Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алашорда 8187 8 пікір 17 Қазан, 2019 сағат 13:05

Ұлт-азаттық көтерілістерін әлі күнге орыс архивіне сүйеніп зерттеп келеміз

Кірісу (Басы)

Әдетте қарапайым түрде ойлансаң бізге дейінгі зерттеушілер ашылуға тиісті жаңалықтың бәрін тындырып тастаған сияқты сезіледі. Бірақ, ғылым қашанда жаңалықты, жандануды қалап тұратынын жасыра алмаймыз. Сондай-ақ, мемлекет, қоғам, адам өмірінің өзгеруіне сай жаңа идеялар жарыққа келіп, адамзат өркениетін өрге оздыратын ғылыми дүниелер жарыққа шығып отырады. Осы тұрғыдан келгенде, басқа қоғамдық ғылымдар секілді Орталық Азия елдеріндегі журналистика да қалыптасу, даму процесін бастан кешті. Егер журналистикасының жекелеген элементтері Орталық Азия елдерінде ХІХ ғасырда көріне бастады десек, ХХ ғасырда бұл ғылым саласы баспасөздің түлеуіне қатысты сол тұстағы қоғамның барлық саласына ықпал ете бастады.

Қазақ халқының талантты перзенті Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген нақыл сөзі бар. Демек, баспасөз әр дәуірде, әр кезеңде, әр жағдайда халықтың айналасында болып жатқан дүниені көруіне, оның сан түрді базынасын естуге және сол тұрғыдағы жұрттың пікірін жалпақ әлемге жеткізуге барынша еңбек етті. Өкінішке орай, Кеңестік режим Орталық Азия елдеріндегі ХХ ғасырдың басында шыққан кейбір газет журналдарды көруге, ондағы тарихи, танымдық, ақпараттық дүниелерді пайдалануға тиым салды. Есесіне, Кеңес Одағы ыдырап, Орталық Азиядағы бірқатар елдер тәуелсіздік алуына байланысты жетпіс жыл бойы зерттеушілерге қол жетімсіз болып келген дүниелер ашыққа шыға бастады. Тіпті, тәуелсіздіктен кейін тарихтың кейбір ақтаңдақ беттерін қайта қарап, зерттеуге мүмкіндік туды. Сол қатарда ХХ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1916 жылы Орталық Азиядағы бірнеше мемлекетті қамтыған ұлт-азаттық көтерілісі туралы да тың ізденістерге жол ашылды. Тарихшы ғалымдар мен жазушылар осы бағытта білек сыбана еңбек етіп, архивты ақтарып-төңкеріп, көптеген құнды дүниені халық таразысына ұсынды. Сонымен аталарымыз жасаған ерлік күрестің тәуелсіздік жолындағы ұмтылыстарға жасаған әсері алғашқы адымда айқындалды. Сөйтіп 1979 жылғы «Қазақ ССР тарихындағы» және 1916 жылғы көтеріліс жеңіл-желпі сөз болған «Қазақ совет энциклопедиясындағы» 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы айтылған жеңіл-желпі пікірлерге нүкте қойылды. Тарихтың басқа да құпия беттері ашыла түсті.

Өкінішке орай, Орталық Азияның әр өңірінде орын алдған көтерілістің сипаты, дамуы, нәтижесі туралы сол тұстағы баспасөзде жарық көрген мақалаларды топтастырып, публицистиқалық еңбектерді журналистикалық іздену арқылы тануға еріншектік танытып келеміз. Көп жағдайда баспасөзді ғылыми тұжырымы әлсіз деп қарау немесе баспасөз материалын мезгілдік өнім ретінде бағалауда әдеттеніп қалғанбыз. Сондықтан тарихшы ғалымдарға ерік беріп, шаң басқан архивтерге жүгінеміз. Мұны жоққа шығармақшы емеспін. Алайда 1916 жылғы көтеріліс тұрғысынан келгенде, өткен ғасырдың 1910 – 1925 жылдар аралығындағы қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек тілдерінде шыққан газет-журналдардағы көтеріліске қатысты жарияланымдарды зерттеудің қажеттілігі басым деп сезіндім. Порфессор М. Қойгелдиевтің пайымынша: «...газет материалдары ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық поцестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер». Өйткені, сол тұстағы архив материалдарының дені көтерілісті жазалаушылар тұрғысынан жазылды. Ондағы деректердің басым көпшілігі бұратана халықтарды қаралау мен жазалауға, оларды надан, тағы, жауыз етіп көрсетуге бағытталған. Ал газет-журналдар көтеріліске шыққан жергілікті халықтың мұң-мұқтажы мен қайғы-қасіретін жақтап жазды. Тіпті, сол кездегі Орталық Азия елдеріндегі шиеленісті жағждайларды да, қоғамдық теңсіздікті, әлеуметтік тұрғыда туындаға қарама-қарсылықты баспасөз арқылы біліп, ақиқатқа жақындай түсуге болады. Сондықтан 1916 жылғы көтерілістің себеп-салдарын білу, нәтижесін анықтау, айтылмай келген ақиқаттардың дерегін табу үшін сол кездегі баспасөзді жалықпай ақтаруға тұра келді.

