Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 15203 0 пікір 8 Шілде, 2014 сағат 09:49

ҚАЗІРГІ ЖАСТАРДАҒЫ ДІНШІЛДІК КӨРІНІСТЕРІ

Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы мемлекет екені анықталған. Демек, заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дін өрісіне мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады. Сондықтан дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі.

Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор.

Еліміз егеменді ел болып демократиялық үдерістер жүргізіле басталғалы дін саласында едәуір өзгерістер болды. Діни бірлестіктердің саны күн санап артып, дәстүрлі діни конфессиялардың өсуімен қатар, елімізде бұрын болмаған діни ағымдар да пайда бола бастады. Өкінішке орай, сол сырттан келген жат кертартпа діни ағымдардың етегінде қылшылдаған жастарымыз кетуде.

«Соңғы кездері біз қандай да бір діннің тереңіне бойламай, діндердің ізгілігіне, шынайылығы мен жалпыға ортақ басқа да қырларына дендеп енбей жатып діндарлықтың сәнге айналғанын көріп отырмыз. Адамдарды қандай да бір дінді қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды. Сондықтан жастарға ерекше назар аудару қажет», – деп Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассаблеясында сөйлеген сөзінде жол көрсетті.

Расында, қазіргі кезде дінге бет бұрушы жастар қатары көбеюде. «Шөлдеген жан су көрсе, бас қоймай ма қайнарға»,-деп дана, хакім Абай айтқандай, жылдар бойы рухани сусаған халық бірден дінге бас қойды. Алайда, дінсіздік деңдеген елдің ересегінің де, әсіресе жастарының діни санасы тым төмен. Осы себепті, діни білімнің төмендігінің себебінен жастарымыз ақ қараны әлі де ажырата алмай жүрген жайы бар.

Өйткені, білімсіз жасалған құлшылық – тамырсыз талмен тең. Тамыры терең болмаған талды жел шайқап, оңай құлатады. Сол секілді, дінді біліммен танымаудың түбі – қасірет. Білімсіздік – бүлікке, бүлік – бөлінуге әкеп соғады. Ал Алла тағала Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

Иа, бүгінгі қоғамның өзгерген бейнесі туралы сөз қозғағанда, ендігінің құндылықтарын ертеңге жалғайтын жастардың келбеті алаңдататыны рас. Аға буын тарапынан жастарға қатысты кінә артатын сөз айтылғанымен, сол әкелер «балалардың жүрегіне қаншалықты үңіліп, жастарды қаншалықты түсініп жүр» деген сұрақ ойды мазалауда. Ендігінің сөзін ұстар, ендігінің арманына жеткізер, ендігінің биігіне шығарар жастармен бүгінгінің қарым-қатынасы қалай? Жастар өзгерді, құндылықтары басқа деген сөзді күнде айта беруге болар, алайда, нақты бір деректердің, зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, олардың әлеміне, жан-дүниесіне үңілудің жөні бөлек.

Таңдамасаң жастай жолдың дұрысын,

Жас болып та көрген күнің құрысын, – деген Әбдірахман Жәмидің ұлағатты сөзі текке айтылмаса керек.

Сан ғасырлар тату тұрған қазақ елі үшін мұндай келеңсіз жағдайларға жол беру үлкен қателік. Сондықтан ата-бабамыз ұстанған мейірімді ислам дінін дұрыс түсініп, жүрегімізде жылулық сақтап, адамгершілік бейнемізді қолдан келгенше жоғалтпауға тырысуымыз керек.

Қазақстандық дәстүрлі ислам дегеніміз жаңа қазақ ислам моделін шығару емес, ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ислам құндылықтарын сақтап қалуды білдіреді. Себебі ислам діні тарихымыздың, мәдениетіміздің ажырамас бөлігі.

Таяқтың екі ұшы болады демекші, жалпы жастарымыздың дінге бет бұруының қоғам үшін пайдасын да айтуымыз міндетті. Өйткені, иман ұялаған жерге ырыс, береке даритыны шындық. Ислам дініндегі бес парыздың бірі бес уақыт намаз оқу арқылы адам баласы тазалыққа тәрбиеленсе, екінші парыз Рамазан айында ораза ұстау арқылы шыдамдылыққа шынығады. Ал, үшінші парыз зекет беру арқылы жұмыр бас пенде жомарттыққа үйренеді және жер бетінде сәл уақытқа болса да бай мен кедей атаулысы теңеледі.

