Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Арылу 5884 0 пікір 23 Мамыр, 2016 сағат 14:01

СОЦИАЛИЗМНІҢ СОРАҚЫЛЫҚТАРЫ (Басы)

КСРО-ның экономикалық тұрғыдан құлдырау себебіне арналған былтырғы жылғы «Күйреу» атты мақаламызда («Егемен Қазақстан».,  «Күйреу», 25.11.15 ж.) соғыс шығындары, жаппай қарулану, соның ішінде аса қымбатқа түскен ядролық қаруларды және оларды орбитаға шығарып, орта (1000-5000 шақырым), құрылық аралық қашықтықтарға жеткізетін зымырандарды шығару ақырында бюджетті ойсыратып, ІЖӨ өсімін тежеу ғана емес, төмен құлдырата бастағанын деректермен көрсеткен едік. Сонымен қатар Ауғанстандағы соғыстың шығындары өлшеусіз зор болғанын және көптеген мамандар дәл осыны КСРО-ны экономикалық тұрғыдан дағдарысқа тіреп, ақыры жер бетінен жойылуына алып келгенін дәлелдеуге тырысқаны туралы да жазғанбыз. Алайда КСРО-ның Брежнев басқарған 1960 жылдың екінші жартысынан 1990-шы жылдардың басына дейін жүргізген соғыстары жалғыз бұл емес еді. Елді өлшеусіз шығындарға батыра отырып, Кеңес басшылары дүниежүзілік қауымдастық алдында КСРО-ны демократиялық билігі жоқ, ойларына не келсе соны істейтін коммунистердің азғантай тобы (политбюро) басып алған соғысқұмар, агрессор мемлекет ретінде таныта түсті. Оның осындай қалпын барлық әлем апат келе жатыр деген мағынада ұғылатын «орыстар келе жатыр» (русские идут) деген құбыжық сөздерге айналдырған еді. Енді сол соғыстарға тоқталып өтейік.

 

Бейбіт замандағы соғыстар

 

Брежнев заманындағы алғашқы соғыс 1968 жылы болды. Сол жылдың басында Чехословакия коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Александр Дубчек сайланған. Ол  салғаннан либералдық реформаларды қолға алып, казармалық социализм келмеске кетірген сөз бостандығы, адамның құқы мен еркіндігі, халықтардың бір-бірімен еркін араласуы сияқты мәселелерді шешуді бірден қолға алды. Оның «адамгершілікке бет бұрған социализм» орнатамыз деген ұранын халық қан көтеріп әкетті. Бірақ бұл шешімдер өзі де казармалық социализмде өмір сүріп, елдегі билікті күшпен жүргізіп тұрған, сөз бостандығы, халықтың құқы мен еркі дегенді ауызбен ғана айтатын КСРО-ға ұнамады. Еркін сайлау болса Чехословакиядағы билік басына социализмді қолдамайтын, демократиялық бағыттағы адамдар келетінінен және олар елде ашық жүйе орнататынынан, сөйтіп бұл ел өзіне тәуелді болудан қалатынынан үріккен КСРО басшылары Дубчектың реформаларына бірден қарсы шықты. Алайда халық қолдап тұрған басшыны орнынан тайдыру оңай емес еді, сондықтан қара күшті қолдануға тура келді.  

         Социализммен бүркенген ұлыорыстық шовинистік саясат Кеңес қаруының жеткен жеріне түгел жайылған. Соның бірі ретінде Словакиядағы грек-католик шіркеуін күшпен жабуды айтуға болады. 1950 жылы КСРО-ның талабымен ол жабылып, православие шіркеуіне айналдырылған. А.Дубчек 1968 жылдың 13 маусымында соны қайтадан аштырып, католиктердің алғысына бөленді. Бұл либералдық демократияның алғашқы, нақты қадамдарының бірі еді. Жаңа басшылық бастаған либералдық өзгерістерге ұлттық озық ойлы адамдары да үн қосып, компартияның осы күнге дейінгі істерін сынап, БАҚ беттерінде пікір алуандығын талап еткен үндеулер қаптап кетті. Жазушы Людвик Вацуликтің манифесі де соның бірі. Оған жүздеген белгілі қоғам қайраткерлері, атақты адамдар қол қойды. Саяси жүйені демократияландыруға шақырған бұл құжаттың идеясы КСРО басшыларының шамына әсіресе қатты тиді...