Алдымен Қазақтан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған төте жазумен жазылған газет-журналдарды ақтарып шығуға тұра келді. Бұл мәселе бұған дейінде осы тақырыпты зерттеп жүрген қазақ тарихшыларының назарынан тыс қалды деген ойдан аулақпын. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Тарихшылар қауымдастығы бірлесіп дайындаған «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» сериясымен шыққан 21 томдық жинақтың 2 кітабында «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Жас азамат», Бірлік туы», «Үш жүз», «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» қатарлы төте жазумен шыққан газеттерде жарық көрген мақалалардың крилицияға түсірілген бірқатар нұсқасы енгізілген. Өкінішке орай, ол 1916 жылғы көтеріліс жайлы толық нұсқа емес еді. Өйткені, тағы да басқа газет-журналдар мен 1926 жылы көтерілістің 10 жылдығына орай түрлі басылымда жарық көрген мақалалардың да әлі күнге толық нұсқасы дайындалмағанын байқап қалдым (кейбір кітаптар мен жинақтарда жекелеген нұсқасы берілгені болмаса). Сонымен қатар, бұл тақырып, қырғыз, ұйғыр, башқұрт, татар, ноғай, өзбек, орыс, қытай тілінде (Тәжік тілді басылымдарды ақтаруға тіл жетпей жүр) шыққан газет-журналдарда да аз жазылмапты. Бірақ, оны жинақтап, ғылыми тұжырым жасау ісі әлі қолға алынбаған.

Сол үшін алғашқы адымда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек қорлар мен қолжазбалар бөлімінде төте жазумен қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, башқұрт, ноғай, татар тілінде шыққан 128 газет-журналды ақтарып шығуға тұра келді. Оның 84-і қазақ тілінде шыққан газет пен журналға тиесілі. Соның ішінде 1913 – 1918 жылдар аралығында жарық көрген, Алаш партиясының орган газеті болған «Қазақ» гезеті «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттері бұл тақырыпты жалықпай жазыпты. Сондықтан мен мәселеге қатысты дерек көзі ретінде, «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттерінде жарық көрген мартериалдардың құндылығы өте жоғары деп санадым. Осыдан бастап, «Қазақ» газетінде (жоғарыда аталған кітапқа енбей қалған) жарияланған дүниелердің толық нұсқасын тірнектеп жинауды қолға алдым. Сондай-ақ, ізденіс барысында қырғыз, башқұрт, татар, ноғай, ұйғыр, қытай тілді басылымдардағы мақалаларда топталып қалды. Бір қызығы, ортақ тақырып жайындағы олардың айтар ойы басқа, нәтижесі бөлек, кейде бірімен бірі қарама-қайшы келетін тұстары бар екен. Сол үшін әр тілде шыққан мақалаларды бөліп, жіктеп, сосын барып ортақ ой қорытқым келді.

Көтерілістің қазақ тілді баспасөздегі көрінісі
Қазақтан солдат алу мәселесі

Осы күнге дейін мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тек Қазақстанда, оның ішінде Алматы облысында ғана болған деп келіп едім. Осы тақырыпты тереңдей келе аталмыш көтерілістің ең алғаш Тәжікстан да басталып, одан Өзбекстанда, сосын Қырғызстанда орын алып, Қазақстанда жалғасып, оның соңы Қытайды шарпығанын (қашқындық, босқындық) толық түсіне бастадым. Қазақстанның өзінде тұтас елді шарпыған ірі дүрбелеңді зерттеушілердің пікір бірлігі жоқ. Әркім өз атасына тартып, ортақ бекімге келе алмай жүргені де анық. Қысқасы, 1916 жылғы көтеріліс бір өңірлік емес, тұтас орта Азиялық немесе тұтас адамзаттық бостандық жолындағы күресі деп тану керек деген ойдамын. Сол жылы, сол уақытта Индия мен Алжирияда да дәл осындай ұлт-азаттық көтерілісі болғаны белгілі. Мүмкін, бәрінің біз сезіне қоймаған ішкі үндестігі бар шығар. Бұл жайлы алдағы жазбаларымызда толыққанды айтатын боламыз. Десе де, қазақ даласында бұрқ ете түскен көтерілістің білтесін қазақтан солдат алу мәселесі тұтандырғаны анық.

Ресейдің 1914 – 1916 жылдардағы соғыс қимылдары барысында қыруар адам күшінен айырылуы адам ресрус мәселесін шиеленістіре түсті. Осы ретте үкімет олқылықтың орнын толтыру үшін алуан түрлі шаралар қолданды. Сондай шаралардың бірі Орталық Азия мен Сібірдің «бұратана халықтарын» қорғаныс жұмыстарына тарту болды. 1915 жылғы қыркүйекте орыс армиясының әскери-құрылыс жұмыстарының бастығы Чаев М. Тынышбаевты қазақтардың әскери қызметке алынуының ықтимал екендігінен хабардар етті. Осы ықтимал мәселеге орай, оның нақтылы себептерін анықтау тұрғысында сол жылдың ноябрінен бастап, «Қазақ» газетінде «Қазақтан солдат алу» («Қазақ» газеті, №153, 3-бет), «Қазақтан солдат алу туралы» ((«Қазақ» газеті, №154, 1915 жыл, бейсенбі, 22 октабрь), «Қазақтан солдат алу мәселесінде ноғай газеталарының пікірі» («Қазақ» газеті, №154, 1915 жыл, бейсенбі, 22 октябрь 3-бет), «Оңдар съезы» ((«Қазақ» газеті, №159, 1915 жыл, 29 ноябрь, жексенбі, 1-бет) қатарлы бірнеше материал жариялап, қазақтарды әскерге шақыру мәселесін талқылады.

