Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 5746 4 пікір 1 Қараша, 2019 сағат 13:11

Эмиграция – саясат айнасы

Иә, 2014 жылдан бері елімізден көшіп кетушілер саны көбейіп барады. Статистика жөніндегі комитеттің деректеріне қарағанда 2012 жылдан бері 230 мыңдай адам тұрақты тұру үшін Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен. Бақытын сырттан іздегендер саны жылдан жылға ұлғаюда. 2014 жылы – 28946 адам, 2015 жылы –30047 адам, 2016 жылы –34900 адам, 2017 жылы –37704 адам, 2018 жылы – 41894 адам шетелге қоныс аударған. Тек өткен жылы ғана 42 мыңдай адам эмиграцияға кетіпті. Қазақстан миграция бойынша Еуразиялық одақта көш бастап тұр. Екінші орында Армения, үшінші орында Қырғызстан.

Еліміздегі эмиграция тасқынында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының үлесі басым. Ұлттық жағынан қарасақ, көшіп кетушілер негізінен орыстар, украиндар және немістер. Эмиграцияның Қазақстан үшін әрі теріс, әрі пайдалы жағы бар. Теріс жағы – көшіп кетушілердің тең жартысы жоғары және орта білімді мамандар. Мұны демография тілінде ақыл-ойдың жылыстауы деп атайды. Тиімді жағы – Қазақстанда қазақтардың үлес салмағы арта түседі. Анықталмаған деректерге қарағанда еліміздегі қазақтардың үлес салмағы қазір 72-73 пайызға жеткен.
Миграциялық сальдо (көшіп кетушілер мен көшіп келушілер санының айырмашылығы) минус 29 мың адам болса, ол халықтың табиғи өсімінен (238 230) сегіз есе кем. Яғни бұл еліміз үшін бәлендей қауіпті емес. Келімсек диаспоралар өкілдерінің өздерінің тарихи отандарына көшуі болса ол табиғи үдеріс.

Қауіптісі –алдағы кезең. «Стратегия» қоғамдық қорының 2019 жылдың қаңтар айында жүргізген зерттеулеріне қарағанда Қазақстан халқының төрттен үш бөлігі елден көшіп кеткісі келеді екен. Оның ішінде орыстардың 52 пайызы, қазақтардың 31 пайызы сондай пиғылда. Әсіресе, 25 пен 34 жастың арасындағылар. Мені алаңдататыны да сол жастар. Зиялы қауым ортасында жүрген соң кездескенде бала-шағаның жайын сұраймыз. Сонда еститініміз: «Балам Канадада», «қызым Англияда», «немереміз Германияда», «оқуын бітіріп сонда қалды» деген тәрізді жаңалықтар. «Не себепті?» десең шетінен Қазақстанда жоғары жалақысы бар лайықты жұмысқа тұру, мәнсаптық өсу мүмкіндігінің шектеулі екендігін алға тартады. Шетелдегі қазақ жастарымен кездескенде олар «режим өзгермей елге қайту жоспары» жоқ екендігін жайып салады. Яғни бұдан эмиграциялық үдеріс еліміздегі режим мен режим саясатына тікелей байланысты екені байқалады. Әрине, біз қазақ жастарының Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік дамуына үлес қосқанын қалаймыз. Алайда ол саяси өзгерістерге ғана тәуелді болып тұрғаны өкінішті.

Марат Байділдәұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір