Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Тұлға 6818 0 пікір 28 Қыркүйек, 2016 сағат 13:53

АЛҒАШҚЫ ӘЛИХАНТАНУШЫ НЕМЕСЕ ӘРІПТЕС-ДОС, ПРОФЕССОР МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ХАҚЫНДА

Егемендіктің 25 жылдығы қазақ елінің тәуелсіз тарихының азамат болып есеюін де қамтамасыз етті. Көптеген күмәнді тұстары – «ақтаңдақтар» деп аталатын, әлі де тереңдете зерттей түсуді қажет ететін қайшылықты мәселелері мол бола тұрса да, ұлттық тарих бүгінде еңсе көтеріп, аяғынан тұрды деп айта аламыз. Елбасымызда осы бағытта бірқатар шараларды жүйелі түрде жүзеге асырды. Солардың қатарында мысалы, ол кісінің өзінің «Тарих толқынында» деген еңбегін жарыққа шығаруы, 1997 жылды «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы деп жариялауы, 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих» жылы деп атауы, 1999 жылды «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп ерекшелеуі, сондай-ақ 2004 жылдан басталған мемлекеттік бағдарлама – «Мәдени мұраның» кең насихатталып, онда жобаланған бірқатар қажетті шаралардың орындалуы, ақырында «Халық тарих толқынында» атты көлемді де ауқымды ғылыми бағдарламаның мемлекет тарапынан қаржыландырылуы және т.б. көптеген жұмыстар тәуелсіздікпен рухтанған тарихшылар қауымын да жігерлендіре түсті. 

Олардың арасында өзіндік еңбекқорлығымен, ғылыми теориялық дайындығымен, қазақ ұлттық элитасының ұстанған жолына адалдығымен профессор Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев ерекшеленіп тұр. Бұлай дейтініміз ол, тәуелсіздік туғызған тарихшы. Ал енді, тәуелсіздік рухы еліміздің отаншыл азаматтарын ғаламат биіктерге көтергені және белгілі. Мәкең қазақ тарихын жазуға үлкен дайындықпен келді. Ол қазақ тарихын терең біліп қоймай, сонымен бірге көрші бауыр­ларымыз қырғыздардың Бішкек университетін оқып тауысқандықтан, ұлттық тарихты жазуда туыстас көрші халықтардың тарихи тағдырларын салыстыра қарастыруға, осы негізде соны да тың тұжырымдар жасауға, түркі халықтарының ортақ мүддесіне бейімделген тарихи шығармалар жазуға алып келді.
Мәмбет Құлжабайұлының ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірнеше кезеңдерге және бірнеше бағыттарға бөліп қарастыруға болады. Бірақ бұған шағын мақала көлемі мүмкіндік бере қоя ма? Шолумен ғана шектеле алармыз. Оның шығармашылық жұмысының бастауын­да бұрындары көп айтыла бермеген орта ғасырлардағы және жаңа замандағы қазақтың тарихи тұлғалары тұр. Олардың қатарында оның өзі шұқшия зерттеген Қадырғали Жалайыри, Төле би, Қазыбек би, атақты жыраулар – Нысанбай, Досқожа, Шортанбай, Махамбет ақын және т.б. бар. Бұл халықтық шығармашылық өкілдерінің туындыларын терең зерттеу және олардың тарихи деректерін ресми құжаттық мұрағат мәліметтерімен салыстырмалы түрде үйлесімді пайдалану аталған тұлғалардың қызметіне және шығармаларына жаңа көзқарастардың туындауына алып келді. Сондықтан да, Мәкеңнің осы кісілерге байланысты зерттеулерінен ылғи да жаңа ұлттық сарын және елді елең еткізер тың тұжырымдар кездесіп отырады. Ғалым өз зерттеулерінде әрқашан ерлікке сүйсініп, оқырманын Кенесарының мемлекетшіл асқар биігіне жетелеумен келеді. Осындай тарихи ортаның рухымен рухтанған тарихшы тарихымыздағы жаңа кезең – Алаш қозғалысының ұлт зиялыларын шұқшия да терең зерттеуді қолға алды. Бұл өткен ғасырлардағы аға ұрпақ пен кейінгі толқын – еркіндікке ұмтылған інілердің рухани сабақтастығынан туындаған ғылыми зерттеу жолы еді. Мәкеңнің ғылыми шығармашылығының негізгі бөлігі осы тақырыпты қамтығандықтан бұл мәселе кейінгі тарихшылардың арнайы түрде