Бұл дүниелердің осыған дейінгі 1916 жылғы ұлт-азаттығы туралы көтерілістер туралы шыққан жинақтарға неліктен енгізілмей келгенін білмеймін. Мүмкін, тарих тұрғысынан бұлар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісімен қатыссыз деп қараған шығар. Бірақ журналистика тұрғысынан ойлайтын болсақ, «Қазақ» газетінің осыдан кейінгі «Патшаның 25 июнь Жарлығының» жариялануы, көтерілістің туындауы, көтерілістен кейінгі қашқын қазақ-қырғазға көмек көрсету барысындағы оқиғаларды жазуға негіз болғаны анық. Тіпті, бұл материалдар сол тұстағы қазақ зиялыларының қазақтан солдат алуға қатысты ұстанымын тарихи тұрғыда түсінуге жол ашады. Сонымен қатар, «25 июль Жарлығы» шығудан бұрынғы осы датаға қатысты Гос.Думада көтерілген мәселелерді ішкі Ресейдегі, Башқұрт, Ноғай, татар газеттерінде жарияланған мақалалар негізінде дайындалған материалдар сериясының да бүгінгі көзбен танудың маңыздылығы жоғары болмақ.

Әсілінде, қазақтан солдат алу мәселесі 1883 жылы ІІІ Александр патшаның таж киген тойына барған қазақ өкілдері қазақ халқын казак-орыс қызметіне алуды өздері өтінген. Бұл мәселе түскен соғыс министрі Сухомлинов заманында да көтерілді. Қазақтан солдат алуды бұл да ұнатпады. «Қазақ» газетінің жазуынша, қазақтан солдат алу мәселесі ең алдамен "Русское слово", "Новое время", "Биржевые ведмости", "Утро России» сияқты ішкі Ресейде шығатын газеттерде 1915 жылдың екінші жартысында жариялана бастаған. Газеттегі мақала бойынша қазақтан солдат алуға сол тұстағы Военный министр Сухомлинов қарсы болып келген. Осы мәселе жайында жазылған хабарларды теріп, жиып жазған «Биржуия видемосты» газетасында мына сөздер айтылып тұр: ... Сухомлинов тұсында қазақтан салдат алу закон жобасын жасаудан бұрын, алуға болар-болмас жағын анықтау үшін мағлумат жиып, қарап, тексеру тиіс деп қарар қылынған. Ол мағлуматтарды жиып, немесе қарап, тексеріп болғаннан кейін қазақтан солдат алуға болмайтындығын баяндаушы 1914 жылы, юуль айы шамасында записка дайындаған. Запискада қазақ солдат болуға жарамайды. Жарамайтын мәнісі мынау деген: Қазақ көшпелі, көшпелілік пен мемлекетшілік бірі бірімен үйлеспейтін нәрселер. Қазақтың мәдениеті төмен. Орысша білмейді, жазу танымайды. Солдат тамағын тамақсынбайды, әскер қызметіне шыдамайды» [«Қазақ» газеті, №153].

Бұл пікірге бас штаптың бастығы жандарал Михневич: «Биржевые ведмости» газетінің жазушысымен сөйлескен шақта мына пікірді айтқан: «Мен қазақты өз міндетін орнына келтіруге жарайтын жұрт деп білемін. Қазақ жауынгер жұрт. Талай түрлі замандарды басынан өткеріп, көргені бар жұрт. Атқа жүруге ұста, көзі қырағы, мергендігі һәм жақсы. Осы сындарына қарағанда қазақтан жақсы әскер жасауға болады деп қараймын. Қазақтан солдат алғанда өнетіні не десек, одан өнетіні аз емес. Қазақ 12 миллион шамалы жұрт. Оның алты миллионы Түркістан мен шеткі облыстарда, алты миллионы қалалы жерде. Бұлай болған соң санына қарағанда көп, сынына қарағанда жақсы әскер шығады» [«Қазақ» газеті, №153] . Бұл мәселе төңірегінде «Биржевые ведмости» газетінің жазушысы Жер министрлігіндегі адамынан сұрағанда: «Қазақтар дұрыстық пен әскер қызметін атқармас деп ойлау, қазақты орынсыз кемітіп, қорлау болады. Қазақ талай істі басынан атқарған халық. Бұлар соғыста артықша пайдалы болып табылар. Қазақтарды орыс мәдениетінен қашық жатыр, оларға мемлекетшілік қалпымыз жат деген пікір дұрыс емес. Соңғы жылдары отырықшы болып жер иеленіміз, жер кесіп бер деген арыздар қазақтан көп келіп жатыр», – деп жауап береді[«Қазақ» газеті, №153]. «Русское слово» газетінде: «2 разряд ратниктерін жию туралы Г. Думада закон жобасы қаралғанда Ақмола, Семей, Торғай облысының қазағынан солдат алса, қайтер еді» деген сөз болған[«Қазақ» газеті, №153]. Оны әскер ісіне қатысты мекемелер ұнатпаған. Қазақтан солдат алу мәселесін Мұсылман депутаттары да барынша қолдағанымен, олардың ұмтылысынан түк шықпаған.

