Сенбі, 20 Сәуір 2024
Пікір 6763 12 пікір 22 Қазан, 2019 сағат 11:14

Сақалды сыйлаған ұят емес, сақалды сатқан ұят, Марал аға!

Биылғы жылдың 20 қыркүйегі күні Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеттің кіші мәжіліс залында «Қазақстан авторлар қоғамы» (ҚАҚ) Республикалық қоғамдық бірлестігінің (РҚБ) жиналысы болды.

Жиналысқа еліміздің әр облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы шақырылған қоғам мүшелерімен қатар, Қазақстан композиторлар одағының 80 жылдығына арнайы келген композиторлар қатысты.

Күздің алғашқы айлары қай мекемеде болмасын қызу еңбектің басы болып саналады емес пе? Жұрттың көбі жазғы демалысынан келіп, қайнаған еңбекке араласып кететін кезі. Соның салдарынан көптеген қоғам мүшелері өздері келе алмаса да, жиналысқа қатысу құқықтарын пайдаланып, күн тәртібінде қаралатын мәселелерге алдын ала келісетіндіктерін білдіріп, өз дауыстарын беріп, қолдарын қойып, тізімін жіберді.

Сөйтіп, белгіленген кворым болмаса да, алыс аймақтарда тұратын қоғам мүшелерін қайта-қайта жинау қиындық туғызатынын ескере отырып, «барымен базар» дегендей аз да болса, алдыңғы уақытта атқарылатын маңызды жұмыстардың басын бастауға тура келді.

Қоғамның жаңа төрағасы Б. Қыдырбектің жарты жылда нақты атқарған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды.

Сонымен баяндама аяқталып, сұрақтарға жауап беру басталған кезде, айқай шу басталды да кетті.

18-ші қыркүйекте қазақ өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрінің залында Қазақстан композиторларының 80 жылдық дүбірлі мерейтойына арналған (екі күн бойы) әсем әндер мен тәті күйлер төгілген концерттен үлкен әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен желпінген музыка саңлақтары мен жиналысқа келген жұрттың көңіл күйі су сепкендей басылды.

Себебі ҚАҚ-тың бұрынғы төрағасы, бұған дейін Қазавторлар қоғамын отбасылық «подрядпен» (үш қызымен бірге) басқарып келген (басқару кезінде қандай өрескел кемшіліктер жіберілгені туралы ҚАҚ-та бас директор болып істеп, негізсіз жұмыстан шығарылған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есенәлиевтің «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында толық айтылған) жазушы Марал Ысқақбай ағамыз жеті-сегіз жақтастарын ерте келіпті. Оның мемлекеттік тілді білмейтін жергілікті ұлт өкілі, адвокаты Айгерім Ахетова ханым күн тәртібіндегі мәселелерге қатысы жоқ дау-дамайды бастап жіберді. Оған қоса арнайы мінбеге шығып сөйлеудің орнына, Дариға Тілендиева жеңгеміз залда отырып алып, ыңғайсыз сөздер айтып, тыныштыққа шақырғанға көнбей, екілене сөйлеп, айғай-шу шығарды. Көпшіліктің алдында Қоғамның жаңа басшысы - Қазақстан композиторлар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, елімізге белгілі композитор Балнұр Қыдырбектің атына ауыр сөздер айтылып, жеке басының намысына тиді.

Өткен жолы да, осы жолы да Балнұр Қыдырбек ұстамдылық танытпағанда кім білсін, даудың арты жанжалға айналып кетер ме еді?!

Абырой болғанда іс насырға шаппай тоқтады. Осыдан алты ай бұрын 27 наурызда ҚАҚ-тың Алматыда жаңа төраға сайлау жиналысы кезінде де осы іс-әрекет орын алған болатын. Онда М. Ысқақбаев ағамыздың өзі келмей, арнайы жіберілген осы топтың біразы айқай-шу шығарып кеткен еді.

Осы жолы Қазақстанның Халық әртісі, елімізге белгілі сазгер-әнші А. Қоразбаев ағамыз мінбеге жұлқына шығып, тағы да күн тәртібіне еш қатысы жоқ, композиторлар одағының дүние-мүлкіне байланысты негізсіз жала жауып, жиынның берекесін қашырды. Ол мәселе туралы мән-жайды толық түсіндіруге тырысып мінбеге шыққан, Қазақстан композиторлар одағының басқарма мүшесі, композитор Хабиболла Сетековтың сөзін тыңдамай, жоғарыда аталған ат төбеліндей топ орындарынан өре төрегеліп, залдан тұра қашты.

Міне, біздің мәдениеттілігіміздің бүгінгі көрінісі! Еліміздің мәдениеті мен өнерінің бетке ұстар кейбір аға буынының пендешілік қылығы. Мұны қалай түсінуге болады?

Бұрынғы төрағаның қазіргі төрағадан қарымта қайтаруы ма, әлде арнайы арандатушылығы ма? Сөйлеу тәртібін сақтау былай тұрсын, мінбеден де, залдан да кезекпен сөйлеуге шақырғанға көнбей, жиналысты дау-дамайға айландырғанға қарағанда, елге белгілі аға-апаларымыз арнайы дайындалып келген сияқты көрінді.

Амалдың жоғынан залдан шығып кетулерін сұрап, басымыз-даудан, өзіміз-жаудан құтылғандай күй кештік.

Міне, бүгінгі елге ақыл айтар зиялы қауымның, үлкендеріміздің сиқы осы. Өмірдің ащы-тұщы дәмін татпаған, ата-ананың қамқорлығынан басқаны көрмей керкін өскен жас ұрпақ бізден қандай үлгі алмақ?!

