Сенбі, 20 Сәуір 2024
3344 0 пікір 11 Қазан, 2019 сағат 11:46

Ержан Максим «Балалар Евровидениесінде» орындайтын әнін таныстырды

10 қазан Алматы қаласында, Польшада 24-ші қараша күні өтетін  «Балалар Евровидениесі-2019» байқауында Қазақстанды таныстыратын Ержан Максимнің «Арманнан қалма!» («Don’t forsake your dream») конкурстық әнінің тұсау кесері өтті.

Баспасөз отырысына «Балалар Евровидениесінде» Қазақстанды таныстыратын өкіл Ержан Максим, Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек пен «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина қатысты.

«Арманнан қалма!» («Don’t forsake your dream») әнінің авторлары- Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және  Тимур Балымбетов. Сондай-ақ, дәл осы күні конкурстық әнге таспаланған бейнебаянының  да  ресми тұсау кесері болды. Бейнебаянның режиссері – Александр Фломбойм, продюсері – Сергий Руцкий. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жүргізілген.

«Әннің мағынасы – армандаудың маңыздылығы және арманға жету жолындағы қиындықтарға  берілмеу қажеттілігі жайында. Өзіме бұл ән келеді деп ойлаймын. Бейнебаянда мен,  ханшайым болуды аңсаған кішкентай қыздың арманын іске асырушы сиқыршының  рөлін сомдаймын. Бұл менің алғашқы бейнебаяным. Барлығыңызға ұнайды деп сенемін», - деді Ержан Максим.

Қазақстан  2019 жылдың 24 қарашасында Польшаның Гливицесінде өтетін «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән конкурсына биыл екінші мәрте қатысуда.

«Хабар» Агенттігі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап конкурсты ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болып табылады, ұзақ келісім сөздер жүргізгеннен кейін, байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді», - деді «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина әннің тұсау кесер шарасында.

«Хабар» Агенттігі биыл ұлттық іріктеу өткізбей-ақ, Ержан Максимды ұсыну туралы шешім қабылдады.

«Ол былтырғы Евровидение қарсаңында өткен ұлттық іріктеуге қатысып, екінші орынды иемденген болатын. Ержан  Ресейдегі «Голос» жобасының қатысушысы ретінде тек қана Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет ел көрермендеріне де танымал. Халықаралық аренада еліміздің абыройын лайықты дәрежеде қорғайтынына сеніміміз мол», - деп ойын аяқтады ол.

Анықтама үшін: Junior Eurovision байқауының шарты бойынша, финалда қатысушылар еш жерде жарияланбаған  композицияны табиғи дауыста орындауы қажет. Жеңімпаз қазылар алқасы мен қатысушы мемлекеттердің дауыс беруі арқылы анықталады. Қазылар алқасына 5 адам кіреді – 3 ересек және 2 бала. Ересектер «Евровидениесінен» айырмашылығы келесі байқауды ұйымдастыру құқы жеңімпазға берілмейді, бұл жас орындаушыларға артық қысым болмауы үшін істелген шара. Биыл жарысқа 19 ел қатысады, олардың қатарында Албания, Армения, Австралия, Беларусь, Франция, Грузия, Ирландия,Испания, Италия, Қазақстан, Мальта, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды,Украина мен  Уэльс бар.  Алғаш рет «Junior Eurovision Song Contest» 2003 жылы Копенгаген (Дания) қаласында 16 мемлекеттің қатысуымен өткен болатын. Ал телекөрермендердің және қазылар алқасының ортақ шешімімен жеңімпазды анықтау 2008 жылдан бастап мүмкін болды, оған дейін дауыс беру көрсетілім кезінде көрермендермен жүзеге асқан еді. 2007 және 2008 жылдардағы  дауыс беруден түскен пайда «UNICEF» жолданды».

Ержан Максимнің бейнебаяны:

Abai.kz

0 пікір