Осы орайда қазір біз жастардың сауатты діни білім алуына жіті көңіл бөлуіміз қажет. Себебі, қазіргі жастар рухани тұрғыдан өз орнын таба алмауда. Қазіргі мәселелердің көпшілігінің түйінін де біз дін жүйесін жолға қою арқылы шеше аламыз. Жастардың дін негіздері бойынша сауат ашуы олардың түрлі діни ұйымдарға кіріп кетуінен сақтап қана қоймай, оларға сыни баға бере алатындай деңгейде болады, өзге діндерге құрметпен қарап, қоғамдағы толеранттылық мәдениетіне үйретеді.

Бүгінгі күні барлық жерде бейбітшілік орнату және адамзаттың бейбіт және жарқын болашағын құру үшін үлкен күш-жігер жұмсалуда. Осы миссияны орындауда діни лидерлер мен діни қайраткерлердің қызметі алдыңғы орында, өйткені рухани құндылықтарды бұл үдеріске тартпайынша, қазіргі проблемалар мен уақыт өктемдіктеріне төтеп беру мүмкін емес.

Расында да, діни көшбасшылар адамзаттың бейбіт және жайлы өмірін бұзатын бүкіләлемдік оқиғаларға селқос қарамайды. Жаңа мыңжылдық бастауында адамзаттың жаһандық қыр көрсетулермен, кедейлік, экологиялық проблемалар, өткен ғасырдан қалған және қазірде жаңа ауқымға ие болған өңірлік қақтығыстар жалғасуда. Жыл сайын қарулы қақтығыстар барысында әлемде мыңдаған адамдар қаза табуда. Отбасылар ойрандалады, адамдардың ар-ожданы мен ұлт құқығы аяққа тапталады. Шешімін таппаған жанжалдар көбіне діни, мәдени құндылықтарды елемеуге және жоюға, діни өшпенділікті өршітуге ұласады.

Осы орайда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші діни конфессия өкілдерімен, сол саладағы мамандармен бірігіп, үйлесімді істер атқаруы қажеттілік. Себебі, əр діннің түсінігі, ұғымы, ғұрыптары тағы басқасы бар, соларды дұрыс білім ретінде мектеп оқушыларына, жұртшылыққа жеткізу дінтанушылар үлесіндегі іс. Өйткені атамыз қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен имандылықты бойына сіңіру, мектепте де, жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін айтқым келеді.

Будда өсиет еткендей, «егер сен мың сөздің орнына жалғыз ғана, бірақ Бейбітшілік орнататындай сөз іздеп тапсаң, сол жеткілікті болар еді!».

Толеранттылық, құрмет, бүкіл адамзаттың өзара түсіністігі мен тең құқылы болуы сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар барлық діннің өзегі болып табылады, сондай-ақ ол 1948 ж. қабылданған «Адам құқықтарының бүкіләлемдік декларациясында» бекітілген. Қандай болмасын дін жолын ұстанатын адамдарды бейбітшілікке және лайықты өмірге ұмтылыс біріктіреді. Біз кез келген адамды ұлтына, дініне, наным-сеніміне қарамай, оның адам болғаны үшін ғана құрметтеуге міндеттіміз.

Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел ағасы. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Ұлы Мағжан Жұмабаев атамыз: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қырағы – Мен жастарға сенемін» дегендей, бүгінгі қоғам, қазіргі нарық бәсеке заманын талап етіп отыр. Жүректерінде жалыны, бойларында күштері бар жиырма бірінші ғасырдың жастары күнделікті өзгеріп жатқан өмірге, құбылыстар мен жаңалықтарға шошып қарамай, батыстың қитұрқы өміріне еліктемей, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп» жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Оспанова Салтанат,

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының

жетекші ғылыми қызметкері 

 

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616