Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Масқара! 9623 26 пікір 14 Қазан, 2019 сағат 17:46

Екі бет жазбадан 70 қате жіберген судья сауатты ма?

Нұр-Сұлтан қаласында Ислам Әбішевтің ісі бойынша сот процессі өтіп жатыр. Ислам Әбішевтің не үшін сотқа тартылып жатқаны бөлек әңгіме. Біздің қазір айтпағымыз істке жауапты судьяның мемлекеттік тілге көрсеткен құрметсіздігі туралы болып отыр.

Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспан мырзаның 33 беттен тұратын 6 өтінішіне судья М.Қ.Мекемтас жауап қайтарыпты. 2 беттен тұратын шағын жауап хатта әріптік, стилистикалық және логикалық қателіктер өріп жүр. Қып-қызыл қатеге толы ресми хаттың суреті әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсіп жатыр.

Аталған хаттың бірінші жолынан бастап, ең соңғы жолына дейін қып-қызыл қате. Мәселен, бірінші жолда "30 кыркүйек" деп жазылған. "Қ" мен "К"-ні айыра алмайтын судьяның хаты калька сөздер мен қате қолданыстарға толып тұр. Бұл жерде үтір-нүктелер мен кішігірім әріптік қателер жайлы айтып отырудың өзі артық.

Мүлде байланыспайтын сөйлемдерді оқығанда мемлекеттік тілді мұнша қор қылған судьяның өзін сотқа тарту керек шығар деген ойға қаласыз. Мәселен:

"Сотталушылар И.Абишевке және С.А.Тукиевке қатысты күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын өзгертіп, «үй қамағына» ауыстыру, қылмыстық істі прокурорға кері қайтару немесе қысқарту, куә ретінде А.Шпекбаевты басты сот талқылауына шақыру туралы қорғаушы - адвокаттардың өтініштері қанағаттандырусызға жатады" - дейді.

Сөзіміз бұрмаланды демес үшін тұтас абзацты толық алып отырмыз. Осындағы "А.Шпекбаевты басты сот талқылауына шақыру туралы қорғаушы - адвокаттардың өтініштері қанағаттандырусызға жатады" - деген сөйлемнен не түсінуге болады?! Қазақ тілінен бастауыштық деңгейде сауаты бар адамның өзі бұндай сөйлем құрамас еді. Демек, біздің құрметті судьяның мемлекеттік тілді меңгеруі бастауыш деңгейінен де төмен болып отыр.

Қысқасы, судья екі беттік шағын жауап хатында 70-тен аса қате жіберген. Бұндай деңгейдегі судья М.Қ.Мекемтасқа мемлекеттік тілді басынан бастап қайта үйрету керек шығар. Әйтпесе, мемлекеттік тілге деген құрмет ешқашан болмайды.

Біздегі жалқы сұрақ - екі бет жазбадан 70-тен аса қате жіберген судья сауатты ма?

Абзал Құспан

Abai.kz

26 пікір