          Ақыры, Саяси бюроның шешімімен шап-шағын Чехословакияға КСРО әскерлері төрт жақтан 300 мың қолмен 1968 жылдың 20-21 тамызында басып кірді. (Тағы бір қанды қырған бола жаздаған 1991 жылғы Мәскеудегі ТЖМК күндеріне дәл келгені көрініп тұр). Соның ішінде «Варшава келісімшарты» бойынша Польшада, ГДР-де, Венгрияда тұрған әскерлермен қатар мұздай қаруланған басқыншы дивизиялар КСРО-ның өз аумағынан жеткізілді. А.Дубчек бастаған Чехословакия компартиясы ОК Саяси бюросының 11 мүшесінің жетеуі бұл акцияны «басып алу» деп айыптайтын үндеу қабылдады. Алайда, ел әскерлері Бас қолбасшы Людвик Свободаның бұйрығымен басқыншыларға қарсы оқ атқан жоқ. Шекараны бұзып кірген 24 дивизия Чехословакияның барлық стратегиялық ғимараттарын басып алды. Елдің басшылары тегіс тұтқындалып, ұшақпен Мәскеуге жеткізілді.

         Басқыншылық туралы хабар алған халық митингілерге шығып, оккупанттарға қарсы жиындар өткізіп, баррикадалар тұрғызып, танкілерге жарылғыш заттар лақтырды. Соның нәтижесінде кеңестік 11 әскери қаза болып, 87 жараланды. Чехословак жағынан 108 адам өлтіріліп, 500-ден артығы түрлі жарақаттар алды. Мәскеуде А.Дубчекті биліктен бас тартуға күшпен көндіріп, орнына Густав Гусакты отырғызып, Чехословак лаңы аяқталды...

           Бүкіл әлемнің азат жұртшылығы бұл істі айыптап, қарсылық акцияларын, митингілерін жасап, петициялар мен манифестер қабылдады. Социалистік Қытайдың өзі КСРО-ны «социалистік империализм» жолына түсті деп айыптады. КСРО аумағында Ресей, Украина, Балтық бойы республикалары, Әзербайжан, Грузия және т.б. қатар кейбір қазақстандықтар да бұл істі айыптаған. КСРО-ға, соның ішінде орыстарға деген жеккөрушіліктің шектен шыққаны сондай – келесі, 1969 жылы хоккейден Стокгольмде болған әлем чемпионатында чехословактар КСРО-мен екі рет кездескенде де оны қақыратып жеңген еді. Барлық стадион чехословактарды ғана қолдап, гүрілдеп тұрды.  Бұл - әлем қауымдастығының айызын қандырған халық кегінің бір көрінісі секілді оқиға болды...

                                             Идеология құрбандары

         Тоқырау заманындағы екінші соғыс Вьетнам қырғыны болды. 1965 жылдан басталған бұл соғыс сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы А.Косыгиннің есебі бойынша күніне 1,5 млн. сомға түсіп тұрған. Ол кездегі сомның бағамы доллардан да салмақтырақ екенін ескерсек бұл үлкен шығын. Әрине, бұл соғысты ақтайтындар көп. Сондағы айтатын себептері: қару-жарағы барынша жетілдірілген АҚШ-тың Вьетнамды жаулап алуына жол берілгенін айтады. Іс жүзінде АҚШ Францияның отары болудан азаттық алған елде демократиялық өзгерістер болғанын қалады, ал КСРО-ның көмегін алған коммунистер онда казармалық социализм жүйесін орнатқысы келді. Сөйтіп, әлемдік екі жүйе бейбіт халықтарды қанды қырғынға салды. Коммунистік жолды ұстанамыз деген Солтүстік Вьетнамға КСРО-дан 18 бригададан тұратын екі зенитті-зымыран корпусы енгізілді. Соғыс жылдарында жеке құрам үш рет ауыстырылып, ұзын саны 30 мыңнан артық Кеңес әскері майданға кірді. 1965 жылдан 1973 жылға дейін кең ауқымда жүргізілген осы соғыста Солтүстік Вьетнам 1 млн., Оңтүстік Вьетнам 250 мың адамынан айрылды. Соғыстың негізгі режиссерлері қатарында болған АҚШ 58 мың, КСРО 16, Қытай 1 мыңнан артық адамын жоғалтты.

