Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 6911 12 пікір 31 Қазан, 2019 сағат 14:17

Елдік мәселені ешкіммен ақылдаспай шеше алмайсыз, Ахметов мырза!

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов өткенде Күршімдік жұртпен кездесіпті. Өскеменде. Сөйтіп, өзі басқаратын өңірде орналасқан шекаралық аймақтарды дамыту үшін облыс әкімдігі арнайы бағдарлама әзірлейтінін айтыпты. Бұл туралы саясаткер Ерлан Саиров әлеуметтік желіде хабарлады.

Жазбадан ұққанымыз облыс әкімі Даниал Ахметов жаңағы шекаралық аймақтарды дамыту бағдарламасы ШҚО құрамындағы Катон-Қарағайды, Марқакөлді, Тарбағатай мен Мақаншыны қамтығанымен, жеке аудан болып қайта қалпына келтірілмейді депті-міс. Осыны айтып дабыл қаққан Ерлан Саиыровтың жазбасын талқыға ұсынғанды жөн көрдік.

Ерлан Саиров:

-ШҚО әкімі Даниал Ахметов жақында Өскеменде Күршім ауданының ақсақалдарымен кездесіп, облыс көлемінде шекаралық аймақтарды дамытудың арнайы бағдарламасын жасау туралы айтты.

Алайда, шекаралық аймақта орналасқан Катон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандары қайта қалпына келтірілмейді екен.

Мен бұған неге мән беріп отырмын? Егер бұл аудандар жеке шекаралық-әкімшілік бірлік болып құрылса, онда сәйкесінше ол жаққа мақсатты түрде ақша аударылады. Ал бұл дегеніңіз – мемлекет осы аймақтардың адами потенциалын қайта қалпына келтіру үшін нақты жағдай жасайды деген сөз.

Алайда облыс әкімі бұл аудандарды қайта қалпына келтіруден бас тартып, шешім қабылдапты. Меніңше, бұл оның жеке шешімі болған сияқты. Жергілікті шенеуніктер мен, мүмкін, республикалық масщтабтағы бірлі-жарым шенеуніктен басқа ешкіммен ақылдаспаған болуы керек.

Міне, ондаған мың әпке-бауырларымызға қатысты шешімдер бізде осылай, кабинеттің ішінде, ел-жұртпен ақылдаспай-ақ, қабылданады.

Қазіргі жүйені азаматтарға қатысты тағдыршешті шешімдерді қабылдауда шенеуніктердің осы формалдылығы құртады.

Менің айтпағым, шекаралық аймақтарды дамыту туралы бағдарлама формалды түрде қабылданады. Ал шындап келгенде мәселе шешімін таппай жатады.  Әрбір адамға, олардың талап-тілегіне келгенде көңіл бөлінбейді. Дефицит.

Дәл осы шекаралық аймақтардан қазір жұрт жаппай көшіп жатқаны жасырын емес. Жұрттың бұлай үдере көшуі біздің тарихымыздағы ең ауыр кезеңдердің өзінде болмаған шығар. Өскемен мен Семейдің «дачалары» осы шекаралық аймақты тастап келгендермен толған. Олардың кәсіби жұмыстары да жоқ. Балалары балабақшаға, тіпті мектепке де орналаспаған болуы мүмкін. Әлгі шекаралық аймақтан кеткен кейбір отбасылар сол бойы Алматы мен Нұр-Сұлтанды жағалап жүр.

Міне, осылайша шекаралық аймақтар жұртсыз, қаңырап бос қалып жатыр. Біздің жоғарғы лауазымды шенділеріміз барып демалғанды жақсы көретін Катон-Қарағай мен Марқакөлде енді аз дегенде жұмыс күші де қалмайды. Олардың орнына әрине, қытайлар немесе басқалар жұмысшы болып келеді.

Бір ғана мысал, Марқакөл ауданында 1992 жылы 25 мыңнан астам адам тұрса, қазір бар-жоғы 6 мыңдай ғана адам қалған. Бұл факт!

Ондаған мың адамның тағдырын шешерлік мұндай шешімдер (шешкаралық аймақтарды дамытуға қатысты) мейлі, мың жерден тәжірбиелі, жүз жерден авторитет болса да, бір ғана адамның мақұлдауымен қабылданбауы керек.

Бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты, елдік мәселе! Мен ШҚО әкімдігін халықтың пікірімен санасуға, олармен ақылдасуға шақырамын. Халықтың мүддесіне жұмыс жасау керек. Бұл мәселе барлығымызға қатысты. Бұл біздің елдігімізге қатысты мәселе. Құдай үшін, адамгершіліктен аттамайық. Мұндай маңызды шешімнің қабылдануына бәріміз араласуымыз керек. Өз ой-пікірлерімізді, ұсыныстарымыз бен талап-тілектерімізді айтуымыз керек.

Мен Үкімет пен ШҚО әкімдігіне, шекаралық аймақтар туралы шешім қабылдауда барлығы ашық әрі жан-жақты болуы керек деп талап қоямын!

1. Әуелі қоғамдық тыңдау болуы керек. Оған сол аудандардың тұрғындары мен қоғам өкілдері қатысуы керек.

2. Республикалық масщтабтағы сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылуы керек. Олар сол аудандардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын сараптауы керек.

3. Облыс аумағындағы зиялы қауымның пікірін есту керек.

Кез келген тағдыршешті мәселе қоғаммен, халықпен барынша ашық диалог арқылы талқынауы керек. Тек содан кейін ғана шешім қабылдауға болады. Халықтың талабын ескеру – міне, дамудың жаңа парадигмасы осы.

Жаңа заман мәселені шешудің жаңа жолдарын талап етеді. Мемлекет мүддесі де осыны көздейді.  Мен Даниал Кенжетайұлына құрметпен қараймын, бірақ шындық одан жоғары!

Abai.kz

12 пікір