Керісінше осы тұста қазақтан солдат алудан гөрі, палшиндердің (орысша ополчение – соғыс кезінде, сондай-ақ, басқа қажет болған жағдайларда құрылатын кәсіби емес әскер) қатарын көбейтіп, оны шет аймақтарға жіберу туралы пікір көтерілген. Бұл туралы «Утро России» газеті: «Биыл Г. Думада екінші разряд палшиндерді соғысқа жіберу үшін жию мәселесі қаралған уақытында Ақмола. Торғай, Семей, Жетісу облыстарының қазақтарынан солдат қызметіне ала бастау мәселесі қозғалған екен. Бұл туралы жасалған жобамен бірге тапсырылған баяндамада қазақтардың саяси мәдени, діні, қалпы, күн елту реті туралы көп сөздер айтылып келіп, соларға қарағанда қазақтардан солдат алудың қолайсыз болғандығы баян етілген», – деп жазады [«Қазақ» газеті, №153]

Бірақ кейбір үкімет мекемелері мен пиресблен мекемесі һәм қазақтарға жуық тұрған басқа мекемелер жоғары пікірді негізсіз деп ұнатпаған. Бұл іске Гос Думадағы мұсылман депутаттары басқаша көзбен қараған: «Қазақтардың көшіп жүруі алғы һәм мәңгілік емес. Қазақ жеріне мұжық көшіру ісі үдеген сайын қазақтар өз тұрмыс һәм күнелту реттерін жаңа жолға салып келеді. Қазақтардың көзі қырағы, салт жүруге тақымы мықты. Соған қарағанда олардан ең жақсы әскер жасауға болады»[«Қазақ» газеті, №154]. Сөйтіп мұсылман депутаттар алты миллион қазақты баяндамадағы жазылған келемежден құтқарып, Россиядағы басқа ұлттармен қатар, солдаттыққа алу керек деп қараған. Кейбір министрлер де бұл пікірді қуаттаған. Пирсблен мекемесі: «Қазақтан салдат алу бек жарайды. Қазақ надан деген пікір бекер. Қазақ көргені көп, көргенді жұрт деп отыр» [«Қазақ» газеті, №154]. Мұнан басқа солдат алуды қуаттаушылар: 1) мұсылман депутаттары, 2) мұсылман газеттері, 3) қазақтың кейбіреулері. Әрине, бұл мекмелердің қазақтан солдат алудың өзіндік көздеген ойлары болғаны анық. «Ол көздегендері қысқасынан айтқанда мынау: Мемлекет сүйеніші әскер» [«Қазақ» газеті, №154]. Сөйтесе де, бұл мекемелер арасында солдат берген жұрттың салмағы молайып, санға қосылып, тізгін ұстатпай кетпей ме деген күдік-күмәнда болмай қалмайды.

Бұған бас пирисблен мекемесінің бастығы Глинканың: «Қазақ надан, салдат міндетін атқармайды. Зимистуа жұмысына жарамайды» деп ішкі Ресейлік газеттерге жазғаны дәлел бола алады. Осыдан-ақ, сол тұстағы отаршыл империяның қазаққа бір нәрсені бергісі келгенде «надандық» пен «солдатқа жарамайды» дегенді алға тартып, соны сылтау ететінін көрініп тұр. «Орынборское слова» да «Нимурод» деген кісі: «Бұлардың қазақтар орыс тілін білмейді дегені дәлелсіз. Дәлелсіздігін айғақтау үшін тереңге кетпей-ақ, осы соғыстан мысал алуға болады. Осы соғыста Францияда қол астындағы қазақтан да наданырақ, тағы халықтар салдаттыққа алынды. Бұларда француз тілін білмеуші еді. Франция мәдениеті біздікінен кем бе? Франциядағы тағы жұрттар біздің қазақтан артық па?Француздар, солар конпіс, пайдалы әскер болды деп мақтап отыр. Тағы олардан бір миллондай әскер жинап отыр», – деген дәлелді сөз айтады [«Қазақ» газеті, №166] .

Екінші қазақтан солдат алуды қуаттайтын мұсылман депутаттарының да өз есібіне өзінде болғаны анық. Бұл туралы мұсылман газеттері: «Солдатқа барған жастар дүние көріп, жол танып, жөн біліп, ысылып келер. Сөйтіп, қазақ арасында мәдениет жоғарылайды», – деп жазды» [«Қазақ» газеті, №154]. Айта кетерлігі, мұсылман депутаттары мен мұсылман газеттерінің көздегені қазаққа жамандық емес, жақсылық. Олар сол жақсылықтың жолын тағы да сенімсіздік пен ішкі қайшылықтарға айналдырып жіберген. Оны «Уақытә газетінде шыққан мақалаға орай «Қазақ» газетінде дайындалған мына бір абзастан білуге болады. «Үйден өрт шыққан кезде әйнек сынғанына қарамайды» деп. Ол рас. Бірақ қазақтан салдат жинау соғыс үшін елден тері-терсек, темір, шойын, мыс жинаудау деп ойлауда жарамайды. Қазақтан салдат алатын закон шықса бесіктегі баладан бастап, тоқсандағы шалға дейін алынсын дейміз. Пәлендей деп жас мөлшері көрсетілер. Ол жастың анығын білерлік метірке қайда. Қазақтың жасын білу нағыз былықпа іс. Рас, қазақта бей ресми список деген бар екен. Ондағы жастың бірі де дұрыс емес, Ауылнайлар кімнің жасының нешеде екенін сұрамастан сыртынан жаза салады. Өйткені оның жасына қарап тұрған қазақ арасында бұрын жұмыс жоқ. Ауылы һәм улысының жазуынша өз партиясы болса, 20 жастағының 40-та болып шығуы, қарсы партия болса 40 жастағы 20 да болып шығуы оп-оңай» » [«Қазақ» газеті, №154].