          Сол жылдары колониалды тәуелділіктен енді ғана құтылған елдің басына келген адам, көп білмесе де маркстік идеологияны жақтап сөйлесе болды, нақ осындай әдіспен оған КСРО тарапынан ағыл-тегіл көмек берілді. Соның ішінде әскери техникалар мен қару-жарақтар мүлде тегін, ал қаржылық көмектер тиімсіз өсіммен ұзақ жылдарға берілді. Ешқашан қайтарылмайтын сол қарыздардың есебіне кеңестік әскери-базалар салынып, АҚШ-пен арадағы кикілжіңдер күрделене түсті. Осы жолмен барлық Африка елдерінің жартысынан артығына кеңестік әскери техникалар мен қару-жарақтар жеткізілді.  Соның ішінде 1986 жыл мен 1991 жылдар арасында «үшінші әлем» елдеріне 6 мың танк, 10 мың әртүрлі броньды машиналар, 9500 зеңбірек пен жаппай ататын реактивті жүйелер, 2500 әскери ұшақ, 1600 тікұшақ, 50-ден аса ірі және 185 орта дәрежедегі кемелер жеткізілген.

           Осынша қару-жарақ пен әскери техника жеткізілген соң оны қолдана алатын адамдарды да дайындау керек қой.  Сондықтан мыңдаған кеңестік нұсқаушылар мен аудармашылар Африканың азаттық алған елдеріне қаптап кетті. 1960 жылдардың басында ашылып, Конгоның алғашқы премьер-министрі Патрис Лумумбаның атын алған Мәскеудің Халықтар достығы университеті нақ осы, Азия мен Африканың елдеріне мамандар дайындау үшін ашылған еді. Онда ғылыми бағыттары үйлеспейтін инженер, мұғалім, заңгер, дәрігер, экономист, ауылшаруашылығы мамандарының қатар дайындалуының сыры сонда. Ал П.Лумумба өлтірілгенде оған КСРО-ның 40 шақты қалалары мен кенттерінде көше атаулары берілді. Соның ішінде Қазақстанның Алматы,  Шымкент, Өскемен, Тараз қалалары да бар. Не деген шексіз «құрмет» десеңізші? Дарақылықтың бір көрінісі осы.

           Жалпы алғанда Брежнев жылдарында Африканың Алжир, Ангола, Ливия, Мысыр, Мали, Гвинея, Гвинея-Биссау, Бенин, Нигерия, Сейшель аралдары, Сомали, Эфиопия, Мозамбик және т.б. елдерінде кеңестік мамандар жылдап жатып жұмыс істеген. Осының үстіне олардың мыңдаған адамдары кеңестік мектептер мен ЖОО-ларынан өткізілді. Кеңестік идеология шетелдіктерге құрмет көрсетуді мемлекеттік ресми саясаттың деңгейіне дейін көтерді. Оларға тек жақсыларымызды көрсетіп, жаманды жасыру да барлық деңгейдегі қызметкерлердің міндеті болды. Мұндайларды көріп жүретін халық олардың ісін анекдоттарға айналдырып, мысқылмен күліп жүретін. Сондайдың бірін ғана еске сала кетейік. Аудандық партия комитетінің хатшысы шетелдік делегацияға колхоз базарын көрсетіп, жетістіктерді оңды-солды мақтап жүреді. Бір кезде шетелдіктер сиыр сатып тұрған бір адамның жанына келіп, оны қаншаға сататынын сұрайды. Хатшы қонақтардың көзін ала беріп мұжыққа «арзандат, арзандат» дейді ысылдап. Ұға қойған мұжық «үш сом» деп тақ ете қалады. Шетелдіктер таңырқап, риза болады. Бірақ мына бағаны естіген өтіп бара жатқан біреу маған сатшы деп жабыса кетеді. Хатшы оған жұдырығын көрсетіп, көзін алайтады. Анау да жағдайды түсіне қойып, жоқ мен сиыр алмаймын, одан да тағы бір сом қосып тауық алайын деп бұрылып кетіпті. 

Халық мұндай анекдоттың неше атасын айтып, өкіметтің жасанды қылықтарын айызы қана әжуалайтын. Сондықтан шынайы өмір бір басқа да, кеңестік идеологияның жауынгерлері тарататын өмір салты екінші түрлі болатын. Әрине, мұндайға кеңестік кезеңді көрмеген жастар күлмеуі де мүмкін, олардың анекдоты қазір басқа...

(жалғасы бар)

Жақсыбай САМРАТ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар