Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 7156 0 пікір 3 Қыркүйек, 2015 сағат 14:36

АЛМАТЫНЫҢ ӘКІМІНЕ АЛТЫ ТАПСЫРМА

Алматы – қазақ халқының жүрегі. Алматы – мемлекетіміздің айнасы. "Алматы - Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі" (Президент Назарбаевтың сөзі). Асқар таулы, жасыл желекті алып қалаға қарап бүкіл әлем қазақты таниды. Еліміздің өркендеуі мен дамуы осы қаланың қал-жайынан-ақ байқалып тұрады. Сондықтан да бұл қалада істелуі қажет кешенді жұмыстар жетерлік. Біз бүгін соның бірнешесін, яғни қала тұрғындары үшін аса маңызды мәселелерді қаланың су жаңа һәм жап-жас әкіміне атап көрсетіп, оның халық алдындағы міндетін есіне салсақ дейміз.

Аса мәртебелі, Бауыржан Байбек мырза! Иманғали Тасмағанбетов Алматының әкімі болып тұрған кезде қаламыздың жағдайы жап-жақсы болатын. Сол тұста аз да болса Алматыда бірнеше көпір салынып, қала тазарып, бір жетісіп қалған едік. Иманғали Нұрғалиұлы кеткен соң, Алматыдан «иман» кетті.

Алматы – әлемдегі ең лас 25 қаланың тізіміне кіреді екен. Бар болғаны 2 миллион халқы бар Алматы ластану көрсеткіші жағынан  20 миллионнан астам тұрғыны бар Мехико, 17 миллиондай халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 миллионның аралығында халқы бар Нью-Йорк , Лос-Анжелес , Лондон, Ыстамбұл, Токио мен Мәскеу сияқты қалалардың алдында тұр. Олардың қасында аядай Алматының экологиясын жақсарта алмай жүргеніміз ұят. Мұны бірінші мәселе деп қойын дәптеріңізге түртіп қоярсыз. Ал ары қарай...

Екінші мәселе – қала көшелеріндегі кептеліс. Бүгінде Рысқұлов – Емцов, Рысқұлов – Тілендиев көшелері қиылысқан жолмен жүру мүмкін болмай кетті. Оның үстіне Райымбек даңғылы мен Тілендиев көшелері қиылысқан тұста жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан (негізі мұндай жұмыстар Өзіңіз айтпақшы, түнде істелгені жөн) аталған аумақтан өту елге қиямет-қайым болды. Есімовтің кезінде Рысқұлов пен Емцов көшесінің қиылысына айналмалы көпір салу мәселесі жиі көтерілетін. Бәлкім, Сіз осы істі атқарып, халықтан алғыс аларсыз.  

Райымбек даңғылының да бойында да жиі кептеліс болады. Райымбек – Жетісу, Райымбек – Жангелдин, Райымбек – Сүйінбай («Саяхат» автобекеті жанындағы көпірдің жобасы сын көтермейді), Райымбек – Байзақов, Райымбек – Тұрғыт Озал, сондай-ақ, Райымбек даңғылындағы Алтын-Орда  базары маңы елдің жүйкесін жұқартып бітті. Жалпы халықаралық жолдардың бойында базар болмауы тиіс. 

Біздің Алматыда кептелістен құтылуға болатын кешенді бағдарлама жасалған жоқ. Бізді былай қойып,артта қалған деп тұмсық шүйіретін Моңғолияның Ұланбатыр қаласының өзінде кептелістің алдын-алатын түрлі шаралар жолға қойылған. Мысалы, Ұланбатырдың жол полицейлері тоқтауға болмайтын жол жиегіне қойылған көліктерді порталға басып кетіп жатады. Ал, бізде жол сақшылары бағдаршамның рөлін атқарудан арыға бара алмай отыр. Тағы да Ұланбатырдан бір мысал келтірейік. Егер сіздің көлігіңіздің нөмірі 1 санынан басталса (яки нөміріңізде сол сан болса), сіз дүйсенбі күні қалаға кіре алмайсыз, ал екі санынан басталса, сейсенбі күні қалаға кіруге, қаланың ішінде жүруге құқығыңыз жоқ. Әрине, біз Моңғолиияны үлгі етуден аулақпыз, Десе де, ақылмен істелген істе береке болатынын ескеруіміз қажет.  

Енді үшінші мәселеге ойысайық.

Қазір қаладағы қоғамдық көліктердің жайы сын көтермейді. Қоғамдық көліктерді көбейтіп, автопарктердің жұмысын жүйелеу қажет...

Төртіншіден, қаладағы мектептердің жайы қала әкімінің назарында болғаны жөн. Сіз әкім болып келе сала «енді қаладағы ешбір оқушы оқулық сатып алмайтынын» айтып, сүйінші сұраған болатынсыз. Бірақ, неге екенін қайдам, қазір «Көк базардағы» кітап саудасы қызып тұр. Мектеп демекші, Алматыдағы 190 мектептің 50-і ғана қазақ мектебі. Қала шетіндегі мектептерге бала сыймай, қазақ мектептері үш ауысыммен оқуға мәжбүр (1500-ден 2000 оқушы оқитын мектептер бар). Ал, қала ортасындағы орыс мектептері бар болғаны 300-400 оқушымен-ақ білім көкжиектерін кеңейтуде. Осы орайда оқушысы аз мектептердің жанынан қазақ сыныптарын ашу жұмысы жүйелі түрде жүргізілгені жөн.

Бесінші мәселе – Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі болған, бізге тәуелсіздік алып берген қастерлі алаңды абаттандырып, тәуелсіз елдің қасиетті орнына айналдыру қажет. Сәтбаев көшесіндегі бұл алаңда қазір ешқандай мәдени жиындар өткізілмейтін болды. Күні-түні көлік зулап, шуылдан құлағың тұнады. Қайрат пен Ләззаттардың әруағының құрметіне осы алаңды «шуылдан» құтқару керек.

Алтыншы мәселе – Алматыдағы көше аттары. Алматыда аттас 50 көше бар екен. Бір ғана Алматыда сегіз көше Абай атымен аталып кеткен. Екі көше Мұхтар Әуезов атымен аталса, тағы бір екі-көше Мәншүк Мәметова атымен аталады. Ал Ілияс Жансүгіров атындағы көшелердің саны 12-ге жеткен. Мұның сыртында Фурманов (осы көшенің аты Кенесары ханның атымен аталса дейміз) секілді жаттың атымен аталатын, қазақ еліне еңбегі сіңбеген, сондай-ақ кеңестік кезеңді еске түсірерлік атаулар қаншама? Соның бәрін бір жөнге келтірсеңіз қазақ халқы Сізге ырза болар еді. Қазір Алматыда «сити» мен «центрлер» (орысша дүкен, мекеме атаулары) көбейіп кетті. Сіз үшін сол «ситиді» – кентке, «центрлерді» – орталыққа айналдырар күн туды.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР  

Abai.kz

0 пікір