Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Алаң 6994 0 пікір 31 Қазан, 2016 сағат 12:53

БОҚАЕВ ПЕН АЯНОВ ІСІ: ОППОЗИЦИЯ СЕРКЕЛЕРІ АТЫРАУҒА НЕ ҮШІН КЕЛДІ?

Атырау қаласында Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта іске қатысы бар куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. Сонымен, өткен аптадағы сот процесі несімен есте қалды?

Дүйсенбі күні Атырау қаласының экс-әкімі Нұрлыбек Ожаев Исатай-Махамбет алаңында неліктен митинг өткізуге рұқсат берілмейтінін айтқан болатын. Естеріңізде болса, сотталушылар М.Боқаев пен Т.Аянов 24 сәуір күні дәл осы алаңға халықты жинап, шеру өткізген, сондай-ақ, 21 мамыр күні тағы митинг өткізуді жоспарлаған.

Сот отырысында Н.Ожаев ескерткіш орналасқан алаңдар митинг үшін рұқсат етілген жерлердің қатарына ешқашан енбегенін айтты.

«Себебі бұндай алаңдардың тәрбиелік мәні зор, олар - халқымыз үшін қасиетті, киелі саналатын жерлер. Қалада Исатай-Махамбет алаңынан өзге Құрманғазы алаңы, соғыстан қайтпаған сарбаздарға арналған Мәңгілік алау алаңдары да бар. Сондай, ескерткіштер тұрған алаңдарда митинг өткізуге рұқсат етілмейді. Ал рұқсат етілген жерлер тізімін қала әкімі мемлекеттік органдармен ақылдасып жасайды. Тізім мәслихатқа ұсынылып, шешімді мәслихат өзі шығарады. Қалада митингке рұқсат етілген 5 жер бекітілген», - деп түсіндірді Н.Ожаев.

Атап өтсек, бұған дейін куәлік еткен әкімдік қызметкерлері де, Н.Ожаев та Боқаев пен Аяновқа митинг өткізуге рұқсат бермегенін және оларды жауапкершілік туралы алдын-ала ескерткенін айтқан болатын. Сондай-ақ, Боқаевқа Елбасының мораторий жариялағаны және оның мемлекеттік жер комиссиясының құрамына қабылданғаны да жеткізілген, дегенмен сотталушы митинг өткізу идеясынан бас тартпаған.

Осы аптада митингке қатысқандардан жауап алына бастады. Шеруге Қарабатан кентіндегі жұмысшылар белсенді қатысқан болатын. Олар митинг жайлы жұмыс орнынан және әлеуметтік желілерден естігендерін және шеруде Боқаевты танығандарын айтты. Жұмысшылардың сөздерінен сотталушыларға тағылып отырған ұлттық араздық тудыру айыбы дәлелденіп жатыр. Боқаев пен Аянов жалған ақпарат тарату арқылы халықтың патриоттық сезімін оятып, көбірек адам жинауды көздеген.

«Мен Талғат досыммен сөйлескенде, ол маған митинг болайын деп жатыр, қазақтың жері Қытайға өтейін деп жатыр, болашағымызды ойлап, қытайлықтарға құл болып кетпейік, балаларымыз құлдыққа кетіп қалмасын, сол үшін бірге көтерілейік, айналаңдағы адамдардың барлығына репост жасап айт деді. Ол митингті ешқайсысы білмей қалмасын деп ескертті. Әр қазақтың еліне деген патриоттық сезімі болады ғой, мен осыны естігеннен кейін барлығына айтуым міндет деп санадым. Қазақтың жері сатылайын деп жатыр деген соң мен айналамдағы таныстарыма, достарыма, жұмыста жүргендерге айтып жүрдім. Осылайша, жиналамыз деп шештік», - деді А.Жарылғасынов.

Сот отырысында Талғат Аянов куәгердің айтқанының барлығы дұрыс екендігін айтты. Отырыста куәлік еткен жұмысшылардың барлығы Қазақстан

жері Қытайға сатылады дегенді естігендіктен ғана митингке еш ойланбастан шыққандарын жеткізді.

Куәгерлердің жауаптарынан белсенділердің кінәсі дәлелденіп, шындықтың беті ашыла бастағандықтан болар, сотталушыларға қолдау көрсету ниетімен Алматыдан белгілі оппозиция серкелері Гүлжан Ерғалиева мен Рысбек Сәрсенбайұлы ұшып келді. Тіпті, Гүлжан Ерғалиева «Боқаев пен Аянов кінәсін мойындауы керек» деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Атырауда ісі қаралып жатқан Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың айып тағылған кей баптар бойынша кінәсі бар. Сондықтан, Г.Ерғалиева мен Р.Сәрсенбайұлы сотталушыларды процессуалдық келісімге қол қоюға шақыру үшін судья Г.Дәулешовадан олармен бір сағатқа кездестіруді өтініп хат та жазды.

«Процесс те, тағылып отырған айып та өте күрделі. Олар Қылмыстық Кодекстің «заңсыз митинг ұйымдастырып, заңсыз шеруге қатысты», «жалған ақпарат таратты», «әлеуметтік және ұлттық араздық тудырды» деген баптар бойынша айыпталып жатыр. Рас, жігіттер митингті ұйымдастырды, халық арасында насихат жүргізіп, оларды қатысуға да шақырды. Міне, осы баптар бойынша жігіттер айыбын мойындауы керек деп ойлаймын. Ал, ҚР Қылмыстық кодексінің 174 бап, 2 бөлімі бойынша тағылған айып өте күрделі. Менің ойымша, кез келген процесте келісім болуы тиіс. Және ол заңдық тұрғыдағы дұрыс келісім процесі болуы керек», - деген Гүлжан Ерғалиева, бұл салада біраз тәжірибесі бар аға буын ретінде, сотталушыларды ақылға шақырды және мемлекеттік айыптаушылар мен қорғаушы тарапқа келісім үстеліне отыруға кеңес берді.

«Әрине, шешімді жігіттердің (Макс пен Талғат – ескертп.) өздері қабылдайды. Бірақ, олар алдыңғы екі бап бойынша айыбын мойнына алуы керек. Қанша дегенмен, олар ересек азаматтар ғой. Болар жайт болды», - деді Гүлжан Ерғалиева.

Десек те, №2 Атырау қалалық сотында қаралып жатқан «жер дауынан» туындаған қылмыстық істің соңғы нүктесін әділ сот қояр.

Атап өтсек, өткен аптадағы сот процесінде қорғаушы тарап Боқаевқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді, оны тергеу абақтысынан босатып, үйқамаққа алуды сұрады. Ал Талғат Аянов М.Боқаевты электрондық «браслетпен» болса да босатуды өтінді. «Бұндай «браслеттер» көп сатып алынған, олар босқа жатпасын», - деп күлді ол. Боқаев болса, сот отырысы барысында бірнеше рет тәртіп бұзып, айғайға басып, келген куәгерлерге митингке қатысқаны үшін алғысын жаудырып, өзінің әрекеттерін түсіндірумен болды. Сот процесінің немен аяқталатыны - уақыт еншісінде...

abai.kz

0 пікір