Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қоғам 8561 1 пікір 19 Маусым, 2015 сағат 12:14

ТАҒЫ ДА 5000 КИІКТІҢ ӨЛІГІ ТАБЫЛДЫ

18-маусым күні  Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Айырқұм ауылының  Сөрелі  деген жерінде 5000 киіктің өлігі табылды (одан көп болуы да мүмкін). Бұл туралы Көкалат  ауылының тұрғыны Кәкімжан Кәрібозов мәлімдеді. «Бұл өткен айдың басында жаппай қырылған киіктердің бір бөлгі болуы мүмкін», - дейді ол. Амангелді және Жангелдин аудандары тұрғындары ертең таңертең  киіктердің өлігін көмуге жіберілмек. Киік қырылған аймақтарының бәрі карантинді аймақ деп жариялағанын алға тартқан жергілікті әкімшілік басшылары киік қырылған аймақтарға біздің баруымызға рұқсат еткен жоқ. Сонда да, әлі де болса, соңғы 5000 киіктің өлігі табылған аймаққа барып, өз көзімізбен көріп қайту ниет бар.  

«Шындық экспедициясының» мүшелері  140 000 киіктің, малдың, жабайы аңдардың жаппай қырылу себебін білу мақсатында Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Талғат Карбозовпен, сол аудан мәслихатының аппарат жетекшісі Ғалым Алшоринмен, Көкалат ауылына қарасты «Сыма-К» шаруа қожалығының жетекшісі Кәкімжан Кәрібозовпен, тағы басқа көптеген жергілікті тұрғындармен кездесіп, сұхбаттасып, әртүрлі ақпараттар алуға тырысты. Өкінішке қарай, Жангелдин ауданының әкімшілік басшыларымен сұхбаттасудың сәті түспеді. Аудан әкімі мен оның ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары киік өлігі табылған аймаққа кетті дейді сол жердің қызметкерлері. 

Керісінше, ауыл тұрғындарымен кеңінен сөйлесудың сәті түсті. Өздерінің аты-жөндерін атаудан үзілді-кесілді бас тартқан азаматтардың мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың мамыр айының басында  Амангелді және Жангелдин аудандарында киіктер жаппай қырыла бастаған. Сол киік қырғыны басталған күндері Амангелді ауылына Ресейдің әскери техникалары, жүк көліктері көптеп келіп, ақ комбинизон киген әскерилер киіктер қырылған маңнан құлаған зымыранның қалдықтарын жинап алып кеткен. Атын атаудан бас тартқан азаматтар ол зымыран қалдықтарының  не Протонның немесе әскери қару түрінің қалдығы екенін ажырата алмады. «Қаптап кетті ғой өздері. Ақ киім киген  адамдар тесіктері бар темір қалдықтарды жинады. Әлгі қалдықтарды зымыран қалдықтары-ау деп ойладық. Бірақ қандай зымыран түрі екенін айта алмаймыз.  Олар кеткеннен кейін де бір шар тәріздес темір табылды ғой» дейді олар.

 

Сонымен бірге мың-мыңдаған киіктердің өлігін жинауға аталған екі ауданның тұрғындары және Қазақстанның әскерилері жұмылдырылған көрінеді. Олар қауіпсіздік шараларына аса мән бермеген сыңайлы. Мәселен,  олардың көбінде  резіңке қолғап, арнайы киім немесе ауа тазалайтын құрылғылар болмаған. Соның салдарынан екі солдат аяқ астынан көз жұмып, ауылдың бірнеше тұрғынының қолы, аяғы ісініп барып, түрлі ем қабылдағаннан кейін оңалған.  Кейбір тұрғындар киік қырылар алдында жарылыстың болғанын, оны өз көздерімен көргенін мәлімдеді. Алайда жарылыстың неден болғанын түсіндіріп бере алған жоқ.

Ал «Сыма-К» шаруа қожалығының жетекшісі Кәкімжан Кәрібозов мамыр айының ортасынан бастап, екі апта көлемінде 51 бас ірі қара мен 16 жылқы малының өлгенін айта келе,  олардың бәрі шөп жеп, су ішіп тұрған, қоңды мал болғанын атап өтті. «Мал көтеремнен немесе арықтықтан өлген жоқ. Олардың бәрі бір жарым айдай өріске шығып, көк жеген, қоңды мал болатын. Қора таза, шөп жетеді. Егер аудандық, облыстық мал дәрігерлері дұрыс жұмыс істесе, дәл осылай болмас па еді», - деп кейістік білдірді.

 

Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, биылғы жылы мал шығыны өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп болған.

Әрине, ауыл тұрғындарының айтқанының бәрі анық ақиқат болмауы да ғажап емес, бірақ біз естігенімізді елге жеткізуді өзіміздің азаматтық парызымыз деп санадық. 

Тағы бір айта кететін мәселе, Амангелді ауданының орталығы Амангелді ауылында да, Жангелдин ауданы орталығы Торғай ауылында да полиция қызметкерлері соңымыздан қалмай, құжаттарымызды, жүктерімізді тексеріп, көлікті тінтігенін айта кеткен жөн.

Облыс көлемінде «Антитеррор» шарасы өтіп жатыр деген желеумен 4-5 рет тоқтатып, құжаттарды қайта-қайта тексерген полиция қызметкерлері ешбір хаттама толтырған жоқ. Өздерінің қызметін асыра пайдаланған полиция қызметкерлерінің үстінен  Жангелдин аудандық прокурорының атына шағым жазуға да тура келгенін айта кеткен жөн. Ал, аудандық прокурордың міндетін атқарушы Қозыбақ Мейрамгүлге экспедиция мүшелері үлкен ризашылық білдіреді. Ол өзінің сыпайылығымен және кәсіпқойлығымен ерекешеленіп, бізге нақты көмек қолын созғанын баса айтқан жөн. Сонымен бірге Торғай ауылының ветеринары Газзезов Жамбылға бізбен бірге шаруа қожалықтарын аралап, жол көрсетіп, жөн сілтегені үшін алғыс айтамыз.  

Сонымен, «Шындық экспедициясы» өз жұмысын одан әрі жалғастыруда...

 

(Жалғасы бар. «Шындық экспедициясының» сапары жөніндегі мақаланың басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/view?id=3714)

 

«Шындық экспедициясының» мүшелері:

Мақсат Ілиясұлы,

Еділ Мәкен,

Жеңіс Тілеубай,

Нұрлан Жабаев,

Амандық Дәулетбекұлы

 

Арнайы Abai.kz ақпараттық порталы үшін Қостанай облысынан.

 

1 пікір