Сенбі, 20 Сәуір 2024
Елім-ай 10978 0 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 18:33

ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІ АУКЦИОНДА САТЫЛА БАСТАДЫ

Бүгін қазақтың жері жаппай сатылымға шығарылды. Аукционның алғашқы күнінде мемлекет бюджетіне 1,5 млрд қаржы түскен. Бұл туралы abai.kz  порталы qazaquni.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды. Оқырманның есінде болса, 100 млн.га қазақ жері аукционда сатылатыны туралы жазған едік: http://abai.kz/post/view?id=4789. Соның алғашқы «нәтижесі» 1,5 млрд теңге болса керек.  

 

Жақында мемлекеттің жоғары элитасы меншікке тиесілі қазба байлықтарын жекенің қолына тапсыру туралы шешімге келген.  Ал бүгін елімізде алғаш рет жер қойнаулары сатылымға шығарылған.

Дереккөзінің хабарлауынша, Әсет Исекешев мырза тізгінін ұстап отырған инвеститция және даму министрлігі өткізген аукционның алғашқы күні бюджетке бір жарым миллиард теңге түскен.

Аукцион ағылшын әдісімен яғни, баға өсімі бойынша өткізіліпті. Әрине, аукцион залына жиналған кіл шетелдік қалталы инвесторлар қазақ жерін сатып алу үшін ақшаларын аяп қалмаған. Мысалы, бастапқыда 2 миллионға бағаланған Қарағандыдағы алтынға бай Наурызбай, Алтынсай кен орындары аукцион соңында 280 миллион теңгеге  бағаланған.

Ал шетелдік бизнесмендер ақшаларын бұлайша текке шашып отырған жоқ. Олардың көздегені біреу ғана. Ұзақ жылдар бойы игерілмей тұрған жердегі қазба байлықты сатып табыс табу.  Жалпы, бүгін 100-ден астам жер қойнауы сатылуы тиіс еді. Бірақ, аукционға кейбір қатысушылардың келмей қалғанына байланысты тек 49 жер телімі игерілу үшін  жекелеген кәсіпкерлердің қолына тапсырылды. Қаржылық қиындық алқымнан алғанда Астанадағы ақ жағалылар қазақ жерін, қазба байлығын кімдерге сатпақ? Тығырықтан шығудың жалғыз жолы жерді сату ма сонда? Иісі қазақтың жеріне ауыз салуға Исекешевке кім құқық берді? Министр бұған қандай уәж айтады?

«Жер қойнауын бере салмаймыз. Келісім-шартқа отырып жалға алады. Бұдан мемлекет те, кәсіпкер де табыс табады. Өйткені қаншама жұмыс орындары ашылады, бюджетке ақша түседі. Елімізде игерілмей бос тұрған жер қойнаулары жетіп артылады», – дейді Инвеститция және даму министрі Әсет Исекешов (http://www.qazaquni.kz/?p=43002).

Жер сату әңгіменің ауаны әу баста Президент Назарбаевтың 5 институттық реформасында айтылған еді. Елбасы  реформасының «100 нақты қадамында» жерді нақты меншік иесіне беру туралы айтылған. Осыдан кейін ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент мақұлдады. Жаңа заң жобасы бойынша ауыл шаруа­шылығы мақсатында жерді тиімді пайдалану үшін оны аукцион арқылы жекеменшікке сату туралы шешім шығарылған.

Мәсімов үкіметі бүгін бірінші аукционды ұйымдастырып, одан 1,5 млрд. теңге пайда тапты.  Алайда, ұзақмерзімді жалға бер­геннің өзінде жер  сіз бен біз секілді қалтасы тесік қазақтың емес, олигархтардың қолына өтуде. Ал, енді жер сатылған жағдайда, біз жерден айырыламыз. Жер – елдің байлығы. Біздің ел, мемлекет болып отырғанымыз осы жеріміздің арқасында емес пе?  Сонда биліктің көздегені қара жерден  тек қана пайда табу ғана ма?  Екінші­ден, қазіргідей жа­һандық дағдарыс кезінде нанға, күнделікті қажеттілікке ақша таба алмай отырған ауылдағы қара қазақ ол жерлерді сатып ала алмайтыны айдан анық. Демек, біздің үкімет әлгі олигархтардың байыған үстіне баюына жағдай жасап отыр деуге осы арада толық негіз бар.
Осыдан 10 жыл бұрын елімізде 35,5 миллион гектар егістік болса, қазір оның кө­­лемі 21 миллион гектарға дейін түсті. Қалған жерлерді құнарлылығы жарамайды деп пайдаланудан шығарып тастаған.
Қазір кейбір жер алпауыттарында 2-5 миллион гектарға дейін жер бар. Элеваторларды да жекешелендіріп алған, сатып жатыр. Сондықтан жерді оларға беруге болмайтынын сарапшылар айтқанымен, Мәсімов Үкіметінің өз есебі болса керек.  Біз қанша бажайлағанымызбен, өз жерімізді өзіміз игере алмайтын халге жетіппіз. Терещенко, Мадимов, Кулагин сияқты латифундисттер жерді әу баста жалға алды. Содан соң жұлма-жұлмасын шығарды. Олардан  осы күні уаланған, құнарсыз жер қалғаны, қалып жатқаны және рас. Бұндайда өкіметіміз өгей болған соң, өкпеңді қайда айтырыңды да білмейсің. Міне, енді қазақ жері кәдімгі аукционға түсіп, оны шетелдіктер сатып алып жатыр. Қаржы дағдарысынан Үкіметтің тапқан жолы осы болса керек. Қазақтың байтақ даласы болмаса, Үкімет ендіге қайтер еді? Бұл сұрақтың жауабын ойлаудың өзі қорқынышты.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір