Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қоғам 6838 2 пікір 10 Қазан, 2019 сағат 11:16

Терминология мәселесінен консенсус іздеу керек

Мемлекеттік тілдің ғылымның кез келген саласында өз деңгейінде сапалы қызмет етуінде терминдердің маңызы аса зор екендігі тілші ғалымдарға емес, сала мамандарына, бүкіл қоғам мүшелеріне мәлім. Бұл сөзімізді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың 2013 жылғы 6 наурыздағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы мына сөзімен тұздықтағымыз келеді: «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз.

Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет.  Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн.

Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады. Біз өмірді өзіміз күрделендіре түсеміз, түсінбестікке бой алдырып, ақыл-ойды сапырылыстырамыз, көнерген сөздердің шырмауынан шықпаймыз» [1].

Сондай-ақ Елбасы 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында [2] атап көрсеткен – ағылшын тілінде оқыту мәселесі де, кәсіптік білім беру мәселесі де терминология саласының объектісінен алшақ жатқан жоқ. Өйткені оқыту, әдістеме – педагогика ғылымдарының нәтижесі болса, кәсіптік білім беру ісі де кез келген саланың терминдерінсіз сапалы орындалуы мүмкін емес.

Сонымен қатар Елбасы Н. Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «терминдердің аударуды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек», [3] – деп нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі кезде қазақ терминологиясының ғылыми-теориялық мәселелері біршама зерттеліп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Алайда термин мәселесі тек қана ғылыми зерттеумен шектелмей, практикалық-қолданбалы тұрғыдан қоғамның әртүрлі салаларына, өндіріске енгізуді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, әртүрлі ғылым салаларының терминологиялық жүйесін біріздендіру, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату, терминдерді латын графикасында таңбалау,  тілімізге күн санап еніп жатқан терминдердің қазақ тіліндегі баламаларын бекіту, бекітілген терминдердің қолданысын жұртшылыққа насихаттау маңызды мәселелер болып табылады.

Осы орайда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен [4] құрылған Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия  жанынан Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылдың 14 ақпанында №50 бұйрығымен құрылған Терминологиялық жұмыс тобы  (құрамы – 1 төраға, 2 орынбасар, 1 хатшы, 13 мүше) аталған мәселелер бойынша іс-шаралар атқаруда.

2018 жылы Терминологиялық жұмыс тобы өткізген 5 отырыста А. Байтұрсынұлы әзірлеген терминжасам қағидаттары қазіргі қазақ терминологиясында базалық қағидаттар ретінде негізге алу керек деген тұжырым жасалды. Сонымен қазақ тіл білімінде қалыптасқан терминжасам қағидаттарын толықтыратын мынадай критерийлер ұсынылды: а)  жалпықолданыстағы және кең тараған терминдерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне сәйкестендіру; ә) жалпыға түсінікті, барлық тіл тұтынушыларына қолжетімді жалпы қолданыстағы терминдерді толықтай ана тілінің негізінде жасалып, міндетті түрде қолдану; б) жалпығылыми, әмбебап, барлық тіл тұтынушыларына түсінікті салааралық терминдерді тілдің ішкі мүмкіндіктеріне қарай ішінара қолдану; в) бірегей, концептуалды-авторлық, функционалдық тұрғыдан айтарлықтай оқшауланған, негізінен мамандарға ғана түсінікті нақты тар салалардың терминдерін терминдерге қойылатын барлық талаптарға сәйкес келетін болған жағдайда қолдану.

Терминологиялық жұмыс тобының отырыстарында соңғы 40 жылдағы терминдерді аудару мәселелері және терминжасам қағидаттары бойынша халықаралық тәжірибеге (Түркия, Ресей және басқа да елдер) талдау жасалып, қазақ тіліне соңғы 40 жылда бейімделген немесе аударылған жиі қолданылатын 1000-нан астам тізбесінің ағылшын, орыс тіліндегі параллель аудармасы талқыланды.

Сонымен қатар ағылшын, орыс және түрік тілдерде бірдей қолданылатын, қазақ тіліне аударылған халықаралық терминдер, сондай-ақ орыс тілі арқылы еніп, қазақ тіліне аударылған және бастапқы тілдегі формаларымен параллель қолданылатын шеттілдік терминдер тізбесі және  қазақ тіліне орыс тілі арқылы еніп, аударылмай қолданылатын халықаралық терминдердің қазақ тіліндегі модельдері қарастырылды.