Орынсыз тағылған осы кінәні де «Қазақ» газеті барынша сынайды: «Қазақтан солдат алса, құқығы ұлғаяды, салмағы молаяды. Мәдениеті жоғарылайды деген – мұның бәрі әдемі сөз. Бірақ сол тұстың көзімен қарағанда, қазақ тізгінін Россияға бергелі екі жүз жылға жақын заман болды. Бұл қазақ метркесін түзетуге жеткілікті уақыт еді» [«Қазақ» газеті, №154]. Бұл өз жерінде өзінің бас бостандығына ие бола алмаған қазақ баласының бәріне ортақ қиындық еді. Татар тілінде шығатын «Тұрмыш» жазады: «Қазақ бауырларымыздың хал-жайы, шаруасы жағынан қарағанда солдаттық олардың өздері үшін де аса керекті. Көшіп жүріп шаруа істеу мұнан былай әлбетте мүмкін болатын бір іс емес. Мәдениет дүниясымен араласу, отырықшы болып мәдениетке аяқ салған ұлттармен қатынасу һәм олардың күнелту реттерін білу бек керекті бір іс. Қазақстанның кең даласының ішінен

шықпаған бұл бауырларымыз солдаттыққа алынса, басқа ұлттардың тұрмысы, дүниеге қарасы һәм жалпы хал-жайымен таныс болашақ. Мұның Қазақстанның жалпы тіршілігіне тәсірі зор болады» » [«Қазақ» газеті, №154].

Саяси жағынан қарағанда бұл мәселенің керектігі басым. «Бұратандарды» тыл жұмысына шақыра отырып, үкімет арзан жұмысшы күшін пайдаланып қалуға бел байлады және жасақты армияны толықтыруға керек орыс жұмысшылары мен шаруаларын босатып алғасы келді. Екінші жағынан, өкімет орындары қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз және сол сияқты басқа да халықтарға қару беруден қауіптенді, болашақта олар қаруды Ресейге қарсы жұмсайды деп қорықты. Егер қазақ баласы солдаттыққа алынса, қазақтар қала салып отырықшы болу, мешіт, мектеп және медреселер салу, мүфтилік ашу, Думаға сайлану және басқа да мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. Алайда, олардың осы ойын терең ұғынған үкімет қазақты солдаттыққа алу мәселесін кешіктіре берді. Олардың түпкілікті ойын дөп басқан «Юлдыз» газеті: «1914-ші жылғы 27-ші декабрь законында айтылғанына қарағанда, кейінгі туындар қауіпті ескере отырып, дала облыстарындағы бұратана халықтар, Түркістан халқы, Кубан һәм теріскей облыстардағы мұсылмандар салдат қызметіне алынбайды» деп жазды» [«Қазақ» газеті, №154].

Бір ұлттың тіршілігіне қайтатын мұндай керекті мәселені шешу үшін, оны түрлі жақтан тексеріп өту керек. Бұл үшін сол ұлттың шаруасын, табиғатын, мінезін һәм оның тілегін нық білу, жіті аңғару керек. Өкінішке орай, қазақтан шыққан, қазақтың сөзін сөйлейтін депутаттардың болмауы себепті қазақтан солдат алу мәселесі 1915 жылы 21 ноябрьде Петроградта өткен Оңдардың һәм анархист партиясының съезінде де қаралмай қалады. Съезге сот министрі Щегловитов, Ішкі істер министрінің товаришы Белецкий, Гос Дума шілені Марков, Замысловский, профессор Любиков толып жатқан архиерейлер қатысса, съезді қошаметтеп Ішкі іс министрі Хуостов, сот министрі Хуочтов, жол министрі Трипов телеграммен құттықтады[№159]. Осындай лауазымы салмақты адамдар қатысқан съезде қазақтан солдат алу мәселесі тағы да шешімін таппай тынды. Бұл съездің газетте мәлім болған қаулысы: «Жоғарыда айтылған депутат Блогиннің жасаған программасына қарсы алыспақ. Оң газеталардың көмегінде болып, сол газеталарды қысу шарасында болмақ. Бұратана жұрттарға теңшілік беру-бермеуді соғыстан кейін өзіміз білеміз» деген дауырықпа ой ғана[«Қазақ» газеті, №159].

