Сенбі, 20 Сәуір 2024
Мәйекті 6679 0 пікір 30 Мамыр, 2016 сағат 09:57

КОНСТИТУЦИЯ МЕН КОДЕКСТІ ӨЗГЕРТПЕЙ ҚАЗАҚҚА КҮН ЖОҚ


ҚР Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевқа

ҚР Бас прокуроры Ж.Асановқа

Жер реформасы жөніндегі комиссия төрағасы Б.Сағынтаевқа

 

АШЫҚ ХАТ

Бүгін бізде жер дауы өршіп тұр. Әрине, ол экспортпен сырттан келген жоқ, өзімізге өзіміз істедік. Және оның кейінірек міндетті түрде туатынын біле тұрып, «асықпай жарылатын бомбаларды» сонау 2003 жылы Жер кодексін қабылдаған кезде, соның ішіне салып кеттік. Дәлел керек пе? Міне!

ТМД елдерінің бәрі тәуелсіздік алған соң жерді бөліп-жармай халқына тегін берді, тек біз ғана оны өз халқымызға саттық. Онымен де қоймадық, өзгелер секілді жеке тұлғаларға, мемлекеттің азаматтарына емес, бірінші кезекте заңды тұлғаларға бердік. Сөйтіп, өркениетті елдердің ізімен жүрмей, «өз жолымызбен» кеттік-дағы басқа елдерде мүмкін болмаған, болса да кейін ғана қолдары жеткен (өйткені жеке тұлғалар заңды тұлғаға бірігуі тиіс қой), «жетістікке» бірден жеттік – қанатымыздың астынан ен-байтақ жердіиеленген латифундистерімізді өрбітіп шығардық. 2008 жылы экономист Т.Есіркепов жазғандай: «Аграрлық партия мен мүдделі құрылымдар нақ сол билік иелері, олигархтар мен латифундистер жерге қожайындық ету үшін осындай отандық кодекске лоббистік жасағанын өмірлік тәжірибе растап берді». (Ал, көрші Қырғызстанда заңды тұлғалардың жер иеленуге мүлде құқығы жоқ!..)

Ауыл шаруашылық министрлігі бүгін «бар болғаны 1,3 млн.га жер ғана жеке меншікте, 99,5 млн.га жер жалған берілген» деуден жазбайды. Ал, 2003 жылы қабылданған Жер кодексінің 170-бабының 3-тармағы «бұрынғы заңнама бойынша жер сатып алғандарға Кодекс кіргізген қосымша ақыны төлемей-ақ сол жерге иелік ету» құқығын берген болатын! «Неге 5 жылда 0,5 млн.га жер ғана жеке меншікке сатылды деген сұраққа шындықты халықтан жасыратын үкімет жауап бергісі келмейді, өйткені Кодекске жоғарыдағы бапты енгізген латифундистер кем дегенде 4-5 млн.га жерге тегін ие болып шыға келді» деп жазды Т.Есіркепов 2008 жылы.  Ал, сол 170-бап 2011 жылы Жер кодексінен алынып тасталды. Қандай керемет маневр - «мавр сделал свое дело, мавр должен уйти!»..

Міне, Кодекстегі 170-бап латифундистерді туғызып, халықты «бай» мен «кедей» етіп қақ бөліп тастап, өз ісін бітіріп алып жоғалса,  екінші «бомба»  енді ғана жарыла бастады. Сөзіміз түсінікті болу үшін Кодексіміздің 2003-жылдан бері өзгертілмеген баптарына үңілейік.

6-бап, 6-тармақ. «Егер осы Кодексте немесе ҚР басқа да заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында ҚР азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттер атқарады».  

12-бап. 43-тармақ. «Ұлттық жер пайдаланушылар - ҚР азаматтары, ҚР заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, соның ішінде шетелдік қатысушысы бар (?) кәсіпорындар;

45-тармақ. Шетелдік жер пайдаланушылар - шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шет мемлекет заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлғалар (шетелдік заңды тұлғалар), шет мемлекеттер, халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар».

20-бап. 2-тармақ. Меншiк құқығының субъектiлерi:

осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар.

Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады».

