Сенбі, 20 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 3955 0 пікір 20 Маусым, 2016 сағат 12:22

МЕКТЕП ФОРМАСЫН ҒАНА ЕМЕС, СӨМКЕЛЕРДІ ДЕ ӨЗІМІЗ ШЫҒАРУҒА ТИІСПІЗ

Ақтөбелік кәсіпкер әйелдер мектеп формасымен қоса оқушыларға арналған  сөмкелерді де шығаруды жоспарлап отыр.

«Ерке сылқым» сән үйінде Мектеп формасы орталығының тұсаукесері өтті. Көрмеде қаланың 7 ірі ательесі өз өнімдерін көрсетті.

Баршаға мәлім, ҚР Білім және ғылым министрлігі өзінің бұйрығымен орта білім беретін ұйымдарға арналған міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітті. Құжатқа сәйкес, әрбір оқу орнының педагогтар мен ата-аналар комитеті бекіткен бірыңғай формасы болуы тиіс.

Жыл сайын, 123 мың оқушыны киіндіру үшін ақтөбеліктер 2 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсайтынын айта кеткен жөн, бұл ретте мектеп формасының 93%-ы жақын шетелден әкелінеді және тек 7%-ы осы өңірде шығарылады.

Осы жұмысқа кірісуге 7 ателье дайын отыр, кәсіпкерлер Ресейден мата алуға тапсырыс беріп те қойды. Арнайы ата-аналар комитеттерінің және облыс мектептері директорларының өкілдері үшін мектеп формасының үлгілерінен көрме ұйымдастырылды.

«Мектеп сөмкелерін, спорттық формалар тігу жайын да ойластыру қажет. Біз өзге елдерден кем емеспіз. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін барлық жағдайлар бар», - деп атап өтті қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова.

Көрме барысында ақтөбелік ательелер  басшылары өздерінің  бүкіл проблемаларын да жеткізіп айтты, оның ішінде – форма  тігушілер үшін салықтық жеңілдіктердің, преференциялардың қажеттілігі.

«Қазақстанда мата өндірілмейді. Біз өзге елдерден, мысалы Бішкектен алып келуді қалаймыз, бірақ мектеп формасының ең соңғы құны ата-аналардың қалтасына лайық болуы үшін шығындарды қалай қысқартамыз?» - дейді «Келешек» ательесінің  директоры Бану Мырзағұлова.

Осы және басқа да сұрақтарға билік, шағын және орта бизнес өкілдері таяу күндері Кәсіпкерлер палатасында өтетін дөңгелек үстел барысында жауап беретін болады.  

Abai.kz

0 пікір