Терминологиялық жұмыс тобының хаттамалық шешімдеріне сәйкес, ҚР БҒМ ҒК А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының https://www.tbi.kz сайтында «Терминологиялық және терминографиялық жұмыстар» атты жеке айдар ашылып, оның «Мақалалар» бөлігіне 50-ге жуық ғылыми мақала, «Терминологиялық сөздіктер» бөлігіне 3 сөздік және 4 түрлі тақырыптық терминдер тізбесі орналастырылды және талқылау мақсатында 1000-нан аса әртүрлі салалық терминдер ұсынылды.

Терминологиялық жұмыс тобының 2018 жылғы 15 мамырдағы отырысында төраға орынбасары, Институт директоры Е. Қажыбек Салалық терминологиялық секциялар құру жөнінде баяндама жасады.

Осыған байланысты Терминологиялық жұмыс тобының жұмыс жоспарына сәйкес Ғылым комитетінің 2018 жылғы 10 тамыздағы №113-нж бұйрығымен Салалық терминологиялық секциялардың құрамы және 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Төрт секцияны қамтитын Салалық терминологиялық секциялардың құрамы 36 топтан,  379 ғалымнан тұрды:

1) қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар секциясы (11 топ, 108 ғалым): лингвистика тобы (10),  әдебиет тобы (7), философия және саясаттану тобы (9), экономика және қаржы тобы (9), тарих және этнология тобы (9), педагогика және психология тобы (6), өнер тобы (12), мәдениет тобы (9), іс жүргізу және мұрағат тобы (13), заңтану тобы (7), дене тәрбиесі және спорт тобы (9);

2) техникалық ғылымдар секциясы (12 топ, 125 ғалым), физика және астрономия тобы (17), математика тобы  (18), механика және машинатану тобы (8), информатика және есептеуіш техника тобы (8), энергетика тобы (11), техника және технология тобы (9), электроника және радиотехника тобы (7), көлік және қатынас жолдары тобы (7), химия тобы (11), химиялық және биологиялық технология тобы (11), жеңіл және тоқыма өнеркәсібі тобы (7), мұнай-газ тобы (11);

3) жаратылыстану секциясы (13 топ, 118 ғалым), биология және молекулалық биология тобы (12), зоология тобы (11), медицина тобы (9), ауыл шаруашылығы тобы (10), мал шаруашылығы тобы (11),  ветеринария тобы (10), генетика және цитология тобы (8), су шаруашылығы тобы (8), экология тобы (8), геология және геодезия тобы (8), география тобы (10), гидрогеология және геоэкология тобы (6), тамақ өнеркәсібі және тұрмыстық қызмет тобы (7);

4) ономастика секциясы (28 ғалым).

Салалық терминологиялық секциялардың 2018 жылға арналған жоспарында негізінен сала мамандары мен тілші-терминолог ғалымдарының бірігіп сөздік жасау тәжірибесін жетілдіруге, тілдік реформаға байланысты жаңартылған ұстанымдарды меңгеруге арналған ғылыми-әдіснамалық іс-шаралар (семинарлар) ұйымдастыру; терминологиялық, терминографиялық ғылыми-теориялық зерттеулердің теориялық мәселелерін, әдіснамасы мен әдістемесін (авторлық ізденістер, салалық бағдар, тілдік бағдар, уақыттық бағдар, қызметтік бағдар, оқырман бағдары, көлемдік бағдар және т.б.) ғылыми тұрғыдан зерделеу мәселелері көзделді.

Салалық терминологиялық секциялардың жұмыс жоспарына сәйкес, Институт 2018 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстан халқының тілдері күніне және А.Байтұрсынұлының туған күніне орай «Қазақ ұлттық жазуы: емле, терминтану және ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция; 2018 жылғы 21 қыркүйекте «Ұлттық терминжасам ұстанымдары:   теория  және  тәжірибе»  атты  семинар-кеңес;  2018 жылғы 24 қазанда «Қазақ сөзжасамы: тарихы, бүгіні, келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция; 2018 жылғы 9 қарашада «Латын әліпбиі: тәжірибе, пікір» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция;  2018 жылғы 23 қарашада «Латын әліпбиіне көшіру» атты халықаралық онлайн конференция өткізді.