Менің сұрақтарым

1. Бұл не үшін? Шынымен-ақ, «заң халықтың емес, жеке адамның немесе белгілі топтардың мүддесін қорғайды» дейтін жазылмаған қағида біздің билікке арнап айтылған ба? Оның жоғарыдағыдай тағы да ақиқатқа айналғаны ма? Шынымен-ақ, елдің қамын ойлайды деп үміт артқан қасқа мен жайсаңдарымыз сонау 2003-жылдыың өзінде-ақ болашақта шетелдіктерге жер сатылатынын біліп, соның іргетасын мықтылап қалап кеткендері ме? «Жоқ, олай емес!» дейтін болсаңыздар, онда не үшін бұлай жазылғанын түсіндіріп берулеріңізді өтінемін. Сұрағымды нақтылай түсейін: не үшін басқа басқа емес, нақ осы «...жер құқығы қатынастарында шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар ҚР азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады»; не үшін «Ұлттық жер пайдаланушыларға» шетелдік қатысушысы бар (?) кәсіпорындар жатқызылған; не үшін «...азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады»?!

2. Рас, Кодексте (24-б., 1-т., 3-б.) «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғалар  ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді 25 жылға уақытша жалға ғана ала алады» деп жазылған. Демек, аталған үлес 50 пайыздан аспайтын (ал, оны азайтудан оңай нәрсе жоқ) заңды тұлғалар – «заңмен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат» - ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің меншік иесі бола алады. Жоқ, әлде олай емес пе?

3. Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағының соңында, бір жерде ғана тыйым бар: «Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге жол берілмейді». Ал, бұған жатпайтын жердің бәрі бұл баптың құқықтық аясына кірмейді, демек оларды да сатуға даңғыл жол дайын. Жоқ, бұл да олай емес пе? 

4. Бұны Кодекс те өзінің 24-бабының 3-тармағында: «...сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның жер учаскесiне қатысты тыйым салынбаған мәмiлелердiң кез келген түрiн жасасуға құқығы бар» деп растап, бұзылмастай қылып бекітіп тастаған. Мен дұрыс түсініп тұрмын ба?

5. Кодекстің 48-бабының 1-тармағының 2-бөлігі «халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға»; 4-бөлігі «мемлекеттік органдар өткізетін объектілерді салу жөніндегі конкурстарды (тендерлерді) жеңіп алған тұлғаларға және мұндай құрылыс тікелей аталған тұлғаларға жер учаскесін беруді талап еткен кезде» деп, жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын құқығын сатпай-ақ беруді міндеттейді. Бұны қалай түсінуге болады?

6. Кодекстің 48-бабының 4-тармағы «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатушы ретінде жергілікті атқарушы орган өкілдік етеді» деп, жер сатуды онсыз да өзінің қолындағы жалғыз «көзірі» ретінде шамасының жеткенінше пайдаланып, бәрін былықтырып келген ауыл-аудан әкімдеріне ресми түрде толық  еркіндік беріп қойған. Мәслихат қайда? Қоғам өкілдері қайда?

7. Кодекстің 26-бабының 5-тармағы мемлекет меншiгіндегi, бірақ жеке меншiкте бола алатын жерді азаматтар мен беймемлекеттiк  заңды тұлғалардың меншiгiне беруден бас тартуға жол берілмейдi деп шегелеп тастапты, ал, «азаматтардың» ішіне кімдер кіретінін жоғарыда айттық. Бұл - шетелдіктер Қазақстанның қалаған аймағынан сатылуға шығарылар жерді сатып ала алады деген сөз ғой, солай емес пе? 

8. Кодекс 37-бабтың 3-тармағына сәйкес жалдаушылар, о.і. жоғарыда аталған үлес 50 пайыздан кем заңды тұлғалар, жердің меншік иесінің келісімінсіз-ақ өздерінің жалдау құқығын иеліктен шығаруына болады (яғни, бизнес жасап, өзінің жалдау құқығын басқаларға сатып кете алады) десе, 37-бабтың 4-тармағы мемлекет меншігіндегі жер сатылатын жағдайда жалдаушы басқа сатып алушыларға қарағанда басымдыққа ие деп нықтайды. Жалдаушыларға, яғни, шетелдіктерге осыншама мол жеңілдіктер не үшін берілген? 

