Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 8001 0 пікір 17 Маусым, 2016 сағат 14:13

ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ АШЫҚ ХАТ

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә. Назарбаевқа

Көшірмесі: ҚР Премьер-Министрі

К.Қ. Мәсімовке

ҚР Сенатының спикері

Қ.К. Тоқаевқа

ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері

Б.С. Ізмұхамедовке,

Жер туралы  комиссия төрағасы

                                                                             Мырзахметовке,

барлық деңгейдегі әкімдерге, Министрлерге,

Агенттіктерге, Ұлттық компанияларға,

Құқық қорғау құрылымдарына,

Сенат және маслихат депутаттарына,

 БАҚ өкілдері ,

барлық саяси партия жетекшілеріне, азаматтарға!

 

               

                                                          АШЫҚ ХАТ

        20  маусым күні ҚР  «Жер туралы кодекстің» қабылданғанына тура 13 жыл толады. 2003 жылы қоғамның қарсылығы мен «халыққа қарсы  жасалған «Жер кодексі жойылсын!» деген талапқа қарамастан, кодекс қабылданып кетті. Өзге ТМД елдері, Балтық жағалауы өз халқына жерді тегін беріп отырғанда, Қазақстанда – жер пайдалану құқығы сатылатындығы бекітілді. 

Ал ең сорақысы – жер пайдалану құқығы жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғаларға да сатылатын болды. Сөйтіп, қазақстандық латуфиндистер пайда болды. Олар кодекске арнайы бап енгізе отырып, миллиондаған гектар жерді иеленіп шыға келді.

Дамушы елдерде жер тек қана жеке тұлғаға сатылып, тек соңынан ол заңды тұлғаға айналғанда да сол жерге құқықты. Әдетте бұл аса ауқымды жерге иелік етуші латифундистердің пайда болуына  заңдық кедергі болып табылады.

        Енді арада 13 жыл өткенде, қазақ жерінің жағдайы  Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай болып тұр: «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі! Бұл – қазақтың тірі не өлі болу мәселесі».  Мұнан бір ғасыр бұрын айтылған бұл сөз бүгін де жанды. Енді бертінгі уақытта айтылған Михаил Есенәлиевтің сөзіне жүгінейік: «Жер мәселесінің тек қана әлеуметтік-экономикалық емес, одан да күрделі мәселе екенін ескеруге тиіспіз. Ол қоғамымыздың тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға тікелей байланысты саяси Һәм имандылық мәселесі».

Дәл осы күндері ҚР «Жер туралы» заңға енгізілетін бірнеше бап (6-бап, 6-пункт, жер қатынастарына қатысты шетелдік азаматтар Қазақстан азаматтарымен теңеседі;12-бап, 43-пункт – шетелдіктер қатысатын өндірістер ұлттық жер пайдаланушылар қатарына жатқызылады;  23-бап, 4-пункт бойынша шетелдіктер Қазақстан жерін меншіктене алады; 48-бап, 4-пункт – шетелдіктерге жерді жалға беруді және сатуды барлық деңгейдегі әкімдер жүргізе алады. Осы баптың 1пункті және 4-ші пунктіне қосымша бойынша  шетелдіктер, өзге де беймәлім адамдар үшін қазақ жерін аукционда сатып алуға мүмкіндік береді; 26-бап, 5-пункт бойынша мемлекет меншігіндегі жерді сатып алушы қай жерден қаласа сол жерден сатып алуына болады; т.с.с.) бойынша қоғамда қызу талқылау мен қарсылық қатар жүріп жатыр. Біз, желтоқсандықтар, заңға өзгерістерді өзара талқылап, комиссия жұмысын бақылай отырып, өз ой-пікірімізді ортаға салуды жөн санадық.

Бірінші кезекте, қазақ жеріне қатысты өткеннің сабағын алға тартқымыз келеді. Өйткені өткенді білмей, бүгінге уәж айту қиын. 