Министрліктің 2019 жылғы 25 қаңтардағы № 40 бұйрығымен Терминологиялық жұмыс тобының құрамы (1 жетекші, 2 орынбасар, 16 мүше) және жоспары қайта бекітілді.

Терминологиялық жұмыс тобының 2019 жылғы 15 мамырдағы отырысында салалық терминологияны қалыптастыруға және дамытуға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми бағдарламаның (түсіндірме хат, күнтізбелік жоспар, бюджеттік өтінім) жобасын пысықтау; салалық терминдердің қалыптасуының негізгі механизмдерін айқындау, талқылау; шеттілдік терминдерді қазақ тілінің жаңа әліпбиі негізінде транскрипциялау мен транслитерациялау бойынша зерттеулер жүргізу туралы мәселелер қарастырылды.

Сонымен қатар Министрліктің Ғылым комитетінің 2019 жылғы 4 ақпандағы №18-нж бұйрығымен Салалық терминологиялық секциялардың құрамы және жоспары қайта бекітілді.

Төрт секцияны қамтитын Салалық терминологиялық секциялардың құрамы 50 топтан,  467 ғалымнан тұрды:

1) қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар секциясы (20 топ, 174 ғалым): лингвистика тобы (10),  әдебиет тобы (7), философия және әлеуметтану тобы (9), экономика және қаржы тобы (9), тарих және этнология тобы (9), педагогика тобы (7), өнер тобы (11), мәдениет тобы (9), архив ісі тобы (15), заңтану тобы (7), дене тәрбиесі және спорт тобы (9), әскери іс және қорғаныс тобы (7), археология және өңіртану тобы (6), журналистика тобы (10), кітапхана ісі тобы (8), психология тобы (8), іс жүргізу тобы (8), дінтану тобы (8), кеден ісі тобы (6), саясаттану және дипломатия тобы (11);

2) техникалық ғылымдар секциясы (13 топ, 126 ғалым): физика тобы (7), математика тобы  (18), механика және машинатану тобы (8), информатика және есептеуіш техника тобы (8), энергетика тобы (11), техника және технология тобы (9), электроника және радиотехника тобы (7), көлік және қатынас жолдары тобы (10), химия тобы (11), химиялық және биологиялық технология тобы (9), жеңіл және тоқыма өнеркәсібі тобы (8), мұнай-газ тобы (11), сәулет және құрылыс (9);

3) жаратылыстану секциясы (15 топ, 141 ғалым): биология тобы (12), зоология тобы (12), медицина тобы (9), егін шаруашылығы тобы (10), мал шаруашылығы тобы (11),  ветеринария тобы (10), генетика және цитология тобы (8), су шаруашылығы тобы (8), экология тобы (8), геология және геодезия тобы (10), география тобы (10), гидрогеология және геоэкология тобы (6), тамақ өнеркәсібі тобы 10), астрономия және ғарыштану тобы (11), кен ісі тобы (8);

4) ономастика секциясы (2 топ, 26 ғалым): топонимия тобы (11), урбанонимия тобы (15).

Осы орайда Ұлттық комиссияның 2018 жылғы 6 желтоқсандағы отырысының хаттамасымен «Ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыру және терминдерді латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын салалық терминологиялық секцияларда талқылау» жөнінде шешім қабылданды.

Осы хаттамаға, Терминологиялық жұмыс тобының және Салалық терминологиялық секциялардың жұмыс жоспарына сәйкес, Институттың ұйымдастыруымен 2019 жылғы 8 ақпанда «Ұлттық терминқорды қалыптастыру және терминдерді латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру мәселелері» атты республикалық семинар-кеңес өткізілді.

Аталған семинар-кеңес отырысында Ұлттық терминқорды қалыптастыру және терминдерді латын графикасына кезең-кезеңімен көшірудің 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жан-жақты талқыланды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен 2019 жылғы 11 сәуірде өткен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» атты ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстан Республикасы Үкіметіне «бекітуге ұсынылған терминдердің сапасына жауапкершілікті арттыру арқылы салалық терминологиялық секциялардың жұмыстарын жандандыру» [5, 65-б.], Білім және ғылым министрлігіне «2020-2022 жылдар аралығында 1-4, 5-9, 10-11 кластарға арналған латын графикасына негізделген базалық терминдердің біріздендірілген сөздіктерін әзірлеу», «2023-2025 жылдар аралығында қоғамдық-әлеуметтік, техникалық, ғылыми-жаратылыстану салалары бойынша латын әліпбиі негізінде көптомдық салалық терминологиялық сөздіктер әзірлеу және шығару» жөнінде қарар қабылданды [5, 66-б.].

Ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыру және терминдерді латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарында базалық, бастауыш және негізгі білім беруге (орта және кәсіптік) арналған біріздендірілген терминологиялық сөздіктер әзірлеу бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа ұсыну үшін 2020-2022 жылдарға арналған және қоғамдық, техникалық және жаратылыстану ғылымдары салалары бойынша латын әліпбиі негізінде салалық терминологиялық сөздіктер әзірлеу бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа ұсыну үшін 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми бағдарлама әзірлеу көзделді.

Бұл іс-шаралар жоспарын орындау барысында: а) базалық, бастауыш білім беру терминдерінің латын графикасына негізделген қолданыс аясын зерттеу; ә) негізгі білім беру терминқорының латын әліпбиі негізіндегі базасын жасау, оларды салалық топтарға жіктеу және жазылуын нақтылау; б) орта білім беруде қолданылатын терминдердің салалық қолданыс өрісін анықтауға арналған әдістемелік ұсыныстар әзірлеу; в) салалық терминдердің қалыптасуының негізгі механизмдерін айқындау, талқылау; г) шеттілдік терминдерді қазақ тілінің жаңа әліпбиі негізінде транскрипциялау мен транслитерациялау бойынша зерттеулер жүргізу; ғ) кірме терминдерді игеру ережелерінің жобасын әзірлеп, салалық терминологиялық секцияларда талқылау; д) тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық терминологиялық ғылыми-практикалық конференция, семинар өткізу қолға алу қарастырылады.

Аталған іс-шаралар жоспарын орындаудан мынадай нәтижелер күтілуде: а) латын әліпбиі негізінде дайындалатын жалпы барлық бастауыш сыныптарына арналған оқулықтарда басшылыққа алынатын біріздендірілген  терминологиялық сөздік әзірлеу (1-4 сыныптар); ә) негізгі сыныптарға арналған оқулықтарда басшылыққа алынатын біріздендірілген  терминологиялық сөздік әзірлеу (5-9 сыныптар); б) орта және кәсіптік білім беруде қолданылатын терминдердің біріздендірілген сөздігін дайындау (10-11 сыныптар); в) қоғамдық және әлеуметтік (20 том), техника (20) және жаратылыстану (15) ғылымдарының салалары бойынша латын әліпбиі негізінде салалық терминологиялық сөздіктер әзірлеу.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келсек, мынадай тұжырым жасауға болады:

- Салалық терминологиялық секциялардың жұмысын үйлестіру – аса қажет әрі күрделі жұмыс;

- Салалық терминологиялық секциялардың жоспары ауқымды әрі күтілетін нәтижелердің ғылыми-практикалық және қолданбалы тиімділігі жоғары.

Аталған Секциялардың құрамына ғылыми зерттеу институттарының ғалымдарымен, республикамыздағы жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларымен қатар мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес мекемелердің қызметкерлері енгізілді. Осыған орай Секциялардың жұмысын ұйымдастыру және жүргізу іс-шаралары Білім және ғылым министрлігінің құзыретінен ауқымды болғандықтан, Ғылым комитетінің 2019 жылғы 26 қыркүйектегі №162-нж бұйрығымен 2019 жылғы 4 ақпандағы №18-нж бұйрығының күші жойылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 Қаулысына сәйкес тілдерді дамыту саласындағы басшылықты, салааралық үйлестіруді және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (бұдан әрі – ҚР МСМ) құзыретіне жататындықтан,  Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында баса назар аударған «қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру» мақсатында Салалық терминологиялық секцияларды ҚР МСМ жанынан құрып, олардың құрамын және жұмыс жоспарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекіту, сонымен қатар ұлттық терминқорды қалыптастыру мен дамыту мақсатында бірыңғай мемлекеттік бағдарлама әзірлеу және оны мүдделі мемлекеттік органдармен келісе отырып бекіту мақсатқа сай деп санаймыз.

Құлманов С. Қ.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

директоры орынбасарының міндетін атқарушы,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Abai.kz

2 пікір