Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 7971 0 пікір 29 Мамыр, 2016 сағат 13:17

АРСЫЗ БОЛМАЙ АТАҚ ЖОҚ

Күллі қазақ қаншама шыңғырып-жыласа да, айқайлап-ойбай салса да, мықты орнынан қозғалта алмаған дәу диірмен, осы ЖЕР дауынан кейiн ақыры, ыңыранып барып, ысырылуға ырық бередi деген үлкен үмiттемiн.

Есіл елім-ай, «Күштінің құйрығы диірмен тартады» дегенді қалай ғана дөп айтқансың...

Үкімет басының орынтағында (арасында үзiлiс жасап) сегiз жыл омалып отырған, туған әкесі қаймана қазақты алдап-соғып, қаңбақша «лақтырған», қазақ ұлтының саяси, әлеуметтік, экономикалық өміріне жазылмас жара, өшпейтін таңба қалдырған Кәрім Мәсімовтің 2012 жылы қыркүйегiнде Премьер министрлiктен түскен бойда арасына жарты сағат салып, Президент Әкімшілігінің басшылығына тағайындалуы – біздің биліктің бет пердесін анық көрсеткен едi...

Қазақтың тәуелсіздіктен кейін: «Үкімет тарасын!» дейтін ұраны осы Мәсімовтың командасына ең көп айтылды. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде «Дағдарысты жеңу бағдарламасын», «Жол картасы» тұжырымдамасын, жаңа индустрияландыру бағытымен «Өткір жобаларды» үсті-үстіне қабылдап, салық төлеушілердің (яғни, сіз бен біздің) ондаған-жүздеген миллиард қаржысын жұтып, халықты «қарқ қылған» Мәсімов, шын мәнісінде, көлденең шөпті де көсеп алмады.

Мәселен, «тұрақтылығымен таң қалдырған» банк секторы құлдырап, БТА секілді аса ірі қаржы институты тізерлеп қалды. Мыңдаған адамдар бұл банктегі қаржыларынан айырылды. Басқа банктердің де «тізелері қалтырап» құрылыс мекемелеріне несие аудармады, осының кесірінен халықтың тұрғын үйлерге салған қыруар қаржылары «жансызданып», қазақтың әрбір қаласында «Ипотекалық қарыздар» деп аталатын мәселелер пайда болып, жалпы жұрттың наразылығын туғызды.

Үкіметте әлемдік деңгейдегі сауатты қаржыгерлер мен дағдарысқа қарсы басқарушы мамандар болмағандықтан, халықтың әл-ауқаты құлдырай берді. Есесіне, қазақша дымбілмес болса да, қытай тілінде сандуғаштай сайраған Мәсімов пен оның ниеттестері қазақтың байлығын қытай мен жөйтке, орыс пен үндіске пұлдап, емін-еркін «үрлеп ішіп, шайқап төкті»...

«Өткір жобалар» өркендемегенмен – өтімді «қажетті» келісім-шарттарға қол қойылды, «Дағдарысты жеңу бағдарламасы» батпаққа батқанымен – қайсыбір тұлғалардың шетелдік банкілердегі жеке есеп-шоттары лықа толтырылды, «Жол картасы» жолда қалғанымен – тұманды қала мен араб жағалауларындағы «қазақ» (дұрысы, «ұйғыр, жөйт, үндіс» десеңіз де болады!) коттедждері көбейе берді...

Жастайынан экономикадан гөрі, тыңшылық қабілетті терең сіңірген Кәрім Мәсімов (Болашақта орыстың қолдауына арқа сүйеді ме екен?!.) қазақ халқының қарсылық көңіл-күйіне пысқырмастан, Кеден Одағы мен Евразиялық Экономикалық Ынтымақтастық ұйымдарына Қазақстанды құлағынан сүйреп кіргізді.

Қытайдың мүдделерін ашық қолдап-қорғаған Мәсімов қазақтың миллиондаған гектар жерін шүршітке өткізіп жіберуге шақ қалды.

Ал, тәулігіне 24 сағат бойы мұнайымыздың тынымсыз Қытайға ағып жатуына Мәсімов орасан-зор еңбек сіңірді.

Қазақ халқы күннен-күнге аш-жалаңаш күй кешіп, кедейшіліктің шыңына жетті.

Мұнайшылардың мұң-зарына Мәсімовтың үкіметі ешқашан құлақ аспады. Мінеки, осы Масимовтың кезiнде Маңғыстау түбегінің Жаңаөзен қаласында қанды қасірет орын алды...

***
Жасыратыны жоқ, Мәсімовтың қазаққа жаны ашымайтынын әу баста-ақ есі дұрыс, ақылы түгел әрбір қазақ түсінді. Сондықтан, оның орнынан кетуіне бар күш-жігерлерін салып бақты. Бірақ, Мәсімов әркез: «Мен Елбасының мәңгілік көмекшісімін» деп мүләйімсіп, орынында қала берді.

Тіпті, ресми мойындалмаса да, қайбір жылы ұзынқұлақ бір қауасетті үрлеп жеткізді. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, қазақтың намысын жыртып, ар-ұжданын қорғаған Иманғали Тасмағамбетов Үкіметтің бір отырысынан кейін қаны қызып, Мәсімовты бір соққымен тоңқалаң астырған көрінеді...

***
...«Мен қазақпын» деген мөңіреуінен танбайтын Кәрім бұл сөзінен Қазақстаннан ауа көшсе немесе бақилыққа аттанса ғана бас тартады. Мейлі ғой, ер-азаматқа жоғары лауазым да, мол байлық та, мұңсыз тұрмыс та керек шығар, бірақ, өз қанын сату, яғни, туған тегінен жеріну, аяулы анасынан безіну – нағыз сатқындық, деп ойлаймын. Әлде, бұл – құрт-құмырсқа мен шыбын-шіркейді ас санап, асай беретін айдаһардың «тірі қалу» әдісінің негізі ме екен?!. Кәрім-әка шүршіттің тілінде өсіп-өнген ғой...

Қайран, данышпан Абайым, қалай-қалай қиыстырған:
Арсыз болмай атақ жоқ, 
Алдамшы болмай бақ қайда?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2247
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3495