ХV1 ғасырдың басы (Қасым хан), ХV1 ғасырдың соңы, ХVП ғасырдың басы (Есім хан), ХVП- ғасырдың соңы, ХVШ ғасырдың басы (Тәуке хан) қазақ өз жерінде тәуелсіз, ен далада емін-еркін өмір сүген кезеңдер болған.

 ХVШ ғасырдың басында, қазақ жеріне жоңғардан қауіп төнгенде Кіші жүз ханы Анна Иоанновнаға хат жолдайды. 1730 жылы жазылған осы хаттан – қазақтардың ерікті түрде Ресей бодандығын қабылдауы басталды. Боданға түсе бастаған қазақ жерінен үлес алып қалуға ұмтылған Қытай ХVШ ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістанды жаулап алып, отарланған елдің ежелгі атауын санадан біржола өшіру мақсатында қытайша Синцзянь (Жаңа шекара) атандырып жіберді.

Қазақ жері екі империяның бөлісіне түсті. 1881 жылы Санкт-Петербург келісімшартына қол қойылып, Ресей мен Қытайдың шекаралары белгіленді. Шығыс Түркістан Қытай империясының, ал қалған жердің бәрі Ресей империясының жер қорына заңдастырылды. Тұтас алғанда, Ресейдің қазақ жерін отарлауы патша заманында, Кеңес үкіметі тұсында да жүргізілді. Қазақ жерін отарлау тәсілімен меншіктену 123 жылға созылды.

...1731- 1865 жылдарға дейін патша үкіметі қазақ жерін әскери күшпен отарлады. Х1Х ғасырдың 40-жылдары орыс әскерлері мен патша үкіметін жақтаған сұлтандардың күш біріктіруіне төтеп бере алмаған Кенесары бастаған көтерілісшілер тізе бүкті.

Қазақ жері тұтас отарланды. ХІХ ғасырдың басында Ресейде егіндікке жарайтын 140 млн. десятина жер болды. Соның 70 миллионын 30 мың помещик өзара иеленіп алды. Ал, қалған 70 млн. десятина жер миллиондаған мұжық-шаруаға жетпеді. Олар наразылық танытып, помещиктерді өлтіріп, бүлік көтеруге дейін барды. Ресей үкіметі бұдан құтылатын жалғыз жол: қазақтың жерін тартып алып, орыс шаруаларына бөліп беріп, қоныстандыру қажет деп тапты.

 Қазақ жерін отарлау үшін жасалған атақты Столыпин реформасынан соң, орыс шаруалары қазақ жеріне пәрменді түрде қоныс аудара бастады.

Ресей империясы 1891 жылы 25 наурызда Ереже қабылдап: «Көшпелілердің жерлері және сол жерлерге қатысты барлық нәрселер, сондай-ақ ормандар мемлекеттік меншік болып танылады» (19-бап) делінсе, Жетісу өңіріндегі қазақ жерін қоныстандыру саясатына байланысты өткен бір жиында: «...жерлер мемлекеттік меншікті құрайды және қырғыздарға (қазақтарға) тек қана уақытша пайдаланылуға беріледі» деп келтірілген. Сөйтіп, қазақ өз жерін өзі жалға алды.

Әлихан Бөкейхан тың даланы игеріп, егін шаруашылығымен айналыса бастаған орыс шаруаларының күйзеліске ұшырайтынын бірден ескертеді,  қазақ даласы егін шаруашылығы үшін жарамсыз,  экономикалық тиімсіз екенін айтады.  Алашордашылар қазақ жері үшін заңды түрде күресіп, Алаш Автономиясы кезінде: «Алаш автономиясының жері, үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болып табылады» дейді. Автономия құрудағы мақсат - саяси бостандық қана емес, жер мәселесін шешу еді. Бірақ алашордалықтар жеңісі ұзаққа бармады. Ал арада 100 жыл  өткенде, Әлихан тұжырымдары расталды. 1954-1960 жылдары Тың игеруде 19 миллион гектардан астам жер жыртылды. Жер эрозияға ұшырап, миллиондаған гектар жер айналымнан шығып қалды. Қазақ жерінің үшке бөлгендегі екі бөлігі (мөлшермен 70% ) жайылымға ғана жарамды екенін Ресей ғалымдары мен мамандары да мойындады.

