Жұма, 19 Сәуір 2024
Арылу 7462 16 пікір 25 Қазан, 2019 сағат 11:17

25 қазанды «Тәуелсіздік күні» етіп белгілеу керек

25 қазанды Қазақстан республикасының тәуелсіздік күні етіп белгілеу керек. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен "Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Біз дәл сол күннен бастап, жеке мемлекет ретінде әлемге таныла бастадық.

Неге екені белгісіз, 2010 жылы бұл атаулы күн мереке күндері сапынан түсіп қалды. Қазақстанның өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастаған мерейлі күн бүгінгі ұрпақ санасынан өшіп барады. Сондықтан да, тәуелсіздіктің алғашқы қадамы саналатын "егемендігі туралы" декларация қабылданған күнді қайтадан мереке етіп, 16 желтоқсанды азаттық жолында құрбан болғандарды еске алу күніне айналдыру қажет.

Рас. Тарихи шындық былай дейді. 1990 жылдың 25 қазанындағы декларацияның қабылдануымен еліміз егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.

Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды.

Ал енді, қазіргі тәуелсіздік күнінде не болып еді? 1986 жылдың 16-17 желтоқсан күндерінде Алматыда Желтоқсан көтерілісі болып, мыңдаған жас кеңестік тоталитарлық режимге қарсылық білдірді. Біз қазір азаттыққа ұмтылған сол жастардың қайғылы оқиғасын аза тұтудың орнына "Тәуелсіздік күні" деп тойлап жүрміз.

Бұл аз болғандай 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенде тағы қан төгілді. Бүгінгі билікке тікелей тиетін осы екі қайғылы күнді қастерлеп, тәуелсіздік күнін өзгерту қажет секілді.

Сіз не дейсіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

16 пікір