілдеп, сұлу актрисаның аузынан маған арналған «айналайыны» қандай ғажап болатын. 

Мен 80-ші жылдары «Қазақфильмге» келгенде Раиса Мажитовна дубляжда болатын. Ол кез қазақ киносының, әсіресе дубляж саласының дәуірлеп тұрған шағы-тын. Режиссерлер Майра Әбусеитова, Қуат Әбусеитовтер, Дариға Тналина, Фазыл Атушевтер болса дубляждың корольдары. Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл Құланбаев, Омархан Қалмырзаев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шарипова және Раиса Мухамедиярова болатын. 8-март көшесіндегі «Қазақфильмнің» дубляжы  ІІІ қабатта орналасқан. Күнде кешке бар қызық сонда көшіп келетін. Өйткені Раиса Мажитовна да осында болушы еді. Олар кезек-кезегімен рольдерін жазады. Ал, басқалары карта ойнайды. Топтың ішінде аққудай болып Рая отыратын... 

Анда-санда көргенде амандасқаным болмаса, басқа таныстығым жоқ-ты. Сосын көп ұзамай мен Москваға оқуға кеттім. Кинорежиссер болсам деген арман алысқа алып кеткен. Ол кезде мен салт оқыдым. Жолдасым мен үлкен ұлым Алматыда қалды. Бір күні үйден балам Дидар сары ауру-боткин болды деп естідім. Кетейін десем, сабақ; кетпейін десем, қолымнан ештеңе келмейді. Әсіресе, табылмайтын дәрі.. Осындай қиналған сәтте мен режиссер Ұлжан Қолдауоваға телефон шалып бар жағдайды айттым. Мүмкіндік болса, сол дефицит дәріні тауып, Гүлбарамға берші деп жалынғандай болдым. Екі-үш күнде дәрі табылып, кейін баламыз жазылып кетті. Сөйтсем, Ұлжаннан естіген соң, Раиса Мажитовна таныстары арқылы әлгі дәріні алғызып, біздің үйге беріп жіберіпті. 

Иә, иә. Раиса Мухамедиярова үлкен жүректі жан еді. Тіпті ол кезде мені дұрыс танымайтын да. Кейін жазғы каникулға келгенде бірде сол үшін ол кісіге жолығып, рахметімді айттым және өткендегі дәрінің ақшасын қайтарайын дегенімде, ол кісі алмады.Тағы да ұялып, тағы да іштей риза болып, іштей алғысымды айта бергем... 

 Раиса Мухамедиярованы алғаш «Қазақфильге» Шәкен Айманов алып келген. Сол жерде өзінің актерлік жолын бастады. 

 Рольдері: 1961 ж Ә. Мәмбетов — Ән қанатында — Айгуль,1961 А.Карпов — Сплав — Камиля, 1962 ж Э.Файк  — Мальчик мой! — Бибигул, 1963 ж А.Қарсақбаев— Менің атым Қожа — мұғалім  Хадиша Майканова, 1963 — И в шутку и всерьëз — Шолпан, 1968 ж А. Қарсақбаев — Балалық шаққа саяхат —  Кулімбала, 1969 ж Ш.Айманов — Найзағайдың етегінде — Дина

          Осыдан 7-8 жыл бұрын мен Балалар мен Жасөспірімдер театрында басшы болып тұрғанда, Раиса Мажитовна бізге келіп тұратын. Әлі есімде, «Бұлбұлдар түні» қойылымына шақырғанмын. Спектакльден соң Раиса Мажитовна үлкен бота көздері жасқа толып, толқып шықты. Актерлерге рахметін айтып, басты рольдегі Жанар Мақашева мен Мухит Шынтаевқа қатты риза болды. Біз сол кеште ұзақ отырдық. Раисамен бірге отыру ғанибет болатын.  Және сол театрға зор құрметпен қарайтын.  

Иә, өмір шырмалаң дейміз. Кезінде Ғабең – Ғабит Мүсірепов қайтқан соң Раиса да біраз теперіш көрді. Оны театрдан жұмысқа кешігіп келді деген сылтаумен шығарып жіберді. Және жалғыз емес, Қасым Жәкібаевты да театрдан қуған. Кейін Досхан Жолжақсынов театрға директор боп келген соң, екеуін де театрға қайта шақырды. Қасым аға келді де, Раиса келген жоқ. Иә, бұл да тектілік болатын. 

Раиса тек сұлулықтың символы ғана емес сонымен бірге ол сол заманның сол кездегі моданың, сәннің үлгісі бола білді. Бүткіл қыз-келіншекке үлгі, ер-азаматтың арманы болған асыл жан болатын. Дауысында ерекше бір әуез, Европалық-қазақи мақам болатын..

Бір басында әйел затының сұлулығы да, ақылдылығы да, бекзаттылығы да Раисада болатын. 

Қайран Раиса Мажитовна! Қазақ қызы қандай дегенде, осындай деп мақтанатын өзің едің. Ғабеңдей ұлы тұлғаның ұрпағын жалғаған да, Гүлнәр мен Гаухарға да адал ана болдың. 

Раечка – Ғабеңнің музасы болды. Басқа басқа «Қыз Жібек» кинофильмінің сценарийі мен өмірге «Ұлпанның» келуіне себепкер болған да Раиса болатын. Сосын Ғабең жайлы айтқанда бота көздеріңіз суланып, күрсініспен, сағынышпен  мұңдана айтушы ең... Сағынушы ең... 

Сені бізден алып кеткен сол ұлы сағыныш, ұлы махаббат шығар деймін қазір..

Рая, Раечка, Раиса Мажитовна бір сөзбен айтқанда сізбен қоштасқымыз келмейді. Өйткені сұлу жандар өлмейді. Сұлулар жоғарылай түседі. Сіз ешқашан сөнбейтін қазақ киносының жарық жұлдызы едіңіз, бар болғаны сіз енді тек жоғарыға ұшып кеттіңіз...

Талғат Теменов

ҚР Халық артисі, профессор 

Abai.kz

6 пікір