«Қазақ» газеті, №166, 24 януар, 1916 жыл, жексембі, 1-бетінде солдаттық мәселесіне қатысты бірнеше адамның пікірі берілді. Мұнда Салмақбай Көсемісұлы «25 март 1891 жылы шыққан осы күні дәуірі жүріп тұрған Степное положение шығарған Гос Советтің үкімі бойынша Ақмола, Семей, Жетісу, Орал һәм Торғай облысының қазақтары» солдаттық қызметінен ілгері заманда бұйрық болғанша ғана босатылады деген ойын білдірсе, Ахмет Жанталыұлы: «...Әр облыстан бipep кici Петроградқа өкіл жіберу. Бұлар өкіметке һәм депутаттарға қазақ жайын, тілегін білдіру керек.

Қазақ тілектері мынадай:

1. Қазақтан солдат алынатын болса, оның тіршілік қалпы ойсырап зиян көрмеуіне әртүрлі шаралар қылып, бұрыннан солдат беріп үйренген жұрттардай жеңілдікке жетісу;

2. Қазақты "қазақ - орыс" қылу. Қазақ - орыс положениеciмен жер алу;

3. Қазақтан алынған жерді өз алдына үйлестіру, бастарын өзінен қою;

4. Депутаттық сұрау;

5.Земство һәм оқу кіpгізy» деген ұсыныстарын айтады. Негізінде бұл ұсыныстар арқылы «Қазақ» газеті халықты осындай ұсыныстар арқылы ақырындап тәрбиелеп, солдат алуға ұрай көптеген бері қол жеткізе алмаған саяси теңдікке ұмтылды. Алайда, осы ұсыныстардың қаншалықты деңгейде қаралғаны, орындалғаны жөнінде нақты дәлел жоқ.

Қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары солдат алу мәселесінде «бұл істі шұғыл атқаруға болмайды, алдымен халықты дайындау керек» деген пікірде болды. Қазақтың солдат болуда ең кедергі келтіретін жағдай жалпы халықтың орыс тілін білмеуі, ел ішінде мектептер ашылып, жергілікті басқаруды әділетті жолға қойса, мемлекеттің өзіне тиімді болатынын ел тізгінін ұстаған адамдар жақсы түсінді. Сонымен қатар, қазақта метрке жоқ еді, әуелі халықтың жасын айқындайтын, оны бір жүйеге келтіру шараларын жүзеге асыру керек еді. Ең бастысы қазақ солдатқа алына қалғанда, ол жаяу солдат бола алмайды. Ел ішінде қазақ та казак-орыс секілді айбынды атты әскер бола алады, ол үшін оның құқын казак-орысқа теңеп, тіршілік жағдайын жақсарту шаралары қолға алынса деген арман тілек болғаны да рас. Қалай дегенмен де осы соғыс үстінде қазақтың солдатқа алынуы тым асығыс. «Маусым жарлығы» қарсаңында көзі ашық, көкірегі ояу адамдар осындай пікірде болатын.

Бұл жерде солдат болу мен казак болудың айырмасы жермен көктей еді. Оны «Қазақ» газеті былай түсіндіреді. «Енді қарайық: Казак болу ма? Солдат болу ма? Қазаққа қайсысы пайдалы болар? Солдат болу мұжық дәрежесінде болу. Мұжық сыбағасы жерден 15 дисетина, казак сыбағасы жақсы жерден 30 десетина, жер жаман болса, сыбаға десетина артпақ. Онда да мұжық сыбағасы мен казак сыбағасының арасындағы айырмасы сақталмақ. Яғни, мұжық сыбағасы бойынша 30 дисетинадан келетін жерден казак сыбағасы бойынша аз болса 60 дисетина келмек» [«Қазақ» газеті, №179] . Газеттің бұл пікіріне қараша халық келіспейді. Осы тұрғыдағы ел пікірін «Қазақ» газетінің №179 санындағы «Жоқшы» деген бүркеншік атпен жазылған пікірде көрсетеді: «Қазаққа казак болу жайсыз, рухын жоятын ауыр жұмыс, өйткені, казак болғанда қазақ баласы 18 жасынан бастап 33-ке шейін 15 жыл (3 жыл даярлану, 12 жыл анық қызмет) әскерлік абігерінде сандалып жүреді. Жылдың 3-4 айын ойын үйренуді өткізетін болған соң былайға оқитынның көбі де соған бару-қайту қайғысына шығын етіп, көңіл бөлініп шаруасына төселе алмайды. Бұл онсызда жалқау, надан, кедей біздің қазақ жұрты үшін қырсыздыққа үйретуге үлкен себеп», – дейді ол [«Қазақ» газеті, №184].