ауқымды зерттеулерін қажет етеді деп ойлаймыз. Солай бола тұрса да ғалымның ғылыми еңбектерін айтқанда, бұл тақырыпқа қысқаша түрде болса да өз пікірімізді білдіргіміз келеді. Жалпы Алаш зиялыларын зерттейтін тарих ғылымындағы Алаштану бағыты да тәуелсіздіктің төл перзенті. ХХ ғасырдың 30-жылдарында осы мәселені талқылау үшін дөңгелек жозыға жиналған ғалымдардың қуғындалғаны белгілі. Тәуелсіздік ғалымдардың бұл тақырып бойынша осындай келесі басқосуына жол ашты. Алайда егемендіктің алғашқы жылдарында да аға буын тарихшылар Алашты ақтауға батпай, бірі оны буржуазиялық-либералдық, екіншілері буржуазиялық-демократиялық, үшіншілері ақтарға жұмыс жасап, Колчакқа «қазақ ақсақалы» деген атақ берген байлардың өкілдері ретінде бағалап, екіұшты пікірді жалаулатып жүрді. Осындайда Мәкең ешкімнің де көңіліне қарап алаңдамай,«Алаш қозғалысын ұлттық-демократиялық қозғалыс» деп сипаттап, елден ерек шықты. Кезінде Мартыненко деген орыс зерттеушісі бұрмалап, қате аударған Алаш партиясының бағдарламасын «Қазақ» газетіндегі түпнұсқасымен салыстыра отырып, бұрмалауларды түзетіп, осы басты құжатты Алаш партиясын ақтаудың басты негізіне айналдырған да Мәкең еді. Оның Алаш көсемі Әлиханды ресми түрде ақтау туралы нақты ұсыныс жасағанына да 25 жылдан асып кетті. Мұндайда құймақұлақ болмаса қиын-ақ екен.
Әрине, аға буынның ішінде кезінде қазақ зиялыларының қасіретіне айналған ұлтшыл рухты дұрыс түсініп, Мәкеңнің ұстанымына қолдау жасаған аға ұрпақ өкілдері де болды. Мысалы, М.Қойгелдиевтің 1995 жылы жарық көрген «Алаш қозғалысы» атты іргелі докторлық монография­сымен қатар академик Кеңес Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда» деген салмақты еңбегі жарық көрді. Мұндай қазақ ұлтының санасына сіңген, оның мемлекеттік тағдырындағы шешуші кезеңді қамтитын ауқымды тақырып бір ғана емес, бірнеше ондаған тарихшыларға да зерттеу нысаны бола алатынын ол кісілер сол кезде-ақ жақсы түсінді.
Үлкен ізденістерге барған Мәмбет Құлжабайұлы осы тақырыпты зерттеудің ең маңызды мәселесі Алаш зиялыларының саяси лидері болып есептелінетін «Атынан ат үркетін Әлихан­ның» шығармашылығы екендігін бірден аңғарды. Бұл істі қолға алу үшін ол, бәрінен бұрын, Ахмет Байтұрсыновтың араб қарпімен жазылған «Қазақ» газетін түгел оқып шығуы керек еді. Қиыншылық осы газеттің өзін табудан басталды. Кітапханаларда оның нөмірлері тұтас сақталмағандықтан газеттің кейбір даналарын Қырғызстаннан және осындағы жеке адамдардың қорынан іздестіруге тура келді. Екінші бір ауыр мәселе – мақалаларын бүркеншік атпен жазған Әлихан Бөкейхановтың шығармаларын осы газет беттерінен сұрыптап жеке шығару қажет болды. Көз майын тауысқан, шаң-тозаңның арасында өмір сүрген Мәкеңнің осы бір ауыр да жанкешті еңбегі сол тұста онымен көрші кабинетте жұмыс жасаған менің бүгінге дейін көз алдымда. Жүйелі жұмыс өз арнасын тауып, 1994 жылы «Қазақ» газетіндегі Әлекеңнің мақалаларын Мәкең жеке кітап етіп жариялады. Қазақтың кейінгі ұрпағы Бөкейхановтың кім екенін білмейтіндіктен бұл кітапқа ол, «Алашорда», «Алаш Орда және Қоқан автономиясы», «Алаштың Әлиханы» деген атаулармен кіріспе ғылыми мақалалар жазды. Мұның өзі шын мәнінде гуманитарлық ғылымдағы жаңа бағыт – әлихантанудағы алғашқы еңбек еді. Сондықтан да бүгінгі қазақ Мәмбет Құлжабайұлын толық мағынада алғашқы әлихантанушы деп бағалауы керек. Әрине, осы тұста қазақтың басқа да жекелеген оқымыстылары да қарап жатпай, Әлекеңнің еңбегін зерттеуге білек сыбана кіріскенін айтпағанымыз жөн болмас. Мысалы, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторы