Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 4368 0 пікір 20 Мамыр, 2016 сағат 15:46

ҚАНДАСТАРЫМЫЗ СӘБИЛІ БОЛУ ҮШІН ПЕРЗЕНТХАНАҒА 300 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕП ЖҮР

Қазақстан қоғамында  шешім күткен, аса маңызды, өте өзекті мәселелер жетіп артылады. Мәселен тіл, жер, жемқорлық, отандық өндіріс, ауыл, экология, ақпараттық экспанция, ұлттық тәрбие, діни экстремизм деп тізбектеліп кете береді.

Көш, оралман мәселесі де солардың қатарында.  Қазір көші-қон заңына  өзгертулермен толықтырулар енгізілді, оралмандар қоныстанатын өңірлер белгіленді, биылғы  ішкі және  сыртқы көші-қонға  квота бөлінді, бюжеттен ақша қаралды, енді бәрі жақсы болады деген қоғамдық пікір қалыптасып жатыр. Бірақ өмірдегі нақты жағыдай  мүлде басқаша.

Мәселен 2011 жылы Қазақстан Республикасының Үкімет  қаулысымен  шет елдерден көшіп келетін қазақ отбасыларына жыл сайын бөлініп келген  квота ресми  түрде тоқтатылғаннан  кейін де  ҚР-на 30 мыңға жуық қазақ отбасылары көшіп келген болатын. Олардың дені әлеуметтік мәселелері шешілмеген не  жұмысы, не баспанасы жоқ, көп балалы, тұрмыс жағдайы ауыр отбасылары...  Олар Үкімет тарапынан қолдау күтіп отырған-ды.   Енді қараңыз биылғы сыртқы көші-қонға  бөлінген қоныс аударушыларды  қабылдаудың өңірлік квота саны 1259 отбасы  ғана. Бұл   өте аз сан, кімге жетеді?! Үкімет  енді қулыққа көшіп отыр.  Квота  Қазақстан Республикасының азаматтығын алған  және оралман мәртебесі тоқтатылған отбасыларына берілмейді дейді. Шын мәнінде  Қазақстан Республикасының азаматтығын алғандар ең әуелі квотаға қол жеткізсе дұрыс болар еді ғой.

Қазір оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатын отбасыларына белгіленген ішкі көші-қон да көптеген себептерге мәселен, оңтүстік тұрғындарының  солтүстіктің қатаң, қытымыр қысына бейімделіп кете алмауы, шешілмеген әлеуметті мәселелеге қатысты тығырыққа тіреліп отыр, кері көшіп жатқандар да аз емес.  

Квотаға енген отбасыларына ақшалай мардымсыз көмек берілуі тиіс. Бұл қаражат республикалық бюжеттен бөлінген көрінеді, бірақ өңірлерге әлі жеткен  жоқ.

Үй, баспана мәселесі, жұмыспен қамту жергілікті әкімшіліктерге жүктелген.  Жергілікті халыққа  жұмыс, баспана тауып бере алмай отырған әкімшіліктер  оралмандарға баспана, жұмыс бере ала ма? Бұл енді  мәселенің әлеуметтік жағы.

Оралман мәселесінің тағы бір ұшығып тұрған тұсы тұрақты тіркеу, ықтияр хат, азаматтық алуға құжат ресімдеуге келіп тіреледі. Бюрократизм, қағазбастылық адым аштырар емес. Оның үстіне  көші-қон полиция  мекемелерде оралмандармен жұмыс жасайтын мамандардың көбісі   қабылетсіз, өз жұмысын білмеуі оралмандарды  әуре-сарсаңға салып отыр.

