Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 5015 0 пікір 14 Сәуір, 2016 сағат 11:37

СОҒЫСТЫ ЖАРНАМАЛАУДЫ ТОҚТАТАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ

Бүкіл әлем елдері тарихшы-ғалымдарының басты тақырыбы – «соғыс», соған сәйкес олардың үзіліссіз жарнамалайтындары да осы – «соғыс». Бүгінгі таңда соғысты ауызға алмайтын бірде-бір тарихшы-ғалым, бірде-бір саясаткер жоқ. Неге олар соғысты ауыздарынан тастамайды? Өйткені, бүткіл жер бетіндегі 7 млрд-тан астам адамдардың бәрі әскери адамдар болып кеткен.

Соңғы мыңжылдықтар да бүткіл әлем елдері болып соғысумен болдық, немесе соғысқа әзірленіп жаттық. Күні бүгінде де тура солай, көптеген елдер бірін-бірі қырып жатыр. Біреулер озбырлық жасау үшін, біреулер озбырлардан қорғану үшін, біреулер қару сатып баю үшін миллиардтаған қаражаттарды, өз халқының аузынан жырып осы әскери салаға жұмсауда.  Байыптап қарасақ, бүгінгі күні бәріміздің әскерше ойлайтынымызды айқын аңғаруға болады. Үйде де, түзде де. Қазіргі таңда Адам өмірінің  «көк тиындық»  құны қалмағандығын осыдан деп, батыл тұжырым жасай аламыз. Бүгінгі күнгі тірлігіміздің бәрі тура соғыстағыдай. Әлем елдерінің барлығы дерлік, мықтысы да, орташасы да, әлсізі де үнемі үрей үстінде.

Әуелгі де күдікпен бастап ем. Соғысты ауызға алмай тарих жазуға болар ма екен деп. Сөйтсем болады екен.

Қазіргі Кеңестік большевизмнің «шинелінен» шыққан тарихшы-ғалымдар оқыған барлық кітаптардың авторлары, сонымен қатар солардың ізін «айна қатесіз» жалғастырған барлық тарихшылардың басты қатесі, тек қана соғыс жайлы жазатыны. Тарихшылардың қай кітабын оқысаң да, олардың әрбір сөзін де бүкіл дүние жүзі үнемі соғысып, бірін-бірі қынадай қырып жатыр.

Осыларды оқып отырып, адам баласы мына дүниеге тек қана соғысып өлу үшін келетіндей болып сезінері хақ. Қазіргі заманның тарих ғылымы тек қана соғысты уағыздайды. Осыларды оқып өскен адамдардың да, елдердің де басы ешқашан бірікпейді. Демек, олардың Адам баласына бар берер «пайдасы», аузы бітіп келе жатқан «жараның» бетін күніне «мың тырнап» қаната беретіні.

 Ал, енді Атам Қазақтың рулық шежіресіне келсек, мұнда соғыс жайлы мүлдем ауызға алынбайды. Демек, рулық шежіре өткенге салауат (кешірім) айтып, тек қана адам мен адамның, ру мен рудың, ел мен елдің, ұлт пен ұлттың бастарын қайта қосып, бірігулеріне мүлтіксіз қызмет жасайды. Бір кереметі осылардың бәрі Қожа Ахмет Иассауи мен Әулие Бекет – Пір Ата ұстанған тарихат (сопылық ілім) жолында айқын көрсетілген.

Бүгінгі көптеген «соғысқұмар» тарихшылардың және солардың сөзіне Құдайындай сенетіндердің Қазақтың рулық шежіресінің мағынасын түсіне алмай, руды жамандап, «ру» деген сөзден зәрелері ұшып, қазақтың рулық шежіресіне үнемі жау болып, қарсы шығатындарының сыры осы.

Осы екі жағдайды саралай келе, үнемі соғыс жайлы жаза берудің соңы жақсылыққа апармайтынына айқын көзім жеткенін қаперлеріңізге бергім келеді. 

Түсініктеме: Ежелгі ғұлама шежіреші-тарихшылардың жазбаларында соғыстарды әділетті және әділетсіз соғыстар деп, аражігін ажыратып отырған. Қазіргі тарихшыларда мұның бірі жоқ. Қазақтың ата-салтын білмегендіктерінің салдарынан бәрін араластырып жіберген. Соғыс жайлы тарихқа қалам тартқан тарихшы, сол соғыстардың әділетті немесе әділетсіз соғыс екендігінің аражігін ажыратып кеткендері, ал ажыратуға білімі жетпеген жағдайда соғыс жайлы жазбағандары дұрыс. Сонда ғана біз тарихшы-ғалымдардың жазған тарихынан «тарих тағлымын» ала аламыз. Мысалы, «Атамекенді (Атам, Әкем және менің туған жерімді) қорғау ең әділетті соғыс болып табылады» деген сияқты.

Тарих тағлымы: Рулық шежіренің мағынасын біліп, оны меңгерген жағдайда бүкіл әлем елдерінің басы бірігуіне толық мүмкіншілік бар, ал тек қана соғысты уағыздап, оны оқып өскен елдер мен ұлттардың басы ешқашан бірікпейді және олар сол соғыстарды ары қарай үздіксіз жалғастыра беретін болады.

Сан мыңдаған жылдар бойы бүкіл әлемге әділдікпен билік жүргізген Қазақтың Ана тілінде сөйлеп, қазақтың дәстүрлі дінін ұстанған Қазақ қағанаттары мен хандықтарының  басты идеясы осылай болған. Қасиетті Қазақ топырағында сол  идея күні бүгінде де жалғасын табу да. Қазақ мемлекетінің бүкіл дүние жүзі бойынша төртінші орын болып келетін ядролық қарудан, бүкіл әлем елдерінің арасынан ең бірінші болып бас тартып, тек қана бейбітшілікті уағыздауы осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.

Соғысты уағыздауды тоқтататын мезгіл жетті.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

0 пікір