Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 6415 11 пікір 11 Қазан, 2019 сағат 11:28

Қытайтанушы Сыроежкин деген кім?

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) "мемлекетке опасыздық жасады" деп айыпталған қытайтанушы Константин Сыроежкинге сот үкімі шыққанын растады.

"2019 жылы 7 қазанда Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот Константин Львович Сыроежкинді "мемлекетке опасыздық жасау" (175-бап, 1-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға соттады" делінген ҰҚК-нің 10 қазан кешке қарай таратқан хабарламасында.

Қазақстандағы танымал қытайтанушы-ғалымның сотталғаны туралы ақпаратты алғаш рет 9 қазанда Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов Facebook парақшасында хабарлаған.

Ол Сыроежкиннің Қазақстан азаматтығынан айрылғанын да жазған. Бірақ ҰҚК хабарламасында азаматтыққа байланысты мәлімет айтылмайды. Ғалым Ағелеуовтің жазуынша, Сыроежкин тағылған айыпты мойындамаған және "биліктің ар-ұяты білсін" деп апелляцияға шағым беруден бас тартқан.

Бұған дейін Алматы қалалық соты "бұл істе мемлекеттік құпия бар" деп ақпарат беруден бас тартқан еді. Әу бастан Сыроежкиннің ісі жабық жүрді.

Оның ақпан айында қамауға алынғаны мамыр айында ғана белгілі болды. ҰҚК Сыроежкин "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен 19 ақпаннан бері қамауда отырғанын хабарлады. Сол кезде Сыроежкиннің азаматтығы жайлы сұрақтар да туындаған. Бірақ ресми органдар ол туралы жеткілікті ақпарат бермеген.

Америкалық Wall Street Journal газеті 10 шілдеде дереккөздеріне сілтеме жасап, «Сыроежкин ақшалай сыйақыға Қытайға құпия құжат сатуы мүмкін» деген ақпарат таратқан. Wall Street Journal Қытай билігінің Сыроежкин ісін «жоқтан бар жасау» деп сипаттағанын ескерткен. Басылым Сыроежкиннің қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болып тұрғанда Қытай мәселесі бойынша кеңесшісі болғанына назар аударған.

Мамырда Қазақстанның бірнеше зерттеушісі Тоқаевтан бұл істі бақылауына алуды, Сыроежкинді үйқамаққа босатуды сұраған. Бірақ Тоқаевтың зерттеушілер хатына жауап бергені немесе бермегені белгісіз.

СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітірген 62 жастағы Константин Сыроежкин - Қазақстанда Қытай мәселелері бойынша белгілі сарапшылардың бірі. Орыс, ағылшын және қытай тілінде жарық көрген мыңнан астам мақаланың авторы. 2006 жылдан Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері.

2017 жылы Қазақстан "террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін" азаматтығынан айыру туралы заң нормасын енгізген. Бұған дейін заңның бұл нормасы бойынша қандай да бір адамның азаматтықтан айырылғаны жайлы ақпарат болмаған.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559