болып қызмет жасаған белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиевтің жетекшілігімен Әлихан Бөкейхановтың орыс және қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулері және мақалалары қомақты басылым түрінде жарық көрді. Мұның өзі шын мәнінде әлихантану бағытындағы алғашқы қадамдар еді. Бүгінгі күні әрине, әлихантануда белсенді еңбек етіп жүрген жастар баршылық. Олардың кейбірі бұл бағытта алғашқы болуға құмар-ақ. Мұндайда оларға біз «аталған ағаларыңыздың ерен еңбектерін естен шығармағандарыңыз абзал» дер едік. Мұның өзі әрі, шын мәнінде Әлихандай ұлы ұстаздың рухына ғана емес, аруағына да үлкен құрмет болып шығар еді.

Іргелі зерттеулерін жалғастырған Мәмбет Құлжабайұлы осыдан соң Алаш қозғалысын зерттеген қыруар еңбектерді дүниеге келтірді. Олардың арасында «Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (ХVІІІ-ХХ ғғ.)» (2004), «Жетісудағы Ресей билігі (ХІХ ғ. – 1917 ж.)» (2004), «Тұтас түркі елі идеясының тағдыры (құжаттар мен материалдар жинағы)» (2008), «Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Құжаттар мен материалдар жинағы» (2004-2008), «Сталинизм и репрессии в Казахстане в 1920-1940 гг.» (2009), «Қазақ елі: ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес (ХІХ ғ. – ХХІ ғ. басы)» (2014), «Тарих күрес алаңы: мақалалар, сұхбаттар» (2015) тәрізді іргелі зерттеу­лер бар. Бұл ғылыми жұмыстарда Мәкең тарихымызда әлі аталмаған, аталса да басы ашылмаған, шатасқан, ғылыми тұрғыдан баға беруге мұқтаж көптеген мәселелердің байыбына барып, оларға байланысты шынайы ғылыми тұжырымдар қалыптастыруға күш салды. Бұл шын мәнінде ғылымдағы ешкім жүрмеген жолсыз, бұралаң шатқалға шығу еді. Бірнеше мемлекеттік комиссиялар құрамында сандаған жылдар бойы осы жолдар авторымен бірге мұрағаттың ескі шаң-тозаңына тұншығып, тіптен тыныс жолдарын көп қабатты дәкемен тұмшалап өткен жанкешті еңбек өз жемісін берді. Сондықтан да осы зерттеулер тарихшыны жаңашыл және елге мәшһүр халықтық тарихшыға айналдырды.
Тарланбоз зерттеушінің бар еңбегін қозғауға газет беті жетпейтіндіктен, екі мәселенің ғана басын шалмақшымыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында зерттеушілеріміз Алаш, Алаш мыңы, алты сан Алаш, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш Орда деген атаулардың мәнін анықтай алмай, шатасумен болды. Мұның басын ашқан Мәмбет Құлжабайұлының зерттеулері еді. Сонымен бірге ХХ ғасырдың ұлт-азаттық қозғалыстары, мысалы, 1916 жылғы көтеріліс немесе 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі саяси сипаттама беруде зиялы қауым ортасында айтыс туғызды. Соңғысына тоқталмай алғашқысын ғана айтар болсақ, үлкен ғалым ағаларымыз тәуелсіздікпен рухтанып, 1916 жылғы көтерілісті «ұлт-азаттық революциясы» деп атауды ұсынса, әріптестеріміздің екінші бір бөлігі бұл көтерілісті «ұлт-азаттық соғысы» деп бағалай бастады. Мәкең өзінің еңбегінде мұндай эмоциялық екпіндерге тойтарыс беріп, қозғалыс революцияға ұласу үшін оны ұлттық интеллигенция басқаруы және мұндайда көтерілісшілердің алдында саяси мақсат болуы қажет екендігін атап көрсетті. Желтоқсан тақырыбына арнаған еңбектерінде де Мәкең бұл көтеріліс пе әлде бас көтеру ме немесе қозғалыс па деген сауалға нақты ғылыми жауап берді. Жалпы Мәкеңнің зерттеуші ретіндегі үлкен қасиеті – маңызды мәселелер төңірегінде ол екпіндеп сөйлейтіндігіне қарамастан, ғылыми баға беруге келгенде әрқашан барынша салмақты да, салқынқанды, басалқалы да байсалды болып қалады. Сондықтан да оның ғылыми тұжырымдары орнықты және әрқашан парасаттылығымен көрінеді.