9. Кодекстің 49-бабының 4-тармағына сәйкес жерді сатып алушы адам оның ақысын бөліп төлей алады, соның ішінде 2 жыл бойы төлемеген, дегенмен, жартысынан көбін төлеп қойса, онда одан ол жерді кері қайтарып алуға болмайды, ал, сатып алушының жерді кепілге қоюына болады. Бұл жерде де шетелдіктер үшін ешқандай шектеулер мен тыйымдар қаралмаған. Не үшін бұлай жасалған?           

10. Кодекстің  23-бабының  4-тармағы. «Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін  (үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған) жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн». Не үшін? Бұл жерлерді олардың жеке меншігіне бермесек болмайтындай қажеттік қайдан туындап отыр?
11. «Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың», біздің жерімізді жалға алуға ең бірінші үміткер Қытай екенін бүкіл әлем көріп-біліп отыр. Неге? 35 жыл бойы өз тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып бара жатқан Қытайдың ауыл шаруашылығына жарамды жерінің жартысы индустрияландырудың, қаулаған қалалар мен көліктік инфрақұрылымның құрбандығына айналса, қалған жартысының басым бөлшегін аяусыз пайдалану мен пестицидтер жойып жіберіп отыр. Егін егетін жері азайып, халқы көбейіп бара жатқан Қытай Африка елдерінен – Конгодан 2,8 млн.га, Замбиядан 2 млн.га, Танзаниядан 200 мың га, Зимбабведен 100 мың га, т.б., - миллиондаған гектар жерді жалға алып отыр. Бұл елдер қатарында Латын Амеркасынан Бразилия, Аргентина, т.б. елдер бар. Жақын көршілері қытайлықтардың барған жерінен шықпай қоятын саясатын (шет елдерде кәзір 55 млн. қытай тұрады) жақсы білгендіктен оларға жалға жер бермей отырса, алыстағы Австралияның өзі Қытайдың екінші өтінішіне де «жоқ» деді. Және оны қалай айтты десеңізші – «бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келмейді»! Дұрыс олардікі, «жауды көрмей тұрып қорық» деген. Қытайдың ісінің бәрі 100 пайыз дұрыс! Өз елінің тұрғысынан. Ал, біз жалға жерімізді беріп жатырмыз. Ондаған, жүздеген есе көбейтіп берейін деп жатырмыз. Сонда бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келгені ме? Жоқ, әлде жеріміз Қытайға жалға берілмейді деп кесіп айта аласыздар ма? Осыған жауап беріңіздерші.

12. АҚШ өз азаматтарына да жерді жалға бір жылға беріп, жұмысы ұнаса ғана создырып отырады. Ал, біз жалға берген жердің топырағын агрохимиялық тексеруден 7 жылда (суармалы жер үшін – 5 жыл) бір рет қана өткізе аламыз, сөйте тұра өз жерінің құнарын жойып жатқандарға бірден 25 жылға жалға береміз...

Ең бастысы, тағы да айтамыз, қауіп еткеннен айтамыз, Қытай қазақтың жеріне тек егін егейін деп келмейді, ол осында біржолата қалу үшін келеді! Және оны қызықтырып, келуіне жағдай жасап отырған өзіміз – 25 жылдың ішінде қытайлар ақшаның арқасында қазақтың қыз-келіншектерінен бала тұрғай немерелі болып үлгеретіні анық. Біздің әлемде жоқ либерал заңдарымыз не дейді? «Қазақстан Республикасының азаматтығына: «Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданады» дейді. Бұдан артық қытайлыққа не керек?! Жоқ, біздің жомарттығымыз әдеттегідей шексіз - «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 12-бабына мынадай екі толықтыру жасадық. «Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған жағдайда бала: 

1) Қазақстан Республикасының территориясында туса; 

2)Қазақстан Республикасынан тыс жерде туса, бірақ, ата-анасының немесе олардың біреуінің бұл кезде Қазақстан Республикасы территориясында тұрақты тұрғылықты жері болса, ол Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.

Бала туған кезде ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасы азаматтығында болып, ал екіншісі азаматтығы жоқ адам болса, не оның азаматтығы белгісіз болса, бала қай жерде туғанына қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады. 