1916 жылы 9 фебральда Гос Дума ашылды. Думада негізіген «1)Земиства, 2) Коперация, 3) 1890 жылғы земиски полеженяны өзгерту 4)

Арақ ішуді түпкілікті жоғалту, 5) Земиства һәм шаһар ұйымдарының съезі, 6) Бұратана жұрттардың правасын теңгеру, 7) 1907 жыл 3 июнь законы бойынша депутаттықтан шеттетілген жұрттардан депутат алу, 8) түрлі бостандықтар, 9) Саяси айыпкерлерге бостандық, 10) Матбұхатқа бостандық, 11) Жиылыстар, қауымдар жасауға еркіншілік, 12) Филландия конситуциясын қайтару, 13) Жер билігі мәселесін әділшілікте тұра шешіп, 9 ноябрь законын өзгерту, 14) Дінге еркіншілік, 15) Г.Думаның үкіметке запрос жасау құқын күшейту... һәм басқалар» қаралды [«Қазақ» газеті, №168]. «Қазақ» газеті осы думаның ашылуына орай Самардан Әлихан Бөкейұлы, Орынбордан Ахмет Байтұрсынұлы, Ақтөбе уезінен Нысанғали Бегімбетов қалың елдің: «1. Қазақтан осы соғыс үстінде солдат алынбау. 2. Солдат алудан бұрын метрке түзеу үшін мифтилікке қарау. 3. Лажысыздан алынатын болғанда жаяу солдат болмай, атты әскер болу. Қазақ орыспен правада теңгерілу» [«Қазақ» газеті, №170] сияқты үш талап-тілегін арқалап, Петрогродқа аттанғанын жазады. Әскери министр мен үкімет адамдарына жолыққан олар бұл мәселенің кейінге қалдырылғаны туралы жауап алып қайтады.

Бұл тілектерін Думаның кеңесіне кіргізе алмайды. Олар Петроград барған соң депутаттар арқылы іс анықталды, ашылды. Қазақтан салдат алу туралы жасалған закон жобасы бар деген газеттердің сөздері бекер болып шықты. Мұсылман депутаттары қазақты солдаттықтан бос қалдыру қорлық, қалдырмас керек деп, қазақтан солдат алуды қуаттайды деген газеттердің сөздері бекерге шықты. Газеттердің закон жобасы жасалды деп алып қашып жүрген сөздері мынадай болса керек: «1914-шы жылы юуль ішінде, соғыс басталардың нақ алдында бірнеше күн ғана бұрын министрлер кеңесіне салуға соғыс министрі тарапынан жазылған доклатная запуска болған. Бірақ ол записка сөздерінде қазақтан солдат алсын демеген, қайта алмасқа керек деген» [«Қазақ» газеті, №171]. Бұл пікірді қуаттауға толып жатқан дәлелдер келтірілген. «Қазақ» газетінде жазылуынша, олардың бұл ұсыныс-тілегін Думаның 15 фебраль мәжілісінде депутат Антонов қана қолдайды. Соған орай Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар «Қазақ» газеті арқылы «Алаш азаматына» деген тақырыппен үндеу жариялайды.

«Біздің жұртқа айтарымыз: бұған көнбеске болмайды, мұны бұрын да сан рет айттық. ...Көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде – шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар. Бірақ елдің іргесі бұзылмас. Көнбегенде көретін ауырлық – бағынып тұрған хүкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, хүкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер».

Бұл – сол кездегі қазақ оқығандарының ұстанымы. Ал, күллі қазақ даласындағы халықтың пікірі мүлде бөлек. Майданға бала бере алмайды. Болды! Бітті! Сөз қысқа! Айла-саясаты жоқ, бұрқ еткен халық ашуы. Яғни, алдыңғы қатарлы ақыл ой мен бұқара елдің арасында қарама-қайшылық

осылай орын алды. Осындай жағдайға қарап қазақтың империя үшін соғысуға мүлде дайын еместігін көре аламыз. Әйтсе де, Ресей үкіметі қазақтың хал-ахуалын түсініп, іс істеуге ұмтылмады. Соның кесірінен наразылық басталды. Ал, Қарқара қасіретін туғызған тарихи себеп – соғысқа қара жұмысқа адам алу мәселесі тек шиқанның аузы ғана. Оның жылдар бойы жиналып, сыздаған соқтасы тым тереңде.

«Қазақ» газеті, №172, 9 март, 1916 жыл, сәрсенбі,1-, 2-ші беттегі «ПТРОГРАД ХАТЫ ІІ НЕ ІСТЕУГЕ?» атты мақалада екі түрлі негізгі мәселе көтеріледі. Алдымен газет қазақтан солдат алу туралы заң жобасы бекітілген жағдайда қазақ жастарын қандай әскерге жіберу туралы өз ойларын жұрттың талқысына салады. «Әскердің түрі бірдей емес. Жаяу әскер бар, атты әскер бар. Жаяу әскер орысша «Солдат» деп аталады. Атты әскердің өзі екі түрлі болады: бірі орысша «Куалерист» деп, екіншісі «Казак» деп аталады. Соңғысын яғни «Казакты» біздің қазақтың орынбор жағындағы «атты казак» деп, Сібір жағындағысы «казак-орыс» деп атайды. Осы айтылған әскердің үш түрінің жүріс-тұрысында парық көп. Салдаттың жүрісі баяу, тұрысы казармада. Кауалеристің жүрісі атты, тұрысы казармада, казактың жүрісі атты, тұрысы үйінде (соғысқа барарда ғана үйін тастайды). Басқаларға қарағанда казатық сыбаға жағынан артықтығы бар. Қазақтан әскер алу туралы закон жобасы жасалып, дума кеңесіне қазір түскенде бізден солдат істеу ме? куалерицит істеу ме? казак істеу ме?» Әрине, бұл мәселенің жұрт арасында кең талқыға түсті дей алмаймыз. Өйткені «Қазақ» газеті ол кездегі тұтас қазақ даласына толықтай жете алған жоқ. Таулы жер, шет жайлаған елдер солдат алу мәселісін түсінбегендіктен өздерінше болжам жасап, дүрлігіп жатты. Бұл ел ішіндегі түсінбеушілікті одан сайын көбейте түсті.

