Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қайнайды қаның... 24837 1 пікір 18 Мамыр, 2015 сағат 09:12

ҚАЗАҚТАР ҚЫТАЙДЫҢ ӘНҰРАНЫН АЙТЫП ЖҮР

Қазақтың қара алтыны мен көгілдір газына белшеден көміліп жатқан қытайлар енді оны да қанағат тұтпай, компаниясында істейтін қазақ жұмысшыларына «әнұранымызды айт» деп қорлайды екен. Иә, еліңнің байлығын сорып жатқаны аздай, тәуелсіздігіңе түкіріп, өз гимінін айтуға зорлап жатса, бұдан артық қандай қорлау болмақ!?

Негізі, бұл жағдай бұрыннан айтылып жүр. Бірақ, соған «селт» еткен билікті, бір әрекет жасап, пәрмен білдірген құзырлы орынды көрмедік. Бұл жолғы шу да Ақтөбеден шықты. Облыс аумағында мұнай мен газ өндіріп жатқан CNPС «Ақтөбемұнайгаздың» бір топ жергілікті жұмысшысы «Ақжол» демократиялық партиясының облыстық филалына шағымданған. Арыз хатта қазақ жұмысшылары әр күні кезек ауысар алдында компанияның қытай басшылары оларды Қытай мемлекетінің гимнін орындауға мәжбүрлейтінін айтқан.

Ақжолдың облыстық филалының басшысы Ізімғали Көбеновтың айтуынша, партияның Темір  ауданы бойынша координаторы Хамит Қырқынбаев жұмысшылардың арызына орай, мән-жайды сұрап білгенде, олар айтқан жағдайдың рас екенін анықтаған. Х.Қырқынбаевтың пікірінше, жергілікті билік бұл мәселеден хабардар, алайда қазіргі уақытта аталған жағдайдың анық-қанығын тексеріп, қытайлардың заңсыз қылығы туралы әрекет жасауға ешкім ықылас таныта қоймаған.  

І.Көбенов Кеңқияқ пен Жаңажол кеніштерінде жұмыс істеп жатқандардың дені Қазақстан азаматтары екенін айтады. Бірақ, жұмысымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқатын олардың көбі қытай бастықтардың зорлықты ісіне ашық қарсы шығуға батылдары бармайды екен. Ал, «Ақтөбемұнайгаз» директорының орынбасары Чжан Чэн «бұндай оқиға бізде болған емес» деп ат-тонын ала қашыпты. Сонда, қазақ жұмысшылары еріккеннен өтірік айтып, ойдан аңыз құрастырып жүр ме? Әлінен асып, Қазақстанның заңына белден басып, ақшамен сатып алып жатқан қытайлар тәуелсіздігімізді қорлап, азматтарымыздың құқын көк тиын құрлы көрмей жүр.

Қазақ жұмысшыларының конституциялық құқын бұзып, Қазақстан заңдарын аяққа таптап отырған қытай компаниясы неге бұлайша асқақтайды? Оларға қарсы облыстық билік, прокуротура неге тексеру жасап, заңмен жауап бермейді? Бірақ, олар ауыздарына құм құйып алғандай үнсіз, бұғып кеңселерінен шықпайды. Бұққан сайын сұғып жатқан қытайлар, бүйте берсе, одан да сорақы «тәртіп» орнататынына күмәніңіз болмасын.

Қытайға жалданған жұмысшыларымыз нәпақасынан айырылып қаламыз деп, үнсіз қорлыққа көнуде, ал, қазақ билігіне бәрібір: онсыз да жалтақ, дәрменсіз. Сонда, қытай бізді әлден «тырп» еткізбей, байлығымзды да иемденіп, заңымызды шеңгелдеп, шенеуніктеріміздің «аузын буып», рухымызды өшіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің құндылығын таптағаны ма? Егер, бұл әрекет жалғаса беретін болса, билік осылай үнсіз бүгежектей берсе, түбі бұл дау қытай мен қазақтың арасындағы үлкен шулы оқиғаға ұласатын болады. Сонда, бұндай сорақылықты жасырып-жауып, қытайларға құлша жорғалап отырған облыс басшылығы үлкен өкініш арқалап қалуы әбден мүмкін.

Жебе НОЯН

Abai.kz

 

1 пікір