Қазақ жері үшін күрес – ғасырлар бойы жүріп келеді. Біздің ата-бабаларымыз тулақтай жер үшін жат жұрттықтармен соғысса, біздер бүгін өкінішке қарай, жер үшін өз шенеуніктерімізбен күресуге мәжбүрміз!

...1905 жылы маусымда Қоянды жәрмеңкесінде Қарқаралы петициясы жарияланып, «жаппай қоныстану қарқыны күшейіп, құнарлы жерлер қоныстанушыларға өтуіне байланысты, қазақтар орналасқан жерлерді олардың заңды меншігі екенін мойындауды» талап етеді. «Мойындату» аса қиын іс болды. Ресей үкіметі меншік заңдылығын мойындамақ түгілі, мұндай талап айтқандарды қамауға алып, тіпті айдауға жіберді. Сөйтіп, кең-байтақ даласында емін-еркін малын бағып, еркін өмір сүрген қазақ ХVШ ғасырдың басынан бастап, Ресей және Қытай империяларының отарлау саясатының құрбаны болып, өз жерлерінде қуғын-сүргінге түсті.

Қазақ жерін отарлауға әскери күш танытқан, империя мүддесін көздеуші орыс-казактарға 30, ал кей жерлерде 50 десятинадан жер бөліктері  иеленуге немесе өмір бойы меншік құқығы берілді. Басқыншылар бірнеше айдың ішінде- ақ қазақтың 11 610 484 десятина шұрайлы жерін қолма-қол иемденіп алды. Нақтырақ айтқанда: Сібір казак әскері 5 млн. десятина, Орал казак әскері – 6 млн. десятина, Жетісу казак әскері – 610 484 десятина жерді бауырына басты. (С. Асфендияров. «История Казахстана», Алматы, 1993, с.187).

 «Жергілікті халықтың жерін тартып алған казактар оны немқұрайлы пайдаланып, орман-тоғайын жоқ етті де, келесі жақсы жерді тартып алып отырды, -дейді Терентьев». (М.Қойгелдиев. «Алаш қозғалысы», Алматы, 1995, 27-бет)

 «Қазақ жері қазақтан көп артылып қалу үшін, яғни переселендерге қазақтан жерді көбірек алу үшін біз әдіс іздеп отырмыз. Әдіс қылу – жолсыздық емес, ептілік. Біз Министрлер Советінен ептілік етуге рұқсат алып, қазақты ебімізге түсіруге қайырмалап едік, топ-тобымен  топырлап түсіп жатыр. Ол істеген ебіміз, қазаққа: «отырықшы болып жер алуға риза болсаңдар, сендерге де мұжықпен қатар 15 десятинадан  жер береміз» дедік.  Қазақтар отырықшылыққа жер бер деп жабыла жер сұрап жатыр» дейді переселен басшысы Глинка.

Қазақтың ең соңғы үміті – осы 15 десятина болып қалған. Олар құм басқан шөл сахарасына резервацияланып кетуден қауіптенген. Себебі қазақтың дені осы тұста құнарлы жерлерден ысырылып, шөл мен шөлейтті оңтүстікке ығыстырылғаны рас. Олар  шөлейтті жерлерді қыстаймыз деп, малдан айрылып, малсыз, жерсіз қалды.

1917 жыл, Ақпан төңкерісі.

Уақытша Өкімет те патшалы Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатын сақтап қалуға жұмыс істеді.

Нәтижесінде казак жүздіктері мен командалық әскер, қаруланған шаруа еріктілерінің қыспағына түскен мыңдаған қазақ 1916-1917 жылы Қытай асты.

Қазақ халқы заң жүзінде ХІХ ғасырдың аяғында жерінен толық айырылды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің меншігіне өткен жерді кімге береді, үкіметтің өзі білді.

 Міржақып Дулатов «Қазақтың жерлері» атты өлеңінде:

-Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,

Мұжыққа, қош аман бол, барасың ба?