«Қазақ» газетінің №173, 16 март, 1916 жыл, 1-, 2-ші бетінде «ПЕТРОГРАД ХАТЫ ІІІ ТАҒЫ НЕ ІСТЕУГЕ?» атты мақалада Думадағы депутаттық мәселесі сөз болады. «Россияда 6 миллион қазақпыз деп аузымызды толтырып сөйлегенде, топ-толық сияқты көрінеміз. Іске келгенде пыштай болып семіп, ол толықтығымыз жоғалады. 5 миллион еврей түгілі, 1 миллион армен істеп отырған істі істей алмаймыз. Мұсылмандардың бюро аша алмай отырғаны санының аздығынан, ауқаты жетпей қорланғаннан емес, саяси саңлауының жоқтығынан». Осыдан кейін қазақ зиялылары бас болып мұсылман фракциясының жанынан бюро ашу мәселесін қозғап, бастама көтереді. «Қазақ» газетінің жазуына қарағанда, сол тұстағы бір депутаттың жылдық шығымы былай есептеледі. «Күніне 10 сомнан жылына 3600 сом. Фатыр һәм канциллария шығыны 7-8 жүз сом, барлығы 4 мың 500 сомдай болады. Бұл бір адамға. Екі адамға екі есе көбірек керек. Яғни 9 мың сом. Қазіргі қымбатшылықта Петрогродта күніне 10 сомнан кем ақшамен тұруға мүмкін емес» [«Қазақ» газеті, №173]. Өкінішке орай, қазақ баласы осы шығынды ортақ көтеруге құлық танытпайды. Нәтижесінде 1916 жылы шақрылған ІІІ Думаға тағы да қазақтан депутат сайланбай қалады. Демек, думада депутаты болмаған жұрттың сөзі де биліктің жоғары сатысына жетпейтінін белгілі. Осы жағдайдың себебінен қазақ зиялылары қазақ даласындағы шиеленіскен қайшылықты жоғары лауазымды тұлғаларға

жеткізуге жол таба алмайды. Керісінше, осы тұста коммунистердің қатарына өткен қызыл қазақтардың жолы оңынан туа бастайды. Олар қазақ зиялылары билік пен халық арасындағы шиеленіскен қайшылықты шешудің жолын қарастырып жатқанда қараңғы жұртты көтеріліске шығарудың түрлі әдіс-айласын сайлап жатты.

«Қазақ» газеті, №174, 23 март, 1916 жыл, 1-бет. «ПЕТРОГРОД ХАТЫ IV МҰСЫЛМАН ФРАКЦИЯСЫНА» атты мақалада «Мұсылман депутаттарының думаның сыртқы блогында қосылу-қосылмау керектігі кеңеске салынды. Блогка қосылу-қосылмау турасында кеңестегілердің пікірі екіге бөлінді. Екіге бөлінуінің себебі: Блогты керек қылғанда өзі іздеп барып қосылмаса шақырып басқалардың қосылуын керек қылып отырған блог жоқ. Кімде кім блогқа қосыламын десе, блогтың программасына мойын ұсынып, сонан соң басқа жаққа бұрылмайтын болып қосылмақ». «СІБІР ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ МӘЖІЛІСІНЕ» атты мақаладла қазаққа жер керектігі туралы айтылады. Бірақ, ол мәселені газет жазғанымен, атқарылуына қозғау сала алмайды.

Өкінішке қарай, осы қадамдар Алаш зиялыларын елге барынша жеккөрінішті етіп көрсетті. Оның жауабын Мыржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы, №145 нөмерінде былай жазады: «Ол кезде қазақта жалғыз-ақ «Қазақ» газеті бар еді. Ол заманның жуан ортасында болмаған, ащы-тұщыны татпаған бүгінгі ұрпақ «Қазақ» газетін енді оқыса, «Бейшара қандай жасқаншақ, қандай қорқақ, былай жазса болмаспа еді, олай жазса болмаспа еді?» дер еді. Ол кездегі газеттердің бет-аузыналапес қылып шығаратын цензураны бүгінгі жастар көрген жоқ қой. Өз ойыңды, өз бойыңды өзің ұрлап, «Осылай жазсам, жұрт бірдеме қылып түсінер-ау» деп ишаралап, жасқанып, жалтақтап отыруды бүгінгі жастар көрген емес».

Қысқасы, «Қазақ» газетіндегі қазақтан солдат алуға қатысты мақалаларды сүзіп шыққанда осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері халықты туындауы ықтимал аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны аман сақтап қалудың қамына кіріскенін көруге болады. Сондықтан да, олар қазақтарды патша Жарлығын орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық қатысы бар деп санады. Екіншіден, іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтерудің болдырмауға тырысты. Үшіншіден, соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына үміт артты. Осы мақсаттарын «Қазақ» газеті арқылы жалпақ жұртқа жеткізуге тырысты.

Жалғасы бар...

Қажет Андас

Abai.kz

8 пікір