Бұл жаңа нормалар Жер кодексіне 2015 жылдың 2 қарашасында өзгеріс енгізген №389 заңнан кейін іле-шала, 24.11.2015-жылдың 24 қарашасындағы № 421-V Заңымен енгізіліп отыр!.. Заңгер Абзал Құспановтың сөзімен айтсақ, «яғни, бұдан шығатын бір ғана қорытынды бар – қазіргі кезде, ауылшарушылық жері азып-тозып, халқы аштыққа ұрынғалы отырған Қытай еліне біз еш кедергісіз, заңды түрде, Қазақстанға топтасып келуіне және еш кедергісіз, заңды түрде Қазақстан азаматы болуларына жағдай туғызып отырмыз! Жоқ әлде менің және көпшіліктің бұл пікіріне айтар уәждеріңіз бар ма?» Менің де қоярым осы сұрақ, не жауап бересіздер?

Академик, заң ғылымдарының докторы Майдан Сүлейменов ағамыз «мен адам ретінде қытайдан зәрем қалмай қорқамын» деп мақала жазды. Мен де қорқамын! Қорқуыма негіз бар, ол  – Қазақстанның Балқашқа дейінгі жерін күні бүгінге дейін ғылыми еңбектерде Қытайға тиесілі деп оқытып отырған саясаты мен ешқашан асықпай-саспай жан-жағындағы елдерді қосып ала отырып кеңейген тарихы. Түрік қағанаты тұсында біздің жеріміз қандай еді, Қытайдың жері қандай еді? Жарайды, тым алыс тарихты қоя тұрайық, бұдан 1000 жыл бұрынғы Ұйғыр қағанатын да сұрамайық, кейінгі 500 жыл, 200 жылды (айтпақшы, кешегі Шоқан атамыз барып қайтқан Қашқария мемлекеті қайда кетті?..), тіпті, 100 жылды-ақ алайықшы. 1900 жылы Қытайдың аумағы 8 000 000 шаршы км еді, 2003 жылы 9 596 960 шаршы км болып шыға келді! Бар болғаны 103 жылда әлсіз Қытай 1,596 млн.шаршы км,  қазіргі Қазақстан аумағының жартысынан көп жерді баурына басып алды! Біз болсақ Кеңес Одағының құрамында отырып-ақ 1920 жылы белгіленген аумағымыздың талай жерінен айрылып қалдық! Жерінен айрылып қалғаннан кейін еврейлердің өзі 2 мың жыл дегенде алақандай жерге қолын зорға жеткіздік. Кейінгі 100 жылда іс жүзінде әлемді қаржы жағынан билеп тұрса да. Яғни, біз жерден бір айрылып қалсақ, мәңгілікке айрыламыз деген сөз. Осындай жағдайды көріп-біле тұра шетелдіктерге, дұрысы қытайлықтарға жерді жалға беруді немен негіздей аласыздар?

13-14.Бүгінге соңғы екі сұрақ. 1993-жылғы Конституцияның «Республика азаматтарының бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар бостандығына кепілдік беріледі» деген бір ауыз сөзден ғана тұратын керемет 15-бабын 1995 жылы «...өткізуге хақылы» деп ауыстырдық. Бірақ, кепілдікті алып тастағанды азсындық та, оны «...мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін» деген халықаралық пакт сөздерін жамылып, жиын өткізу үшін кем дегенде 10 күн бұрын жергілікті атқару органына өтетін жерін немесе қозғалыс бағытын, басталар-аяқталар уақытын, мақсатын, жиылатын адам санының шамасын(?), ең сорақысы өз құқығын пайдаланғысы келген халықты қуғындауға мүмкіндік беріп қойған, «...ұйымдастырушылардың және қоғамдық тәртiптiң сақталуына жауапты адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, олардың тұратын және жұмыс iстейтiн (оқитын) жерi» көрсетілген жазбаша өтініш беруді талап еткен  1995 жылғы 17 наурыздағы №2126 заңмен шектеп қойдық. Неге тәртiптiң сақталуына жиынға келген адамдар ғана жауап беруі тиіс? Халықтың ақшасына күн көріп отырғандықтан тәртіп сақтауға ат салысу, сол арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, оған жол бермеу - құқық қорғау ұйымдарының ең басты да қасиетті міндеті емес пе? Ол жайлы «ҚР Ішкі істер органдары туралы» 2014 ж. 23 сәуірдегі № 199-V заңының 4-ші, 5-ші баптарында айтыла келіп, 6-бапта олар «көпшілік  іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге міндетті» деп нақты да дәл көрсетілген ғой! Ендеше, неге біз полицейлерге де өзінің заңды міндетін абыроймен атқаруға мүмкіндік бергіміз келмейді?!