Өркениетті елдерде соттасса да бір-біріне шағымдарын мәдениетті түрде жеткізіп, заң шеңберінде мәселені шешіп жататынын көріп жүрміз. Елбасы өзінің бір Жолдауында соттың мәртебесін көтеру, азаматтардың даулы мәселелерін сот арқылы шешу керектігін айтқан еді ғой. Кеңес үкіметінің құрамында 75 жыл, Тәуелсіздік алғанымызға 28 жыл өтсе де, зайырлы мемлекет атансақ та, әлі күнге дейін мәдениет пен қоғамдық тәртіпте қарапайым этиканы ескере бермейтініміз жанға батады.

Ата-бабаларымыз «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер, болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дер», деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі күні бір-біріне жала жабу, барды көрмеу, жасалған істі жоққа шығару, өз кінәсін өзгеден көру, біреудің артынан тас лақтыру, бетке күйе жағу, өш алу, кектесу мен қастасу, біреудің бақытын қызғану сияқты жағымсыз істер етек алып барады.

«Айтылмаған сөздің атасы өледі» демекші, кейінгі кезде зейнеткерлікке шыққан, жасы 70-80-нен асқан қарттарымыз жас буындармен жағаласып, бір мекемеден сүйегі шыққанша, қызмет орындарынан кеткісі келмейтінін әдетке айналдырған. Мемлекет зейнеткер жасын заңмен белгілеп, зейнеткер деген құрметті атақпен шығарып салып, ай сайын тиісті зейнетақыларын уақытында беріп жатса да, дүниеге, лауазымға қызыққандары сонша, сақалын сатып, сөзін сөйлеуші, сойылын соғушылар жинап, жоғарғы жақтан таныс іздеп, неше түрлі айла-шарғымен жол тауып, кеткен орнына қайта келіп жүргендер де баршылық.

Оның бір мысалы, аталған Қазавторлар қоғамының бұрынғы төрағасы 82 жастағы жазушы М. Ысқақбаев ағамыз. Әрине ұзақ жылдары ҚАҚ-ты басқарып, жақсылы-жаманды талай кедергілерді бастан өткеріп, оның аяғынан тік тұрып кеткеніне еңбек сіңіріп, бірталай жұмыс атқарғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ ол, өмір бойы қалғып-мүлгіп сол жерде отыра бер дегенді білдірмесе керек. Сақалды сыйлаған ұят емес, сақалды сатқан ұят екені анық. Тіпті кейбір мекемелердің бүтіндей бір бөлімдерінде зейнеткерлер отырып алып, мемлекеттік қызметшілердің орнын «Қарттар үйлеріне» айландырғысы келетіні езуіңе еріксіз ащы мысқыл келтіреді. Қайсыбірі мені «жастарға жұмыстың қыр-сырын үйрететін өмірлік тәжірибелі адамдар керек емес пе?» деп кінәлайтын болар. Бірақ, кеше ғана оқу бітіріп келген жастарға өмірдің қыр-сырын үйрететін сол жерлерде бұрыннан еңбек етіп жүрген білікті де білімді, тәжірибелі 40 пен 60-тың арасындағы аға буындар тәлімгер-ұстаздық етсе құба-құп емес пе? Нағыз әділеттік деген сол болар деп ойлаймын?! Тіпті болмаса, нағыз таптырмайтын жалғыз маман болса, зейнеткерлікке шығып жұмыс істеген кезінде еңбегіне тұрарлық жалақысын төлеп, зейнетақыны төлеуді тоқтатса мемлекеттің бюджетінің бүйірі шықпаса да одан еш зиян шекпес еді.

Ойлап қарасаң, кешегі жұмыс атқару әдісімен бүгінгі күннің жұмыс атқару тәсілін салыстыруға еш келмейтіні рас. Қазір жұмыстың бәрі заманауи техникамен, компьютермен керек болса, мобильдік телефон арқылы да ешқайда бармай-ақ, үйде отырып бір қалада тұрып, басқа қаладағы жұмыстарын атқара беретін жағдайға жетті. Ал жасы ұлғайған адамдардың көбі компьютер тұрмақ қолдарында ұстап жүрген телефондарын да дұрыс пайдалана алмайтыны өтірік емес.

Зейнеткерлік жасқа келген соң-ақ тірнектеп жинаған абырой-беделін жоғалтпай, құрметпен кетіп, жастарға орын бергені қандай жарасымды! Мысалы сол зейнетке шыққан адамдардың жұмыс орны босаса, қолдарында дипломы бар, тепсе темір үзетін, жігерлі, талантты жұмыссыз жүрген  жастарымызға жұмыс орны табылар еді. Міне, бұл да әлеуметтік жағдайдың түзелуі мен жұмыссыздықты жоюдың бір тетігі.

Соңғы кезде еліміздің кейбір қалалары мен аймақтарында бой көрсетіп жатқан келеңсіз жағдайлар мен елдің тыныштығы сондай-ақ мемлекетіміздің тұрақтылы мен іші-сыртқы қауіпсіздігіне қатер төндіріп, үлкен саяси дауға айналып бара жатқан мәселелердің де басты себептерінің бірі осы деп ойлаймын. Кейбіреулер бұл үрдісті мемлекеттік саясатқа қарсы әдейі істеуі де мүмкін.

Сланқожа Қарақыстық,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Отставкадағы полиция полковнигі.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

12 пікір