ҚР-на  тұрақты тұру үшін бір жолата көшіп келген оралман отбасы келген елінен: 1. Сотталмағандығы туралы 2. Келген елінің азаматық тіркеуінен шыққандығы туралы екі анықтама әкелуі керек. Соттылығы туралы  анықтаманы тек құзырлы мекеме, белгілі лауазымды адамдарға  ғана берілетіні туралы  Қытай, Монғолия Үкіметінің  арнайы  қаулысы бар, яғни анықтама жеке адамдарға тікелей берілмейді.  Осыған байланысты аталмыш елдерден анықтамаларды алу үлкен қиындық тудырып отыр. Қайсыбір елдерде қандастарымыздың құжаттарында ұлты жазылмайды, сондықтан олар ұлты қазақ екендігі растаған үшінші  анықтаманы тағы алып келулері қажет.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  2015 жылдың 24-күні қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Заңының ( № 421-V ҚРЗ)   25-бабының 3-тармақшасында «оралман мәртебесін алған  күннен бастап бір жыл өткеннен кейін тоқтылады»  делінген, Осыған сәйкес шет елден келген қазақтардың оралман мәртебесі 1 жылдан кейін жойылып қалады. Бұрын оралман мәртебесінің уақытын көші-қон бөлімдері  созып беріп отыратын-ды. Енді елге оралған қандастарымыз оралман мәртебесі 1 жылдың ішінде тоқтатылуына  байланысты олар ҚР-ның заңнамалары бойынша шет елдің азаматы болып саналады. Сондықтан Қазақстан республикасына біржолата көшіп келген қандастарымыз ҚР-ның азаматтығын алу үшін келген елдеріне барып азаматтықтан шығу  туралы өтініш, құжаттарын  тапсырып,  Президентінің жарлығын күту керек. Мәселен Моңғол Елінің Президентінің азаматтық мәселесі бойынша жарлығы  бір жылда бір рет қана шығады екен. Қандастарымыз  азаматтықтан шыққандығы туралы анықтама әкелген соң ғана Қазақстан Республикасының азаматтығына  құжат тапсыра алады.  Алайда олардың көбісі келген елдеріне барып келе алмайды, тұрмысы ауыр болғандықтан жағдайы жоқ. Міне осы келеңсіздіктен болып олардың құжаттарының жарамды уақыттары өтіп кетіп, Қазақстан Республикасында тұру тәртібі бұзылып, соның салдарынан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді немесе келген елдеріне шығарылып жібереді. Атамекеніне келіп, әуре-сарсаңға түсіп, тауы шағылып жүрген, жолы болмаған сол баяғы қандастарымыз.

Жақында Павлодар, Ақсу қалалық перезентханада дау шықты. Моңғолия және Қытайдан елге оралған екі  отбасында   аяғы ауыр аналар Жанаргүл, Нұргүлдер босанып, өмірге шекесі торсықтай  сәбилер келді. Алайда аналардың    жүрегі қуаныштан емес қорқыныштан жарыла жаздады.  Себебі оралман мәртебесі тоқтатылған  аналар шет ел азаматы ретінде  перезентхана қызметіне әр қайсысы 300000 теңге  төлеуі тиіс екен. Жұмыссыз отырған отбасылары мұндай ақшаны қайдан  тапсын. Перезентхана тарапынан  қысым жасалып,  сотқа беретінін айтып қорқытып жаңа босанған ананың  жүйкесіне салмақ түсірген. Заң солай болса не шара?. Жас жұбайларға жанашыр, жақсы адамдар, ағайын туыстары көмектесіп әйтеуір қажетті соманы төлепті.  

Қазақстан Республикасында белгілі мекен-жай бойынша тұрақты тіркеуде тұратын оралмандарға оралман мәртебесін белгілі уақытқа созып беруге немесе оралман мәртебесі тоқтатылса  да, қайтадан оралман мәселесін алуға құқық  берілсе оралманнның арқасындағы ауыр жүк сәл болса да жеңілдер ме еді? Амал нешік, қазақтың жаны қазаққа ашымай тұр ғой! Егер шынайы ниет, дұрыс көзқарас болса оралманға қатысты барлық түйткілдерді бір сәтте-ақ шешіп тастауға болар еді ғой.

Қорыта айтқанда  көшке, қандастарымызға, оралманға қойылған тосқауыл әлі де шаш етектен.  Өйткені бұл тұрғыдағы  Үкіметтің  қазіргі ұстанымы «көңілі қалмасын, көйлегі тозбасын» деген шылбыр қашаған саясат ғана.

Яғни шет елдерегі қандастарымыздың елге оралуына қазіргі Үкімет шынайы мүдделік танытып отырған жоқ.

Көші-қон саясатындағы мұндай өгіз аяңмен шет елдердегі  бар арманы елге оралу болып отырған  жүз мыңдаған қандастарымызды осы және келесі ғасырда да көшіріп ала алмаспыз, сірә.

Шет елдегі қазақтың  рухы, намысы, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін, өрлігі мен өжеттігін, Қазақстанға тигізер пайдасы туралы   айтып не қыламыз.

Жұмыр жердегі  15 млн-ның ар жақ, бер жағындағы қазақ тәуелсіз Қазақ Елінде, Тарихи Отанында, Атамекенінде ешқашан  бас қоса алмайтыны ақиқат және өте өкінішті.

Әлхан Амантай 

Abai.kz

0 пікір