Одан да бұрын Конституциямыздың 3-бабы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық өз билігін референдум мен еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға уақытша тапсырады (орысша мәтінде - делегирует)» дейді. Ендеше, биліктің иесінің, яғни, халық ақша төлеп жалдап отырған өз қызметшілерінен бейбіт шеру, митинг өткізуге рұқсат сұрасын деген сөз өркениеттің елдердің ешқайсысының заңнамасында кездеспейтін, ешқандай қисынға сыймайтын, ең бастысы Конституциямызға қарсы, латынша айтқанда абсурд немесе нонсенс нәрсе ғой! Жоқ, әлде сіздер бұндай тұжырыммен келіспейсіздер ме?

ҚР Президенті Н.Назарбаев: «түсінбейтін адамдарға түсіндіру жұмысы жүргізілсін» деді. Мен, Айтқожа Фазыл ағамыз айтқандай, сол түсінбей, дәлірегі түсіне алмай отырған адамның бірімін. Сұрақтарыма дәлелді, дәйекті, екіұштылыққа жібермейтін нақты жауап аламын деп үміттенемін.

Менің ұсыныстарым

1.Әлемнің ауыл шаруашылығы ең жоғары дамыған елдерінің бәрінде бірдей жердің бәрі жеке меншікке сатылмағанын,  АҚШ-та жердің 55, Германияда - 62, Францияда - 63,  Белгияда - 70 пайызы жалгерлердің қолында екенін, ал, Австралия, Голландия және Израиль елдерінің өз жерін тек 100 пайыз жалға беретін озық үлгісі мен халқымыздың ешқашан жерін сатпаған тарихи ұстанымын, болмыс-бітімін, ұлттық ерекшелігін негізге ала отырып, ең бастысы жерді сату мен шетелдіктерге жалға беру деген сөз Жер туралы кодексте жазулы тұрғанда ертелі-кеш еліміздің, жеріміздің тұтастығына қатер төндірумен болатын да тұратындығын қатаң ескере отырып:

а) Жер туралы Кодекс қазақ жері ешкімге еш уақытта сатылмайтын, тек уақытша тегін пайдалануға берілетін болып, ал, шетелдіктер мен олар құрған заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдік қатысушылары бар отандық заңды тұлғаларға жалға да берілмейтін болып қайта қаралсын.  Және онда ҚР әр азаматына жалға берілетін жердің ең аз және ең көп көлемі нақты белгіленсін.

б) Бұлай болуы үшін Конституцияның 6-бабының 3-тармағы 1993-жылғы Конституцияның екі абзацтан тұратын 46-бабымен ауыстырылсын.

2.Аукцион арқылы жалға беруге және сатуға шығарылып отырған 1,7 млн.гектар жердің бәріне Моңғолия мен Ресейдегі, әсіресе тарихи Отанына жете алмай отырған, күн санап өзбектеніп, қытайланып бара жатқан Қытай мен Өзбекстандағы  қазақтар алдағы бір жыл ішінде әкеліп орналастырылсын.

3. Жоғарыда атап көрсетілген, ҚР азаматшасымен некелескеніне 3 жыл толған, немесе 5 жыл тұрақты тұрған, сондай-ақ ҚР Президенті бекіткен тiзбедегі кәсiпке ие кім көрінген адам мен оның отбасы мүшелерi ҚР азаматтығын ала алатыны жайлы ҚР Азаматтығы туралы 1991 жылғы 20 желтоқсандағы заңның 16-бабының 1-тармағы мен 12-тармағындағы 2015 жылы қосылған толықтырулар алынып тасталсын! ҚР азаматтығын иелену - тарихи Отанына оралған қандастарымыздан басқа тұлғаларға елімізге сіңген ерекше еңбегі үшін ғана берілетін, мәртебесі өте жоғары, мемлекеттің маңызды іске айналсын.

4. Қазақстанға Қытайдан ескі 52 зауыт көшіріп әкелуді көздейтін «Ұлы Жібек жолының экономикалық белбеуі» атты Қазақстан-Қытай біріккен жобасы тоқтатылып, оның орнына Жапониямен (егер ол мүмкін болмаған жағдайда Германиямен)  заманауи ең озық техника және технологияға сүйенген зауыттар салынатын жаңа келісім жасалсын.