Мәмбет Құлжабайұлының ғылыми зерттеулері сан қырлы екенін де атап көрсетуіміз керек. Ол мысалы, «Мағжан Жұмабаев. Табалдырық. Манифест» (2011), «Алаш Орда» фотоальбомы (2012) тәрізді көрнекі деректік альбомдарды құрастырумен де айналысты, көптеген құжаттық-танымдық кино және телефильмдер түсіруге белсенді атсалысты. Оның ғылыми жұмысының жаңа кезеңі зерттеу жұмыстарын өмірге, оқу үдерістеріне енгізу әрекетімен тығыз байланысты. Сондықтан да, ол жалпы білім беретін мектептің қоғамдық гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына және 11-сыныпқа оқулықтар жазуға және бірқатар оқу құралдарын дайындауға белсене атсалысты. Ал мұның өзі жас жеткіншектеріміздің ұлттық тарихпен рухтануына шешуші ықпалын тигізуде. Мәкеңнің Абай атындағы ҚазҰПУ-да кафедра меңгерушісі жұмысына қосалқы университет жанындағы «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығын басқаруы осы мақсаттардан туындаған. Ол бүгінгі тарих заманының толғақты мәселелеріне жауап беретін ғылымға айналуы керек деген пікірді мықтап ұстанған ғалым. Иә, шындығында да тарихқа жаңаша қарауымыз керек. Тарих бүгінгі қоғамдық дамуға нақты ұсыныстар беретін ғылым болуы тиіс. Айтарымыз, осы ғылыми орталық қоғамның тарихи жадына және ел естелігі түрінде айтылған тарихқа қатысты біраз еңбектерді жариялап үлгерді.
Мәмбет Құлжабайұлы қоғамдық тұрғыдан да аса белсенді ғалым-азамат. Оның ақпарат құралдарындағы тарихи тақырыптарға арналған өткір сұхбаттары мен толғақты публицистикалық мақалалары елге кеңінен мәлім. Ол Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Сократ» сыйлығының иегері, бірнеше университеттердің Құрметті профессоры. Қысқасы, ерен еңбек елеусіз қалған жоқ. Мәкеңді қатты толғандыратын мәселе – қазіргі тарих ғылымының көкейкесті міндеті де болып табылады. Атап айтар болсақ, мұрағаттарымыздағы мемлекеттік мекеме құжаттарының біраз бөлігінің әлі күнге дейін зерттеушілерге есігін ашпай, құпиялануы. Бұрыннан келе жатқан сірескен сеңді бұзу үшін Мәкең лауазымды билік иелерінің біразына арнап жеке хаттар да жазды. Өкінішке орай, қазіргі біздің қоғамда бюрократиялық үстемдік ғалымның ізденістеріне немкетті. Десек те, алда әрине, тарихшылардың жаңа ұрпағының бұл мақсаттарға да қол жеткізетіні сөзсіз. Бүгінде 70 жылдық мерейтойы ұлттың ұлы ұстазы Әлихан Бөкейхановтың 100 жылдығымен қатар келіп отырған Мәмбет Құлжабайұлы бастауында тұрған алаштану және әлихантану бағытындағы іргелі зерттеулердің бұлақтан бастау алған арналы өзенге айналары, болашақ елімізде кең тынысқа ие болары күмәнсыз.

Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Дереккөз: "Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530