Қасиетті бабамыздың зираты,

Қалды ғой көшесінің арасында.

Моншаға зираттың тасын алып,

Ағашын отқа, мұжық, жағасың да.

Таба алмай бір барғанда еш белгісін,

Көзден жас көлдей болып ағасың да, – деп жырлады.

 Ресей империясы тарапынан  саяси отаршылдық көзқарас Кеңес Одағы тұсында да толастаған жоқ. 1917 жылы Алаш Автономиясы жарияланғанда құрамында болған Алтай өлкесі 1920 жылы ҚазАССР- дің құрамынан бөлініп тасталды. Кеңестік отарлаушылар 1924 жылы Орынбор өлкесін, 1929 жылы Қарақалпақ Республикасын Қазақиядан бөліп алып, алғашқысын Ресейге, соңғысын Өзбекстанға қосып берді. 1955 жылдың 12 қарашасында Н.Хрущев қол қойған СОКП ОК Президиумының қаулысымен Бостандық және Мырзашөл аудандары Өзбекстанға өтті. 1965 жылы тағы да Қостанай облысының 1833 гек­тар аса шұрайлы жерін РСФСР-дің Челябі об­лысына қосты. Кешікпей Маңғыстау түбегін Түркіменстанға қосу жоспарланды. Бірақ, бұл  Хрущевтің тақтан түсіп қалуына байланысты іске аспады.

Жерді билеу құзіреті Мәскеуде болғандықтан, Семей полигонын ашуға ешкім қарсы келе алмады. Мәскеу айтты, Қазақстан елді көшіріп, полигон үшін жер босатып берді. Оның зардабын қазақ халқы әлі көріп келеді.

 Ресей өзіндегі жер шиеленісін қазақ жеріне орыс мұжықтарын қоныстандыру, тың игеру, жер аударулар, жерді тек мемлекет меншігі ету арқылы шешті. Егер бүгін дәл осылай басқа мемлекет жер мәселесін қазақ жері есебінен шешкісі келер болса, оған жол жоқ!  Қазақстан ядролық  қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі жалғыз мемлекет! Өз басын үлкен қатерге тігіп, Адамзат қауіпсіздігін мойнына алған ел! Бірақ мұнан артып, Қазақстан адамзаттың бар мәселесін шеше алмайды, мүмкіндік шектеулі! Және тәуелсіздікке дейін қазақ өзінің көп жерінен айырылды.

Ал қазақ жері қанша жерден ұлан-байтақ болса да, адамның  тұруына қолайлы жер – 30% құрайды. 44 пайыз  шөл, 14 пайыз шөлейт, өзгелері тау мен орман, дала.

Мұның бәрі аздай,  Кеңес кезінде де қазақ жерін жырымдаудың сан түрлі айла-тәсілі жасау нәтижесінде, шешілмей қалып, тәуелсіз Қазақстанға мұра боп жеткен шекаралық аймақтардағы жер дауының әсері сол - егемен ел болған соң да  біршама территориядан айырылдық. Атап айтқанда, 1994 жылдың сәуір айында Қытайға аумағы 946 шаршы шақырымдық жерді бере салдық. 1997 жылы тағы да (Алматы және Шығыс Қазақстан об­лыстарынан) шамамен 530 шаршы шақырым территория Қытайға өтті. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы жерінің бір бөлігін, Түркістан ауылын қосып, Өзбекстанға бердік. Соңғы кездері қырғыз ағайындар да ебін тауып, шекара бағанасын қарыстап болса да жылжытып қоятын болған.

Енді осы жан-жақты, оңды-солды «таратудан» соң бізге қалып тұрғаны шетелге жерді жалға беру мен сату  ма?