Қытайлық Rifa Holding Group, AIJIU, CITIC және COFCO  компанияларына ауыл шаруашылық өнімдерін (мал және өсімдік) өндіру үшін 150-мың гектар жерді жалға беру, қытайлықтармен бірге құрылған БК-ға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру туралы келісімдердің күші жойылсын.

Сонымен қатар, шекаралас өзендерді пайдалануда Қазақстанның мүддесі қорғалатын етіп Қытаймен нақты келісімдер жасалсын.

5.Біз кейінгі қабылданған заңдарға қайшы келіп тұрған, ең бастысы Конституция талабына қарсы №199-V заңды жедел түрде түзетуге тиіспіз – жиын рұқсат сұрау арқылы емес, халықтың оны өткізу ниетін өкімет орындарына хабарлау арқылы жүзеге асатын болсын.

6. Бұл ұсынысты алғаш 2003 жылы заңгер Ә.Ерәли айтқан еді. Конституцияның 6-бабының 1-тармағындағы, Жер кодексінің 20-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады» деген сөздерден кейінгі «және бірдей қорғалады» деген сөздерді алып тастау керек. Және Конституцияның 6-бабының 3-тармағына үшінші абзац етіп «Жерді тіршілік мақсатына және азаматтық айналымға қосу үшін жер учаскелері заттық құқық түріндегі жекеменшікте болады» деген сөйлемді қосу қажет. Кодекстің 28-бабында да «Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады» деп жазулы тұр.

Бұл өзгерістер не үшін керек? Соңғы жылдардағы ТМД аумағында орын алған саяси оқиғалар қазақтай ең бейқам елдің өзін де еріксіз есін жиып, етегін жабуға мәжбүрлейді. Алла-Тағала да «сақтансаң ғана сақтаймын!» деген. Күндердің күнінде сепаратистер тарапынан бөлек ел боп бөлінуге (кешегі Сингапур, бүгінгі ДНР, ЛНР тәрізді) немесе өзге ел құрамына енуге ұмтылыс тууы мүмкін. «Тумайды!» деп ешкім кепілдік бере алмайды. Әне, сол кезде «тіршілік үшін берілген заттық құқық» талабы Конституцияның 2-бабының 2-тармағындағы «мемлекет аумағының тұтастығын қамтитын» талабынан  төмен екендігін айтып тосқауыл қоюға болады.

7. Конституцияның 1-бабының 2-тармағынан «...немесе Парламентте» деген сөзді алып тастау қажет. Жер, білім сияқты мемлекеттің, ұлттың тағдырын шешетін маңызды мәселелерді Парламентте – оның үстіне бүкіл халық сайламаған – дауыс беру арқылы шешуге болмайтынын көзіміз соңғы 15 жылда әбден жетті ғой деп ойлаймын.

2003 жылы Президент Н.Назарбаев: «Бұл Парламент тарихқа жерді жекеменшікке сатуға рұқсат етуімен кіреді» деп еді. Сол 2003-жылдың ақпанында біз «Оңтүстік Қазақстан» бетінде  «Парламент тарихқа кіреді, бірақ, қандай атпен кіреді? Үкіметтің айтқанына шыға алмай, әкелген жобаны әлсіз қарсылықпен қабылдап, «қолбала» деген атпен бе; әрбіп бап үшін соңына дейін «соғысып», соның арқасында Жер кодексін әбден иін қандырып, халыққа адал қызмет ететін құжат етіп шығарып, «дана» деген атпен кіре ме; жоқ әлде «Жерді сатуға болмайды!» деп, қашан Президент таратып жібергенше  қасқайып тұрып алып, «асау» деген атпен кіре ме?» деген сұрақ та қойған едік. Ол Парламенттің жеме-жемге келгенде Үкіметке екінші рет сенімсіздік көрсетуге жарамаған «қолбала» ғана емес, биліктің, соның ішінде алдымен өзінің қамын бәрінен жоғары қойған «қу бала» болғаны енді байқалып, білініп жатыр.

Тарих тағы қайталанып отыр – бүгінгі Парламент алдыңғылар қазып кеткен орға тап болып отырған қоғамды қиындықтан алып шығуға ат салысуға жарай ма, жарамай ма?..

Шымкент қ.,Отырар м/а,

55үй, 51 пәтер тұрғыны

Өмірзақ АҚЖІГІТТЕН

Abai.kz 

0 пікір