Жер, оның қойнауы – адамның, қоғамның немесе мемлекеттің күшімен жасалынған зат та, мүлік те емес. Оны аукционға қойып, тауар ретінде сату имандылық па? Одан да, қазақтың ата кәсібі – малды қайтар осы жерге. Этнос, ұлт дегеніміз – адамдардың өмір сүру формуласы десек, қазақтың өмір сүру фомуласы – ауыл шаруашылығы, мал. Тіпті, Ресей империясы билігі кезінде қазақ даласында 35 млн. қой, 30 млн. жылқы, 6 млн. түйесі болған!  Ал мұнша малды бағу үшін, қазаққа шетсіз-шексіз жер керек! Осы тұрғыдан келгенде,  «Жері үлкен, халқының саны аз» деп біздің жерге көз алартқысы келетіндер қатты қателеседі.

Қазір біздің жерді жалға беруден жүрегіміз шайлығып қалған: Байқоңырды ұзақ мерзімге жалға бердік. Нәтижесі не болды?

Бізде қазір жерді жалға беруге қатысты үлкен сенімсіздік бар: Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр болып тұрғанда: «Жерді жалға беру арқылы, бюджетке қаржы түседі, баимыз» деген. (Қаржы министрі болып тұрған Коржова ханымның да сол тұста мұны мақұлдап, Ресейге 11 млн. гектар жерді жалға ылдым-жылдым беріп жібергенін де әлі ешкім ұмытқан жоқ).

Осы жалға берілген жерлерге мониторинг жүргізіп, қазірге дейін мемлекет қазынасына қанша пайда түскенін санап, үкімет жария етсе, біз жерді жалға беруден шаш-етектен пайда түкеніне көзіміз жетіп, мүмкін,  шетелдіктерге жерді жалға беруге қарсы бола қоймаспыз. Кешегі жалға берілген жерлер ғана емес, жалпы жер мәселесіне қатысты ақпараттық ашықтықты талап етеміз. Сонымен бірге, жерге қатысты пікір білдіргендерді жазалау орын алмасын, тоқтатылсын. «Шаңырақ шайқасы» қайталанбауы тиіс!

Жерді жалға беру  де – меншіктің бір түріне жатады. Бұл - сонау VШ ғасырдағы Римде жерге заттық құқық беруден туындап, қалыптасқан заңдылық. Сол дәуірде-ақ, Рим заңгерлері жалға беру – меншік түріне жататынын және оның екі белгісі болатынын анықтаған. Біріншісі – жерді жалға алуға ниет ететіндер және түпкі ойы үстемдік етуді мақсат ететін жер жалдаушылар...

Айталық, сол Римде халықтың сыртынан жерді жалға беру, сату арқылы ірі құл иеленушілер қалыптасқан тарих сабағын ұмытпаған жөн!

Жерді жалға беру үшін келісімшартқа қол қою қиын емес.

Бірақ оның соңы  шырғалаң болмасына күдік басым: жат жұрттықтар қазақ жеріне немқұрайды қараса, шетелдік жалға алған жерден қазақ бүгін өзі күн көріп отырған қолындағы жалғыз малын да айдап өте алмай қалса не болмақ? Өз жерінде жүрген қазаққа орыс мұжығы өктемдік еткен - өткеннің осы сабағы бүгін неге ескерілмей отыр?

Әсіресе, дәл қазіргідей жаҺандану үрдісі аса күшті жүріп жатқан жағдайда, Қазақстан үшін жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру – Ата Заңымызда көрсетілген территориялық тұтастығымыз, үшін  қауіпсіз деп кім кепілдік бере алады? Жалға алу да меншіктің бір түріне жатады: біз  жерді шетелдіктерге жалға  беру арқылы  оларды жерге орналастырамыз! Жалға алу – меншік иесі атану, жерге орнығу екенін Рим заңгерлері айтып кеткен. Ол қазір де солай.  Сондай-ақ,   жерге заттық құқықтың екінші түрі – басқа біреудің жеріне құрылыс салу арқылы жүзеге асырылады. Бұл тәсіл жер – бастапқы, жерге салынған құрылыс жерге бағынышты, яғни, соңғы деген ұғымды білдіреді. Сонда: «...кімде кім  қандай құрылыс салсын, сол құрылыстың меншік иесі жер учаскесінің меншік иесі болып танылады». (Иоффе О., Мусин В., Основы римского гражданского права», Ленинград, 1974, 87-бет.) 

...Бір кезде  «БЭСТ ЛТД» ЖШС-і пайдасына, Алматы қалалық әкімшілігіне қарсы  Төрелік сот шешім шығарды. Мәселенің мәні: жер мемлекет меншігінде, мемлекет атынан Алматы қаласы жеріне  меншік құқын қала әкімдігі жүзеге асырады. Ал ЖШС әкімдіктен құрылыс салу үшін рұқсат сұрамастан, яғни жерге меншік иесінің құқын бұза отырып, құрылыс салып бітірген. Әкімшілік сотқа шағымданудың орнына,  жерді қайтарып алу туралы бір жақты шешім шығарады. ЖШС өз кезегінде сотқа шағымданады, Төрелік  меншік иесі емес, иемденуге құқы бар тұлғаның пайдасына шешілген. Ертедегі Римнің: «жер бастапқы, ал оған салынған құрылыстар соңғы, демек, жерге бағынышты» дегені Қазақстанда осылайша іске асырылды.

Қай кезең болмасын, қоғамның ең басты реттеушісі – меншік, жердің пайдалы өнімі – байлық екенін ұмытпаған жөн. Ал ат төбеліндей билік басындағылардың қоғамды астарлы түрде басқарушы меншікке (жерді жалға беру) көп көңіл бөлуі, жеке баю мақсатын міндет етіп қоюлары меншік туралы заңдарға ұлттық сипат бермейді. Керісінше, мұндай тәсіл – меншікті, әсіресе қозғалмайтын мүлікті мемлекет ішінде ғана емес, өзге елдердің де меншіктенуіне қолайлы жағдай жасайды.

Бүгінгі билік шетелдіктерге жерді жалға берудің, жерді тауар ретінде аукционда сатудың себебін: «жер игерілмей жатыр», «жер тозып барады» деп түсіндіргісі келеді. Егер 25 жылғы тәуелсіздік кезінде жер игерілмесе, ол тек халықтың ғана кінәсі емес. Ал жердің тозуы – бос жатқаннан болуы мүмкін емес, бос жатқан жер тыңаяды. Бізде жердің тозуы – экологияға тікелей қатысты болар деген күдік басым.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» - күні кеше жер мен тіл үшін алаңға шыққан желтоқсандықтар, бүгін де жер үшін алаңдаулы және оны қорғап қалуға дайын. Соңғы кездері заңды 10 сотық жер талап етіп арыз берушілер саны артып келеді. Назар аударған адам олардың дені жас отбасылары, үйсіз жерсіз жастар екенін байқар еді. Өз халқын жерсіз қалдырып, өзге жұртты жарылқағанда біздің билік не ұтпақшы?

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Өткен жылдың жарты жылында парламент 60-қа жуық заңды жедел қабылдап жіберсе де, қоғам қарсы болған жоқ. Енді бүгін, «Жер туралы» заңға енгізілетін өзгерістердің ұлт, халық мүддесінен туындамағанын естіп-біліп отырмыз. Біз қазақ халқының өз жерінде жүріп, заңды түрде жерсіз қалуын қаламаймыз. Сондықтан,  жер қазақстандықтарға да сатылмасын және шетелдіктермен бірлескен өндірістерге жалға берілмесін! «Жер кодексі»  нағыз халықтық заң болып қайта жасалуын талап етеміз!

 

Қ.Рахметов;

Т.Ташенов;

Қ.Күзембаев;

Ш.Ергебаева;

Қ.Байғалиев;

Г. Тойболдина;

С.Насыр;

С.Богусов;

С.Қоқаншиев;

Т.Ерешов;

Б.Қашқынбекова;

Е.Қайырбаев;

Ғ.Нұғманова;

Ж.Айжарықова;

 

P.S.: Ашық хатқа қол қоюшылар шетелдіктерге жерді жалға беру және жерді аукционда сатуға қарсы  пікір білдірген қоғам қайраткерлері мен зиялылары және бір топ БАҚ өкілдерін қолдайды.

Ашық хатқа қол қою жалғасуда.

Abai.kz


 

 

0 пікір